Сурет 13.16. Бұралмалы шегемен жасалған сүйекішілік остеосинтез
Ашық интрамедуллярлы (сүйекішілік) остеосинтез жиірек қолданылады. Сынық аймағын тіліп ашады, сынықтың ұштарын түйістіреді және сынған сүйектің эпифизі арқылы сүйек майы өзегіне металл желіні енгізеді.
Сурет 13.17. Ашық интрамедуллярлы остеосинтез: а) сынықты тіліп ашу; б) эпифиз арқылы сүйек майы өзегіне металл желіні енгізу; в) сынықтың ұштарын түйістіру
С үйекүстілік остеосинтез. Сынық орналасқан жерге пластинаны тақап қойып, бұралмалы шегелермен бекітеді.
Сурет 13.18. Сүйекүстілік остеосинтез
Сүйек арқылы остеосинтез – винт, болт және спицалардың көмегімен орындалады. Сүйектің кішігірім сынықтарын және сүйек трансплантаттарын біріктіру үшін, ультрадыбыстық остеосинтез қолданылады. Бұл кезде бекітуші заттарды (фиксаторларды) сынық аймағындағы түтікті сүйектердің қабырғасы арқылы көлденең немесе қиғаш-көлденең бағытта өткізеді.
Сынықтарды операциялық жолмен емдеудің көрсеткіштері
Операция жасаудың абсолютті және салыстырмалы көрсеткіштерін ажыратады.
Абсолютті көрсеткіштері:
ашық сынықтар;
сүйек сынықтарымен өмірге маңызды ағзалардың зақымдалуы;
жұмсақ тіндердің интерпозициясы;
жалған буын;
сынықтың іріңді-қабыну асқынулары;
сынықтың дұрыс бітіспей, ағзаның қызметін әжептеуір бұзуы.
Салыстырмалы көрсеткіштері:
сүйек сынықтарының бірнеше рет сәтсіз жасалған репозициясы;
баяу консолидация;
сынықтың ұштары түйістірілмейтін және ұсталып бекітілмейтін ұзын түтікті сүйектердің көлденең сынықтары;
Сүйек сынғанда кездесетін асқынулар
Сынықтан пайда болған асқынулар жалпы және жергілікті болуы мүмкін. Көптеген және біріктірілген сынықтары бар науқастарда шок, май эмболиясы, ұзақ қысылу синдромы, анемия дамуы мүмкін. Кәрі адамдарда гипостатикалық пневмония, ал маскүнемдерде – жедел психоз пайда болады.
Ашық және оқ жарақатынан болған сынықтар, жұмсақ тіндердің үлкен аумақты зақымдалуымен жүретін сынықтар іріңдеумен, жарақаттан кейінгі остеомиелитпен, сирек жағдайда анаэробты инфекциямен, сіреспемен, сепсиспен асқынады.
Егер сынықтың ұштары дұрыс қалыпта бітіспесе, сүйек сүйелі тым артық дамиды және аяқ-қолдардың деформациясы мен қысқаруы сақталады. Артық мөлшерде түзілген сүйек сүйелі тамырлар мен нервтерді қысып, кейін салдану мен трофикалық бұзылыстардың себепшісі болуы мүмкін.
Ұзақ иммобилизацияның салдарынан қан және лимфа айналымының бұзылыстары, флеботромбоздар, бұлшықеттердің семуі (атрофиясы) байқалады. Әлсіз және кәрі кісілерде гипостатикалық пневмония, ойылулар дамуы мүмкін. Функциональді бұзылыстар да кездеседі – буын қозғалысының қиындауы, контрактура, анкилоз.
Сынықтардың асқынуларына сүйек сүйелінің баяу түзілуін де жатқызады. Ол сүйектің регенерациялық қабілетінің төмендеуімен, тамырлардың склерозымен, авитаминозбен, зат алмасуының бұзылуымен және эндокринді өзгерістермен сипатталады.
Кейбір жағдайларда сүйек бітіспей жалған буын – псевдоартроз – сүйектің тұла бойымен тұрақты қалыпсыз қозғалуы пайда болады. Жалған буын табиғи буыннан тыс, сүйектің диафизінде дамиды, ол науқасқа функциональді қиындықтар туғызады. Осымен ол «жаңа буыннан» ерекшеленеді – неоартроз табиғи буын айналасында пайда болып, нәтижесінде шыққан, не сынған буын ұшының жаңа анатомиялық қатынасқа функциональді икемделуі мен қызметінің науқасқа тиімді болуымен сипатталады. Осынысымен ол жалған буын – псевдоартроздан ерекшеленеді.
Жарақаттан пайда болған жалған буын, әдетте сүйек сынғанда, ал неоартроз – буын шыққанда және тек буын айналасындағы сынықтарда ғана түзіледі. Псевдоартроз дамуының себебі сынық ұштарының ақауы, сүйектің регенерациялық қабілетінің төмендеуі және емдеу әдістемесінің дұрыс жүргізілмеуі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |