Сурет 13.11. Спицаны ортан жіліктің айдаршықтары арқылы өткізу
Сурет 13.12. Қаңқалық тарту кезінде спицаларды өткізудің анатомиялық нүктелері: а) ортан жіліктің айдаршықтары; б) асықты жіліктің бұдырмағы; в) толарсақ үсті аймағы; г) өкше сүйегі; д) үлкен ұршық; е) шынтақ өсіндісі Репозиция үшін қажет жүктің салмағы сынықтың түріне, орналасу орнына, науқастың дене салмағына байланысты болады. Шамалап есептегенде, оның салмағы ортан жіліктің сынықтарында дене салмағының 15% және сирақ сүйектерінің сынықтарында 10% құрайды.
Қарсы тарту күші дене салмағымен жүзеге асырылады, ол үшін науқас жатқан төсектің аяқ жағын көтеріп қояды. Оның биіктігі пайдаланылатын жүктің салмағына байланысты болады. Сынық бөліктерінің репозициясы 2-3 күнге созылады, одан кейін сүйек сүйелінің түзілуі – репарация кезеңі басталады, ол орташа есептегенде 4-5 аптаға созылады.
Репозиция мақсатымен жүкті біртіндеп, тәулік ішінде 4-5 кг -нан бастап, әрбір 2-3 сағат сайын 1-2 кг -ға арттырады. Репозицияға жеткеннен кейін, жүкті 4-5 кг -ға дейін азайтады. Спицаның көмегімен қаңқалық тартуды 80 немесе одан да көп күнге дейін жүргізуге болады. Спицаларды көрсетілген мерзімнен бұрын алып тастаудың көрсеткіші, оның айналасындағы қабыну үрдісі мен ауыру сезімінің дамуы болып табылады. Ол спицалық остеомиелит ауруының белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда спицаны қабыну белгілері жоқ жерден «тістеп» қиып, қабынған жағынан суырып алады.
Тұрақты (үнемі) тартуды таспа (лямка), манжет және ілмектердің көмегімен жүзеге асырады. Емдеу қағидасы қаңқалық тартуға ұқсас болып келеді. Мойын және жоғарғы кеуде омыртқалары сынғанда репозицияны еңкейтілген жазықтықта Глиссон ілмегінің көмегімен орындайды. Ілмекті төсектің бас жағына бекітіп, төсектің басын 50-60 см -ге дейін көтереді. Сынған сүйектер орнына келгеннен соң, төсектің басын 25-30 см -ге дейін түсіреді.
Сурет 13.13. Мойын омыртқалары сынғанда Глиссон ілмегінің көмегімен тарту