Xxii республикалық студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми конференция материалдары


ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ КЕСТЕ ТІГУ ӨНЕРІНІҢ СЕМАНТИКАСЫ



Pdf көрінісі
бет250/267
Дата18.10.2023
өлшемі8,13 Mb.
#117865
1   ...   246   247   248   249   250   251   252   253   ...   267
ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ КЕСТЕ ТІГУ ӨНЕРІНІҢ СЕМАНТИКАСЫ 
ШЫНҒАБАЙ А., ҚАСЕНОВА Қ.Б.
ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ
 
Кесте тігу өнері - халық өмірімен, тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасқан 
өміршең өмір. Шеберлердің қолынан шыққан қолөнер туындыларын халықтың 
өмірінен, тұрмысынан бөліп алып қарау мүмкін емес. Өйткені, бұл заттар ел 
тұрмысына сән беріп, адамдарға рухани ләззат әкелген. 
Өткен мыңжылдықтарда адамға кесте тігу өнері мәлім болмай тұрғанның 
өзінде, түрлі рәсімдік бояулар мен адам терісіне салынған суреттер, сондай - ақ матаға 
және иленген теріге, адамдардың киімдеріне қара күштер және тіл- көз тиюден 
сақтайтын белгілерді салу әдеті пайда болған. Кейіннен бұл магиялық рөлді кестелі 
өрнектер бастаған, таяу кездері олардың орның өрнектердің эстетикалық және 
көркемдік рөлі толықтай басып алды. Қазіргі кезде, кесте тігу өнері мәдениеттің 
материалдық және рухани байланысы негізінде орналасқан. 
Біз кесте өнерін кескіндеме өнерімен шебер ұштастырып жүрген қазақстан 
суретшілер Одағының мүшесі Зейнелхан Мұхамеджанұлы: «кесте өнерінің түп төркіні 
– тігіс, тоқыма, өрме өнерімен тамырлас», - дейді [1,6].


547 
Орысша-қазақша сөздікте «кесте» - вышитый узор, вышивка; кесте тігу- 
вышивать деп көрсетілген [2]. Мата, тері, киіз, т.б. материалдар бетіне әртүрлі боялған 
жіптермен, жібек зерлермен сурет, өрнек салып тігу арқылы жасалады [3]. 
Қазақтың кесте сөзі арнайы инелер мен ілгектердің көмегімен көркем кесте 
тігуді білдіреді. Кестеші - кесте тігудің шебері. Кестелеу - әр түрлі жіптердің 
көмегімен матаға алуан түрлі кестелер салу. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, бұл 
сөздің семантикасы (кесте, кеште, кашьта ертедегі иран тілінен алынған – «суретке 
салынған» дегенді білдіреді) сонау ескі заманнан келе жатқанын көрсетеді [4,22]. 
Кестені бізбен және жай инемен әшекейлеп тігу барлық халықтарға да ортақ 
өнер. Қазақ халқының дәстүрінде киім-кешек пен төсек-орын жабдықтары, қалындық 
пен күйеудің, батырлар мен сауыққойлардың бас киімі, белбеуі, киімнің жең-жағалары 
мен балақтары, аяқ киімі, әр түрлі жамылғыштар мен кежімдер және басқа да осы 
сияқты жол-жорық, үй-іші мүліктері кесте өрнегімен жие безендірілетін.
Кесте бұйымды әшекейлеп қана қоймай, сонымен бірге мағыналық 
мәнін де берген. Мысалы, кесте тігу барысында апа-әжелеріміз өзінің ішкі әлеміне 
айналып, бала-шағаларының, ер азаматтарының киімдерін және тұрмыстық заттарды 
кестемен өрнектеген. Өйткені, әйел үшін кесте тігу өнері өзінің шеберлігін, 
еңбекқорлығын, шығармашылық ерекшелігін көрсету жолы деп табылған. Сонымен 
қатар, қыз балаларды бұл өнерге 8-12 жастан бастап үйрететін болған. Кесте тігілген 
жібек орамалды қыз жігітке сыйласа, ол махабаттың белгісі деп танылған. Үйлену 
тойындағы беташарда, жас келінді күйеу жігіттің туыстарына таныстырғанда, күйеу 
жігіт, жиналғандардың барлығы қалындықтың инені қалай ұстайтынын көрсін деп, 
болашақ жарына инені тапсырған. Сондай-ақ, жас қыздар өзінің жасауын да кестемен 
өрнектеген, әрбір бұйымға өздерінің үміттерін, армандары мен тілектерін салып 
кестелеген: киімдерін, тақияны, орамалдарды, тұсқа ілетін тұскиізді, шымылдықты, 
бет орамалды және т.б. 
Этнограф ғалым Ш.Ж. Тоқтабаева: «Көркем орындалған ер адамның 
шапаны қасиетті саналып, онымен жас сәбиді алғаш бесікке бөлегенде орайтын 
болған. Бұл кішкене сәби ұласу магиясы арқылы, құрметті әрі бай адам болып өссін 
деген сенім-нанымнан шыққан», -дейді [5,32]. 
Кесте тігудің өзі ең әуеліде магиялық рәсім, тіл-көзден сақтауға 
байланысты шыққан. Көне кездерде табиғи апаттар мен аурулар зұлым күштердің 
әрекеті деп саналған, адамдар өздерінің киімдері мен тұратын орындарына әр түрлі 
өрнектер салып, сақтануға тырысқан. Сол себепті, кестені алдымен бастапқы мәнінде, 
сақтану құралы деп, ал кейіннен ғана көркем безендіру ретінде қарастырған. Мысалы, 
адамның арқасы ең осал жері деп саналған және ол жақсы қорғалуы тиіс деп 
есептелген. Сол себепті, көбінесе киімнің арқасын кестелейтін болған. Кесте басқа 
киіммен де жабыла берген, кестенің көрінуі аса маңызды емес, ең бастысы – 
кестелегені керекті жерде тұрып, көз бен тілден сақтаса болғаны. Киімдегі кесте, 
әсіресе адамның өмірі мен деңсаулығына маңызды органдарды жауып тұрған. 
Кестенің бояу түстеріде, негізгі және қосымша өрнек элементтерін қосу арқылы қол 
жеткізген. 
Шеберлер әрбір жаңа кестенің эскизіне шығармашылықпен келген. 
Олар ешқашан дайын дүниеден көшірме жасамаған және ешқашан басқа шеберлердің 
эскизін пайдаланбаған. Шебердің көркем-шығармашылық қасиеті Құдайдан беріледі 
«кестені көңіл сызады, қол тігеді, көз сынайды» деп санаған. 
Кестеде айқын геометриялық және өсімдік мотивті өрнектер: жапырақтар, гүл 
тұйнегі, гүлдер, сондай-ақ ирек сызықтар, кейде адамның және анның контурлы 
бейнелері, тұтастай сюжеттер кездеседі, мысалы аң аулау сәті кестеленген иленген 
теріден тігілген шапан Эрмитажда тұр. Жануарлар тектес өрнектерге жататын мүйіз 
бейнелі өрнектер: қошқар мүйіз, қос мүйіз, сыңар мүйіз, сынық мүйіз, молшылық пен 
тоқшылық болсын деген белгіні білдіреді. Төтемдік нанымдарында қошқарды құт деп 


548 
есептейді, батырлық, күш символы, ал бұғы бақыт пен табысқа жеткізеді, жолаушыға 
жол көрсетеді деп санайды.
Құсмұрын, құстұмсық, құс қанаты жаңалықтың, хабардың жаршысы, ұшқан 
құстай ерікті, бақытты бол деген мағынаны белдіреді. «Түйетабан», «ботакөз», 
«өркеш», «ботамойын», «түйемойын» өрнектері алыс сапарды білдірген. Сол сияқты 
«жылан», «жыланбас» - «көз тимесін» деп балалардың тақиясына кестелеп тігіп 
қойған.
Дәстүрлі кесте тігу өнерінде күнделікті тұрмыста кездесетін белгілі бір заттардың 
бейнелері де беріледі. Мысалы. тұмар, балта, балдақ, тұмарша, сырға, қармақ, тарақ, 
орамал балдақ, кереге т.б. 
«Тұмар», «тұмарша» киелі өрнектердің бірі. Бұл өрнектерді жын, шайтан және 
көз тиюден сақтану үшін деп сенген.
«Кереге» 

киіз үйдің керегесі тәрізді өрнек. «Керегең сөгілмесін, керегең кең, 
берік болсын» деген тіркестерді оюмен жеткізу үлкен тапқырлықтың, даналықтың 
белгісі. 
Өсімдік, жер, су, бейнелі өрнектерге «гүл», «айгүл», «су», «ағаш», «шытырман», 
«жапырақ», «өмір ағашы», «жеміс» т.б. өрнектер мысал бола алады. 
Туған жерін жанындай сүйіп, қастерлеген қазақ халқы кейінгі ұрпақтарының да 
жер, су, өсімдік атаулыны аялайтын абзал азамат болып жетілуін армандап, олардан да 
соны талап етіп отырған. 
Сүйікті ұлдары мен қыздарын бәйтерекке, шынарға, ақ қайынға, хош иәсті гүлге, 
алмаға, қарақатқа теңеген. Ардақты азаматын асқар тауым, шалқар көлім, қара 
орманым деп қастерлеген. 
Қазіргі заманғы өнер бойынша сарапшы, архитектор А.Р.Сабитованың 
айтуынша, «қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі өрнекті тек өлеңмен және сөзбен ғана 
салыстыруға болады. Ол күнделікті тұрмыстың көркем-эстетикалық құралы болуымен 
қатар алуан өнер түрлері арқылы адамның өмірге деген қатынасын бейнелеу міндетін 
атқаруда». Мысалы, алысқа күйгеуге шыққан қыз өзінің туған жерін сағынғанда, ата-
анасына өзі қолымен тіккен кестесін сәлемдеме етіп жіберген, тігілген кесте бойынша 
әкесі мен анасы өз балаларының қалай тұрып жатқанын, тұрмыс –тіршілігін түсінген. 
Ерте заманда бұйымды кестелеуде әрбір түс немесе өрнекті пайдалану өзінің 
рәміздік мағынасын, белгілі ұғымы мен түсінігін бейнелеген. Атап айтсақ, қызыл түс 

оттың, күннің рәміздік белгісі. От та, күн де қазақтар үшін киелі. Әсіресе, от 
қазақтардың ырымында, әдет-ғұрпында сиқырлы күшке ие: отқа түкірмеген, одан 
аттамаған, оны су құйып сөндірмеген, шоқ баспаған. Адам киімі, үй іші отпен 
тазартылады. Жеке отау құрған жас жігіт әкесінің үйінен от алып, өз ошағын тұтатқан. 
Осыдан «отау», «отағасы» деген сөздер пайда болған дейді ғалымдар. Жас нәресте мен 
жаңа түскен келінді пәле-жала, қауіп-қатерден аулақ болсын деп отпен аластатқан. 
«От-ана, май-ана – жарылқа» деп отқа май құйып Ұмай анаға жалбарынған. 
Қара 

жердің түсі, берекенің белгісі. Адамның өзімсініп атайтын табиғи төл 
түс. Ол 

философиялық ұғым: тұрақтылықты, статиканы білдіреді. Осыдан «қара 
жер», «қара шаңырақ», «қара бала», «қара сөз» деген терең мағыналы ұғымдар 
қалыптасқан болу керек. Қара сонымен бірге күнделікті сөз арасында пайдаланатын 
табиғи ұғым болғанға ұқсайды. Сырым Батыр жасырақ шағында Бөкен биден бата 
тілей барыпты. Сонда данагөй қарт ақын: «Ел қамына бала тусаң, балам, арқан қара 
нардай жауыр болсын, мінезің қара жердей ауыр болсын, өкпең жоқ – бәрі тұтас бауыр 
болсын», - деген екен. 
Қазақ халқы көк түске ерекше мән-мағына береді. Ол – Көк Тәңірі, Құдай. 
Қазіргі кездің өзінде «көкке қара» деп аспанды айтады. Бұрын біреудің ата-тегін 
білмекші болғанда «оның көгі кім ?», «көгінде еш нәрсе болған ба ?», деп сұрайтын.
Екінші жағынан көк түс қазақ үшін жасыл түстің синонимі. Жерде «көк»

жайлау. Себебі қазақта бұрын «жасыл жайлау» дегеннің орнына «көк майса жайлау» 


549 
деп түсінікті әрлендірсе, содан кейін малды «көкке шығар», «көкке өрбіт» немесе 
«көктеп жатыр» дейді. Әжелеріміз де осы күнге дейін жасыл түсті бұйымдарды «көк» 
деп айтады. 
Жалпы айтқанда «көк» сөзінің мағынасын «көктем» түсінігі арқылы тіршілік 
бедері, «өмір реңі», «жасару» деп түсіндіруге болады.
Қазақта ақ та қасиетті түс. Ол қуанышты хабардың, бақыттың, тазалықтың 
белгісі. Ол да кейде зат есім мағынасына ие болған. «Ақ» деп суттен жасалған тағамды 
айтады. Күйеу бала қайын журтына алғаш келгенде ақ ( қымыз, айран) ішкен; келінге 
де ақ жаулық тағып, бетін ашпас бұрын ақпен көмкерген. 
Ақ сонымен бірге шындықтың, ақиқаттың, әрі тазалықтың адалдықтың, 
шыншылдықтың белгісі. Қолданыс барысында ақ күмістің синониміне айналған. 
Күміспен көмкерілген сандықты «ақ сандық» деп атайды. Сондықтан да болар 
халқымыздың нанымында күміс тазалықтың белгісі. 
Құрбандыққа шалған биенің «ақ түсті» болуының мәні, ол арқылы жастарды 
некелестіруде бабаларының аруағынан «рұқсат» алған. 
Ақ киізге орап хан көтерген, не ақ киізге орап жерлеген. Ағынан жарылып, ақ 
отауға ақ тілектер айтылған. 
«Ақ түйенің қарны жарылғанда» деген сөз тіркес құанышты хабарға байланысты 
айтылады. Құрбандыққа ақ нар, не ақ жылқы сойған. Ал, құрбандыққа қой шалынса 
«ақ сарбас» не «бозқасқа» аталады. Себебі шалынатын қой ақ түсті, сары күн нұрының 
нышаны болуы керек. 
Сары түс, негізінен, ақыл 

парасаттың белгісі деп есептеледі. Сонымен бірге ол 
бір жағынан қайғы 

мұңмен байланыстырылса: «Сары уайымға салыну», екінші 
жағынан ол жұбаныш пен үміт кепілі: «Уайым түбі сары алтын, сарғайған жетер 
мұратқа». 
Жасыл түс – жастық пен көктемнің белгісі аталған. Себебі жасыл өсімдік үлгілес 
ою-өрнекте жиі пайдаланған. Кейіннен жасыл түс өмірімізге мұсылмандықтың сипаты 
ретінде енді. Сөйтіп, ерте заманда өрнектің түсі мен бейнесінің ритуалдық мән-
мағынасы болған. Ашық қызыл-жасыл түстер құанышты көңіл-күй, игілік білдірсе, 
керісінше солғын-сары түстер қайғылы жағдайды, соғыс уақытын және ауыртпалық 
туралы баяндайды. Қазақ өрнектерінде жеке бояудың басымдылығы бейненің 
эстетикалық күшін, ақиқаттығын, шыншылдығын, шеберлігін баса көрсетеді. 
Түстердің келісті үндестігі адамға идеялық және эмоциялық әсер етудің негізін 
құрастырады.
Осылайша, жоғарыдағы мәліметтерді зерделей келе, дәстүрлi кесте тігу өнері 
ғасырлар бойы жалғасып өзінің материалдық және рухани байланысы арқылы 
халықтың өнегелiк және этикалық ережелер мен нормалардың арқасында кәсiп иелерiн 
құрмет тұта бiлген, кәсiпкерлердi адал еңбек адамы, тiршiлiктiң тiрегi, материалдық 
байлықты тудырушы, рухани игiлiктерге жол ашушы ретiнде, олардың адал еңбегiн 
құрметтеуге, «өнерлi өлмейдi», «талаптыға нұр жауар», «ерiнбей еңбек еткен 
мұратына жетедi» деп, ой түйiнiп жастарға үлгi етiп ұсынуға болады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі 
1.Мұхамеджанұлы З. Қазақтың кесте өнері. – Алматы: Алматы кітап баспасы. 
ЖШС, 2008.-6б. 
2. Уикипедия – қазақша ашық энциклопедиясы. kk.wikipedia. org. 
3. Қазақша-орысша және орысша-қазақша сөздік. sozdik. kz/ kk/ dictionary/ kkru/ 
rtcnt/ 
4. Кесте. Қолөнершілерге арналған оқу құралы/ А.Бекқұлова, З.Мұхамеджан-
Алматы, 2012.-22 б. 
5. Тоқтабаева Ш.Ж. Шедевры великой степи.-Алматы: Дайк-Пресс, 2005.- С. 32. 


550 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   246   247   248   249   250   251   252   253   ...   267




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет