7.1. Құбылмалы айырбас бағамы бар шағын ашық экономика
Тағы да капиталдың толық мобилділігі жорамалданады. Орталық банк валюталық нарықтағы тепе-теңдіктің қалыптасуына араласпайды. Қайтадан сұрақ туады: IS-LM-NX моделінде тепе-теңдік жағдайында үш қисық бір нүктеде қиылысады ма?
7.4 Сурет. Құбылмалы айырбас бағамы кезіндегі тепе-теңдік
Егер IS және LM қиылысуы NX сызығынан төмен орналасқан жағдай болса, онда шетелдік валютаға сұраныс пайда болады. Ұлттық валюта құнсызданады, яғни Е айырбас бағамы, сонымен бірге нақты айырбас бағамы е жоғарылайды. Экспорт артады, импорт қысқарады, және IS қисығы оңға, LM және NX қисықтарының қиылысу нүктесіне дейін жылжиды.
Сонымен, құбылмалы айырбас бағамы кезінде тепе-теңдік LM және NX қисықтарымен анықталады. IS қисығының қалпы эндогенді түрде анықталып, осы екі қисықтың қиылысуынан өту үшін икемделеді.
Бюджет-салық саясатының ықпалы. Егер мемлекет экспансионистік фискалды саясат жүргізсе, яғни өз шығыстарын өсірсе немесе салықтарды азайтса, онда модельде IS қисығы оңға IS1 дейін жылжиды (7.5 сурет).
7.5 Сурет. Бюджет-салық саясатының ықпалы
IS1 және LM қисықтарының қиылысу нүктесі NX сызығынан жоғары, яғни ішкі тепе-теңдік пайыз мөлшерлемесі әлемдік пайыз мөлшерлемесінен жоғары болып қалады. Бұл ел ішіне капиталдың ағып келуін тудырады.
Құбылмалы айырбас бағамы шартында Орталық банк валюталық нарықтағы процестерге араласпайды. Сондықтан шетел валютасының артық ұсынысы ұлттық валютаның қымбаттауына, яғни Е атаулы айырбас бағамы мен е нақты айырбас бағамының жоғарлауына әкеледі. Таза экспорт қысқарады, IS1 қисығы солға IS қисығына дейін оралғанша жылжиды.
Сонымен, құбылмалы айырбас бағамы шартындағы фискалды саясат таза экспорттың қысқаруымен ығыстырылады.
Ақша-несие саясатының ықпалы. Орталық банк экономикадағы ақша ұсынысын өсірді деп жорамалдайық. LM қисығы оңға LM1 дейін жылжиды да, ішкі пайыз мөлшерлемесі төмендейді (7.6 сурет).
7.6 сурет. Ақша-несие саясатының ықпалы
Инвесторлар өз капиталдарын шетелде орналастыруды тиімдірек көреді. Капиталдың шетелге ағып кетуі басталады. Ішкі валютаның шетелдік валютаға айырбастауы ұлттық валютаның құнсыздануына, яғни Е атаулы айырбас бағамы мен е нақты айырбас бағамының жоғарлауына әкеледі.
Жоғарыда анықталған тәуелділіктерге сәйкес экспорт артады да, импорт қысқарады. Сауда балансы жақсарады. IS қисығы оңға IS1 қисығына дейін жылжиды да, ішкі пайыз мөлшерлемесі әлемдік пайыз мөлшерлемесіне теңеседі.
Үлкен экономиканың макроэкономикалық саясаты әлемдік экономикаға, жеке түрде әлемдік пайыз мөлшерлемесіне елеулі ықпал етеді. Елдің экономикасы үшін бұл саясаттың салдары жабық экономика мен шағын ашық экономика үшін салдарымен салыстырғанда сондай-ақ орташа болып қалады.
I Негізгі түсініктер
Шағын ашық экономика
Тіркелген айырбас бағамы
Құбылмалы айырбас бағамы
Капиталдың толық (мінсіз) мобилділігі
NX қисығы
Капиталдың шектеулі мобилділігі
Үлкен ашық экономика
Әлемдік пайыз мөлшері
Ақша ұсынысы
Ақша сұранысы
Шетелдік валюта
Экспорттың артуы, не кемуі
Импорттың артуы, не кеміуі
Мемлекеттің экспансионистік фискалды саясаты
Макроэкономикалық саясат
II Келесі пікірлер дұрыс па?
Импорт нақты пайыз мөлшерлемесінен тікелей тәуелді.
Импорт ел ішіндегі шығарылымнан тікелей тәуелді.
Экспорт нақты пайыз мөлшерлемесінен тәуелсіз.
Экспорт шетелдегі шығарылымнан тәуелді.
Ашық экономикада IS қисығы жабық экономикадағыдай.
Пайыз мөлшерлемесі өскенде IS қисығы оңға жылжиды.
Мемлекеттік шығыстар мен нақты АБ өсуі IS қисығын оңға жылжытады.
Салықтар мен шетелдегі шығарылымның өсуі IS қисығын солға жылжытады.
Егер ел ішінде және шетелдік бағалар өзгермесе, ал ұлттық валюта құнсызданса, онда IS қисығы оңға жылжиды.
LM қисығы нақты АБ-нан тәуелсіз.
Нақты ақша ұсынысы арқанда LM қисығы солға жылжиды.
Тіркелген АБ жағдайында IS-LM-NX моделіндегі тепе-теңдік IS және NX қисықтарымен анықталады.
Егер тіркелген АБ жағдайында үкімет мемлекеттік сатып алу көлемін өсірсе, онда шетелден ел экономикасына капитал ағып келеді.
Тіркелген АБ жағдайында салықтардың қысқаруы елден капиталды шығарады.
Тіркелген АБ жағдайында үкіметтің экспансионистік саясаты шығарылымды арттырады.
Егер тіркелген АБ жағдайында Орталық банк ақша жиынын өсірсе, экономикада ешқандай өзгеріс болмайды.
Шығарылымды ақша ұсынысын өсіру арқылы арттыру талпынысы тек ғана халықаралық резервтерден айырылу мен үй шаруашылықтардың шетелдік активтерінің өсуіне әкеліп соғады..
Тіркелген АБ жағдайында ақша ұсынысының азаюы шетелден ағып келетін капиталмен өтеледі.
Егер тіркелген АБ жағдайында елде ұлттық валютаның девальвациясы жасалса, онда шығарылым азаяды.
Капиталдың шектеулі мобилділігі жағдайында Орталық банк валютаны тек қана туристік сапарлар үшін айырбастайды.
Егер капиталдың мобилділігі шектелсе, онда сауда балансының өзгерген шамасына тең шамаға экономикада ақша ұсынысы өзгереді.
Капиталдың шектеулі мобилділігі жағдайында ел ішіндегі пайыз мөлшерлемесі әлемдіктен жоғары немесе төмен болуы мүмкін.
Ұзақ мерзімді кезеңде капиталдың шектеулі мобилділігі мен тіркелген АБ жағдайында бюджеттік саясат жиынтық сұранысқа әсер етпейді.
Құбылмалы АБ жағдайында шағын ашық экономикада тепе-теңдік LM және NX қисықтарының қиылысуымен анықталады.
Құбылмалы АБ жағдайында ақша ұсынысының артуы ұлттық валютаны арзандатады.
Құбылмалы АБ жағдайында таза экспорттың азаюы бюджеттік саясатты толығымен ығыстырып жібереді.
Егер үлкен ашық экономикада бюджеттік экспансия жүргізілсе, онда шығарылым мен әлемдік пайыз мөлшерлемесі өседі.
Құбылмалы АБ жағдайында үлкен ашық экономикада ақша ұсынысының артуы әлемдік пайыз мөлшерлемесін өсіреді.
Құбылмалы АБ жағдайында үлкен ашық экономикада салықтардың өсуі шығарылымды азайтады.
Құбылмалы АБ жағдайында үлкен ашық экономикада ақшалай экспансия жүргізілсе, онда шығарылым өседі де, әлемдік пайыз мөлшерлемесі азаяды.
Достарыңызбен бөлісу: |