2 ЗАҢ ҚҰЖАТТАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖҮЙЕСІНДЕГІ КЛИШЕ МЕН ШТАМП
Қазіргі уақытта ресми-іскери стиль, оның ішінде заңдық құжаттар барынша нақтылыққа, дәлдікке, ойдың нұсқалығына негізделуде. Ақпарат дәуірінде оның мұндай өзгерістерге бейімделуі заңды. Заңдық мәтіндерде баяндау, тұрақтылық, ақпараттылық деңгейі жоғары болып келеді.
Мәтін теориясын зерттеген ғалым Н. Н. Валгина мынадай қызық дәлел келтіреді: «Ресми-іскери мәтіндердің унификациялануы (тұтастануы) эконмикалық жағынан (құрастырушыға пайдалы), психологиялық жағынан (жеңіл қабылданады) және техникалық жағынан (машиналық өңдеу оңтайландырылады) тиімді болып отыр. Унификация, әсіресе инструктивтік материалдарды, мемлекеттік актілердің негізінде жүзеге асырылуда» [18, 198].
Заңдық құжаттардың ішкістилдік белгілері: бірмәнділік, дәлдік болып табылады. Себебі заңдық құжаттар талассыз мәселе тұрғысында мәлімет береді.
Адам санасы көп рет қайталанатын құбылыстарға сәйкес тілде дайын клише – формулалар түрінде бейнеленетін стереотиптерді өңдеп шығарады, қалыптастырады. Көптеген зерттеушілер қайталанатын жағдайдың жоғары жиілігі, әрқилы әрекеттер мен жағдайдың барлығы дерлік тілдің стереотипті формуласын, клише – фразаларды тудыруға мүмкіндігі бар деп есептейді (А. Н. Васильева, В. Г. Костомаров, Дж. Ферс және т.б.). Өмірдегі маңызды оқиғалардың басым бөлігі жиі қайталанаып отырады. Мұндай жағдайда тіл артығынан құтылып, тілде бұрыннан бар қарым – қатынас бірлігін пайдалануға болады. мұның өзі таптаурын болған сөздердің бір сарынды жалғасып келіп, сол салада ғана айтылатын дәрежеге дейін жетуіне мүмкіндік береді. Әрине мұның негізінде үнемділік қағидалары жатқандығы белгілі. Бұл қағида тілде де осылайша – клише – тұлғалар арқылы көрініс тауып, адамдардың санасында жатталып қалады. Қайталамалы клишенің көп қолданылуы ол, ең алдымен, қарым – қатынасқа қатысушылар саны неғұрлым жоғары, тілдік жағдайды қайталау көп кездесетін салаларға ғана тән. Жалпы лингвистикада дайын қолданылатын тіл материалы көлемінің әр түрлі түсіндірулері бар. Белгілі бір дәрежеде мәселенің жеткіліксіз зерттелгендігіне, терминологияда берілген көзқарас алшақтығына байланысты болуы мүмкін тіл білімінде клише ұғымына морфема мен сөзден бастап, сөз тіркесі, сөйлем, фраза, мақал – мәтел, цитата (дәйексөз), жарнама, фразеологизм (тұрақты сөз тіркесі), ертегі, мысалға, тіпті мифке дейін жатқызатын әр түрлі кезеңдерде талқыланған еңбектерді кездестіруге болады. Дегенмен қазіргі тіл біліміндегі клишеге қатысты көзқарастардың дені тікелей функционалдық стильмен, оның ішінде ресми – іскери стильмен байланысты болып келеді.
Тілдегі дайын оралымдар фразеологизмдер сияқты тіл бірлігі ретінде қолданылатындығы рас. Дегенмен клишенің фразеологиялық оралыммен ұқсастығы функционалдық ұқсастықпен ғана шектеледі. Яғни фразеологизм және клишеге тән ортақ қасиет екеуінің дайын күйінде жұмсалуы. Ал клишенің ерекшелігі – еркін ұйымдастырылуы, клишеде компоненттер байланысы еркін. Онда фразеологиялық бірліктерге тән айтарлықтай семантикалық өзгерістер болмайды, яғни бұл тұрғыдан келгенде клишелердің еркін сөз тіркесінен айырмашылығы жоқ. осы қарама – қайшылықта өз бойында еркін сөз тіркесі мен фразеологиялық орам қасиеттерін үйлестіруші клишенің ауыспалы типті құбылыс ретіндегі мәні ашылады.
Клише тұлғаларын фразеологизмдермен жақындастыру ғылыми әдебиетте кездеседі. Мысалы, Н. Н. Дулина мен С. П. Кушнерук клишеге фразеологизмнің бір варианты, атап айтқанда, «стилистикалы шектеулі варианты» ретінде қарап, мынадай анықтама береді: «коммуникативтік – типтік сөйлеу фрагменттерінде қайталанатын, бірыңғай құжаттық жағдаяттармен байланысты, мәтінде құрылымдық және сигналдық қызмет атқаратын фразеологизмнің стилистикалы шектеулі варианты» [20, 18]. Олардың фразеологизм тұрғысынан қарастырылуы біршама қалыптасқан тұрақтылығымен байланысты екендігі белгілі.
Сонымен қатар клише мәселесін қарастырғанда стереотип, стандарт, шаблон, канцеляризм секілді ұғымдардан айналып өту мүмкін емес, өйткені олар бірімен – бірі байланысып, астасып жатқан ұғымдар. Олардың арақатынасын дұрыс айырмау салдарынан клише түрлі аталып, әрқилы терминдердің шырмауынан шыға алмай, жағымсыз бағаланатын стереотип құбылыстарымен шатастырылады. Осыдан келіп оның «тілді бүлдіруші» ретінде жағымсыз бағалануы белең алады. Дегенмен көп ұзамай дайын күйінде өзгермей қолданылуы заңды болып есептелетін құбылыстардың тілге қажет екендігі мойындалып, оң бағалана бастады.
Стереотип қандай да бір құбылыстың адам санасында бірыңғайланып, дайын күйінде меңгерілетін үйреншікті дағдыға айналған белгісі. Ол - әлеуметтану, этнология, психология, лингвистика, мәдениеттану және т.б. ғылымдарда қолданылатын ортақ ұғым. Стереотиптің бұл ғылым салаларында ортақ түйісетін жері – ұзақ уақыт қалыптасқан бір нәрсенің не құбылыстың адам санасында тұрақты қалып алған үлгісі, эталоны болуы. Осы ретте Т. М. Дридзенің пікірін келтіретін болсақ, ол былай дейді: «Саналы түрде уәжделмеген тілдік әрекеттің уәжделген, мақсатты бағытталған мәтіндік әрекеттен айырмашылығы тілдік сананың, осыған сәйкес тілдік ойлаудың стереотиптілік дәрежесінде айқын көрінуі. Сөйлеу стимулдарына деген стереотиптік реакция – бұл, ең алдымен, дағдыға айналған, қабылдау стандартына айналған бейсаналық реакция» [32, 139]. Сондықтан стереотип термині тілдегі қайталанатын тіл бірлігі ұғымдарының барлығына тектік атау ретінде қолданылғандығы дұрыс. Ғылыми әдебиетте оның бейтарап ұғым ретінде клише мен стандартпен қатар, яғни синоним болып қолданылуы жиі кездеседі. Жалпы осы қатардағы ұғымдардың қолданылуының шартты түрде екі түрін белгілеуге болады: 1) бейтарап ұғымдар ретінде қабылданып, жағымды сипатты, оң бағаланатындар: стереотип, стандарт, шаблон, клише; 2) жағымсыз сипатты, теріс бағаланатындар: штамп, шаблон.
Әрдайым әр адамға байланысты әр жағдаятта бұйрық беру үшін өзінше бөлек – бөлек сөз қолданысы қолданылмайды, бұлай болуы мүмкін де емес. Демек осы іспеттес оқиғаның қайталанып келуі онлдағы тілдік бірліктердің де қайта қолданылуына әкеліп соқтырады. Ал сол қайта қолданылуы, яғни басқа емес дәл сол бірліктерді қолдану керектігі бұл ресми – іскери тілге қойылатын оның құқықтық - әкімшілік сипатын белгілеп тұратын талап, ереже, десек те болады. Ал тіл білімінде осы бірыңғай талап, ереже қою, нормаға ұмтылу, бір ізге түсіру процесі стандарттау деп аталады. Сондықтан нақты тілдік бірліктерді клише деп атап, бірізділік қағидаларын стандарт деген жөн.
Біршама жағымсыз сипат алған ұғымдардың көшбасшысы штамп болып табылады. Штамп – дайын күйінде қолданылатын тіл бірлігінңі шектен тыс, орынсыз, ойсыз, ретсіз, талғамсыз қолданылуынан, тіл мәнерін бұзушы ретінде жағымсыз бағаланатын құбылыс.
Ғалымдар тілде оң бағаланатын, жағымды және жағымсыз сипаттағы құбылыстардың сөйлеуде бар екендігін бұрыннан – ақ аңғарған. Сол себепті бір кездері олармен жаппай күресу, тілден алшақтату жайында сөз болса, обьективті талданған ғылыми сараптаулар нәтижесінде олардың екі түрлі сипатқа ие екендігі, сондықтан екі түрлі аталып, ара жігін әділ ажырату да ұсынылады. Дегенмен кейбір лингвистикалық сөздіктерде клише терминіне «штампты қара» деген сілтеме тұруы әлі де кездеседі. Ал екі ұғымның қатар жүріп, арасындағы ұқсастықтары болуы заңдылық. Себебі екеуінің шығу тегі бір. Сонымен клише – кез келген тіл стилінде кездесетін оңай айтылатын, орынды, жағымды қабылданатын дайын тіл бірлігі, ал штамп – кез келген тіл стилінде шектен тыс қайталанып, орынсыз қолданылу нәтижесінде жағымсыз сипатқа ие болған тіл бірлігі. Штамп – қандай стильде болмасын кемістік болып есептелсе, клише заңдылық есебінде бағаланады, сонымен қатар клише тілдің даралаушы, стиль жасаушы белгісі.
Әр жанрдың өзіне ғана тән клишелері болады, соны дәл ажырата білу керек, ол үшін оны жанрмен бірге қарастырып, олардың сөздігін жасаса, құжат дайындаушыларға көп көмегі тиері сөзсіз.
Құжаттар тілін стандарттау, яғни бір ізге түсіру – мәтінді ұйымдастырудың ерекше түрін туындатты. Атап айтқанда, сауалнама, кесте, бланк, формуляр. Бұл өз кезегінде клишелердің заңдылығын мойындатады. Трафареттік мәтіндердің пайда болуы өндіріс, көлік, сауда – саттықтағы бір типті проблемалық жағдайларды шешу қажеттлігімен байланысты болды.
Неғұрлым жоғары жиілікте қайталанатын типтік жағдаят соғұрлым жоғары дәрежедегі дайын сөйлеу формалары – клишелерді тудырады. Трафареттік мәтіндер алдын – ала дайындалып, түзетіліп, редакцияланып, жүздеп, мыңдап баспадан шығады.
Адам әрекетін және өмірлік жағдаяттарды жағдайдың типтендірілген класы ретінде ұғыну жиі қайталанушылыққа және сөйлеу құралдарының бірегейлігіне әкеп соқтырады, нәтижесінде сөйлеу клишелерінің пайда болуына ыңғайлы жағдай туады. Кез келген стандарт адамдар қатынасының нормалануына ықпал етеді. Сондықтан мұндай стереотиптердің қалыптасуы, ең алдымен, тілдік сөйлемдерде пайда болады.
Клише құбылысының табиғаты өте қызық. Ресми – іскери тілде қолданылып жүрген қандай да бір тілдік тұлғаларды клише деп тану төркінін қайдан іздеген жөн. Әлбетте, кез келген сөзді немесе сөз тіркесін клише деп тани алмаймыз. Белгілі бір тілдік бірліктерді клише деп атау үшін басшылыққа алатын бірден – бір өлшем – жиі қайталанатын тілдік жағдаятта қандай да бір тілдік тұлғаларының дайын күйінде қолданылуы болып табылады. Клишенің пайда болу, даму, қалыптасу, орнығу кезеңдері болады.
«Белгілі бір синтаксистік құрылымы мен лексикалық толықтырулары дайын формулалар ретінде меңгеріліп, адам санасында дайын блоктар ретінде жатталатын» клишелердің дайындығы қандай дәрежеде, лексика – грамматикалық мағынасы мен формасы қалай құрылады деген сұрақтар туындайды. Клише тұлғаларын талдау, сұрыптау нәтижесінде клишелер көбінесе сөз тіркесі, сөйлем деңгейінде болатындығы анықталды.
Достарыңызбен бөлісу: |