Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ұсыныстары. Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтып, елімізде мекендейтін әртүрлі ұлт пен дін өкілдерін ұйыстыратын ұлттық идеяны қалыптастыруда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың еңбегін айрықша атап өту керек. 2001 жылы ұлттық идеяның бес қағидаты ұсынылды:
1. Полиэтникалық Қазақстан халқының теңдігі;
2. Қазақ халқы – ұлт пен мемлекет құраушы этнос;
3. Діни төзімділік;
4. Заңға бағынатын азаматтарды тәрбиелеу;
5. Орта және кіші бизнесті дамыту.
2005 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаев ұлттық идея ретінде тәуелсіздік және азаматтардың әл-ауқатын арттыру сияқты негізгі ұғымдарды ұсынды. Одан кейін ұлттық идея негізінде еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы белгіленген болатын. Елбасы өз ұсыныстарында заман талабы мен халықтың мақсат-мүддесін толық ескерді. Ұлттық идеяны талқылауда елдің белгілі азаматтарына да өз пікірін білдіруге мүмкіндік берілді.
2014 жылы «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының жаңа нұсқасы ұсынылды. Елбасы оны ұлттық идея деп атай отырып, барша қазақстандықтарды «Қазақстан–2050» Стратегиясын жүзеге асыру жұмыстарына белсене атсалысуға шақырды. «Мәңгілік Ел» халық арасында түсіністік пен қолдау тапты. Оны кеңінен талқылап, көпшілікке ұсыну үшін ЕҰУ-нің базасында бірнеше жылдардан бері үш тілді көптаралымды «Мәңгілік Ел» журналы шығарылып, бірқатар елдерге таратылады.
«Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идея. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2014 жылы «Қазақстан жолы–2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында жаңа біріктіруші «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын ұсынды: «Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз! Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің «Мәңгілік Ел», лайықты әрі ұлы Қазақстан!
«Мәңгілік Ел» – жалпықазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды». Шындығында, біздің ежелгі жерімізде қазақ халқының көп ғасырлық мемлекеттігінің тарихи тәжірибесі қалыптасқаны анық. Тәуелсіздігін алған Қазақстан ұлттық мемлекеттілігін нығайту жолына шықты. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Менің арманым, ойым – Қазақстанның мәңгілік болуы. Сондықтан «Мәңгілік Ел» деген идеяны ұсындым. «Мәңгілік Ел» болу үшін бәрін жасап жатырмыз. Қазақстанның ең үлкен патриоты да, елді алға сүйрейтін де солар болады деп сенемін», – деді. Бұл идеяның бастауы тым тереңде жатыр. Орта ғасырда Моңғолияның Өтікен жерінде арғы бабаларымыз – түркілердің тарихы тасқа мәңгілікке қашалып, жазылып қалған. Тарихи «Мәңгілік Ел» ұғымы Қазақстанның тәуелсіздік рухымен үндес келеді. Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа қалдыруымыз керек.
Ұлттық құндылықтар арқасында біз әрдайым жеңіске жеттік. Бұл идея – қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты, тәуелсіздік жылдарында уақыт сынынан өткен Қазақстандық тарихи даму тәжірибесі.