Эмоция-экспрессия реңі бар есімдер
Зат есім құрамындағы эмоциялы-экспрессиялы сөздерді мынадай 2 топқа бөлуге болады:
1) Кісінің көңіл-күйінің кірбіңін танытатын сөздер: қайғы, ыза, намыс, зұлымдық, т.б.
2) Кісінің көтеріңкі көңіл-күйіне байланысты қолданылатын сөздер: қуаныш, күлкі, достық, құрмет.
Сол сияқты сыни реңі бар арамза, пәлекет, жексұрын, малғұн тәрізді кісінің біреуге деген кейістігін, наразылығын танытатын сөздер де І топтағы эмоция-экспрессия реңді есімдер қатарына жатады.
Тілімізде өзінен жасы кішілерге, жас балаларға мейірлене, ықыластан сөйлейтін кезде олардың атына –жан, -тай секілді морфологиялық элементтерді қосып айтатын дәстүр бар. Мысалы: Армантай, Маратжан, т.б.
-жан, -тай дегендердің бұлардан басқа үлкен кісілерге айтылатын аға, апа, көке, ата сияқты есімдерге қосылып, ізет, құрмет, кейде жалыныш мәнін білдіретін реттері көп: ағатай, атажан, апатай, т.б.
Қаратпа мәнінде қолданылатын сөздердің құрамы жиі ұшырайтын тәуелдіктің І жақ жекеше түріндегі қарағым, шырағым, айым, күнім, сонымен бірге –еке қосымшасымен келетін ағаеке, апеке, атеке дегендер де осы сияқты.
Есімдердің эмоциялы-экспрессиялы мәнінің айқындала, саралана түсуі олардың сөйлемде, контексте қалай қолданылуымен шарттас.
Көмекші есімдер
Көмекші есім дегеніміз- зат есімнің кеңістік ұғымын білдіретін бір тобы. Жеке алып қарастырғанда, олар морфологиялық тұрғыдан зат есімнің түрленуге бейімділігі бар дербес мағыналы сөздер. Көмекшілік қызметте жұмсалатын кезде бұл сөздер тәуелдік жалғауының ІІІ жағында тұрып тәуелдеулі септіктің үлгісімен септеледі.
Көмекші есім де зат есім сияқты нақтылы 1 ұғымның аты, атауышы болатын сөздер. Зат есімдерден айырмашылығы мағына дерексіз болып келеді және семантикалық тұрғыдан алғанда нақтылы 1 ұғымды өзінен бұрын тұрған есім сөзге тіркесу арқылы, соның шылауында айтылу арқылы ғана көрсете алады.
1) Горизонталь бағыттағы кеңістік қатынасты білдіретін көмекші есімдер: алды, арты, қасы, жаны, маңы, тұсы, шеті, жан-жағы, айналасы, төңірегі. Мысалы: Ахметтің алдына, үй артында, әкемнің қасына, қыстаудың жанында, т.б.
2) вертикаль бағыттағы кеңістік қатынасты білдіретін көмекші есімдер: асты, үсті, беті, түбі. Мысалы: үстел үстіне, шаң астына, бергі беті, үйдің төбесі, арбаның түбі, т.б.
3) Көлемдік кеңістік қатынасты білдіретін көмекші есімдер: іші, сырты, ортасы, арасы. Мысалы: бөлме ішіне, үй сыртында, ел арасында, т.б.
Ескерту (А.Ысқақов): І. Көмекші есім қайталанып та қолданылады, бірақ ондайда қайталану арқылы туған жаңа форма үстеу сөзге айналады да, дербес мүше болады. Мысалы: Зеңбірек снарядтары суға үсті-үстіне түсіп, аспанға шапшыған судан күміс бағаналар орната бастады.
ІІ. Көмекші есімдердің кейбір лексикаланып та, идиомаланып та кеткен тіркестері кездеседі. Мысалы: Мал кешкі өрістен қайтар шақта, ат үсті жүрістер еленбейтін кезде аттанып кеткен.
Достарыңызбен бөлісу: |