Қайталауға арналған сұрақтар Кірпікшелі құрттар мен таспа құрттардың құрылысында қандай ортақ белгілері бар
Паразиттік тіршілік етуіне байланысты таспа құрттардың сыртқы құрылысы қандай өзгерістерге ұшыраған
Таспа құрттардың жыныс системасының құрылысы қандай
Таспа құрттардың ұрықтануы қалай жүреді
Таспа құрттардың тіршілік циклінің ерекшеліктерін айтып беріңдер.
№8 жұмыс
Тақырыбы: Жұмыр құрттардың құрылысы және даму циклі
Систематикалық орны Тип Жұмыр құрттар - Nemathelmintes
Класс Нағыз жұмыр құрттар - Nematoda
Өкілі Адам аскаридасы – Ascaris lumbricoides
Мақсаты: Нағыз жұмыр құрттарды мысалға ала отырып, көптеген өкілдері адам мен жануарлардың кең таралған паразиттерң болып табылатын жұмыр құрттар типіне тән ерекшеліктерді анықтау.
Тапсырма: Аскариданың сыртқы пішінімен танысу. Аскариданы сойып, ас қорыту, зәр шығару және жыныс системаларының органдарымен танысу. Сойылған аскариданың схемалық суретін салу. Аскариданың көлденең кесіндісінің препаратын микроскоппен қарап, суретін сызу.
Жабдықтар: Таблицалар: Жұмыр құрттар типінің систематикасы, аскариданың сыртқы және ішкі құрылысы. Микропрепараттар: аскариданың аталығының және аналығының жыныс системасы: аскаридамен заладанған малдың ішегі, өкпесі, аскариданың көлденең кесіндісінің препараты.
Жұмыстың барысы: Аскариданың дене пішіні цилиндр тәрізді, денесінің алдыңғы және артқы бөлімі сүйір. Ұзындығы 30-40 см. Алдымен құрттың жынысын анықтаңдар. Аталығының денесінің артқы бөлімі бауыр жағына қарай иілген. Аналығының денесінің алдыңғы бөліміне таман сақина тәрізді сайша болады. Онда жыныс тесігі орналасқан. Аскариданы соймастан бұрын, оның бауыр жағын анықтап алу қажет. Сонан соң екі бүйірін қарап, ондағы қара –қоңыр түсті екі зәр шығару каналын табыңдар. Аскариданы сою үшін балауыз құйылған ваннаға, оны бауыр жағымен орналастырып, денесінің екі ұшын түйреуішпен бекітіңдер. Сонан соң денесінің артқы бөлімінен (аналь тесігінен) бастап алдыңғы ұшына дейін (жыныс тесігіне дейін) тері-ет қапшығын тіліп, оны қайырып ваннаға түйреуіштермен бекітіп, ішкі органдарын қараңдар (жұмыртқа безі, жұмыртқа өткізгіш, жатын, қынап, аталық ұрық безі, ұрық өткізгіш, ұрық шашқыш канал, өңеш, ішек). Тері ет қапшығының іш жағынан зәр шығару органдары өтетін гиподерманың біліктерін табыңдар. Аскариданың көлденең кесіндісінің препаратын қарап кутикуланы, гиподерманы, ұзын салалы ет талшықтарын, дене қуысын ажыратыңдар.