3. Магнийдің тотықсыздандырғыш қасиеті. а) Магнийдің сумен әрекеттесуі. Магний түйірін зімпара кағазымен тазартып, сынауыққа салып, үстіне дистилденген су құйыңдар. Химиялық реакция салқын ортада жүре ме? Сынауықты штативке бекітіп, жалында қыздырыңдар. Суыған соң ерітіндіге индикатор қосып, бақылау жасаңдар. Реакция теңдеуін жазыңдар.
ә) Магнийдің қышқылдармен әрекеттесуі. Кестеден магнийдін электродтық потенциалын тауып, оның сұйытылған және концентрлі күкірт қышқылымен әрекеттесуіне қорытынды жасаңдар, тәжірибе жүзінде тексеріңдер. Реакция теңдеуін жазыңдар.
б) Магнийдің кальций карбонатымен әрекеттесуі. 5 г ұсақталған кальций карбонатымен магний (3г) ұнтағын араластырып, құрғақ сынауыққа салыңдар. Сынауықты ұстағышпен ұстап, өте сақтықпен қыздырыңдар (қыздыруды қоспаның жоғарғы жағынан бастаңдар). Реакция аяқталған соң, сынауықты суытып, қоспаны фарфор табақшаға ауыстырыңдар. Қоспаны сұйытылған тұз қышқылы ерітіндісімен өңдеңдер. Неге? Төменгі реакциядағы алынатын қорытынды бойынша жеке бөлініп шыққан қара түсті көмірге көңіл бөліп теңдеуін жазыңдар.
а, ә, б - тәжірибелері химиялық реакциялардың қай типіне жатады? Бұл реакцияларда магний қандай қасиет көрсетеді?
4. Магний оксиді мен гидроксидінің қасиеттері мен алынуы.а) Магний оксидінің алынуы мен қасиеті. Магний түйірін асбес торының үстіне жағыңдар. Қосылыстың түсі қандай? Алынған магний оксиді ұнтағын сынауыққа ауыстырып, үстіне дистилденген су құйып, шыны таяқшамен мұқият араластырыңдар. Не байқалады? Реакция теңдеуін жазыңдар.
ә) Магний гидроксидінің алынуы. Екі сынауыққа қандай да бір магний тұзы ерітіндісін құйыңдар. Бір сынауыққа натрий гидроксиді ерітіндісін, ал екіншіге - аммиак ерітіндісін қосыңдар, түстерін анықтаңдар, түзілген тұнбаның көлеміне көңіл бөліңдер. Молекулалық және иондық түрде реакция теңдеулерін жазыңдар. Екі сынауықта түзілген тұнбаның көлемі неге әр түрлі? Түсіндіріңдер. Ерітіндіде қай ионның концентрацясы артады, анықтаңдар.
б) Магний гидроксидінің қасиеті. ә-тәжірибесінде алынған магний гидроксидіне аммоний хлориді ерітіндісін қосыңдар. Не байқалады? Тұнбаның ерігіштігін түсіндіріңдер және реакция теңдеуін молекулалық және иондық түрде жазыңдар. Магний гидроксидінің тұнбасын натрий хлориді ерітіндісінде ерітуге бола ма? Магний гидроксидін алыңдар. Оны екі сынауыққа бөліңдер. Біреуіне тұз қышқылы, екіншісіне көп мөлшерде натрий гидроксиді ерітіндісін қосыңдар. Магний гидроксидінің химиялық қасиетіне қорытынды жасаңдар. Реакция теңдеуін жазыңдар.