Лекция 1. Заттың агрегаттық күйлері және оның белгілері. Идеал газ. Қысым. Температура. Молекула-кинетикалық теорияның негізгі теңдеуі. Газ заңдары
Зерттеудің статистикалық және термодинамикалық әдістері. Молекулалық физика және термодинамика бұл көптеген атомдар мен молекулалардан тұратын денелерде жүретін макроскопиялық процестерді зерттейтін физиканың бөлімі. Бұл процестерді зерттеуде бір-бірінен ерекшеленетін, бірақ бірін-бірі толықтыратын екі зерттеу әдістері қолданылады: статистикалық (молекула- кинетикалық) және термодинамикалық әдістер.
Молекулалық физика – бұл заттың құрылымы мен қасиеттерін молекула-кинетикалық түсініктер тұрғысынан зерттейді, ол барлық дене молекулалардан тұратындығына және олардың үздіксіз қозғалыста болатындығына негізделген.
Заттың атомдық құрылымы туралы идеяны ежелгі грек философы Демокрит (б.д.д. 460-370) айтқан болатын. Атомистика ХVII ғасырда қайта туындап, заттың құрылысы мен жылулық құбылыстарға деген көзқарасы заманауи көзқарасқа жақын болып келетін М.В.Ломоносов жұмыстарында дамиды. Молекулалық теория ХІХ ғасырдың ортасына қарай қарқынды дамыды және неміс физигі Р.Клаузиус (1882-1888), Дж. Максвелл және Л. Больцманның жұмыстарымен байланысты болып табылады.
Молекулалық физика зерттейтін процестер көп мөлшердегі молекулалардың бірігіп әсер етуінің нәтижесі болып табылады. Аса көп мөлшердегі молекулалар статистикалық заңдылықтарға негізделетіндіктен, статистикалық әдістің көмегімен зерттеледі. Бұл әдіс макроскопиялық жүйенің қасиеттері сол жүйені құрайтын бөлшектердің қасиеттерімен, олардың қозғалысының ерекшеліктері мен динамикалық сипаттамаларының орташа мәндерімен анықталуына негізделген (жылдамдығы, энергиясы және т.б.). Мысалы, дененің температурасы оны құрайтын молекулалардың бейберекет қозғалысының жылдамдығы арқылы анықталады, бірақ кез-келген уақыт мезетінде әр молекуланың жылдамдығы әр түрлі болатындықтан, бұл жылдамдық молекулалар қозғалысының орташа мәні арқылы анықталады. Біз бір молекуланың ғана температурасын жеке қарастыра алмаймыз. Осылайша, дененің макроскопиялық сипаттамалары тек көп мөлшердегі молекулаларға қатысты белгілі бір мәнге ие бола алады.