II-бөлім
«Омыртқалылар зоологиясы» пәнінен оқу-дала практикасын жүргізуге әдістемелік нұсқаулар
«Омыртқалылар зоологиясы» пәнінен оқу-дала практикасын өткізудің өзіндік ерекшеліктері бар. Оның ең бастысы- көп жағдайда бұл жануарларды ауламай зерттеу болып табылады. Осыған орай оларды бақылауға, ұстауға (аулауға) арналған құрал-жабдықтар да, зерттеу тәсілдері де өзгеше болып келеді.
а)Жазғы практика сабағына керекті құрал-жабдықтар – дүрбі, GPS (garmin position systems)не компас, сағат, ағаш қақпан, темір қақпан, тірілей ұстайтын аспаптар (тірілей ұстағыштар-живоловушки, цилиндр, фототұтқырлар-фотоловушки), фотоаппарат, түнде бақылау аппараты (прибор ночного видения), қолшам (фонарик), зоологиялық шелек, айыртаяқ, қысқыш (пинцет), қаққыш (су қаққышы), дорба, қағаз, қарындаш және т.т. (сурет 9-12).
Сурет 9 . Майда сүтқоректілерді аулайтын ағаш қақпандар
Сурет 10 . Сүтқоректілерді аулайтын темір қақпандар
Сурет 11. Майда сүтқоректілерді тірідей ұстайтын жәшіктәрізді тұтқыр
Сурет 12 . Омыртқалы жануарларды арнайы өңдеуге арналған құралдар
1-штангенциркуль, 2-тістеуік, атауыз, 3-сүйір атауыз, 4-қандауыршалар, 5-қайшы, 6-қысқыш
Оқу-дала практикасында бұл айтылғандардан басқа керекті құрал-жабдықтар мен түрлі материалдардың тізімі нұсқаулықтың соңында келтірілген (Қосымша 1).
ә)Жазғы практика кезінде қолданылатын зерттеу әдістері:
1-жануарлардың іс-әрекетін жай көзбен немесе дүрбі салып (алыста болса) қарау; 2-санақ жұмыстарын жүргізу.
Оқу-дала практикасы кезінде санақ жұмыстарын жүргізу негізінен 3 тәсілді пайдалану арқылы жүзеге асады. Бірінші- экскурсия кезінде белгілі маршрутта көрген, даусын естіген, бақыланған тіршілік әрекеттерін (іні, ізі, жемін іздеп қазған шұңқырлар, жемтігінің қалдығы, қиы (экскременттері) және т.т. есепке алу; екінші – белгілі бір ауданда, мысалы 1,0 га-да (100х100 м) мекендейтін жануарлардың, әсіресе майда кеміргіштердің, алуантүрлілігі мен санын анықтау үшін түрлі ұстау құралдарын (тірілей ұстағыш құралдар, ағаш қақпан, қақпан) пайдаланып есеп жүргізу; үшінші-кейбір құстар (қырғауыл) мен аңдардың (марал) даусын санап есеп жұмыстарын жүргізу. Осылармен қатар, түн жануарларының, мысалы жалтырауық жармасқының, санын есепке алу үшін түнде қолшаммен осы жорғалаушы мекендейтін жерде ұзындық бойынша (қашықтық, м) және ауданға шаққандағы санына есеп жүргізіледі. Кей жағдайларда, егер ыңғайлы автокөлік болса, шамалы (ынталы) топпен түн жануарлары, әсіресе қосаяқтар мен кірпілерді осы транспорт түрін пайдаланып, олардың санын есепке алуға болады.
Соңғы онжылдықтарда тіршілігі жасырын өтетін жануарларды, соның ішінде жыртқыштарды, зерттеу және санын бағалау үшін алыстан бақылау әдістері (дистанционные методы зондирования) жылдан–жылға кең қолданысқа енуде. Осындай әдістердің бірі автоматты фотокамераларды (фотоловушки) қолданып жануарларды суретке түсіруге негізделген. Фототұзақтар әдісі жануарлардың кеңістікте орналасуын және жастық-жыныстық құрамын, олардың белгілі бір территориядағы санын, тәуліктік және маусымдық белсенділігін анықтауға, мінез-құлқының кейбір ерекшеліктерін бақылауға мүмкіндік береді.
Автоматты камералардың Reconyx, Bushnell, ScoutGuard, Ltl Acorn түрлері көп қолданыста. АҚШ-та жасалған Reconyx, Bushnell секілді фототұзақтар өздерінің артықшылығымен ерекшелінеді. Осылардың ішінде бағасы қымбат, бірақ қолдануда қарапайым Reconyx HС 600 немесе PС 900 камералар басқаларына қарағанда артықшылығы әлдеқайда үлкен.
Фототұзақтарды қолданудың табысты болуы камераның типі мен моделіне байланысты емес, ол қоректендіру көзін таңдап алумен тығыз байланысты болады. Фототұзақтар ұзақ уақыт суық күндері жұмыс жасағанда кәдімгі батареялар мен аккумуляторлар мұндай жағдайларға шыдамайды. Осыған орай экстремальды төменгі температура жағдайларында жұмыс жасай беретін литийлі батареяларды қолданған жөн. Литий батареялардың өзіндік разрядталуы өте төмен, олардың сыйымдылығы сілтілік батареяларға қарағанда бірнеше есе жоғары, орташа алғанда, фототұзақ бір жылдай үздіксіз жұмыс жасайды. Фототұзақтар үшін кең қолданылатын АА форматтағы литий батареялары – Energizer Ultimate Lithium батареялары болып табылады. Осы сияқты Ansmann және Varta сияқты литий батареяларын қолдануға болады.
Қазіргі фототұзақтардың моделдері көлемі 32 ГБ-тай болатын есте сақтау карталарын пайдаланаалады. Көпшілік жағдайда 10 классты 16 ГБ-ты SD картаны пайдалануға болады. Бұл көлемдегі еске сақтау картасы егер фототұзақ дұрыс орналастырылса, ұзақ мерзімге жарамды.
Фототұзақтарды орналастыру және онымен жұмыс жасау тәсілдерін осы нұсқалықтың соңында көрсетілген әдебиеттер көздерінен табуға болады.
б)түрлі биотоптарға экскурсия ұйымдастыру
Практика өтетін ауданның омыртқалы жануарларының алуантүрлілігімен танысу үшін сол аймақта кездесетін жануарлардың мекендейтін негізгі тіршілік ортасына, яғни түрлі биотоптарға экскурсиялар ұйымдастырылады (қара: Қосымша 2). Экскурсияның мақсаты-студенттерге маршрутта кездескен жануарларды пішіні, даусы, тіршілік әрекеттері бойынша танып-білуге үйрету, олардың территория бойынша орналасу заңдылықтарымен, биологиясының маңызды белгілерімен, табиғаттатағы қарым-қатынастар заңдылықтарымен және т.б. таныстыру.Осыған орай кез-келген атқарылатын жұмыстарға қойылатын талаптар сияқты экскурсияларға да қойылатын ерекше талаптар болады.
1.Экскурсияға қойылатын талаптар: 1-жетекші айтқан жерге белгіленген мерзімнен кешікпей уақытында жиналу; 2-киілетін киім оқу-далалық практикасына сай болуы керек; 3-жетекші алда, ал денсаулығы мықты, физикалық даму жағынан күшті студент соңынан жүруі керек; 3-экскурсия кезінде шуламай, жай сөйлеу керек, шұбатылмай жүру қажет; 4-техника қауіпсіздігін сақтау міндетті болып табылады.
2.Экскурсия кезінде атқарылатын жұмыстар: Бұл жұмыстардың қатарына студенттердің экскурсия кезінде жүргізетін бақылау жұмыстары жатады. Бұл жұмыстар негізінен экскурсия барысында және 10-15 минуттік үзіліс кезінде жүргізіледі. Бақылаудың 2 түрі қолданылады. Олар: 1-қысқа мерзімді бақылау және 2-ұзақ мерзімді бақылау (өкінішке орай қазіргі кезде оқу-дала практикасының мерзімінің бірнеше есе, 2-4 есе, қысқаруына байланысты ұзақ мерзімді бақылау көп қолданылмайды). Бақылаудың өзі: 1-тікелей бақылау және 2-жанама бақылау деп бөлінеді. Тікелей бақылауға жануардың өзін бақылау жатса, ал екіншісіне - ізі, іні, ұясы, жұмыртқасы, тіршілік әрекеті, даусы және т.б. жатады.
Оқу-дала практикасы кезінде студенттерге күнделік жүргізу ұсынылады. Күнделіктің өзі : 1-далалық күнделік, бұған хронологиялық тәртіппен барлық көрген-бақыланған деректер екжей-текжейлі жазылады және 2- жеке күнделік, бұл жеке түрге арналады және сол түр бойынша алынған мәліметтер жазылады. Әдетте оқу-дала практикасында далалық күнделік қолданылады.
Омыртқалылар зоологиясынан практиканы өту барысында студент жануарларды зерттеудің тұрақты және далалық зерттеу жұмыстарын жүргізуге дағдылану, табиғатта жануарларды көру және даусын есту арқылы анықтай білуге, жануарларды тіршілік әрекеттері арқылы анықтайтын дағдыларға үйренуі қажет. Осылармен қатар білім алушы зертхана жағдайында талдау жасау үшін материалдар жинау және оларды өңдеу мен анықтауға дағдыланады. Үлгілерді жинақтау, таксидермияның алғашқы әліпбиімен танысады және түрлі омыртқалы жануарларды анықтайтын анықтағыштармен және басқа да зоологиялық әдебиеттермен жұмыс жасау дағдыларына ие болады
«Омыртқалылар зоологиясы» пәнінен практика аяқталған соң студент: биогеоценоздардың әр типтеріне (биотоптарға) тән омыртқалы жануарлардың түрлік құрамын, олардың әрқайсысының экологиялық ерекшеліктерін, белгілі бір мекендеу ортасына тән омыртқалылардың экологиялық топтарын, әртүрлі биогеоценоздардың омыртқалы жануарларының мекендеу ортасы ретінде ерекшеліктерін және омыртқалы жануарлардың қоршаған ортаға бейімделу типтерін, әр биогеоценоздың кеңістіктік құрылымына сәйкес омыртқалы жануарлардың өкілдерінің орналасу ерекшеліктерін білуі керек.
Бірінші экскурсияда оқытушы студенттерді практика өтетін ауданның табиғи жағдайымен, оның географиялық орналасуымен, негізгі ландшафтарымен, оларды кездесіп қалатын омыртқалы жануарлардың түрлерімен, оқу-дала практикасының негізгі міндеттеріментаныстырады. Табиғи ландшафтарға антропогендік факторлардың әсерлерінің деңгейін және адамның шаруашылық қызметінің жануарларға тигізетін әсерін түсіндіріп, практика барысында қанша түрді »танып-білу» керектігін айтады және маңызды биологиялық заңдылықтарды анықтау және түсінудің маңызын көрсетеді. Өйткені экукурсия барысында студенттер ғылыми зерттеудің негізгі әдіс-тәсілдерімен біртіндеп танысады, коллекциялық материалдар, негізінен жануарлардың қорек қалдықтарын, экскременттерін (қиын), құстардың құспасын, және т.б. жинайды. Бұл кезде ең бастысы жануарларға зиян келтірмеу болып табылады.
Экскурсия топ-топпен жүргізілуі керек. Қауіпсіздік техникасы бір жетекшіге 15 студенттен келуін қарастырады (бірақ оқытушылар жетіспеген және дала практикасына келген студенттер саны көп болған жағдайда 2 топты (20 студент) алып жүруге мәжбүр болады).
Экскурсияны жүргізуге ең қолайлы уақыт- таң ертең (түске дейін), бірақ қалған уақытты да тиімді пайдалану керек. Экскурсияның ұзақтығы орта есеппен алғанда 4 сағаттай. Экскурсия кезінде студентте дүрбі, дәптер, қалам не қарындаш болуы керек (компас болса, тіпті жақсы). Оқытушы бақыланып жатқан жануар жайында жалпы ақпарат береді: оның пішіні, мінез-құлқының ерекшелігі, биологиясы, систематикалық жағдайы, таралу орны, шаруашылық маңызы туралы айтады. Қажеттілікке қарай студенттер інді, ұяны, қуысты өлшейді, тиісінше суреттер салады. Экскурсия кезінде қолданылатын бақылау тәсілі- жай көзбен не дүрбімен қарау, сол сияқты жыртқыш құстарды қалықтап ұшқанда олардың бейнесін (силуэтін) салыстырып, анықтауға болатынын да ескерген жөн (сурет 13).
Достарыңызбен бөлісу: |