13.И.Сапарбай поэзиясындағы көркемдік ізденістер Қазіргі уақытта шығармаларын өз заманына арнаған ақындар аз емес. Өз кезеңінде уақыт тынысын сезінген ақындардың бірі – Исраил Сапарбаев.
Қазақ поэзиясындағы өзіндік қолтаңбасы айқын, ХХ ғасырдың 70-80–жылдарындағы лириканың жарқын келбетін жасаушы ақынның бірі – Исраил Сапарбаев. Сезімді селт еткізер, жүректен шыққан жырдың балын тамызар ақын поэзиясының пернесі таза тың лиризмге лайықталған. Жанға жылы өлеңдер көбінесе лирикадан табылады.
…Сонау 70-жылдардың басында «Сені көргім келеді де тұрады», «Виолетта», «Құдайы бар құлдың да» секілді тамаша жырларымен қазақ жырының үйіріне екпіндей қосылған Исраил Сапарбай – бүгінде кемеліне келген ақын. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына дөп келген ақынның 75 жылдығы – текті де терлі екендігінде.
Исраил Сапарбаевты өзге ақындардан ерекшелеп, даралап көрсететін – оның өлеңдеріндегі шынайы, таңғы шықтай мөлдір жырындағы лиризмнің үстемдігі, ғашықтыққа, сұлулыққа сүйіспеншілікке деген асыл сүйсініс, жарасымды жыр кестелелері.
Нәзiктiк пен сұлулық, адалдық пен адамгершiлiк, махаббат пен сүйiспеншiлiк, сағыныш пен қайғы ақын поэзиясынан ерекше орын алады. Осы құндылықтар ақын қаламынан жаңаша өмiр танып, жаңаша тыныс алады. Сол себептi ақын өлеңдерiнiң өзектi мәселесiне үңiлiп, оның даралығы мен талантын танудың өзi талмай зерттеудi талап етедi. Қандай да бір мәселені тілге тиек етсе де ақынның ерекшелігі оны кең ауқымда алып, өлең өлшеміне өрісті оймен аудара, сыйдыра білген. Бұл қасиет сөз зергерінің шағын өлеңдерінде де, көлемді туындыларында да бөлекше бітімге, әсерлі айшыққа ұласқан. Ақын өлеңдерінің тақырыптық жүйесі, жанрлық түрі, идеялық және мазмұндық негіздері қазақ поэзиясындағы тың үрдісті танытады және өзге тілге аударуды анықтайды. Ақынның көп қырлы махаббат лирикасының мазмұны, көркемдік болмысы алуан түрлі, әрі күрделі. Исраил ақын өз өлеңдерінде шама-шарқынша көркемдікке ұмтылды, өлең жазудағы Абай талаптарына талпынды, Мағжанның ғашықтығын өртей түсті. Жатық тіркес, шымыр ұйқас құруға, ажарлы сөзбен бейнелеуге, әсерлі ырғақ, шырайлы шумақ жасауға, осылардың бәрін үйлестіре келіп, ой салар, жүрек тербер көркем поэзия тудыруға тырысты. Ол белгілі дәрежеде Абай бастаған қазақтың жаңа жазба әдебиетіндегі көркем үлгіні басшылыққа алды. Табиғат көріністерін беруде, жер-су, тау-дала, географиялық ортаны суреттеуде алдыңғы үлгі бағытында ізденді, солармен үндесетін азды-көпті туындылар берді. Алайда ақын поэзиясында өзінің бойына бала кезінен сіңген халықтық сипат, ұлттық дәстүрдегі көркемдік үлгі басым байқалатыны шындық. Өмірдің өзін өлең деп бағалаған қаламгердің өлең-сөзге жүгінуі ақын мұратын әйгілеп тұрғандай. Өлең-жырдың жасампаздық құдіретіне ерекше маңыз беру де ақындық мұраттың басты шарты болса керек. Ақын лирикасындағы шалқар шабыт ақынның сөз өнерін құрметтеу, оған табыну құдіретінен көрік алады. Нағыз ақынға тән кредо – жыр бұлағын аялап сүюден нәр алып, одан арғы биіктерге қол созады. Ақын түсінігінде өлең патшалығы адамзат дамуы мен жеке тұлға рухына қызмет етер ерекше дүние. Қазақ сөз өнерінің өзегі – өлең деп ұқсақ, «сөз патшасына» сыйынып сыр ашу – ақынға ғана жарасқан символика болғаны.
Әдебиет әлемiнде творчестволық қабiлетi мен адамгершiлiгi, кiсiлiк қасиетi ерекше талантты тума ақындар сирек кездеседi. Бiр шумақ өлең жазбаған адам қазақ қазақ емес болғанмен, өлең жазғанның бәрi сыршыл да сезiмшiл ақын емес қой. Ақиық ақын десе, бiз Мақатаевты, реалист ақын десе С.Сейфуллиндi, Б.Майлиндi, ұлы ақын десе Абайды бiрден еске аламыз.
Кейде өзiңе де көрiнбей тек ұғым дүниенiң әлдебiр түкпiрiнде бұғып жатқан, ұйқылы-ояу сезiмiңе жан бере алар күштiң иесi де – поэзия құдiретi, ақындар әлемi.
Әркiмнiң өз жан өлшемi деңгейiне тән қанша қасиет – қастерi бар болса, соның бәрiн жақсы ақынның саңлақ қиялынан жаралған сұлу жыры жан бiтiре жаңғыртады.
Демек адам болмысы, адамның жан дүниесіндегі түрлі сапалық өзгерістерді поэзия тілімен өрнектеудің өзгеше әдіс-тәсілін тапқан ақын қазақтың төл әдебиетімен ғана шектелмей түбі бір түркі руханиятының мазмұнды туындыларынан сусындап, әрі әлемдік ақыл-ой жетістіктерінен үйренген.