Байланысты: Ахмет Байтрсынлыны дістемелік лемі (копия)
Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік әлемі Қазақтың рухани көсемі, шебер аудармашы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы — қай сала, қай бағыт бойынша да өнімді еңбек етіп, көп дүниенің бастауы болған дара тұлға. Ахаң ұлттық білім-ғылымымыз бен мәдениет саласын жаңашылдықпен биік сатыға көтерді. Араб әріпі негізінде жасалған қазақтың дыбыс жүйесінің төл әліпбиі, ана тіліміздегі тұңғыш «Әліппе», «Сауат ашу», «Тілашар» оқу құралдары, «Дыбыс жүйесі», «Сөз жүйесі», «Сөйлем жүйесі» тәрізді үш кітаптан тұратын «Тіл – құрал» оқулығы, «Баяншы», «Әдебиет танытқыш», әрі қазақ емлесімен 1913-1918 жылдар аралығында «Қазақ» газетін үздіксіз шығарып тұруы, көп ешкім біле бермейтін, баспаға өткізіле сала тәркіленген «Мәдениет тарихы» еңбектері, ұлттық ғылым тілін жүйелеуге қосқан сүбелі үлесі мен қоғамдық өмірдің сан түрлі саласына үн қосқан жүздеген көсемсөз мақалалары сөзімізге дәлел болмақ. Осы ретте Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік әлемі жөнінде де сөз қозғамақпын.
Бүгінгі ұрпақ Ахмет Байтұрсынұлын — қазақ тілін меңгертудің әдістемесінің негізін қалаған әдіскер ғалым ретінде де тануы керек.Осы күнгі білім беру саласындағы жаңашыл деп танылып жүрген көп дүние Ахаңның еңбектерінде де сөз болады. Нақтырақ, Байтұрсынұлы бастауыш сыныптарға арналған «Әліпби» оқулығында жазудағы көрнекілік, түсініктілік, жүйелілік, өмірмен байланыстылық, тағы осы тәрізді дидактикалық ұстанымдарды, дамыта оқыту идеясын басшылыққа алғанын байқауға болады. Қалай десеңіз, автор аталған еңбегінде білім беру үдерісі белгілі бір жүйемен, ретпен берілуін ескеріп, балаға әлі келетін, игере алатын ақпарттарды ғана ұсынып отырған. Оқушының ойлау қабілетін дамытумен қатар, оларды іс-әрекетке жаттықтырудың да қажеттілігіне аса мән берген.
Бүгінгі білім беру процесі ғана емес, көп жерде жұмыстың жүйелілігі үшін Блум таксомониясын басшылыққа алады. Бұл таксомонияның 6 түрлі ережесі мен сатысы кез келген ақпаратты үйретудің ең ұтымды тәсілдері ретінде қолданылып жүр. Блум таксономиясы бойынша жүйеленген: білу, түсіну, қолдану, талдау, жинақтау, бағалау деңгейлерінің танымдық үрдісі туралы ғалымның еңбектерінде қарапайымнан күрделіге сатылап өту ретінде баяндалған. Ағартушы «Ана тілінің әдісі» атты мақаласында ана тілін үйрету әдістерін былай бөледі:
Кей әдістің негізі талдау, айыру болады, ол негіз жалпылау немесе жиылыңқы әдіс деп аталады
Кей әдістің негізі талдау, айыру болады. Ол негізді әдістердің бірі жалқылау немесе айырыңқы әдіс деп аталады.
Кей әдістің негізігде қосу да, талдау да болады. Мұндай әдістер жалқылаулы-жалпылаулы не айырыңқы-жиылыңқы деп аталады.
Әдіскердің мұнда айтып отырған жалпылауы – синтез, жалқылауы – анализ.
Сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынұлының бұл еңбегінде қазіргі әдістемеде оқушының функционалдық сауаттылығын қалыптастырып дамыту мақсатында сөйлеу әрекеттерінің төрт түрі арқылы тілді меңгертудің әдістері жайында ой-пікірлерін де таба аламыз. Ахаң «үйретуді» өнер дейді.. «Үйрету өнер болған соң, ана тілін үйрету – бұл да өнер. Олай болса өнерлерде болған сындар мұнда да болмақ» – дегені ақиқат емей не? Әдіскер тіл үйретуге: 1) оқылым – оқу үйрету; 2) жазылым – жазу үйрету; 3) айтылым – сөйлеу үйрету дегендерді жатқызады.
Айтып отырған сөйлеу әрекетінің төрт түрі, яғни жазылым, оқылым, айтылым, тыңдалым дағдыларды ғалымның «Оқу құралының» өн бойында өрілген. Мысалы, оқылым әрекетін буындап оқу, тұтас оқу арқылы; жазылым әрекеті сөздерді буындау, тасымалдау, көшіру, құрастыру, сөзден сөз тудыру арқылы; айтылым әрекеті сұрақтарға жауап беру арқылы; ал тыңдалым әрекеті жаңылтпаштарды есте сақтап, жатқа жазу арқылы жүзеге асырылады.
Міне, біздің осы күні шет елден әкеліп енгізіп жатырмыз деп безек қағып үйреніп жүрген дүниеміздің бірсыпырасын Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінен де таба алатынымызға көзіміз жетіп отыр. Тек зер салып оқып, мұқият талдай алсақ көп ақпаратты керегімізге жарата алар ек. Сонымен қоса, Ахаң салған із, жазған еңбектердің де өміршең бола түсуіне қосқан үлесіміз болар ма еді деп ойлаймын...