Қазақ халқының негізін құрайтын рулар мен тайпалық одақтар ІІ
Қазақ шежіресі көбіне ауызша тарап отырған. Хатқа басылып, жазбаша тараған шежірелер де баршылық. Өткен жолы "Қазақ халқының негізін құрайтын рулар мен тайпалық одақтар" атты мақаламыздың І бөлімінде белгілі этнограф Зейнолла Сәніктің көне шежірелерге сүйене отырып жазған еңбектерін негіз ете отырып жалпы «Қазақ» ұғымы, «Қазақ» сөзінің шығу тегі секілді жайттарға тоқталғамыз.
Бүгін осы еңбектерде кездесетін қазақ рулары мен тайпалық одақтарына қатысты зерттеулерге тоқталайық:
Қазақ халқын құрайтын рулар мен тайпалық одақтар «Шағын рулардың бірлестігі ірі тайпаларды құрайды. Тайпа дегеніміз-арғын, найман, уақ, керей, қыпшақ сияқты іргелі, ірі рулар тобы болып есептелсе, тайпалық одақтар сол ірі тайпалардың, яғни үйсін, қаңлы, жалайыр, албан, шапырашты, шанышқылы сияқты ірі тайпалардың бірлестігі-жүздер болып саналады. Қазақтың Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз деп аталатын жүздік топтарын «тайпалық одақ» деуге болады»,-деп жазады этнограф өз еңбектерінде.
Сонымен қатар ол қазақ құрамына кіретін тайпаларды былайша жіктейді:
Шежіре деректері бойынша, Ақарыс атанған Ұлы жүз құрамына қаңлы, дулат, сары үйсін (түркеш), жалайыр, албан, суан, шапырашты, шанышқылы (қатаған), ысты, ошақты, сіргелі, шақшам, т.б. кіреді. Бұлардың ішінде албан, суан, дулаттарды – «қара үйсін», шапырашты, ысты, ошақты үшеуін «ақ үйсін» деп те атайды.
Қаңлы: ұраны – Бәйтерек, таңбасы – шылбыр, көсеу:
Шанышқылы (қатаған): ұраны – Айырылмас, таңбасы — қолтаңба; Жалайыр: ұраны – Қабылан, Бақтияр, таңбасы – тарақ;
Шақшам: ұраны – Бақтияр, Майемген, таңбасы — жебе;
Сары үйсін: ұраны — Байтоқ, таңбасы — абақ ашамай:
Шапырашты: ұраны — Қарасай, таңбасы – ай, тұмар;
Ошақты: ұраны – Бақтияр, таңбасы – тұмар ;
Ысты: ұраны-Жауатар, таңбасы – шылбыр, көсеу;
Албан: ұраны-Райымбек, таңбасы – дөңгелек;
Суан: ұраны-Байсуан, таңбасы – дөңгелек
Дулат: ұраны-Бақтияр, таңбасы – дөңгелек, абақ.
Ал Жанарыс атанған Орта жүз құрамына арғын, найман, коңырат, қыпшақ, уақ, керей, тарақты тайпалары кіреді.
Шежipe хикаяларында «Найманның бес жасында әкесі өліп, үлкен атасы Сарының тізесіне отырыпты» дейді. Найманның шешесі Күніке деген кісі екен. Ата жолымен қайын інісі Коянбайға тиеді. Қоянбай мен Күнікенің арасынан Керей туған. Осыған байланысты ел аузында «арғын-найман-аталас, найман-керей-енелес» деген сөз бар. Осыдан барып: «Найманкерей – енелес, керейді найман ешкімге теңемес, енелестер еніп сөйлесер, аталастар ат үстінен тілдесер» деген мақал-мәтел тәрізді сөздер қалған. Тарихи деректерде Көшебенің бәйбішесі Абақ екендігі жазылған («Орыс-моңғол тарихи материалдары». 1636-1654). Осыған байланысты «Көшебелі көп керей, көше алмайды сыбансыз» деген сөз қалған (Тарақты Ақселеу, «Бағаналы-балталы ел аман бол». 87-88 бет).
Арғын: ұраны – Ақжол, таңбасы – көз;
Қыпшақ: ұраны — Ойбас, таңбасы – қос әлin;
Найман: ұраны — Қаптағай, таңбасы – бақан;
Қоңырат: ұраны-Алатау, Мұлқаман, таңбасы – босаға;
Керей: ұраны – Ошыбай, таңбасы — абақ, ашамай;
Уақ: ұраны – Жаубасар, таңбасы – бақан, ашамай;
Тарақты: ұраны-Жауқашар, таңбасы — тарақ );
Қазақтың қара шежіресіндегі Кіші жүз елдері үш арыстың кішісі-Бекарыстан тарайды. Шежіреге сүйенсек, Бекарыстан-Ордаш, одан-Мөңке, одан-Шаншар, одан-Тұлпар, одан Тоқпан тарайды. Тоқпаннан-Алау, Арғымақ деген екі бала туады. Алаудан-Алшын, Алшыннан-Қодуар, одан-Каракесек (Әлім, Шөмен, Кете), Он екі ата Байұлы өрбиді Арғымактан Төлеу туады да, оған Рамадан мен Алшыннын еншілестері қосылып, бәрі Жетіруға топтасады.
Сөйтіп, Бекарыстан тараған Кіші жүз құрамына – Байұлы (12 ата-шеркеш, сық, тана, байбақты, масқар, қызылқұрт, алаша, адай, беріш, таз, алтын — жаппас, есентемір), каракесек-байсары, шөмен, әлім (алты ата)-жаманак (шекті). қарамашақ (төртқара), ұланак (қаракесек), айнық (қарасақал), тайкожа, тегiнболат, жетіру – рамадан, төлеу, жағалбайлы, тама, табын, кердері, керейт, т.б. тайпалары кіреді.
Кіші жүзді аталар санына жіктегенде кейде «25 таңбалы кіші жүз» (6 ата Әлім, 12 ата Байұлы, 7 ата Жетіру) десе, оған төрт ата Шөмекейді қосып, «29 таңбалы Кіші жүз» делінеді. Бұл күндері оған және Кетенің екі атасы-Ожырай мен Қаракетені қосып, «31 таңбалы Кіші жүз» десіп жүр.
Тама (жетіру): ұраны – Қарабура, таңбасы – тарақ, көсеу, әлin;
Төлеу: ұраны – Арғымақ, таңбасы – балға;
Рамадан: ұраны-Дулат, таңбасы – шөміш;
Кердері: ұраны – Қожахмет, таңбасы — тостаған;
Керейт: ұраны – Ақсақал, таңбасы – шылбыр;
Жағалбайлы: ұраны — Малатау, таңбасы – балға;
Есентемір: ұраны – Алдоңғар, таңбасы – бақан;
Жаппас: ұраны – Баймұрат, таңбасы — түйемойын;
Алтын: ұраны – Баймұрат,
Адай: ұраны-Бекет, таңбасы – садақ;
Шөмен: ұраны – Дөйт, таңбасы — бақан, ашамай;
Қаракесек: ұраны – Ақбан, таңбасы :
Әлім: ұраны – Айыртау,т.б.
«Қазақтың ата шежіресін жазба деректің орнына қоюға болмайды. Бірақ оның деректік құнын төмен санау да дұрыс емес. Біздің межемізше, қазақ шежіресін, оның ру-тайпалар бойынша жасалған аталар тізбегін есептегенімізде 20-25 ата аралығын меңзейді. Бұл есеп Қазак хандығы дәуіріне, яғни 1450 жылдарға тура келеді»,-деп атап өткен ол өз еңбектерінде.