Қазақстандағы әлеуметтік жұмыс технологиясының жағдаяттары



бет1/2
Дата25.05.2023
өлшемі322 Kb.
#97467
  1   2
Байланысты:
Жоспар Зухра (1)


Қазақстандағы әлеуметтік жұмыс технологиясының жағдаяттары

Еліміздегі әлеуметтік жұмыстың тәжірибелері мен технологиялары ел егемендігі жарияланып, қоғамдық өмір түбегейлі жандану жолына түскеннен бастау алады десек те болады. Рас осы жылдар аралығында қазақстандық қоғам әлеуметтік шиеленіс жағдайында қалыптасқаны белгілі. Өйткені дәл осы жылдардағы нарықтық қатынастарға өте бастаған ел экономикасында түрлі қиындықтар туындап, ол өз кезегінде жұмыссыздық пен кедейлік деңгейінің өсуі, қылмыстың көбеюі мен әлеуметтік кепілдіктің жоқтығы салдарынан орын алатын қақтығыстар, тауарларға деген сұраныстың артып, ұсыныстың өз деңгейінде болмауы, осы орын алған қиындықтарды шеше алмауы өз кезегінде мемлекеттік билікке деген сенімсіздіктің артуына алып келді. Міне осындай нарықтық қатынастың салдарынан орын алған қоғамдағы жағымсыз жайттар сөзсіз әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдардың үлкен шоғырын қалыптастырды. Сонымен қатар әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылып, еңбек етуге қабілеті жоқ адамдар үшін тіпті қиын жағдай қалыптасты. Сондықтан оларды ең алдымен жаңа экономикалық ахуалға бейімдеу ісі кезек күттірмейтін мәселеге айнала бастады. Осы ретте мемлекет тарапынан еңбекке қабілетсіз, қарт және мүгедек адамдардың, отбасылар мен балалардың кең көлемдегі тізімі дайындала бастады. Бір сөзбен айтқанда әлеуметтік жұмыс пен әлеуметтік көмек ұғымдарының қалыптасып, қызмет ете бастауына толыққанды алғышарты қалыптасып үлгерген деп айтуға толық негіз бар.


Осы тұрғысынан келгенде аз қамтылған әлеуметтік топ өкілдеріне көмек көрсету технологиясы ең алдымен олардың бірініші қажеттіліктерін қамтамасыз етумен тығыз байланысты болды. Ол әрине мемлекеттің халықты әлеуметтік қорғау саясатының аясында жүзеге бастады. Сол себепті әлеуметтік жұмыс мамандарын даярлау ісі кейіннен қолға алынғанымен, жалпы әлеуметтік жұмыс және оның технологиялары мәселелер алғашқы уақыттан бастап қолға алынған болатын. Міне осы кезеңнен бастап халықты әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыз ету технологиялары қалыптаса бастады. Сонымен қатар психологиялық, әлеуметтік-медициналық, құқықтық көмек, қабілеті жоқ адамдарға үй жағдайында қызмет ету, жылдам әлеуметтік көмек сынды технологиялар қолға алына бастады.
Ел егемендігінің алғашқы жылдарындағы қоғамның барынша саясилануы салдарынан мемлекеттік билік институттарына деген сенімсіздік пен адамдар арасындағы және азамат пен мемлекет арасындағы қарым-қатынастар өте күрделі дәрежеде өрби бастаған болатын. Міне осы тұста азаматтардың барлық құқықтық және әлеуметтік талаптары барынша орындала бермейтін шақта әлеуметтік жұмыс технологиясы азаматтар мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды үйлестіруші қызметін де атқарған болатын. Демек әлеуметтік жұмыстың технологиясы орын алған бос кеңістікте әлеуметтік жарылысты болдырмаудың алдын-алу жұмыстарымен өте тығыз байланысты болған.
Әлеуметтік жұмыстың технологиясы «мемлекет-қоғам-адам» жүйесіне терең негізделеді. Осы себепті де әлеуметтік жұмыстың негізгі үш деңгейін анықталады. Ол деңгейлерді зерттеушілер макродеңгей, мезодеңгей, микродеңгей деп бөледі. Осы үш деңгейдің өзінің әлеуметтік жұмыс технологиялары қалыптасады. Мысалы макродеңгейге сай Қазақстан Республикасындағы түрлі деңгейдегі әлеуметтік көмек көрсететін мекемелер жұмыстарын құру немесе жандандыру болып табылады. Сонымен қатар макродеңгей қатарында әлеуметтік сақтандыру мен әлеуметтік көмек жатады және де әлеуметтік жұмыстың технологияларының макродеңгейіне халықты әлеуметтік қорғаудың түрлі тәсілдері мен жобаларын құрастырып, бағдарламалар қабылдау да жатады.
Мезотехнологиялар қатарында халықты әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыдан қорғап, әлеуметтік медициналық қорғау, әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетіп, түрлі әлеуметтік қиындықтардан құтқарудың алдын-алу жұмыстары жатады. Ал микродеңгей ол жекелеген тұлғалармен жұмысты қамтиды [Балтуева С.В. Технологии социальной работы: методологический аспект // Вестник ИрГТУ. - №4 (51). – 2011. – 273 с. с. 220-221].
Сөзсіз әлеуметтік жұмыста технология үлкен шешуші күшке ие. Өйткені ол өз бойына түрлі әдістер мен тәсілдерді жинақтап, әлеуметтік көмекке мұқтаж жанға әсер етуді мақсат етеді. Ол әсер ету сөзсіз сол көмекке мұқтаж жанның дәл қазіргі күйін өзгертуді мақсат етеді. Әлеуметтік жұмыстың технологиясы клиенттің әлеуметтік құзіреттілігін көтеріп, құндылықтық бағдарын қалыптастыруға да көп әсері бар. Сонымен қатар әлеуметтік жұмыстың технологиялары ең алдымен азаматтарды қазіргі қалыптасқан әлемнің заңдылықтарына бейімдеп, өмір сүруге деген құлшыныстарын оятуды өзіне міндет санайды. Әлеуметтік жұмыстың технологиялары тәжірбеден өтіп, өзін-өзі ақтаған тәсілдер мен алгоритмдерді ескере отырып, дүниеге келіп, қалыптасады [Асқарқызы С. Университет жағдайында әлеуметтік-педагогикалық жұмыс менеджерлерін даярлаудың ғылыми педагогикалық негіздері. Философия докторы дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. – Алматы, 2018. – 156 б. 47-51 бб.].
Қазақстандағы әлеуметтік жұмыстың технологиялық жағдаяттары қалыптасқан. Әрине ол технологиялардың барлығы да әлеуметтік көмекке мұтаж нысанға әсер етуді мақсат етеді. Бұл ретте нысан (объект) ретінде әлеуметтік көмекке мұқтаж клиент немесе оның қызметі, сонымен қатар оның мүмкіндігін кеміткен әлеуметтік ахуал да болуы мүмкін. Сөзсіз Қазақстандағы әлеуметтік жұмыстың көмегіне сүйенетін немесе мұқтаж клиенттердің өзін бірнеше топтарға бөлу ісі тәжірибеде бар. Сонымен қатар әлеуметтік жұмыстың технологиялары өз кезегінде жекелеген азаматтардың тобына арнайы маманданып та жатады. Мысалға айтқанда әлеуметтік жұмысқа жүгінетіндер қатарында зейнеткерлер мен мүгедектер және де тағы да басқа еңбекке қабілетсіз адамдарға арналып та жатады. Сол себепті азаматтардың мұқтаж мұндай топтары арнайы технологияларды талап етеді. Осы ретте маңызды мәселелер қатарында клиенттің мәртебесі, жас шамасы, әлеуметтік көмектің мұқтаждық деңгейі терең ескеріле отырып, таңдалады және жүзеге асырылады.
Еліміздегі әлеуметтік жұмыстың негізінде өзіндік технологияларға сүйенеді. Ол өз кезегінде технологияларға тән қасиетке сай мамандардың ұзақ жылғы тәжірибелерін ескере отырып жасалғандықтан, әлеуметтік қызметкерлердің күштерін үнемдеп, кәсіби қызметтерін тиімді ұйымдастыруға жағдай жасайды. Әрине елімізде әлеумттік жұмысты жүзеге асыратын қызметкерлер жалпы әлеуметтік жұмыстың мамандық ретінде пайда болғанға дейінгі қалыптасқан технологияларын да белсенді пайдаланушылар болып табылады. Атап айтқанда қоғамда әділеттілік пен әділетсіздікті теңдік ұстау, жақсы мен жаманды айыру сынды түсініктер ежелден қалыптасқан [Ксембаев С.К. Социальные услуги в социальной работе. – Павлодар, 2015. – 59 с. с. 22-24].
Қазақстан Республикасының әлеуметтік жұмыс технологиялары бірқатар жағдаяттарды өз бойына жинаған. Атап айтқанда әлеуметтік жұмыс технологиясының негіздерін алгоритм, операция, құралдық түсініктер құрайды. Осы ретте атап өтетін бір жайт алгоритм түсінігі болып табылады. атап айтқанда алгоритм әлеуметтік көмекке мұқтаж жанға қолданылатын шаралардың нақты белгіленген әрі ілеспелі түрде орындалатын түрін анықтайды. Мұндағы басты мақсат ережеге сай әлеуметтік көмекке мұқтаж жанды қинаған мәселелерді дәл анықтап, көмек көрсету үдерісін нақты белгіленген тәртіпке сай жүргізу болып табылады. Ал операция түсінігі әлеуметтік көмекке мұқтаж жанға арнайы бағытталып, жүзеге асырылатын шаралардың жиынтығын айтады. Ал шаралар жиынтығы өз кезегінде технологиялық үдерістерді құрайды. Ал құралдың негіздер мақсатқа жету үшін қажетті құралдар жиынтығы болып табылады. Ол өз кезегінде әлеуметтік көмекке мұқтаж жанға әсер етіп, оны қоғамның бір мүшесі екендігін сезіндіруге бағытталады.
Еліміздегі әлеуметтік жұмыстың технологиялық үдерістер бірнеше кезеңнен тұрады. Олардың қатарында:

  • Бастапқы кезең. Әлеуметтік көмекке мұқтаж жанның мәселесін дәл анықтап, түйткілді мәселелерін бағалап, оның пайда болуына әсер еткен факторларды жіктеумен сипатталады:

  • Мақсатты анықтау кезеңі. Бұл кезеңде әлеуметтік көмекке мұқтаж жанға қатысты қолданылатын әдіс-тәсілдер мен әлеуметтік қызметкерлердің атқаратын жұмыстары пысықталады;

  • Ақпаратты өңдеу кезеңі. Бұл кезеңде қосымша ақпараттар мен дерек көздерін зерттеу жүреді;

  • Ұйымдастырушылық кезең; Бұл кезеңде әлеуметтік көмекке мұқтаж жанның жағдайын түзетуге бағытталған шаралар жүзеге асыру жоспарланады;

  • Жұмыстың бақылау-талдау кезеңі. Бұл технологиялық үдерістердің қорытынды кезеңі болып табылады. бұл кезеңде әлеуметтік қызметкерлердің атқарған жұмыстарын қорытындылап, әлеуметтік түйткілді мәселелердің оңтайлы шешілуіне әсер еткен факторлар анықталып, кері әсер еткен себептерге сипаттама жасалады. Ең бастысы алдағы уақыттарда осы артықшылықтар мен кемшіліктер ескерілуі керек [Методы и технологии социальной работы. – Костанай, 2018. – 96 с. с. 34].

Сөзсіз еліміздегі әлеуметтік жұмыс және оның технологиялары түсініктері елімізде қалыптасқанына салыстырмалы түрде алғанда ұзақ жылдар бола қойған жоқ. Әрине бұл дегеніміз әлеуметтік жұмыстың технологиялары тәуелсіз мемлекетімізде болмады дегенді білдірмесе керек. Әлеуметтік қызметкерлердің мұқтаж жанға қатысты қолданылатын әдіс-тәсілдерінің жиынтығы ретінде жүретін бұл түсініктер ел егемендігінің алғашқы жылдарынан ақ қолданыста болды. Мысалы еліміздегі әлеуметтік жұмыстың технологиялары жалпы қарапайым, күрделі, кешенді болып бөлінеді. Атап айтқанда қарапайым технологиялар арнайы әлеуметтік жұмыс мамандығына сай білімді қажет етпейтін қызмет түрлерін атқарумен байланысты болады. Өз кезегінде күрделі түрі ол міндетті түрде кәсіби білімнің болуын басты шарт ретінде қабылдаса, кешенді түрі нақты бір жағдайды реттеу үшін бірнеше мамандардың басын қосуды талап етеді. Қазақстан Республикасында осы аталған түрлерімен қатар әлеуметтік жұмыс барысында диагноз және сараптама, болжам сынды технологиялар да қолданылады.
Әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға қатысты жүргізілетін шаралар барысында әлеуметтік қызметкер бірқатар технологияларды жүзеге асыратыны тәжірибеде бар:

  • Диагностика;

  • Болжау;

  • Бағдарламаларды жүзеге асыру болып бөлінеді.

Жалпы диагностика деген ұғым медицинада жиі пайдаланылатыны белгілі. Оның мәні сол науқастың жай күйін дәл анықтап, оның сырқатының себептерін нақты белгілеумен тығыз байланысты болып келеді. Ал әлеуметтік жұмыс барысында өмірдің күрделі кезеңдеріне тап болған адамның тығырыққа тірелгендігін және оның себептерін дәл анықтауды білдіреді. Сөзсіз бұл технологияны жүзеге асыруда елімізде әлеуметтік жұмыс ерекшелігіне сай әлеуметтік сараптама жүргізіледі. Әлеуметтік сараптама дегеніміз бұл әлеуметтік нысанның жай-күйін диагностикалау барысында, ол туралы және оның қоршаған ортасы туралы ақпараттың сенімділігін анықтайтын, оның кейінгі өзгерістері мен басқа әлеуметтік нысандарға әсерін болжайтын, сондай-ақ басқарушылық шешімдер қабылдау және әлеуметтік көмек жасау үшін ұсыныстар жасауды қоса алғанда, мамандар (сарапшылар) жүргізетін зерттеу түріне жатады. Әлеуметтік сараптаманың басты мақсаты – мемлекеттік органдар мен басқа да әлеуметтік институттар қызметінің азаматтардың әлеуметтік мүдделеріне және әлеуметтік саясаттың міндеттеріне сәйкестігін анықтау, сондай-ақ осы сәйкестікке жету үшін ұсыныстар қалыптастыру болып табылады [Жумагулова Г.М., Ахметова А., Ахметова Г. Право социального обеспечения. – Алматы, 2005. – 334 с. с. 49].
Әлеуметтік сарапшылардың қорытындысына сай әлеуметтік жұмыстың бағыттары анықталатыны белгілі. Әлеуметтік сараптама жұмыстарына әлеуметтік қызметкерлермен қатар, психолог мамандар және заңгерлерді де тарту тәжірибесі елімізде қалыптасқан. Оның немесе әлеуметтік сараптаманың негізгі төрт қызметі бар:

  • Әлеуметтік көмекке мұқтаж жанның хал-ахуалын анықтау;

  • Ақпараттық сараптама. Бұл қызмет әлеуметтік көмекке жүгінгелі отырған азамат туралы мәліметтерді талдауды білдіреді;

  • Болжам жасау. Бұл қызмет қандай әлеуметтік көмек азаматты тығырықтан алып шығатындығы немесе хал-ахуалын жақсарту мүмкін екендігі анықталады;

  • Шешім қабылдау. Бұл қызмет нақты ұсыныстар беріп, әлеуметтік көмектің түрлерін белгілейді [Курманова А.М., Болатбекова Г.К., Акашева Р.Д. Социальное обеспечение. – Астана, 2011. – 186 с. с. 19-22].

Әрине әлеуметтік жұмыстың технологияларының Қазақстандағы жағдаяттарының тәртібі осы біз келтірген шеңбер аяс ында жүргізілгенімен әр әлеуметтік топқа қатысты оның өзіндік ерекшеліктері болуы мүмкін. Сол себепті диплом жұмысы барысында оларды жекелей бөліп қарастырудың қажеттіліктері туындайды. Атап айтқанда біз диплом жұмысы барысында еліміздегі қарт адамдар, мүгедектер мен отбасылармен жүргізілетін әлеуметтік жұмыс технологияларының жағдаяттарын сараптап, жан-жақты талдауға тырыстық.
Алдымен қарт адамдар немесе зейнеткерлермен жүргізілетін әлеуметтік жұмыс технологиясының жағдаяттарына назар аударсақ. Қарт адамдар немесе зейнеткерлермен әлеуметтік жұмыс алдымен оларды зейнетақымен қамсыздандыру, оларға зейнетақыдан бөлек әр түрлі жеңілдіктер беру, әлеуметтік қамсыздандыру органдарының арнайы мекемелерінде қарт жалғызбасты адамдарға қызмет көрсету аясын қамтиды. Ендігі кезекте осындай біз атап өткен мекемелердегі әлеуметтік жұмыстың технологияларына мән беріп, оларды жан-жақты талдаудың қажеттілігі туындайды.
Қазақстан Республикасындағы қарт адамдар немесе зейнеткерлермен жүргізілетін әлеуметтік жұмыс технологиясы әлеуметтік және медициналық қызметтерді үй жағдайында немесе мамандандырылған мемлекеттік және муниципалды мекемелерде көрсету жұмыстарын қамтиды. Осы әлеуметтік қызметтердің жиынтығы жалпы қарт адамдар немесе зейнеткерлермен жүргізілетін әлеуметтік жұмыс технологиясының басты сипаты болып табылады. Осы ретте бір атап өтетін жайт қарт адамдар немесе зейнеткерлермен жүргізілетін әлеуметтік жұмыс технологиясы азаматтарды нәсіліне, ұлтына, шығу тегі мен дініне бөлмейді. Еліміздің Ата Заңына сай біз жоғарыда атап өткен белгілер бойынша ешкімде кемсітушілікке ұшырамастан осы әлеуметтік көмектің түрін әділеттілік принципіне сай алуына мемлекет кепілдік береді. Ең бастысы қарт адамдар немесе зейнеткерлермен жүргізілетін әлеуметтік жұмыс технологиясы осы санаттағы азаматтардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуді басты мақсаты етіп белгілейді.
Қарт адамдар немесе зейнеткерлермен жүргізілетін әлеуметтік жұмыс технологиясы әлеуметтік қорғау орталықтары жағдайында да ұйымдастырылады және қарт адамдардың қиын өмірлік жағдайларды еңсеріп, осы заманға оңтайлы бейімделіп кетуіне көмектеседі. Қазіргі күні еліміздің барлық қалаларында осы орталықтардың желісін дамыту бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары сәтті жүргізіліп жатқандығын атап өтуіміз қажет. Қарт адамдарға қатысты әлеуметтік жұмыстар біз жоғарыда атап өткендей үй жағдайында да ұйымдастырылып жатады деген болатынбыз. Дегенмен көп жағдайда ол жұмыстар стационарлық, жартылай стационарлық және стационарлық емес нысандар да жүзеге асатындығын атап өтуіміз қажет.
Осы ретте атап өтетін бір жайт стационарлы түрдегі әлеуметтік қызметтер интернат үйлер не болмаса қарттарға арналған пансионаттар жағадайында жүзеге асырылады. Интернат үйлеріне қабылдану үшін қарт адам зейнетақының 75 пайызын өзі тұратын мекендегі зейнетақ қорына аударады да зейнетақының тек 25 пайызын өзіне қалдыруы шарт. Сонымен қатар қарт адамдар жоғарыда аталған мекемелерге орналасу үшін өзі тұратын үйді қаланың коммуналдық тұрғын үй қорына өткізуі керек. Өзінің дүниесін өткізген қарт адамдар пансионаттар жағдайында түрлі игіліктерге тегін қол жеткізе алады. Оның ішінде медициналық көмек, әлеуметтік бейімделу, адвокат қызметтері, дін қызметкерінің көмегіне жүгініп, туыстарымен кездесуге толыққанды құқылы болады.
Қарт адамдар интернат үйлер жағдайында күнделікті өміріне қажетті игіліктерді өзі орындай алатын адамдарға арналған. Олар тек қана өздерінің өмірлік қажеттіліктері үшін ғана осы мекеменің жұмысына зәру болып табылады.Өйткені интернат үйлерде медициналық сияқты түрлі қажеттіліктерді алуға қолайлы жағдайлар жасалады. Мұндай әлеуметтік мекемелердің негізгі мақсаты - өмір сүруге және өзіне-өзі қызмет көрсетуге қолайлы жағдайларды қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік және медициналық көмек көрсету болып табылады [Аблазова Р.А. Основы социальной работы в здравохранении Казахстана // Денсаулық сақтаудағы әлеуметтік жұмыс және психология: даму, инновация және перспективалар: Хал. ғыл.-тәжірибелік конф. мат. – Қарағанды, 2019. – 118 б. 5-8 б.].
Қарттар үйлері өзін-өзі күту қабілетті жоқ адамдарға арналған. Өзін-өзі тұрмыстық қажеттіліктерін өтей алмайтын немесе ол қабілеттерінен толығымен айрылған адамдар сөзсіз әлеуметтік қызметкердің тұрақты күтіміне зәру болып келеді. Сол себепті мұндай жандар осы мекемелерде тұруына құқылы болып табылады. Егде жастағы адамдарға қызмет көрсетудің жартылай стационарлық түрі зейнеткерлерді әлеуметтік, медициналық, әлеуметтік және мәдени қызмет көрсете отырып, медициналық тұрғыдан қолдау, мезгілімен тамақтануын, демалыс ұйымдастыра отырып, сонымен қатар еңбек қызметіне қатысуын да қамтамасыз етеді. Ал өз кезегінде әлеуметтік қызметтердің стационарлық емес түріне сай әлеуметтік жұмыстар үй жағдайында іске асады.
Қартайған азаматтарға мемлекеттік көмекті ресми, бейресми көмек деп бөліп қарастыруға болады. Олардың мазмұны мен мәні Қазақстан Республикасының заңдарында жан-жақты сипатталған. Мысалы отбасы мүшелері мен достары, таныстарының қарт адамдарға көрсеткен көмектерін бейресми көмек түріне жатқызады. Сонымен қатар қарт адамдарға ерікті әлеуметтік көмек түрі де бар. Ол әсіресе түрлі студент-жастардың немесе жас ерекшелігіне қарамастан азаматтардың көмектесу ниеттерінен туындап, ешқандай ақысыз қарт адамдардың қажеттіліктерін өтейді.
Елімізде қарт адамдарға әлеуметтік қызмет көрсетудің осы аталған технологияларынан бөлек уақытша болу бөлімдерінде де жұмыстары жүргізіледі. Ондай уақытша болу орталықтары сауықтыру шараларымен қатар, денсаулықты түзету және мәдени, тұрмыстық қызметтерді алуды жүзеге асырады. Сонымен қатар өз-өзіне қызмет көрсетіп, тамақ жасауға мүмкіншілігі жоқ жалғыз басты қарт адамдар осы уақытша болу орталықтарынан тамақпен қамтамасыз етіледі [Ксембаева С.К. Практикум социального работника. – Павлодар, 2017. – 108 с. с. 47-52].
Сонымен қатар қарт адамдарды қамтитын әлеуметтік жұмыстардың технологиясында үй жағдайындағы әлеуметтік-тұрмыстық көмек көрсету қызметтерін де атап өтуге болады. Көмекке мұқтаж жалғызбасты немесе қарт адамдар мұндай көмек түрлерін тұрақты немесе уақытша алуына құқылы болып табылады. Мұндағы басты мақсат – жалғызбасты қарт адамдардың өздерінің үйлерінде мемлекет ұсынған осы әлеуметтік жұмыстың технологияларына ие болуы болып табылады.
Қарт адамдарға көрсетілетін әлеуметтік жұмыстардың бірқатар әлеуметтік қызметтер орталығындағы шұғыл әлеуметтік көмек көрсететін орталықтардың жұмысымен тығыз байланысты. Мұндай әлеуметтік жұмыс технологиясына сай елімізде бір реттік қажетті медициналық көмекпен қатар, қарт адамдар үшін қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесі, сонымен қатар шұғыл қажет ыстық тамақ жеткізу және де жыл мезгіліне қажетті киім-кешектермен қамтамасыз етіп, уақытша пәтер алуға көмектесу ісін ұйымдастырады.
Сонымен қатар қарт адамдарға көрсетілетін әлеуметтік жұмыс технологиялары қатарына әлеуметтік және кеңес беруді жүзеге асыратын көмек бөлімдерінің жұмыстарына атап өтуге болады. Бұл бөлімдердің жұмысы әлеуметтік және медициналық қызметтерге кеңес берумен қатар, телефон байланысы арқылы қарт адамдарға қажетті психологиялық, құқықтық, құқықтық және басқа да қолдау түрлерін көрсетеді.
Еліміздің бірқатар аймақтарындағы қарт адамдарға жергілікті билік органдары да айтарлықтай көмек түрлерін көрсетеді. Атап айтқанда жергілікті билік органдары жұмыс істемейтін немесе еңбекке қабілетсіз жалғыз басты зейнеткерлерге өмір сүруге қажетті төлемдер жүргізеді. Сонымен қатар қоғамдық көлікте жол жүру ақысына жеңілдіктер беріп, белгілі бір дәрілерді тегін алуға жәрдемдеседі.
Қазіргі таңда елімізде жүргізілетін әлеуметтік жұмыс технологиялары қатарында қарт адамдарға көмектің жаңа нысаны пайда болған. Оның қатарында мейірбике ісінің үйі немесе хоспис деп аталатын көмек беретін мамандандырылған мекемелерді атап өтсек болады. Бұл мекемелерде ауруға шалдыққан адамдарға уақытылы көмек көрсетіліп, оларды моральдық және физикалық қиындықтардан құтқаруға жәрдемдеседі.
Мейірбике ісінің үйлері немесе хоспистер әдетте ауруханалар жанында ұйымдастырылады. Оның қызметі ауыр науқастарға, негізінен қарттарға қолдау көрсетуге бағытталған. Бұл мекеменің негізгі қызмет бағыттары:

  • Кәсіби медициналық көмек көрсету;

  • Әлеуметтік қамсыздандыру;

  • Дәрігерлік нұсқаулықтарды уақытылы орындау;

  • Аурушаң қарт адамдарды медициналық тұрғыдан оңалту жұмыстарын жүргізу;

  • Қарт адамдардың денсаулығын қадағалау;

  • Созылмалы ауруы бар адамдарды үнемі бақылауда ұстау [Жаназарова З.Ж. Социальная работа с семьей. – Алматы, 2003. – 172 с. с. 39-41].

Сөзсіз қарт адамдармен жүргізілетін әлеуметтік жұмыс технологиясында қазіргі таңда бірқатар шетелдік озық технологиялар бар. Олар турасындағы мәліметтерді келесі тарауша келтіретін боламыз.
Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік жұмыс технологияларының үлкен бөлігі мүгедектермен байланысты болып отыр. Мүгедектермен әлеуметтік жұмыс - бұл мүгедектерге және олардың отбасыларына, сонымен қатар материалдық табысы төмен отбасы мүшелерінің бірі түрлі созылмалы аурулармен ауыратын адамдарға қызмет түрлері бойынша көмек көрсетуді жүзеге асыруды білдіреді. Мұндағы басты мақсат олардың физикалық өмір сүруіне ықпал ете отырып, әлеуметтік белсенділігін күшейтуге жағдай жасау болып табылады.
Мүгедектерді әлеуметтік қамсыздандырудың негізгі түрлерінің бірі - мүгедектік бойынша зейнетақы тағайындау болып табылады. Еліміздегі мұндай зейнетақы түрі біртіндеп өсіп келеді және соңғы үш-төрт жыл ішінде ол 25 пайыздан астам мөлшерде өскендігін атап өту керек. Мүгедектік бойынша еңбек зейнетақы мүгедектік себебі және мүгедегіне қарамастан жұмысын жалғастыру қабілетіне және еңбекке жарамсыздығы деңгейі бойынша есептелдіп жүргізіледі. Мүгедектік бойынша еңбек зейнетақысы мүгедектік басталғанға дейін немесе одан кейін болған міндетті зейнетақылық сақтандыру туралы болған жағдайда ғана берілуі мүмкін. Мүгедектік бойынша әлеуметтік зейнетақы сақтандыру құжаты болмаса да тағайындалады.
Елімізде мүгедектерге көрсетілетін әлеуметтік жұмыстың технологиялары төмендегідей жұмыстарға негізделген:
1) үйдегі әлеуметтік қызметтермен қатар, медициналық қызметтер түрін жүргізу;
2) әлеуметтік жұмыстарды стационарлық мекемелерінде әлеуметтік қызмет түрінде жүргізу (пансионаттар, созылмалы науқастарға арналған ауруханалар және т.б);
3) шұғыл әлеуметтік қолдауды қажет еткен жағдайда бір реттік сипаттағы шұғыл медициналық көмек көрсету;
4) мүгедектерді қоғамға бейімдеуге, өзіне деген сенімділікті арттыруға, мына өзгермелі әрі жаңалығы мол қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайларға бейімдеуге бағытталған көмек көрсету;
5) арнайы пансионаттарға орналастыру [Лазаренко Д.В. Готовность социального работника к профессиональной деятельности // Материалы международной научно-практической конференции «Образование и наука – непрырывный инновационный процесс: проблемы, решения, преспективы». – Т2. – Петропавловск, 2007. – 528 с. с. 328-329].
Бүгінгі таңда елімізде мүгедек жандарға көрсетілетін әлеуметтік жұмыстардың технологиялары қатарында бірқатар атқарылып жатқан шараларды атап өтуге болады. Олардың қатарында стационарлық әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары болып табылады. Олардың жұмысы мүгедектерге өзін-өзі қызмет көрсету қабілеті жоқ немесе ішінара өзін-өзі күте алатын, денсаулығына байланысты үнемі күтім мен бақылауды талап ететін мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған. Бұл қызмет барысында мүгедектердің жасы мен денсаулығы ескеріліп, медициналық және әлеуметтік, сонымен қатар медициналық сауықтыру шаралары, күтім мен уақытылы демалыс сияқты жұмыстар ұйымдастырылады.
Сонымен қатар мүгедек адамдарға қатысты әлеуметтік жұмыстар интернаттар мен арнайы мекемелерде де ұйымдастырылады. Солардың бірі психианеврологиялық мектеп-интернаттар болып табылады. Мұнда психикалық созылмалы аурулары бар және күтімге, тұрмыстық және медициналық көмекке мұқтаж мүгедектер тұрақты тұрып, медициналық-әлеуметтік көмектерге ие бола алады. Мұндай мекемелерге ақыл-есі кем, сондай-ақ психикалық ауытқушылық белгілері бар кеміс адамдар қабылданады.
Мүгедек адамдардарға көрсететілетін келесі бір мекеме оңалтуды мақсат ететін балалар үйлері болып табылады. Мұндай ақыл-есі кем балалар, ауруының сипаты бойынша топталады. Мұндай мамандандырылған мекемелерде білім алуға, өзін-өзі күту дағдыларын алуға қабілетті мүгедек балалар үшін жасалады. Мұндай мекемелер оңалту жұмыстарын жүргізіп, ең алдымен өзін-өзі ұстау дағдыларын, жеке бас гигиенасын дамыту, мінез-құлық мәдениетін тәрбиелеу жұмыстарын жүргізеді. Мұндай мекемелерде оқу дәрежесіне байланысты балалар топтастырылып, олар үшін арнайы бағдарламалар әзірленеді және сол бойынша белгілі бір білім деңгейін игереді. Сонымен қатар аталмыш бағдарламалар бойынша үй жұмысын орындау дағдыларын меңгеріп, оқу-өндірістік шеберханаларда жұмыс жасау арқылы қолөнер түрлерін меңгереді.
Мүгедек адамдарға көрсетілетін әлеуметтік жұмыс технологиясына сай елімізде мұндай адамдардың тобына үй жағдайында әлеуметтік қызмет көрсету ісі де кеңінен дамыған. Мұндай қызмет көп жағдайда қоғамдық жұмыстар қатарына жатқызылады. Оның басты мақсаты – азаматтардың әдетте болатын әрі өзіне үйреншікті болған үй жағдайында қызмет көрсетіп, қабілеттерін арттыру, жеке және әлеуметтік мәртебесіне қолдау көрсету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жұмыстарын жүзеге асыру болып табылады. Мұндай үй жағдайында қызмет көрсететін әлеуметтік жұмыс технологияларының бір түрі патронаж болып табылады.
Патронаж - бұл негізінен үйде, жеке клиенттер мен қауіп тобындағы мүгедектерге көрсетілетін әлеуметтік жұмыстың бір технологиясы болып табылады. Оған тұрақты әлеуметтік бақылау, әлеуметтік қызметкерлердің үйлеріне үнемі бару, оларға қажетті экономикалық, материалдық және тұрмыстық көмек көрсету, қарапайым медициналық көмектер жүргізу және тағы да басқа шараларды ұйымдастыру жатады. Патронаж үйде отырған, жақындарының көмегінен айырылған, саяхаттауға немесе өзін-өзі күтуге мүмкіндігі жоқ мүгедектерді қолдауға бағытталады. Әлеуметтік қызметкерлер мұндай жұмыс жағдайында әдетте аптасына екі реттен кем емес осы мүгедектерге барып, тамақ сатып алуға, тамақ дайындауға, бөлмені тазартуға және гигиеналық рәсімдерді өткізуге, коммуналдық төлемдер жасауға, үйден тыс басқа да қажетті іс-шараларға көмек көрсетеді. Сонымен қатар қарапайым медициналық қызметтердің түрлерін де көрсетеді. Атап айтқанда қан қысымын өлшеп, массаж жасау сынды шараларды ұйымдастырады. Әлеуметтік қызметкер бұл технологияға сай мүгедектерді үнемі бақылауда ұстайды. Өйткені мүгедек жанға дәрігер, адвокат және басқа мамандардың көмегі қажет болса, бұл туралы аумақтық әлеуметтік қызмет органына хабарлайды.
Осылайша, стационарлық емес мекемелер әртүрлі жастағы санаттағы мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсету технологияларын жүзеге асыра отырып, қызмет көрсетеді және осы бағытты үнемі жетілдіріп отырады. Өз кезегінде әлеуметтік қорғау органдары да мүгедектерге үнемі қамқорлық көрсетіп отыруы керек. Осы жұмыстардың түпкі мақсаты мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарту, өмір салтын оңтайландыру және денсаулықтарын сақтау және психологиялық көмек көрсете отырып, түрлі мәселелерін шешуге жағдай жасау және олардың өмірлеріне неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау болып табылады.
Мүгедектер – бұл халықтың аз қорғалған топтарының біріне жатады. Сондықтан олардың күрделі мәселелерін шешіп, оларды әлеуметтік қорғау үшін түрлі қызметтер жүйесін жетілдіруді қажет. Мүгедектердің шиеленісті мәселелері сөз жоқ осы саланы үнемі жетілдіріп, сапалы оңалту бойынша жаңа тәсілдер мен шешімдерді іздеудің қажеттілігі үнемі күн тәртібінде болуы керек.
Қазақстан Республикасындағы жекелеген әлеуметтік топтармен жүргізілетін әлеуметтік жұмыстардың қатарында өзіндік ерекшеліктері бар топтың бірі отбасы және отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынастар болып табылады. Әдетте әлеуметтік қызметкер отбасылық қарым-қатынастар күрделі әрі шиеленісті, үнемі әлімжетік жасалатын отбасыларына қадағалау жасап, олардың арасындағы қарым-қатынастар барысына түрлі әдіс-тәсілдер арқылы өзгерістер енгізуге тырысады [Баймуканова М.Т. Семейное консультирование как метод социальной работы с семьей //Материалы Республиканской научно-практической конференции «Актуальные проблемы подготовки кадров социономов для социальной сферы Республики Казахстан». – Караганды, 2005. – 397 с. с. 26-30.].
Отбасының әлсіз мүшелерін, ең алдымен балаларды отбасындағы қатыгездіктен қорғау әлеуметтік қызметкердің маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Әрине көп жағдайда зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар өзіне әлімжетік жасаған адамнан қорқып өзіне жасалып жатқан қиянатпен өзгелермен бөлісуден қорқады. Ке жағдайда түсінбеушілік немесе балалығынан, тіпті ақыл-ой жетілмеуі салдарынан, сонымен қатар психологиялық шектеулердің болуы себепті де балалар өзінің өмірінде болып жатқан келеңсіз жайттар туралы ашылып сөйлесе алмайды. Сондай-ақ әлімжетік пен түрлі қорлауға тап болған балалалар мінез-құлық тұйықталып, өзгелерден өзінің күйін жасырады. Мұндай қатал қарым-қатынастарды тек қана баланың бойындағы өзгерістер арқылы ғана білуге болады. Кейбір жағдайларда қатыгез қарым-қатынасды айғақтайтын көгеру, сызаттар және тағы да басқа тыртық сынды әлімжетіктің белгілері қалады. Жалпы отбасында қатыгездікке ұшыраған балалардың бойында мұндай белгілер қалмаса да оның мінездерінде өзгерістер пайда болуы мүмкін. Мысалы балалар отбасылық қорлауға тап болса, агрессивті, ашуланшақ, немқұрайлылық, шамадан тыс сақтық, жасына сай жыныстық сананың қалыптасуы, ауырсыну, тамақтануға байланысты мәселелер, жүйелі түрде тамақтанбау салдарынан тәбеттің толық жоғалуы, ұйқысыздық және тағы да басқа белгілер пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар, бала арасындағы қарым-қатынаста құпиялылықтың пайда болуы, баланың белгілі бір отбасы мүшесінен қорқуы, онымен жалғыз қалғысы келмеуі де балаға қатысты әлімжетіктің жасалып жатқандығының белгісі болуы мүмкін .
Мұндай белгілердің кездесуі отбасындағы жағдайды әлеуметтік қызметкер тарапынан бақылауға алып, балалардың жай-күйін үнемі қадағалауға себеп болуы керек. Әлеуметтік қызметкермен қатар, аталған мәселеде психолог, дәрігер және ішкі істер органының қызметкері де жұмылдырылып, отбасында не болып жатқанын шынайы түрде анықтауы тиіс. Осылайша олар балаға қатысты жүргізіліп жатқан қатыгездікті тоқтатуға көмектесулері керек. Әдетте, баланы мұндай отбасынан тез арада шығарып, әлеуметтік оңалту мекемесіне орналастыру қажет.
Балаларға қатысты отбасы жағдайында жүргізілетін қатыгездік, ересектердің әлімжетігі, балалардың мінез-құлқына күштеп өзгерістер енгізу ісі дәлелденген жағдайда ата-ана құқығынан айырылып, қиянат жасаушы тарап қылмыстық жауапкершілікке тартылуына немесе іс қозғауға негіз бола алады.
Отбасылық қатыгездік жағдайында әлеуметтік жұмыс барысында қолданылатын технологиялар қатарында әйелдер мен балаларға қатысты отбасында зорлық-зомбылық жүргізілсе, оларды қауіпсіз жерге орналастыру ісі қарастырылған. Осылайша отбасылық жағдайдың шиеленісті ахуалы сейілгенше отбасына оралмауына мүмкіндік беретін әлеуметтік баспаналар бар. Әрине көп жағдайда шиеленісті отбасыларынан әлімжетікке ұшырғана мүшесін уақытша баспаналарға орналастыру өзінің оң нәтижесін бермейді. Өйткені уақыт өте шешілмеген шиеленісті ахуал қайта күшею мүмкіндігі өте жоғары болып табылады. Шешілмеген отбасылық жанжалдар уақыт өткен сайын күшейе түсе беруі мүмкін. Сондықтан отбасын тұрақтандыруға және оның қоғам алдындағы қызметін қалпына келтіруге бағытталған орта мерзімді көмек бағдарламалары жүзеге асырылады. Бұл бағдарламалар қарым-қатынастар мәселесін қамтиды. Демек ерлі-зайыптылар, ата-аналар мен балалар арасындағы қатынастарды қалып келтіру арқылы ғана отбасылық дау-жанжалдарды реттеуге үлкен мүмкіндіктер туындайды [Курманов А.М., Болатбекова Г.К., Акашев Р.Д. Социальное обеспечение. – Астана, 2011. – 182 с. с. 81].
Сонымен қатар әлеуметтік қызметкер мұндай отбасылармен жұмыс жүргізгенде аса мән беретін мәселелер қатарында қатігездікке ұшыраған балалармен жұмыс жасау барысында отбасындағы және мектептегі жағдайды сараптамадан өткізеді. Осы сараптама барысында баланың медициналық, әлеуметтік және зияткерлік, психологиялық жағдайын міндетті түрде талдайды. Алынған мәліметтер негізінде бала және оның отбасымен жұмыс жоспары, мектептегі туындаған қиындықтарын шешу және баланы неғұрлым қолайлы етіп қоршаған ортамен сіңістіруге бағытталған бағдарлама жасалады. Мұндай бағдарламаны мамандар, оның ішінде әлеуметтік қызметкерлер мен әлеуметтік педагог, психологтар мен заңгер, құқық қорғау орган өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырады. Осындай бірдескен жұмыс арқылы отбасына әлеуметтік-психологиялық кеңес беру, түсінбеушілікті жою, қарым-қатынастардың қатігездікке негізделген түрлерін тоқтатып, қатынастар барысындағы жанжалдарды жоюдың тетіктері анықталады. Осы ретте жүргізілетін шаралардың бірі отбасына білім беру жүйесінде және қоршаған ортада өз құқықтарын түсінуге және қорғауға үйренуге мүмкіндік беретін әлеуметтік-құқықтық кеңес беріледі. Сонымен қатар педагогикалық кеңестер беріліп, баланың мектептегі қиындықтарын жеңуге көмектесетін көмектер де көрсетіледі. Мұндай технологиялар қатарында тағы бір атап өтетін жайт ол психокоррекциялық шаралар болып табылады. Әлеуметтік жұмыс технологиясының тағы бір маңызды шарасы теріс стереотиптерді жою болып табылады. Сонымен қатар отбасы мүшелері арасында бір-біріне деген достық және сыйластыққа негізделген қарым-қатынасты дамыту шаралары да аса маңызы. Көбінесе мұндай іс-шаралар барысында отбасылық өмірдегі қатігездікті азайту үшін ата-аналарды жұмыспен қамтуға көмектесу, тұрғын-үй жағдайларын жақсарту сияқты істерге де көмектесу сөзсіз оң нәтижесін береді.
Отбасындағы балаға немесе өзге де әлсіз мүшелеріне қатысты жасалатын қатігездіктің бір себебі маскүнемдік болуы әбден мүмкін. Мскүнемдік орнаған отбасымн жұмыс жасау кезінде әлеуметтік қызметкер ең алдымен алкогольді асыра пайдаланудың түпкі себептерін дәл анықтап алуы тиіс. Бұл үшін алдымен барлық отбасы мүшелерінің жеке басын зерттеуді қолға алу керек. Осы үшін отбасы мүшелерінің әлеуметтік өмірбаяны зерттеліп, алкогольді асыра пайдаланудың себептері анықталады. Отбасы мүшелерінің маскүнемдікке бет бұруының бір себептері әлеуметтік-экономикалық қиындықтармен қатар, отбасындағы бейімділік, жеке басының тұрақсыздығы, инфантилизм, тәуелділік, отбасылық дәстүр немесе әлеуметтік орта, шиеленісті мәселелерден қашу сияқты себептер болуы мүмкін. Көбінесе осы себептерді ашу арқылы ғана отбасындағы қатігездіктің себептері дәл ашылады. Дегенмен ол мәселе әлі де болса талдауды қажет етеді. Өйткені кейде отбасында жанжал туғызатын маскүнемдік емес болуы мүмкін. Керісінше ерлі-зайыптылардың бірі отбасылық дау-жанжалдан қашу үшін ең болмағанда олардың қиялында тыныштану үшін маскүнемдікке салынуы мүмкін. Демек қақтығысты жеңу үшін маскүнемдікке жүгінетін де жағдайлар кездеседі. Сондықтан әлеуметтік қызметкер тарапынан отбасымен, әлеуметтік ортамен жұмыс бағдарламасы жасалуы керек. Мұндай терапевтік шаралар, кеңес, психотерапия және психокоррекция, маскүнемді оңалтып, еңбекке деген құлшыныс ояту әлеуметтік жұмыстың отбасылық қатынастарды реттеу технологиясы болып табылады. отбасында алкогольді ішетін мүшлереді анықтағанымен, оған қатысты жүргізілетін медициналық оңалту көп жағдайда тиімсіз аяқталып жатады. Өйткені сауықтырудан кейін
Маскүнемдікке ұшығаран адам алкогольді үйреншікті өмір сүрген ортаға оралуының мүмкіндігі бар. Осылайша өмірлік бегілі соққыларды өз жүрегіне жақын алып, жаман әдетіне қайта салынуы болса отбасылық дағдарыс та басталады [Баймуканова М.Т. Семейное консультирование как метод социальной работы // Актуальные проблемы подготовки кадров соционимов для социальной сферы Республики Казахстан. – Караганды, 2005. – 207 с. с. 28]. Сол себепті әлеуметтік жұмыс технологиялары ерлі-зайыптылардың бірінің немесе өзге де қорлық көрсетуші отбасы мүшелерінің бұрынғы адами қасиеттерге негізделген әдеттерін қалпына келтіре алуы аса маңызды. Егер адамның күшті ерік-жігері болмаса, онда мұндай үрдістерді болдырмауға кей жағдайда әлеуметтік қызметкерлер қауқарсыз болуы да мүмкін. Сол себепті мамандар алдымен адамның өзінің ерік-жігерін оята алуы маңызды шарт болып табылады.
Сондықтан мұндай отбасымен жұмыс істеу клиент пен оның отбасының алкогольсіз өмір салтына деген уәжін қалыптастыруды және қарым-қатынастың басқа жүйесін құруға атсалысу керек. Әлеуметтік қызметкер алдымен адамға өз тағдырының қожайыны өзі екендігін ұғынатындай сананы қалыптастыруы шарт. Осындай түсініктегі адамды тәрбиелеуге бағытталған психокоррекциялық технологияларды жүзеге асырады. Атап айтқанда алкогольсіз өмір салтын ұстанатын немесе осындай бірлестік құратын адамдардың қауымдастықтарына немесе клубтарына отбасы мүшелеріне әлімжетік жасауға құмар адамды кіргізу қажет. Маскүнемдіктен ұзақ уақытқа құтылып, емдеудің тиімді технологияларының бірі – «Анонимді алкоголиктер қозғалысы», сонымен қатар «Анонимді маскүнемнің балалары», «Анонимді нашақорлар» сынды бағдарламаларды арнайы қабылдау керек.
Сөзсіз қазіргі таңда әлеуметтік жұмыстың технологиясы жалғызбасты әйелдерге қатысты да белсенді қолданылып отыр. Өйткені мына заманауи қоғамда жалғызбасты әйелдер өте көп. Балалары болғанымен толық емес отбасылар мемлекет және оның өкілетті органдары үшін жаңа жауапкершілікті туындатып отыр. Бір ғана мысал қазіргі таңда жұмыс істейтін екі адамның жалақысы қазіргі таңда бір отбасыны қамтамасыз етуге жетпей жатады. Осы ретте жалғызбасты аналар, сирек жағдайда жалғызбасты еркектер не істеуі керек деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сөзсіз қоғамдағы әйелдерге деген көзқарасты өзгертіп, осы мәселелеге ерекше мән беруіміздің аса қажет екендігін білдіреді.
Қоғамның идеологиясын демократияға қарай өзгертпей, жынысына қарамастан барлық азаматтардың теңдігін қамтамасыз етпейінше әйелдің өз тағдырын басқару құқығын мойындамайынша, әйелдердің нақты әлеуметтік мәселелерін шешу мүмкін емес. Бұл ұлттық деңгейде нормативтік-құқықтық базаны да кеңейту міндетін қояды. Сондай-ақ терең өзгертуді талап ететін бір мәселе қоғамның да, әр адамның да психикасы болып табылады. Ірі масштабты идеологиялық және әлеуметтік-психологиялық өзгерістер, әсіресе қолайсыз объективті және субъективті жағдайларда қысқа мерзімде пайда болуы мүмкін емес. Технологиялық тұрғыдан алғанда, бұл балаларды тәрбиелеу және оқыту жүйесінде елеулі өзгерістерді талап етеді, оған республикалық, аймақтық және жергілікті деңгейлердегі іс-шаралар кіреді және тек әлеуметтік жұмыс құзыретіне кіреді [Примкулова А.А. Социальная работа с различными категориями насления. – Костанай, 2018. – 120 с. с. 67-71].
Әйелдер мен балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін уақыт баспана, ауруханалар, дағдарыс орталықтары, бірқатар әлеуметтік қызметтері бар баспаналар, олардың қатарында психологиялық және медициналық оңалту орталықтары, құқықтық кеңес алып, өзін құқықтық қорғау, басқа тұрғылықты жері мен лайықты жұмыс табуға көмектесу, кейде оны алуға немесе қалпына келтіруге көмек қолданылу сынды көмектерді алуға болады. Әрине, шұғыл көмек көрсету әлеуметтік мәселелерді шешпейді, бірақ кейде әйелдің немесе оның балаларының өмірін сақтап қалуы мүмкін. Жедел экономикалық қиындықтар әйелдерге атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш беру құқығын береді. Жедел көмек, ол қысқа мерзімді (оның тұжырымдамалық мақсатына сәйкес) бір реттік технология болып табылады.
Мұндай жалғызбасты әйелдерді қолдаудың бірі атаулы әлеуметтік болып табылады.
Сонымен біз диплом жұмысының осы тараушасы барысында еліміздегі әлеуметтік жұмыс технологиясының жағдаяттары туралы толыққанды мәліметтер беріп, жан-жақты талқыладық. Осы мәселеге қатысты көптеген мақалалармен таныса келе, біздің ғылыми ортада әлеуметтік жұмыс технологияларын жетілдіруге қатысты бірен-саран ұсыныстар айтылуда. Рас біздің диплом жұмысының келесі тараушасында әлеуметтік жұмыс технологиясының еліміздегі сипатын ашып, оны дамытуға қатысты бірқатар ұсыныстар да айтылатын болады.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет