Бақылау-тексеру жұмыстары



Дата04.04.2023
өлшемі23,64 Kb.
#79185

Бақылау-тексеру жұмыстары
Аннотация
Бақылау-тексеру жұмыстарының түрлері туралы және Б.Блум таксономиясы мен оқушылардың оқу жетістіктерін тіркеу туралы түсінік берілген.
Кілт сөздер: критериалды бағалау, әдіснама, оқыту, технология, оқыту технологиясы, әдіс, әдістеме, мақсат, портфолио, функционалдық сауаттылық, Б.Блум таксономиясы.

Жоспар:


  1. Бақылау-тексеру жұмыстарының түрлері

  2. Б.Блум таксономиясы

  3. Оқушылардың оқу жетістіктерін тіркеу



Білім мен дағдыны бақылау мен бағалаудың маңызы мен міндеттері. Оқушылардың оқу материалын меңгергенін тексеру және бағалау – оқыту нәтижелерін бақылау, оқу процесінің әр түрлі кезеңіндегі оқушылардың танымдық іс-әрекетін басқару.
Білімді тексеру және бағалау оқушының білім алуына көмектесіп, оның және мұғалімнің білім сапасы жөнінде сандық мәлімет береді. Мұғалім оқушының білім деңгейінен хабар алып, оның танымдық жұмысын ұйымдастыруға негіз жасайды. Мұғалім өз жұмысындағы жетістіктер мен кемшіліктерге баға беріп, жұмыс әдістерін толықтырып, түзетіп, жеке оқушылармен жұмыстың жолдарын және құралдарын тауып, бағдарламалық білімдердің меңгерілуі деңгейін анықтайды.
Оқушы тақырыпты қаншалықты деңгейде меңгергенін ұғады. Егер білімді тексермесе, онда оқушы өз білімін терең, жан-жақты және дұрыс бағалай алмайды. Оқушы баға алған соң өзінің мектептегі, үйдегі жұмыстарын жетілдіруге, жақсы сапаларын дамытуға, білім, іскерлік, дағдыларындағы кемшіліктерді жоюға мүмкіндік алады.
Білім, іскерлік және дағдыларды тексеру және бағалау тәрбиеге де ықпал етеді. Оқушылардың өз оқулары, табысы, сәтсіздіктері туралы ой-пікірлері қалыптасып, қиындықты жеңуге ұмтылады. Баға оқушының өзі туралы ойына қозғау салады.
Білімді тексеру және бағалаудың мемлекеттік маңызы бар. Мектептің, мұғалімдер ұжымының жұмысын білімді басқару органдары оқушылардың үлгеріміне қарап бағалайды. Мектеп әкімшілігі, қалалық, аудандық, облыстық білім беру ісін басқару органдары, Білім және ғылым министрлігі оқушылардың білімдерінің сапасын, мектеп және мұғалімдердің жұмысының жетістіктерін және кемшіліктерін білу үшін бақылау және тексеру жұмыстарын береді.

2. Білімді тексеруге қойылатын талаптар:
• тексерудің және бақылаудың жүйелілігі, тұрақтылығы, міндеттілігі. Бұл талапты орындамау оқушылардың оқуға деген қатынасын нашарлатып, білімнің сапасына кері әсер етеді;
• әрбір оқушы өзінің білімінің, іскерлік дағдысының бағаланатынын түсіну керек. Егер білімді тексеру және бағалау оқыту процесінің құрылымына тұрақты түрде енсе, онда оқушы мұғалімнің сұрақтары мен тапсырмаларына жауап беруге дайын болады.
оқушылардың білім, іскерлік және дағдылары мемлекеттік .оқу бағдарламаларына сәйкес тексеріледі. Бағдарламаны меңгеру - білімді бағалаудың негізгі өлшемі. Мұғалім оқушының қосымша біліміне, оқыған қосымша әдебиеттеріне кеңес, нұсқау, беріп, баға қоймайды.
• оқушылардың теорияны және фактілерді білуін тексеру және бағалау арқылы, білімдерінің жалпы және ақыл-ой дамуына, жеке тұлғалық сапаларын қалыптастыруға ықпалын, оқуға әсерін білу;
• білім, іскерлік, дағдыларды түрлі тәсілдер арқылы тексеру;
• байқалған кемшіліктерді оқушының өзі түзетуі;
• мұғалімнің оқушыларды білімдерін бақылап, бағалауға, кемшіліктерді жоюдың әдістемесі мен тәсілдерін білуге үйретуі;
• бағаны әділ қойылуы;
• оқушының өзін-өзі және басқаны бақылауы және бағалауы;
• әр тақырыпты оқудың нәтижесіне мұғалімнің және оқушылардың баға беруі;
• бақылау-бағалау процесінің әрбір баланың оқу үлгерімінің төмендемеуіне, көңіл-күйінің жақсы болуына көмектесуі.


3. Оқушылардың оқу жұмысын күнде бақылап отыру. Бұл әдіс арқылы мұғалім оқушылардың төртібін, білімді қалай қабылдайтынын және түсінетінін, тәжірибелік іскерлік және дағдыларға машықтандыру кезінде өз бетімен атқара алатын жұмыстарын, оқуға икемділігін, қызығушылығын, қабілетін, білімді жүйелі алуын қадағалайды. Бақылау мәліметтеріне сүйеніп, мұғалім оқушылардың жеке ерекшіліктерін анықтап, оларды өз жұмысында қолданып, оқушылардың білімдерін дұрыс тексеруге және бағалауға мүмкіндік алады.
Ауызша жауаптар алу үшін мұғалім сұрақтарды тұжырымдап, кеңестер береді, міндеттер қояды.
Ауызша сұрау оқушылардың білімін тексеріп бағалау үшін жиі қолданылады. Бұл әдіс арқылы мұғалім оқушыларға оқылған материал бойынша сұрақ беріп, жауаптарын бағалап, материалды қаншалықты деңгейде түсінгендерін анықтайды. Кейде балалардың білімін ауызша тексеруді әңгімелесу деп атайды. Мұғалім бір оқушыға барлық тақырыпты түгел баяндатады. Толық жауап білімінің тереңдігін, жүйесін көрсетеді. Бірақ оқушылардың білімін ауызша тексерудің кемшіліктері де бар, себебі оған көп уақыт кетіп, 45 минут ішінде 3-4 оқушының ғана білімін тексеруге мүмкіндік береді.
Ауызша тексерудің жетілдірілген түрі жаппай тексеру. Бұл әдіс арқылы мұғалім оқылған материалды ұсақ бөліктерге бөліп, оларды оқушылардың қалай меңгергенін білу үшін сыныпқа сұрақтар беріп, олардың білімдерін тексеріп, көп оқушылардың білімдерін анықтауға мүмкіндік алады. Бірақ жаппай тексеру арқылы оқушыларға әділ баға қою қиын, себебі бір-екі шағын сұраққа жауап берген оқушының толық білімін анықтау қиын.
Ауызша сұрауға сабаққа үнемі қатысып отырған оқушылардың біліміне ұпай беру де жатады. Мәселен, өз жолдасының жауаптарын толықтырған, нақтыландырған және тереңдеткен оқушылар, мысалдар келтірген, мұғалімнің жаңа материалды баяндау кезінде қойған сұрақтарына жауап берген, жаңа тақырыпты тез түсінген балалар ұпай ала алады. Сабақтың соңында аталған өлшемдер бойынша 4-8 оқушыға ұпай беріп, олардың танымдық белсенділігіне және зейініне жақсы әсер етіп, баға қорын жинауға болады.
Баға 5 балдың шкала бойынша қойылады. Жақсы оқитын оқушылар оқу жұмысында үлкен белсенділік танытады, сондықтан оларды бағалау қиын емес, бірақ та басқа оқушыларға да сабақтың соңында баға қойылатыны ескертіледі.
Жазбаша сұрау бастауыш мектепте сирек қолданылады, 1-сыныптың алғашқы жарты жылында ол мүлдем қолданылмайды, себебі оқушылар әлі жазуға дұрыс үйренген жоқ. 2-3 сыныптарда жазбаша әдіс арқылы білімді тексеру жиі қолданылып, жалпы білім беретін мектептің негізгі және жоғары сатыларында білімді тексерудің негізгі әдістерінің біріне айналады. Жазбаша білім тексеру әдісін көбіне өздік жұмыс деп атайды. Бұл әдіс арқылы мұғалім тақтаға, парақтарға, карточкаларға 10-12 минут ішінде орындалатын тапсырмаларды жазып қояды. Жауаптардың қорытындыларын сынып журналына белгілеп, бір сабақта көп оқушылардың білімдерін бағалауға болады.
Жазба жұмыстары үйде және сыныпта орындалады. Тарих, география, биология, химия, физика пәндерінің мұғалімдері оқушыларға сурет салдырады, сызба, диаграмма сыздырады, картамен жұмысты бағалайды.
Бақылау жұмысы. Оқу бағдарламасының жекелеген тақырыптарын және бөлімдерін өтіп болған соң жазбаша немесе тәжірибелік бақылау жұмыстары өткізіледі.
Бақылау жұмысының алдында мұғалім оқушылардың оқылған материалды меңгергенін анықтау мақсатымен жазба жұмыстарын жүргізеді. Егер оқушылар тақырыпты не бөлімді жақсы меңгермесе, онда бақылау жұмысы жүргізілмейді, оқу материалын меңгерту бағытында еңбектенеді.
Оқушылар бақылау жұмысына дайындалу үшін, мұғалім бақылау жұмысы болатынын бір-екі апта бұрын хабарлап, дайындық жұмыстарын ұйымдастырады. Мысалы, бақылау жұмысына ұқсас тапсырмалар орындау және жаттығулар жазу. Алдын ала бір бақылау жұмысын жүргізіп, оқушылардың болашақтағы бақылау жұмысына дайындығын тексереді.
Бақылау жұмысы кезінде оқушылардың тәртіп бұзбауы үшін оларға түрлі-түрлі тапсырмалар беріледі.

Бақылау-тексеру жұмыстары арқылы оқушылар жаңа есептер шығарады, олардың білімдері, оқиғаларды, хронологияны білуі тексеріліп, диктанттар, мазмұндамалар, шығармалар жазылып, бұйымдар әзірленіп, сурет салынып, сызба жұмыстары жүргізіледі, баяндама, рефераттар оқылады.
Оқушылардың дайындығын зертханалық-тәжірибелік жұмыстар арқылы тексеру Зертханалық жұмыстар арқылы тексеру физика, химия, биология, еңбек пәндерінде оқушыларға құралдар, қондырғылар арқылы тәжірибе жасатып, шамаларды өлшету үшін қолданылады.
Қысқаша зертханалық жұмыстар жасағанда оқушыларға өлшейтін құралдар арқылы өлшеу жұмыстарын жүргізеді.
Бақылау зертханалық жұмысы кезінде оқушылар екі топқа бөлінеді. Сыныптың бір тобы жазба жұмысын, екіншісі зертханалық жұмыс орындайды, олардың экспериментке керекті іскерліктері мен дағдылары тексеріледі. Зертхана түріндегі бақылау жұмыстарын бір немесе бірнеше тақырып бойынша өткізуге болады. Оқушыларға олардың қандай тәжірибелік іс-әрекеттері тексерілетінін алдын ала айту керек. Бақылау жұмыстарын әркім өз бетімен орындайды, жұмысқа керекті құралдарын әзірлейді, оны білетінін анықтау үшін, оларды үстелдің үстінен алғызуға болады. Оқушы қолданылатын құралдарды алып, құрастыру сызбасын сызады, тәжірибе өткізеді, тақтадағы сұрақтарға жауап береді. Әрбір сұрақ тәжірибеге керек іскерліктерді тексеруге бағытталған. Жұмыс кезінде мұғалім оқушыларды бақылап, окушылардың деңгейлерін дәптерге жазып отырады.
Бақылау-зертханалық жұмысқа жазбаша есеп және мұғалімнің бақылауының нәтижелеріне қарап баға қойылады.
Оқушылардың құралдармен, қондырғылармен жұмысын көбейту үшін баспа әрпімен терілген дәптерлерді, микрокалькуляторлар қолданылады. Шеберханадағы, оқу-өндірістік бригадалардағы жұмыста оқушылардың тәжірибелік дайындығы тексеріледі.
Тексерудің негізгі әдісі – мұғалімнің оқушылардың іс-әрекетін жүйелі түрде бақылауы. Бөлшектерді дұрыс құрастыру, аспаптар мен қондырғыларды дұрыс қолдану, мектеп жанындағы учаскеде тәжірибені дұрыс жүргізу бағаланады.
Тәжірибелік жұмыс мазмұнына жетіспейтін жабдықтарды, материалдарды құралдарды өз бетімен табу, теорияны оқу және қайталау, жұмыс орнын ұйымдастыру, техниканы және технологияны есептеу, қондырғыларды жинақтау және өзірлеу, экспериментке, жұмысқа керекті құралдар әзірлеу, эксперимент өткізу, құрастыру жұмыстарын жасау, қауіпсіздік техникасын, еңбек гигиенасын сақтау, есеп жазу, еңбек төртібі енеді.
Әр оқушының тегі, аты-жөнінің тұсына жұмыс түрлерінен алған бағалары қойылады, әрбір жұмысқа берілген бағадан қорытынды баға шығарылады. Мұғалім жұмыс кезінде жіберілген кемшіліктерді айтып, әр оқушыға дер кезінде, нақты көмек береді.
Машинамен тексеру әдістері. Кейбір мектептерде білімді автоматты түрде тексеретін сыныптар болады. Демонстрациялық үстелде сұраққа дұрыс жауап берілсе, қызыл шырақ жанады. Мұғалім оқушының біліміндегі кемшіліктерді біліп отырады.
Кейбір мектептерде тексеруші оқу машиналары қолданылады. Машинада бірнеше сұрақтардың жауаптары болады. Машина 3-5 жауаптың біреуінің дұрыс екенін хабарлап, оқушы қате жауап берсе, белгі бермейді, немесе жауаптың қате екенін айтады. Оқу процесіне электрондық-есептейтін техникалар, компьютерлер көптеп енгізілуде. Оқушы пәндер бойынша тақырыптарды қалай меңгергенін тексере алады.
Өзін-өзі бақылау әдістері. Өзін-өзі бақылау әдістері - оқушылардың оқу жұмысының маңызды элементі. Үй жұмысын оқушының өзі тексеретін тәсілдері: Оқулық мәтінін оқып, оның жоспарын құру, ол жоспармен мәтіннің негізгі ойын айтып беру, әр тақырып соңында бақылау сұрақтарымен жұмыс істеу, мәтін бойынша сұрақтар құрастырып, оған жауап беру.
Оқушылардың үй жұмысын тексеру – бастауыш мектептегі негізгі әдістердің бірі. Күнбе-күнгі тексеру жақсы нәтиже береді. Бұл әдіс арқылы мұғалім меңгерілген білімнің сапасын бақылап, оқушылардың біліміндегі кемшіліктерді анықтап, келесі сабақтардың жоспарларына түзету енгізеді. Дәстүрлісі және тиімдісі – оқушылардың үй жұмыстары орындалған дәптерлерді тексеру. Оқу үлгерімі нашар оқушылардың дәптерлерін үнемі тексеріп, жақсы оқитын оқушылардың дәптерлерін кейде тексеруге болады. Кейде сабақтың соңында үй жұмысын тез тексеруге болады, ол үшін оқушылар жаттығу жазып, немесе шағын өздік жұмыс орындап жатқан кезді пайдаланған дұрыс. Оқушылар тек дұрыс жауапты айтады, мұғалімнің қате жауаптарды талдауға уақыты жетпейді. Сондықтан осындай тексеруден кейін нашар оқушылармен жұмыс істеледі.
Кейбір мұғалімдер оқушылардың үй жұмыстарын бір-біріне тексертеді. Бұл тәсілдің екі нұсқасы қолданылады: 1) оқушылардың бір-бірінің дәптерлерін тексеруі; 2) бір оқушының тақтаға үй жұмысын жазуы (Бұл кезде сынып басқа тапсырмаларды орындайды: ауызша ережелерді қайталайды, басқа тапсырмаларды тексереді). Оқушының тақтадағы жұмысына қарап, басқалары өз жұмыстарындағы қателерді түзетеді.
Бастауыш сыныпты бітірер алдында басқа тәсілдер қолданылады. Жаппай сұрау арқылы оқушылардың есептерінің нәтижелері анықталады.
Сынақ-емтихан әдісі арқылы ірі тақырыптарды, курстың бөлімдерін немесе тұтас курсты оқып үйренудің қорытындылары шығарылады. Оқушылар монолог түрінде жауап бере алады. Сұрақ-жауап арқылы және алдын ала әзірленген сұрақтар, тапсырмалар арқылы да оқушылардың білімдері тексеріледі.
Белгілі бір тақырып бойынша қосымша оқу ақпараттарын жинаған, оқу-тәжірибе учаскесінде өсімдік өсірген, шеберханада бұйым жасаған, өтілген курс бойынша реферат жазған оқушыларға сынақ қойылып, сапалы жұмыстар есептеледі. Жұмыстың түріне байланысты жеке оқушының, топтық немесе ұжымның жұмыстарына баға беріледі. Мәселен топ және ұжымға оқу-тәжірибе учаскесінен жақсы өнім алғаны үшін "есептелді" деген белгі қойылады.
Емтихан - мұғалімнің, мектептің жұмысына мемлекеттің бақылау жасау құралы. Емтихандар білім беру ұйымдарының бақылауымен және басшылығымен өткізіледі. Олар оқушылардың білімдерін қорытындылауға және жүйелеуге көмектесіп, оқытудың беріктілігі принципін жүзеге асырып, оқушыларды саналы тәртіпке үйретіп, оқуға ынталандырады. Сондықтан емтихандар оқу жұмысының сапасын көтерудің тиімді құралы болып табылады.
Емтихан жылы шырайлы жағдайда өту үшін барлық оқушыларға билеттің сұрақтары беріледі. Тек қана практикалық тапсырмалардың, есептердің мазмұны туралы айтылмайды

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет