Дәріс 12. Тақырыбы: Жер мәселесі. Мақсаты


Саржан Қасымов, Жоламан Тіленшиев, Кенесары Қасымұлының көтерілісі



бет9/10
Дата19.04.2023
өлшемі77,68 Kb.
#84101
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
4.Саржан Қасымов, Жоламан Тіленшиев, Кенесары Қасымұлының көтерілісі. Қазақстанда патша өкіметінің отарлық саясатының күшеюіне қарсы халықбұқарасының наразылығы ХIХ ғасырдың 20-30 жылдары негізінен жергілікті жерлерді қамтыды. Солардың ішіндегі ең ірілерін Саржан Қасымов пен Жоламан Тіленшиев басқарды. Батыр Жоламан Тіленшиев Кіші жүз қазақтары көтерілісінің басшысы болған. Бұл көтерілістің басталуына Табын руы мекендеген жайылымға, өзендерге, тұзды көлдерге бай Жаңа Елек ауданын патша өкіметінің тартып алуы себеп болды. Алғашқы кезде бұл мəселелерді бейбіт жолмен шешпек болған Жоламанның əрекеттерінен нəтиже шықпады. Осы сəтсіздіктерден кейін Жоламан қарулы күрес жолына түсуге мəжбүр болды. Оның отрядтары шекара заставаларына, билеуші сұлтандардың қоныстарына шабуыл жасай бастады. Патша əкімшілігі көтерілісті жою үшін қайта-қайта жазалау отрядтарын жіберіп тұрды. Бірақ күресті тоқтатуға олардың шамасы жетпеді. Кейіннен Кенесары көтерілісі басталған кезде Жоламанның отрядтары оған көмекке келді.
Осы жылдары Орта жүздегі отаршылдыққа қарсы күресті Саржан Қасымов басқарды. Саржан көтерілісіне түрткі болған 1822 жылғы Сібір қырғыздары туралы жарғының енгізілуі еді. Патша үкіметі бұл Жарғыны жүзеге асыруға бірден кірісе қойған жоқ. Алдымен халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, оларды жүргізіліп жатқан қайта құрулар халық мүддесін қорғайды деп иландыру қажет болды. Тек 1824 жылы қазақ даласына алғашқы Қарқаралы жəне Көкшетау дуандарын құру үшін екі экспедиция жіберілді. Бұл приказдар патша өкіметінің Қазақстанды одан əрі бұғаулау ісінің басталуы рөлін атқарды. Қарқаралы жəне Көкшетау дуандарының өз беттерінше күреске көтерілген халық бұқарасына Саржан сұлтан басшылық етті, ол 1824 жылдан 1836 жылға дейін патша старшындары мен аға сұлтандарға қарсы қажымай-талмай күрес жүргізді.
Саржан дуандарды жоюды, қазақ даласынан əскерлерді əкетуді жəне қазақтардың бұрынғы еркіндіктерін қайтаруды талап етті. Патша өкіметіне қарсы күресте одақтас керектігін түсінген Саржан Ташкент құсбегімен келісімге келді. Алайда олардың арасындағы алауыздықтар нəтижесінде 1836 жылы ташкенттіктер Саржан мен оның ұлдарын айуандықпен өлтірді. Көтеріліс басшыларының өлтірілуі көтерілісті тоқтата алмады. Ендігі жерде ол Кенесары сұлтанның басшылығымен кең құлаш жайды. Қазақтардың ХVIII –ХIХ ғасырларда болған барлық басқа көтерілістерінен Кенесары көтерілісінің ерекшелігі, оған үш жүздің бұқара халқы түгел қатысты.
Көтерілістің осынша кең ауқымда таралуы ең алдымен Кенесарының халық алдындағы зор беделінің дəлелі болды. Сонымен бірге Кенесарының тартып алынған жерлерді қайтаруды, салынған бекіністерді жоюды, алым жинау мен əртүрлі салық салуды тоқтатуды патша үкіметінен талап етуі жəне оның қазақтарға тиесілі жерлерді қайтару үшін Қоқан мен Хиуа хандықтарымен күресуі – қазақ халқының өмірлік мүдделеріне сай келді.
Кенесары «қазақтардың ежелгі тəуелсіздігін қалпына келтіреміз», яғни тəуелсіз Қазақ мемлекетін құрамыз деген ұранмен күрес жүргізді. Көтерілістің əлеуметтік негізі де кең болды. Негізгі қозғаушы күші қазақ шаруалары болды. Мемлекеттілікті қалпына келтіру жолындағы күреске қатардағы егіншілер де, старшындар да, сұлтандар да тартылды. Өкінішке қарай, Кенесарыны қолдау жөнінен билердің, старшындардың, сұлтандардың бəрі бірдей дəйекті болмай шықты. Кенесары əскері қатарында қазақтың барлық үш жүзінен есімдері дүйім жұртқа əйгілі, неғұрлым беделді батырлар: Ағыбай, Иман (Амангелді батырдың атасы), Жоламан Тіленшиев, Жеке батыр, Сұраншы, Байсейіт, Бұғыбай жəне басқалары болды.
Айрықша айта кетерлік жəйт: көтеріліске басқа да ұлт өкілдерінің қатысуы. Көтерілісшілер қатарында қазақтармен қатар орыстар, өзбектер, қырғыздар, татарлар жəне басқалар болды. Кенесарының соғыс қимылдары 1838 жылдың көктемінде Ақмола приказын қоршауға алып, өртеуден басталды. Бекініс коменданты əскери старшина Карбышев пен Ақмола округінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин өртелген бекіністен əрең дегенде қашып шықты. Көп кешікпей көтерілісшілер Торғай даласы өңіріне қоныс аударды. Кенесары бұл қадамды 1836-38 жылдары Исатай Таймановтың басшылығымен көтеріліс болған Кіші жүз кеңістігіне көтерілісті тарату мақсатымен жасаған еді.
1841 жылдың қыркүйегінде қазақтың үш жүзінің беделді билері мен сұлтандары Кенесары Қасымовты қазақ жерінің ханы етіп сайлады. Қазақ мемлекеттілігі қалпына келтірілді. Бұл кезде Орынбор өкімет орындарымен уақытша бітім жасалып, бір-біріне шабуыл жасамауға келіскен болатын. Осы жағдайды пайдаланып 1841 жылдың күзінде көтерілісшілер Қоқан хандығына қарсы соғыс əрекеттерін жандандырады. Олардың Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт, Жүлек бекіністерін басып алады. Бұл жеңіс бостандық жолындағы күрескерлерді жігерлендірді.
Қоқан билеушілерінің 1836 жылы Саржан Қасымовты қарақшылықпен өлтіруі, 1840 жылы əкесі Қасым төрені, сондай-ақ ағалары Есенгелді, Ержан сұлтандарды жəне Абылайдың басқа ұрпақтарын сатқындықпен қырып салуы Кенесарының Қоқанға қарсы көзқарасын қатайта түсті. Азаттық күресінің ең басынан өзі қаза тапқанға дейін Кенесары хан қазақтарды Қоқан билеушісінің езгісінен азат ету бағытын ұстады.
Кенесары құрған мемлекет құрамына Ертіс, Еділ, Жайық əскери шептеріндегі аудандардан басқа жерлердің бəрі кірген. Алғашқы кезден бастап хан өз мемлекетінде əр түрлі қайта құруларды жүзеге асыра бастады. Кенесарының қайта құрушылық қызметі ел билеуді ұйымдастырудың барлық жағын қамтыды. Қазақ мемлекетінің басында Кенесарының өзі тұрды. Оның жанында ең жақын жəне сенімді адамдарынан құрылған Хан Кеңесі жұмыс істеді. Ол кеңесуші орган ролін атқарды. Шешуші дауыс Кенесарының өзінде болды.
Халық Кеңесі шешімдерінің, үндеулерінің ауылдарда таралуын, түсіндірілуін жəне орындалуын арнаулы басқару қызметі қадағалап отырды. Кенесары шыққан тегіне қарамастан мемлекет басқару ісіне қабілетті адамдарды көтермелеп отырды.
Хан дипломатиялық қызметті ұйымдастыруға ерекше зор мəн берді. Ол Ресейдің, Орта Азияның лауазымды адамдарына үнемі хат жолдап отырды. Оның хаттары мазмұнының айқын, нақты талаптарының дəлелді болуымен ерекшеленеді.
Кенесары мемлекетті сот, елшілік, қаржы, əскери іспен жəне азық-түлік жинау мəселелерімен айналысатын жеке адамдар арқылы басқарды. Салық жинау жүйесі тəртіпке келтірілді – жекелеген феодалдар жинайтын алымды хан қазынасына түсетін бірыңғай салықпен алмастырды. Қантөгіс қақтығыстардың жалғасуы материалдық жəне өзге де құралдарды керек етті, əрине, бұл салық ауыртпалығының ұлғайтылуына əкеп соқты.
Əскери күштерді ұйымдастыруда да біршама жаңалықтар енгізілді. Кенесары жиырма мың жігіттен тұратын əскер құрды. Өзі бас қолбасшылықты жүзеге асырды, сонымен қатар соғыс жоспарларын жасап, үлкен жорықтар алдындағы жауапты шешімдерді қарайтын əскери кеңес құрды. Оның жауынгерлері жорық шатырымен жəне азық-түлікпен əруақытта қамтамасыз етіліп отырды. Əскер жүздіктерге жəне мыңдықтарға бөлінді. Сондай-ақ Кенесары əскери іске жүйелі түрде баулуды алғаш рет жолға қойды. Оның əскерлерінің бір бөлігі тұрақты түрде əскери өнерге үйретілді. Қатаң əскери тəртіп орнатуға ерекше көңіл бөлінді. Кенесары сатқындық үшін өлім жазасын қолданған.
Кенесарының шаруашылық саласындағы шаралары да ерекше көңіл аударуға тұрарлық. Ол қазақтар арасына егіншілікті таратуға тырысты. Отырықшылық пен егіншілікке көшу идеясы шындығында Абылай ханнан қалған еді. Осы істі Кенесары ары қарай жалғастырмақ болды. Алайда патша өкіметінің өкілдері бұған өз қарсылықтарын білдірді. Олар айырбас сауда үшін қазақтардың мал шаруашылығымен айналыса бергені дұрыс деп білді. Бұл саясат шенеуніктердің
бірінің əскери губернатор Сухтеленнің атына жолдған хабарлауынан айқын көрінеді: “Мен қырғыздардың мəңгілік бақташы, көшпенді болғанын, еш уақытта
астық сеппегенін жəне ғылымды білмегенін былай тұрсын, тіпті, қолөнерді де білмегенін шын көңілден тілеймін”.
Орынбор өкімет билігінің қарсылығына қарамастан, Кенесары өз ойын табандылықпен жүзеге асырды. Егіншілікпен айналысатын руларға барынша көмектесті. Кенесарының сауда саясатының да өзіндік ерекшеліктері болды. Көпестер керуендерінен алынатын баж едəуір кіріс келтіретінін көрген хан оларды тонауды тоқтатты, кейде керуенбасыларын өзі қабылдап, тауарлар алып өткені үшін баж
төлеуден жалтарғандарға қосымша салықтар салып отырды.
Жалпы алғанда, Кенесары өзінің қайта құруларымен қазақ қоғамының əлеуметтік-экономикалық дамуын тежеген патриархалдық-рулық институттардың ескі формасын жойып, шаруашылықтың егіншілік, сауда сияқты неғұрлым алдыңғы қатарлы түрлерін құруға алғышарт жасады.
Хандық басына келген соң Кенесары қазақ жерлерін азат ету жолындағы күресті бұрынғысына қарағанда неғұрлым батыл жалғастырды.
Осы кезден бастап өкіметтің бұл көтерілісті басу жөніндегі жоспарларына өзгерістер енді. ХIХ ғасырдың 40-жылдарына дейін жоғары дəрежелі əскери- əкімшілік шендер жалпыхалықтық қозғалысты қару қолданбай басуға үміттенді.
Алайда көтерілістің кең ауқымға таралуы патша өкіметін қатты алаңдатты. Сондықтан Кенесары ханға қарсы нағыз соғыс бастауға мəжбүр болды. «Бір мемлекетте екінші мемлекет болмауы керек» деген қарарға қол қоя отырып, IНиколай 1843 жылғы 27 маусымда Кеенесарыға қарсы кең көлемде соғыс жорығына рұқсат берді. Əскери старшина Лебедевтің 300 адамнан тұратын отряды алдыңғы соққы беретін күш болуға тиіс елі, кейіннен оның отрядындағылар саны 1900 адамға жетті; 1843 жылдың тамызында А.Жантөрин жəне Б.Айшуақов сұлтандар бастаған екінші топ жарақталды. Қарсыласушы жақтардың 1843 жылғы 7 тамыздағы шайқасы үкіметке көздегендей нəтиже бермеді. Полковник Бизанов бастаған қарулы топ көтерілісшілердің негізгі тобын кездестірмей, Орск бекінісіне қайтып оралды. Өлкені жақсы білетін Кенесары шабуылға шығып, 1844 жылғы 20 шілдеден 21 шілдеге қараған түні Жантөрин сұлтан отрядының тас-талқанын шығарды. Əскери старшина Лебедев сылбырлығы жəне дереу көмек көрсетпегені үшін əскери отрядқа басшылық етуден шеттетілді. Жеңіспен жігерленген Кенесарының негізгі күштері 1844 жылғы 14 тамызда Екатерина станицасына шабуыл жасап, маңындағы елді мекенді, форштадты өртеп, 40 адамды тұтқынға алды.
Көтерілісті басу үшін Орынбор жағынан полковник Дуниковскийдің отряды, ал əскерлердің Сібір тобын генерал Жемчужников басқарды. Алайда Кенесары патша отрядтарының қудалауынан құтылып кетті. Үкіметтік топтарды абыржушылық жайлады. Оның үстіне Кенесарымен ұзаққа созылған соғыс үкіметтің талай қаржысын шығындатты. Мұнымен қоса Орынбор губернаторы В.А.Перовский мен Сібір губернаторы В.Д.Горчаков арасында Кенесарыға қарсы күрес жолы жөнінде екіұдай көзқарас қалыптасты. Перовский бұрынғысынша жанжалды бейбіт жолмен шешуді, ал Горчаков көтерілісті қарулы күшпен басып-жаныштауды жақтады.
Орынбор бастықтары Кенесарыға өз елшілері Долгов пен Гернді жіберіп, олар ханның алдына қабылдауға болмайтын шарт қойды: көтерілісшілерге үкімет белгілеген шектеулі аймақ шегінде көшіп жүруге рұқсат етілді. Патша елшілері өз мақсаттарына жете алмай кейін қайтты. Бұл орайда Долгов Орынбор əкімшілігіне Кенесарының барлық орыс бекіністері жойылып, басып алынған жерлер қазақтарға қайтарылған, дала өңіріндегі талап-тонау мен зорлық-зомбылық тоқтатылған жағдайда ғана өзінің Ресей протекторатын қабылдауға келісетіні туралы жауабын жеткізді. Ендігі жерде өкімет көтерілісшілерді Орталық Қазақстаннан ығыстырып шығаруға тырысты. Сол жерлерге өз бекіністерін салу арқылы Кенесарыны көтеріліс орталығын Ұлы жүзге көшіруге мəжбүр етті.
Сібір өкімет орындары Кенесары жасақтарының аймаққа келуінің алдын алу мақсатымен, халық жəне мал санағын жүргізуді сылтауратып, генерал Вишневский басқаратын зеңбірегі бар едəуір əскери күштер жіберді. Қарсыластарының күш басымдығына байланысты Кенесары Іле өзенінің оң жағалауына өтіп, алатау қырғыздарына қауіп төндіре Алатау бөктеріне көшті. Хан солтүстік қырғыз манаптарынан өзіне бағынуды талап етті, алайда олар бұл талаптарды орындаудан бас тартты. 1847 жылдың сəуірінде 10000 əскері бар Кенесары қырғыз жерлеріне басып кірді. Шешуші шайқас 1847 жылғы 17 жəне 25 сəуір аралығында қазіргі Тоқмаққа жақын жерде болды. Таулы жер ханға өз артықшылықтарын пайдалануға мүмкіндік бермеді, оның өз қолында бар жеңіл зеңбіректермен атуды барынша пəрменді түрде пайдалануға мүмкіндігі болмады.
Сонымен қатар, ұрыс даласын кейбір сұлтандар мен билердің тастап кетуі жағдайды қиындатты. Кенесары жəне 30-дан астам сұлтан тұтқынға түсті, қалғандары жан-жаққа бытырап кетті. Қырғыздардың тұтқынына мыңнан астам сарбаз түсіп, құлақ естіп көрмеген қатыгездікпен өлтірілді. Қазақтың соңғы ханы осылай қаза тапты.
Ханның жеңіліс табуы мен қайтыс болуы орыс отрядтарының Іленің арғы жағындағы өлкеге жəне Солтүстік Қырғызстанға одан əрі тереңдей енуіне қолайлы жағдай жасап, аймақты Ресей империясына қосып алуды жеңілдетті. Кенесары көтерілісінің біршама қарама-қайшылықтары да болды: бір жағынан қазақтарды азат ету үшін Қоқан хандығымен күрессе, ал екінші жағынан бейбіт жатқан қырғыз ауылдарын қырғынға ұшыратты. Сонымен қатар, өзін ашық қолдаудан бас тартқан қазақ руларына қарсы қатыгездігі де болды.
Осылайша, қазақ халқының ХIX ғасрдағы аса ірі ұлт-азаттық көтерілісі бұл жолы да жеңіліспен аяқталды, бірақ ол Орта Азия мен Қазақстан халықтарының жадында өшпес із қалдырды. Кенесары Қасымов басшылық еткен қазақ халқының күресі империяның отаршылдық саясатына ең табанды, қажырлы қарсылық көрсеткен жəне ұзаққа созылған көтерілістер қатарына жатады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет