Дәріс тақырыбы: Инклюзивті мектептің оқу процесін бейімдеу мен модификациялау Стратегиялары Қарастырылатын сұрақтар



бет1/4
Дата24.03.2023
өлшемі47,06 Kb.
#76036
  1   2   3   4
Байланысты:
Лекция-1672752413764


10-11 дәріс тақырыбы:
Инклюзивті мектептің оқу процесін бейімдеу мен модификациялау
Стратегиялары
Қарастырылатын сұрақтар:

  1. Инклюзивті сыныпта оқыту процесін бейімдеу мен модификациялау мәселесіне қатысты Стандартта қолданылатын анықтамалар.

  2. Білім бағдарламаларын бейімдеу жұмысы.

  3. Мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпыға білім беру процесіне қосуда мұғалімнің іс-әрекетінің негізгі мақсат-міндеттері.

Жеке оқу жоспары мен жеке білім беру бағдарламасы.

Отандық және шетелдік ғалымдардың зерттеулері дәлелдеді – мүмкіндігі шектеулі оқушылар білім, дағды, іскерліктерді меңгеруде түрлі мүмкіндіктерге ие. Инклюзивті мектеп, әрине, бұл ерекшеліктерді ескеруі керек. Балаларды жалпыға білім беру ортасына қосудың түрлі қалыптарын қарастыру қажет:


А) қалыпты сыныпта оқыту – танымдық қабілеттері сақталған балалар үшін (мысалы, қимыл-қозғалыс аппаратында бұзылыстары бар балалар). Оларға арнайы білім беру бағдарламалары керек емес. Мұндай сыныпта мүмкіндігі шектеулі 1-2 оқушы оқи алады. Қажет болғанда мәлімет пен кеңістіктік қолдауды мұғалім арнайы білім беру мекемелерінен, ресурстық орталықтардан алады.
Б) Инклюзивті сыныпта оқу – қалыпты деңгейге жақын немесе қалыптыдан төмен деңгейдегі танымдық мүмкіндіктері бар оқушылар үшін. Оқушылар жалпы, сонымен қатар жеке білім алу бағыты құрастырылатын, арнайы білім беру бағдарламалары бойынша оқытылады. Бір сыныпта даму бұзылысы бар үш оқушыдан артық оқытылмайды. Мүмкіндігі шектеулі бір оқушы қалыпты дамыған үш оқушыны алмастырады. Сыныпта жалпы 20 оқушыдан артық болмауы керек. Мүмкіндігі шектеулі әр балаға қатысты мұғалімдер оқыту процесінде жеке бағытты пайдалануы тиіс. Инклюзивті сыныпта жұмыс істейтін мұғалімдер арнайы педагогика мен инклюзивті білім беру негіздерінен кәсіби қайта даярлаудан өтулері қажет. Оларға ресурстық орталықтардың мамандары, мектептік психологиялық–медициналық–педагогикалық консилиум кеңістік қолдау көрсетуі керек.
В) Арнайы сыныпта оқу – арнайы жағдайларды қажет ететін оқушылар үшін (арнайы бағдарламалар, оқытудың ерекше әдіс-тәсілдері, арнайы құрал-жабдықтар мен дидактикалық құралдар, арнайы психологиялық-педагогикалық тәртіп). Оқыту процесі арнайы жалпыға білім беру мекемелерінің іс-әрекетін ұйымдастырудың типтік ережелерінде қарастырылған, арнайы жалпыға білім беру мекемелеріне ұсынылатын, оқу процесін барлық талаптарға сай жүргізуге бағытталған арнайы оқу жоспары бойынша жүргізіледі.
Мемлекеттік жалпыға міндетті орта білім беру стандартында (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім (Стандарт)) келесі ережелер бекітілген: егер сыныпта мүмкіндігі шектеулі балалар болса, онда сынып оқушыларының жалпы саны азайтылады (бір мүмкіндігі шектеулі балаға үш қалыпты деңгейлі бала), мүмкіндігі шектеулі оқушыларға білім алуға, даму бұзылыстарын түзетуге және әлеуметтік бейімделуге жағдай жасалады.
Инклюзивті білім берудің маңызды міндеттерінің бірі болып
оқушылардың оқудағы қажеттіліктерін ескере отырып, оқу процесін нәтижелі ұйымдастыру, білім алу жағдайларын жасау табылады. Ерекше назарды инклюзивті сыныптарда оқыту процесін қамтитын оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларына аудару керек. Мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы мектептерде оқытуды қолдайтын қалыпты сыныптардың мұғалімдерінің ойынша, балаларға оқу бағдарламасын меңгеруде қойылатын талаптарды жеңілдету керек. Олар балалардың танымдық процестеріне сүйене отырып көмек беру қажеттілігін түсінгенімен, инклюзия жағдайында оқу процесін ұйымдастырумен байланысты арнайы білімдерді меңгермеген. Яғни, мұғалімдердің мүмкіндігі шектеулі балаларды сегрегациялық оқытуға бағытталуы мен білімдердің қолжетімділігін қамту қажеттілігін түсіну арасында қарама-қайшылық бар. Тәжірибеде оқу үлгермеушілігі мәселесі пайда болады, өйткені даму аутқушылығы жағдайында оқу материалын меңгертуге мүмкіндік беретін әдіс-тәсілдер дұрыс пайдаланылмайды. Арнайы білімдері жоқ мұғалімдер мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек беруде педагогика және бастауыш, негізгі орта білім беру әдістемесі тәжірибесінен әдіс-тәсілдерді, бағыттарды пайдалануға мәжбүр. Мұғалімдер оқу тапсырмаларының мазмұнын жеңілдету мен ата-аналардың көмегіне жүгінгенді дұрыс көреді. Нәтижелердің жоқтығы түсінбестікке әкеледі, мұғалімде «мүмкіндігі шектеулі бала оқуға қабілетсіз» - деген пікір қалыптасады, ал бала өзін жайсыз, шеттетілген және «қажетсіз» деп сезінеді. Оқу қиындықтарының басымдылығы, психикалық кері жауаптардың (қозу немесе тежелеу түрінде) адекватсыз көріністерімен толықтырылу жағдайында, мүмкіндігі шектеулі балалардың психофизиологиялық даму ерекшеліктерін күшейтеді.
Даму бұзылыстарын түзету мен әлеуметтік бейімдеу жолдары қарастырылған Стандарт бойынша мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуына жасалатын жағдайлар инклюзивті мектептерде оқу процесінде іске асырылады.
Еске салу қажет, инклюзивті білім беруде жалпыға білім беру
мектебінің баланың дамуына немесе дайындық деңгейіне қандай да болмасын талаптар қоюға құқығы жоқ. Жалпыға білім беру мектебінің педагогикалық ұжымы осы мектепте оқығысы келетін кез-келген балаға жағдай жасап, сапалы білім беруі керек. Қосымша үздіксіз түзету көмегін алу арқылы мүмкіндігі шектеулі балалар жалпыға білім беру сыныбында басқалармен қатар оқып, тәрбиелену жағдайында инклюзивті білім беру процесі іске асырылады.
Сондықтан Стандарттың талаптарын іске асыру мәселесі өзекті болып
табылады (өйткені «ерекше балаларды» жалпы мектепте оқыту мәселесі қозғалады).
Инклюзивті сыныпта оқыту процесін бейімдеу мен модификациялау мәселесіне қатысты Стандартта қолданылатын анықтамалар:
Жұмыс оқу жоспары – оқушылардың білім алу қажеттіліктерін ескере отырып, типтік оқу жоспарының негізінде жалпыға білім беру мекемесі құрастыратын құжат.
Міндетті оқу бағдарламасы – типтік оқу инварианттық компонентіне кіретін, әрбір оқу пәні бойынша білімдер, іскерліктер және дағдылар мазмұны мен көлемін анықтайтын құжат.
Вариативтік оқу бағдарламасы – типтік оқу жоспарының вариативтік компонентіне кіретін, оқу курсы бойынша білімдер, іскерліктер, дағдылар мазмұны мен көлемін анықтайтын құжат.
Білім алушылардың дайындық деңгейі 3 аспект бойынша бағаланады: жекетұлғалық нәтижелер; жүйелі іс-әрекеттік нәтижелер; пәндік нәтижелер.
Жекетұлғалық нәтижелер білім алушының тәрбиелік, әлеуметтену және рухани-адамгершілік, шығармашылық және физикалық даму деңгейлерін психологиялық мониторингі арқылы бақыланып, оның портфолиосына жинақталады.
Жүйелі іс-әрекеттік нәтижелер білім алушының пәндік олимпиадалар, таңдау курстары, шығармашылық оқу жобаларын орындау, сонымен қатар басқа да зерттеу іс-әрекеттері түрлерінен жетістіктерімен анықталады, оның портфолиосына жинақталады.
Пәндік нәтижелер білім алушының орта білімнің негізгі мазмұнын меңгеруде көрініс табатын білімділік пен іс-әрекеттік дайындықтарымен анықталады.
Инклюзивті мектепте оқыту процесін бейімдеу мен модификациялау контекстінде арнайы білім беру тәжірибесін пайдалануға болады: нақтырақ, жаңа түзету педагогикалық технологияларын (А.Т.Баймуратова, В.В.Воронкова, А.М.Змушко, Л.Р.Муминова, Л.И.Солнцева және т.б.) және мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды интеграциялау мақсатымен құрастырылған жалпы білім беру кешендерін (Н.Н.Малофеев, Л.М.Шитщина, Т.В.Егорова, Е.В.Резникова, Н.В.Щевцова, М.Л.Баранова және т.б.).
Ақыл-ойы мен физикалық кемістіктері бар оқушылардың даму ерекшеліктерінен туындайтын арнайы білім беру өзінің ерекше міндеттерін шешуі керек. Оқушылардың психофизикалық даму бұзылыстарының анықтығы мен танымдық мүмкіндіктерінің деңгейіне байланысты оқытудың үш нұсқасы қарастырылады:
1 нұсқа – сенсорлық, тілдік, қимыл-қозғалыстық бұзылыстары бар, танымдық мүмкіндіктерінің деңгейі жасерекшелік көрсеткіштеріне сай балаларға арналған, мемлекеттік жалпыға білім беру стандартына сай білім беру (цензалық білім беру).
2 нұсқа – мемлекеттік жалпыға білім беру стандартына сай қысқартылған
білім (цензалық білім беруде - жалпыға міндетті білім беру стандартында қысқарту көлемі мүмкіндігі шектеулі оқушының жеке ерекшеліктерімен анықталады). Сенсорлық, тілдік, қимыл-қозғалыстық бұзылыстары бар, психикалық дамуы тежелген, танымдық мүмкіндіктерінің деңгейі, жасерекшелік көрсеткіштерінен төмен балаларға арналған.
3 нұсқа – цензалық білімге сай келмейтін білім беру, ақыл-есі кем
балаларға арналған арнайы жалпыға білім беру мектебінің арнайы білім беру бағдарламаларымен және жеке бағдарламаларымен (күрделі бұзылыстары және ауыр деңгейлі ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған) іске асырылады.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беру нормативтері Стандарт негізінде құрастырылған арнайы жалпыға білім беру мектептерінің Типтік оқу жоспарларында қарастырылған. Оқу жоспарлары мектептерде оқыту мен білімдерді меңгеру процестерін байланыстырады. Арнайы жалпыға білім беру мектептерінің Типтік оқу жоспарлары келесі міндеттерді шешеді:

  • Стандарт талаптарының деңгейінде мүмкіндігі шектеулі балалардың білімін дамыту, ал интеллект бұзылыстары бар оқушыларға мүмкіндіктері мен қажеттіліктеріне сай білім беру;

  • білім алушылардың, тәрбиеленушілердің даму бұзылыстарын түзету немесе орнын толықтыру;

  • білім алушыларға, тәрбиеленушілерге, мүмкіндіктері мен қажеттіліктеріне сай дамуға жағдай жасау;

  • білім алушылардың, тәрбиеленушілердің физикалық, психикалық және әлеуметтік денсаулығын сақтау және шынықтыру.

Мемлекеттік білім беру бағдарламаларына сәйкес бастауыш және
негізгі орта білім алу мерзімі 10 жылдан кем болмауы тиіс («Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзете қолдау туралы»). Мүмкіндігі шектеулі балалардың даму бұзылыстарын жою, алдын алу үшін арнайы жалпыға білім беру мектептерінің Типтік оқу жоспарларының құрылымына «түзету компоненті» енгізілген.
«Түзету компоненті» - арнайы жалпыға білім беру мектептерінің оқу жоспарларының ерекше бөлігі. Арнайы жалпыға білім беру мектептерінің Типтік оқу жоспарларына, білім алушылардың даму бұзылыстарының ерекшеліктеріне сай, түрлі «түзету компоненттері» қосылады.
Даму бұзылыстары бар оқушылардың психикалық іс-әрекетінің даму ерекшеліктері оқу жоспарларын модификациялауды, ерекше бағдарламаларды пайдалануды, оқу материалдарының көлемі мен оны өту жылдамдығын өзгертуді талап етеді.
Білім бағдарламаларын бейімдеу жұмысы жалпыға білім беру мектебінің әкмшілігі мен педагогтарының инновациялық іс-әрекеті болып қарастырылады. Сонымен қатар, жаңашылдығы мен күрделігіне қарамастан, бұл жұмыс барлық білім алушылардың құқықтарын теңестіреді. Жалпыға білім беру мектептерінің мұғалімдері даму мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беру мазмұнын білулері тиіс, сондықтан арнайы жалпыға білім беру мектептерінің «түзету компоненттеріне» жатқызылатын пәндерді қарастыру керек.
Есту бұзылыстары бар балаларға білім беру мазмұнын анықтауда оқушыларға білім беру мен тәрбиелеудің жалпы міндеттерімен қатар арнайы міндеттері де ескеріледі. Білім алушылар сурдопедагогтың түзете қолдауымен қамтылуы керек. Сурдопедагогтың жұмысының негізгі бағыттары: сөйлеу тілінің дыбыстық кемшіліктері мен оның грамматикалық бейнеленуін жою; дыбыстық қабылдауды, диалогтық және монологтық тілді дамыту; баланың жалпыға білім беру пәндерінен үлгеруін қадағалау; стандартты меңгеруде пайда болған қиындықтарды жоюға көмек беру.
Баламен жеке жұмыс жүргізуде педагог полисенсорлық мінезді немесе баланың сақталған қызметтеріне негізделетін оқыту әдістерін қолдануы керек (мысалы, бақылау жұмыстарын басқа тапсырмалар түрлерімен алмастыру).
Түзету сабақтарының мазмұнын құрастыру, лексикалық-грамматикалық материалдарды жинақтау жалпыға білім беру пәндерінің тақырыптық жоспарына негізделіп жүргізілуі керек. Типтік оқу жоспарының «түзету компонентіне» келесі технологиялар кіреді: «Пәндік–практикалық оқыту», «Түзету ритмикасы», «Дыбыстық қабылдау мен сөйлеуді дамыту», «Ым-ишара тілі», «Әңгімелік-тұрмыстық сөйлеу тілі». Нашар еститін оқушыларға арнайы білім беру мазмұнының құрамына «Түзету ритмикасы», «Дыбыстық қабылдау мен сөйлеуді дамыту» технологиялары қосылған.
Көрмейтін балалар оқу пәндерін Брайльдың рельефті–нүктелік шрифтімен басылған жалпыға білім беру мектебінің оқулықтары мен оқу бағдарламаларымен оқиды. Нашар көретін оқушылар үлкейтілген шрифтпен басылған, көру қабылдауына әсерлі, анық, артық бөлшектерсіз орындалған суреттері бар, жалпыға білім беру мектебінің кітаптарымен, арнайы көрнекіліктер көмегімен оқытылады.
Типтік оқу жоспарының «түзету компонентіне» келесі технологиялар кіреді: «Түзету ритмикасы», «Көру қабылдауы мен қалдықты көруді сақтау және дамыту», «Әлеуметтік–тұрмыстық бағытталу», «Кеңістікте бағдарлану», «Ым-ишара мен қимыл-қозғалыстық ым-ишараны дамыту», «Емдік дене шынықтыру».
Даму бұзылыстары бар балаларды жалпыға білім беру мектебінде оқыту ерекшеліктері: оқу материалдарының көмегімен оны өту жылдамдығын өзгерту, оқытуда арнайы әдіс-тәсілдерді, көрнекі және техникалық құралдар мен тәсілдерді қолдану.
Қимыл-қозғалыс аппаратында бұзылыстары бар оқушыларды оқыту мерзімін ұзарту, олардың психикалық дамуының тежелуімен, тілдік және қозғалыстық бұзылыстар себебінен оқу мен жазуды меңгерудегі қиындықтарымен байланысты.
Психикалық дамуы тежелген балаларға арналған арнайы жалпыға білім беру мектептерінің типтік оқу жоспарларының «түзету компонентіне» келесі технологиялар кіреді: «Қоршаған ортамен танысу», «Сөйлеу тілін дамыту», «Түзету ритмикасы», «Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлану».
Интеллект бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы жалпыға білім беру мектептерінің типтік оқу жоспарларының «түзету компонентіне» келесі технологиялар кіреді: «Қоршаған ортамен танысу», «Танымдық іс-әрекетті түзету», «Түзету ритмикасы», «Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлану», «Емдік дене шынықтыру».
Арнайы жалпыға білім беру мектептері оқушыларына Стандарт талаптарына сай білімдер, іскерліктер мен дағдыларды меңгерту мақсатымен типтік оқу жоспарларында білім беру мерзімі ұзартылған, ал нәтижелі өмірлік бағытталу, әлеуметтенулері үшін еңбектенуге даярлау сағаттары көбейтілген («Технология»).
Осыған байланысты мектеп пен педагогтардың негізгі міндеттері болып балаларды түрлі деңгейлерде оқыту міндеттерін шешу үшін білім беру бағдарламаларын бейімдеу және оларды іске асыру үшін жағдай жасау табылады. Типтік оқу жоспарын бейімдеу үшін мұғалім дайындық жұмысын жүргізу керек. Бейімдеу қажеттілігін анықтауға сұрақтар көмек береді:

  1. Мүмкіндігі шектеулі бала басқалармен қатар оқу процесіне қосыла

алады ма? Жоқ болса, онда ....
а) Қоршаған ортадағы жағдайлар өзгерген болса, оқушы басқалармен қатар оқу процесіне қосыла алады ма?
б) Оқыту әдістері өзгерген болса, оқушы басқалармен қатар оқу процесіне қосыла алады ма?
в) Оқушыға қатысты оқу материалын меңгеру талаптары өзгерген жағдайда бала оқу процесіне басқалармен қатар қосыла алады ма?
2. Оқушы материалды максималды меңгеруі үшін, баланың оқу процесіне қатысу деңгейін жоғарылату үшін, қандай бейімдеу жұмыстары керек? Сұрақтар мүмкіндігі шектеулі баланың оқу процесіне басқалармен қатар қатысуы тиіс деген ұстанымға негізделген. Кейде мұғалімдер, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оқу жоспарларына өзгерістерді енгізуде, көп жағдайда қажет болмаса да, қателіктер жасайды. Егер баланы оқу процесіне өзгерістер мен түзетулерсіз қосу мүмкін болмаса, онда өзгерістердің мөлшері аз болуы керек. Мысалы, оқу құралдарын модификациялау мен оларға өзгерістер енгізу, екінші мұғалімнің (ассистент, тьютор) «тікелей» көмегіне қарағанда, оқу процесіне нәтижелі қосылуға тиімдірек болады.
Мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпыға білім беру процесіне қосуда мұғалімнің іс-әрекетінің негізгі мақсаты болып инклюзивті сыныпта оқитын әр баланың «жақын даму аймағы» мен потенциалды мүмкіндіктерін дамытуға қажетті жағдайлар жасау табылады.
Мақсатқа жету үшін инклюзивті мектептің мұғалімі келесі міндеттерді шешуі керек:

  1. Инклюзивті сыныптың барлық оқушылары білім беру бағдарламасын

меңгеруі үшін келесі жағдайлар жасау қажет:

  • білім алушылардың мүмкіндіктері мен қажеттіліктеріне сай заманауи технологияларды, әдістерді, тәсілдерді, оқу жұмыстарын ұйымдастыру түрлерін қолдану;

  • мүмкіндігі шектеулі балаға қажетті оқу материалын бейімдеу;

  • түрлі топтағы мүмкіндігі шектеулі балаларға қажетті оқу және дидактикалық материалдарды бейімдеу немесе құрастыру.

  1. Мектеп қоғамына, құрдастарының тобында мүмкіндігі шектеулі баланың

бейімделуіне жағдай жасау:

  • интерактивті тәсілдер көмегімен сабақтар, сыныптан тыс сабақтар мен іс-шаралар ұйымдастыру;

  • әр баланың шығармашылық мүмкіндіктерін ашуға, өзін-өзі таныту қажеттілігін іске асыруға, мектептің, сыныптың өміріне қатыстыруға бағытталған жұмыс жүргізу;

  • балалардың оқу жетістіктерін, оқу және сыныптан тыс іс-әрекет нәтижелерін адекватты бағалау тәсілдерін қолдану.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды инклюзивті сыныпта оқыту жағдайында оқу жоспары оқу процесіне қатысушылардың барлығының назарында, өйткені оқыту бағыты мен психологиялық-педагогикалық қолдауды ұйымдастыруды анықтайтын құжат болып табылады.
Балаларды жеке оқыту бағдарламалары бойынша оқыту тәжірибесі заңды және саяси түрде батыс мемлекеттерінің көбінде бекітілген. Жеке оқу бағдарламалары балаларды инклюзивті сыныптарда оқытудың негізгі құралы болып табылады.
Қазіргі уақытта жалпыға білім беру бағдарламалары мен типтік оқу жоспарларын бейімдеу мен модификациялау парадигмасы бұзылыстары бар балаларға қатысты бірнеше ой-пікірлерге негізделеді. Мысалы, даму бұзылыстары бар балалардың білім алуға қабілеттілігі төмен деңгейде, олар қажетті тексеріс тапсырмаларын орындай алмайды, және де жиі қайталауды, тәжірибелік сабақтар санының артуын қажет етеді, - деген ой-пікір. Сонымен қатар, инклюзивті мектепте түрлі деңгейдегі мүмкіндіктері бар балаларды оқытатын мұғалімдердің кәсіби дайындығы мен мамандандырылуына нақты талаптар қойылады.
Дәстүрлі деңгейде, бейімдеу түсінігі адамның ол үшін жаңа ортаға және оның жағдайларына үйрену процесі деп анықталады. Бұл, тірі табиғатта бақылауға болатын, барлық тірі нәрселер үшін әмбебап құбылыс. Бейімделу дегеніміз жағымды (бейімделу, яғни психика мен ағзаның барлық пайдалы өзгерістерінің жиынтығы) немесе жағымсыз (стресс) нәтижелерге әкелетін белсенді процесс. Нәтижелі бейімделудің негізгі екі көрсеткіштері бар: ішкі жайлылық – эмоционалдық қанағаттану және сырттай адекватты іс-әрекет – жаңа талаптарды оңай және нақты орындау қабілеттігі.
Оқу процесіне нәтижелі бейімделудің көрсеткіші оқушылардың үлгерімі, жетістіктері болады.
Баланы жеке оқу бағдарламаларын қолдану арқылы оқыту, оған қойылған ерекше оқу мақсаттарына жетуге көмек береді. Мүмкіндігі шектеулі балаға арналған жеке оқу бағдарламасының негізгі мақсаты – мүмкіндігінше, «бұзылыстарды түзету».
Көптеген зерттеушілер білім берудегі оқу мақсаттарын, білім беру бағдарламаларын, типтік оқу жоспарларын бейімдеу мен модификациялау арқылы реттеуге бағытталған жоспарлы жұмысты мүмкіндігі шектеулі балаларға инклюзивті сынып жағдайында басқалармен қатар сапалы білім берудің нәтижелі тәсілі деп санайды.
Білім беру бағдарламасын бейімдеудің негізгі міндеттері:

  • баланың даму ерекшелігі себебінен пайда болған кемістіктердің орнын толтыру;

  • білім беру мазмұны және ұйымдастырылуымен байланысты тәуекелдердің әсерін төмендету;

  • баланың дамуы мен ұжымға бейімделу қажеттіліктерін іске асыру;

  • мемлекеттің білім беру қызметін көрсету тапсырысын орындау.


Сонымен, барлық балалардың түрлі қажеттіліктеріне сай келу үшін, инклюзивті мектептің оқыту-тәрбиелеу процесін ұйымдастыруда өзгерістер керек. Онда, түрлі мүмкіндіктері бар балалардың білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға байланысты, вариативті типтік оқу жоспарларын құрастыру қажеттілігі туындайды.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға, психофизиологиялық ерекшеліктеріне байланысты, инклюзивті сыныптардың мұғалімдері мәліметті ұсынуда тәсілдерді өзгерту, яғни оқу процесін модификациялауды қажет екендігін білуі тиіс.
«Модификациялау» дегеніміз – мүмкіндігі шектеулі білім алушыларға, құрдастарымен салыстырғанда, ерекше жағдайлар жасау: тапсырманы орындау түрін, тапсыру мерзімін, оны ұйымдастыру, нәтижелерді ұсыну тәсілдерін өзгерту.
Білім алушының жеке білім алу жоспарына мәліметтерді ұсыну тәсілдеріне байланысты өзгерістер (модификациялар) енгізілуі керек. Бұл өзгерістер оқушының жеке білім алу қажеттіліктеріне сай келуі керек, сонымен қатар оқушылардың оқу процесінде кезігетін қиындықтары мен қажеттіліктерін, ой-пікірлерін білу қажет. Модификациялаудың мысалы болып оқушылардың жалпыға білім беру бағдарламасын жартылай орындауы табылады.
Жеке оқыту бағдарламасын қолдану мен жеке жоспарлау келесі жеңілдіктер береді:

  • жауапкершілікті туындатады – оқытуға жауапты қызметкер оқу жоспарының бағыттарын біледі;

  • стандартты оқу жоспарының жекелендірудегі кемшіліктерінің орнын толықтырады – жиі стандартты оқу жоспары түрлі мүмкіндіктері бар баланың өмірімен жеткіліксіз сәйкестендіреді;

  • ата-аналар балаларын неге оқытатынын біле алады;

  • жоспардың құрылымы баламен жұмыс жасайтын барлық қызметкерлерге оны оқытудың маңызды аймақтарына негізделуге мүмкіндік береді;

  • баланы оқытуда жоспардың қай бөлімдеріне тоқталу қажет екендігі жайлы нақты мәлімет береді;

  • баланы оқытуда қандай қосымша ресурстар мен көмекші қызметтер қажет болатыны жайлы мәлімет береді;

  • оқушының білімдерін бағалау жұмысын жүргізу шеңберін белгілейді.

Оқу процесінде білім беру стандартында оқушылардың білімдері мен
іскерліктеріне қойылатын талаптарына сай, психикалық дамуы тежелген балалардың бағдарлама материалын нәтижелі меңгеруіне негіз болатын арнайы құрастырылған оқу-әдістемелік кешенді қолдану қажет. Олар:

  • оқулықтар, дәптерлер, бастауыш сынып оқушыларына арналған ана тілі, математика, қоршаған ортамен таныстыру, технология, сурет іс-әрекетіне арналған басылымдық негізді дәптерлер;

  • түрлі деңгейлі тапсырмалар мен бақылау жұмыстары бойынша жеке дидактикалық жиынтықтар;

  • бірінші және екінші деңгейлі оқушылардың барлық оқу пәндері бойынша білімдері, іскерліктері мен дағдыларының деңгейін бағалауға арналған дидактикалық материалдар.

Стандартпен нақтыланған оқыту-тәрбиелеу процесінің мақсаттарына
жету үшін педагог дидактикалық материалдар мен оқулықтарды өзі таңдауға құқылы.
Мүмкіндігі шектеулі баланың инклюзивті мектепте білім алуы, арнайы жағдайлармен қамтылуы, мүмкіндігі шектеулі балаға арналған жеке білім алу бағдарламасы негізінде, инклюзивті сыныпта білім беру процесін жобалау арқылы іске асырылады.
Жеке білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты - мүмкіндігі шектеулі баланың даму ерекшеліктері мен білім алу қажеттіліктеріне, оның нақты мүмкіндіктеріне сәйкес білім беру процесін құру. Оқытудың жеке бағдарламасы - нақты уақыт кезеңінде баланы оқытудың негізгі мәселелеріне назар аударылып, құрастырылып, арнайы жазылған жоспар.
Жеке білім беру бағдарламасын мектептің психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның (ПМПК) мамандары құрастырады.
Жеке білім беру бағдарламасының міндетті компоненті: баланың қысқаша психологиялық-педагогикалық мінездемесі, түзете-дамыту жұмысының мақсаты мен міндеттері, бағдарламаның мазмұны, сонымен бірге баланың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар (олар баланың психофизиологиялық дамуының көрсеткіштері негізінде жеке білім беру бағдарламасы мазмұнының толық іске асырылуын бағалауға мүмкіндік береді).
Жеке білім беру бағдарламасының құрылымы келесі өзара байланысты бөлімдерден тұрады:

  1. Титулдық бет: мекеменің аталуы жазылған, бағдарламаның бағыты, іске асырылу мерзімі, бағдарлама арналған тұлға (аты-жөні, оқу жылы), басшымен бекітілуі туралы, ата-аналар мен мектептің ПМПК төрағасымен келісімі туралы, жеке білім беру бағдарламасының орындалуына жауапты маманның аты-жөні, қолы.

  2. Түсініктеме хат: баланың қысқаша психологиялық-педагогикалық мінездемесі – қалыптасқан және қажетті деңгейде қалыптаспаған іскерліктері мен дағдылары; жеке білім беру бағдарламасының құрылымы, мақсаты мен міндеттері.

  3. Жеке оқу жоспары.

Жеке оқу жоспары үш негізгі бөлімдерден тұрады:
- білімділік компоненті;
- түзету компоненті – қолдау көрсететін мамндардың (логопед, дефектолог, педагог-психолог, әлеуметтік педагог, медицина қызметкері) оқушылармен жүргізетін түзету жұмысының бағыттары, түрлері, әдістері, тәсілдері, мұғалім мен ата-аналарға жасаған ұсыныстары;
- тәрбиелік компонент – сынып жетекшісінің оқушының ата-аналарына арналған ұсыныстары.

  1. Білім алушының жетістіктерінің мониторингі (білім алушының психикалық және психологиялық дамуындағы өзгерістер мен негізгі құзырлықтарының қалыптасу нәтижелері).

  2. Қорытынды мен ұсыныстар – мұнда аралық анықтау жұмысының нәтижелері бойынша енгізілген түзетулер түсіндіріледі және жалпы жеке бағдарламаның іске асырылуы туралы қорытынды жасалады, әрине бұл жұмыс оқу жылының соңында қорытынды психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияда жүргізіледі.

Білім беру бағдарламасын бейімдеу шеңберінде жеке білім беру бағдарламасын (жоспарын) құрастыруда мұғалімнің іс-әрекетіне келесі жұмыс түрлері кіреді:

  1. Педагогикалық анықтау.

  2. Мүмкіндігі шектеулі балаға оқу пәнін немесе пәндерін меңгеруге көмек беру жұмысының мақсаты мен міндеттерін анықтау.

  3. Мүмкіндігі шектеулі бала меңгеруі тиіс, маңызды, негізгі дидактикалық бірліктерді, әмбебап оқу әрекеттерін анықтау мақсатымен пән бойынша (білім алу аймағы) білім беру бағдарламасын талдау.

  4. Пән бойынша календарлық-тақырыптық жоспарлау, әр тақырып бойынша дидактикалық бірліктер, әмбебап оқу әрекеттерін анықтау, тақырыптар мазмұнын арнайы жалпыға білім беру мектептерінің бағдарламаларымен салыстыру.

  5. Мүмкіндігі шектеулі бала меңгере алатын деңгеймен сәйкес сабақ тақырыбының мақсаты мен міндеттерін қою.

Жеке оқу жоспарымен жұмыс жүргізбес бұрын, педагог түрлі мамандардың балаларды анықтау жұмысының нәтижелерімен танысуы керек:
- ерекше қажеттіліктердің мінезін анықтау үшін;
- оқушының өзекті даму деңгейін білу үшін;
- баланың жеке мүмкіндіктерін, «жақын даму аймағын» білу үшін.
Жеке оқу бағдарламасын құрастыру процесінде оның иерархиялық табиғатының құрылымын білу пайдалы. Бұл бағдарлама ауқымды мақсаттар мен міндеттерді нақтылаудан басталып, нақты оқытудың «технологиялық» міндеттеріне бағытталады.
Жоспардың құрылымы нақты блок-сызба түрінде ұсынылады:
- оқушының оқу жоспарлары мен келешектен «күтулері»;
- кешенді бағалаудың қорытынды нәтижесі;
- ұзақ мерзімді мақсаттарды анықтау;
- іс-әрекетті қалыптастыру міндеттері;
- оқытудағы инклюзивті стратегиялар мен бағыттар;
- бағдарламаны қайта қарастыру мен мониторингті өткізу уақыты мен стратегияларын анықтау.
Нақты анықталған «келешекке жоспарлар» ұзақ мерзімді мақсаттарды дұрыс белгілеуге көмек бере алады.
Келешекке жоспарды анықтау үшін келесі сұрақтарға жауап алу керек:

  1. Қандай іс-әрекетті орындау балаға ұнайды? Ол белсенділіктің ұзақ мерзімді нәтижелері қандай?

  2. Бала не туралы армандайды? Келешекке оның жоспарлары қандай?

  3. Баланың ата-аналарының келешекке жоспарлары қандай? Олар баласы үшін не туралы армандайды?

  4. Мектепті бітірген соң бұл оқушы кім болады?

  5. Баланың келешекке бақытты және толыққанды өмір сүруін қалай елестетесіз?

6. Егер баланың келешекке жоспарларының орындалуына кедергі болса, оны қалай жоюға болады?
Кешенді бағалаудың қорытынды нәтижесі – жүргізілген барлық бағалау түрлерінің қысқа, жалпы қорытындысы. Бұл құжаттың көлемі 1 беттен аспауы керек.
Ұзақ мерзімді мақсаттарды анықтау – барлық бағдарламалардың маңызды бөлігі болып табылады. Бұл мақсаттар бала нақты уақыт кезеңінде жетуі тиіс көрсеткіштерді анықтайды. Кезеңнің ұзақтығы өзгермелі бола алады, бірақ, ол бір оқу жылымен шектеледі. Қазіргі уақытта көп мектептер ұзақ мерзімді мақсаттарды анықтауда осы уақытқа негізделеді. Егер оқу процесі жылдам жүргізілсе, кейбір жағдайларда бұл кезең 6 аймен немесе 3 аймен шектеледі.
Іс-әрекетті қалыптастыру міндеттері – бала үшін анықталған ұзақмерзімді мақсаттарға негізделеді, олар мақсаттарға жету үшін қандай әрекеттер жасау керектігін көрсетеді.
Жетістіктер индикаторларын жеке оқыту бағдарламасында анықтап, белгілеу қажет, өйткені олар арқылы жетістіктерді өлшеу процесінің бағытын анықтауға болады. Индикаторлар жағымды іс-әрекетті қалыптастыруда қандай инструменттер, нәтижелерді өлшеуде қандай әдістер қолданылатынын, осы процесте қандай уақыттық көрсеткіштер қарастырылатынын анықтайды.
Жетістіктер индикаторларын құрастыруда назар аудару қажет:

    1. Жеке оқыту бағдарламасында қолдануға болатын немесе жоспарлауды қолдау тобына жаңаша жетістіктер индикаторларын құрастыру қажет болатын, стандартталған бағалау инструменттеріне.

    2. Жетістіктер көрсеткіштерін өлшеу қанша рет жүргізіледі?

    3. Өлшемдер мен бағалауды жүргізуге кім жауапты болады?

    4. Оқу уақытының қай кезеңі өлшемдерді жүргізуге қолданылады?

Оқытудағы инклюзивті стратегиялар мен бағыттар – жалпыға білім беру сыныбының инклюзивті ортасында қолдануға қажет, жеке оқу бағдарламасының мақсаттарына жеткізетін педагогикалық технологияларды құрастыруға бағытталған жоспардың бөлімі. Бұл бөлім сынып кеңістігінің ұйымдастырылуынан, сабақта жұмыс топтарын қалыптастырудан, сыныптың жалпы оқу жоспарымен байланыстардан, оқыту модельдерін қалыптастырудан тұрады. Жеке оқыту бағдарламасын қайта қарастыру және мониторингті өткізу стратегиялары мен өткізу уақытын анықтау.
Жеке оқыту бағдарламасының қорытынды бөлімінде бағдарламаны қайта қарастыру жұмысы қалай жүргізілетіні, оның орындалу мониторингі қалай өткізілетіні анықталады. Бұл бағдарламаның өте маңызды аспектісі, өйткені ол қажет болған жағдайда қайта қарастырылып және жоспарлауды қолдау тобымен өзгертілуі мүмкін жұмысты жүргізу құжаты болып табылады, сондықтан құжатты құрастыруда компьютерді пайдаланған дұрыс (керек уақытта өзгерістер бағдарламаға оңай енгізіледі). Жеке оқыту бағдарламасы оқытуда белсенді қолданылатын жұмыс жүргізу құжаты болғандықтан, оны қайта қарастыру қажет болған кезде жүргізіледі.
Білім беру ортасын өзгертуді жоспарлауда бірінші кезекте модификацияны жүргізу қаншалықты қажет екендігін анықтау керек. Әрине, көп жағдайларда өзгерістер даму ерекшеліктері бар балаларды оқытуға жағымды жағдайлар жасау үшін енгізіледі.
Қажетті өзгерістерді келесі 5 топқа жатқызуға болады:
1. Физикалық орта.
2. Оқу құралдары.
3. Ресурстар.
4. Оқыту стратегиялары.
5. Білімдерді меңгеру деңгейін анықтау жұмысы.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет