Эссе
Ұстаздық-ұлы қызмет
Жоспар
I Кіріспе бөлім Ғажайып күш иесі,мамандықтың киесі-ұстаз
II. Негізгі бөлім Ұстаздық қызмет-ұлы қызмет
III.Қорытынды бөлім Бір ұлтты тәрбиелейтін ұлы тұлға
«Ұстаз – ұлы есім»
(Мұхтар Әуезов)
Мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы мен киесі».Ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ.Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ.Ғылым иесі ғалым да,ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, бәрі – ұстаздан білім, тәлім алған,сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.Адам өмірі жаңа нәрсені үйренумен,тың дүниені меңгеруімен құнды,әрі мағыналы.Тарихта барлық мамандықтардан бұрын ұстаз мамандығы ең алғашқы болып пайда болған дерек бар,өйткені ұстаздық қызметін таңдаған адамның бойында әлемнің барлық мамандығының ұшқыны кездеседі. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөздің түп төркіні өте терең. «Ұстанымы» дегенде адамның өмірге деген көзқарасы, дүниетанымы,белгілі бір дәрежеде адамның бүкіл болмысы ұстаздың қолында деген мағынаны білдіреді.Ұстаздың абыройы биік болуы – бүкіл елдің абыройының асқақ болуының кепілі.Өркениетті елдердің барлығында ұстазға деген құрметі өте биік дәрежеде, өйткені ұстаз бүкіл бір ұлтты тәрбиелеп отырған басты тұлға.Қазақ халқының осы жаңа заманға ең құнды болып есептелетін тарихынан,тілінен айырылмай,ұлттық намысын, келбетін сақтап жетуі – Ыбырай Алтынсарин, М.Әуезов сынды нар тұлғалы, бүкіл ұлтты тәрбиелеген ұлы ұстаздарымыздың арқасы.
Ұстаздан дәріс алмаған адам қазір жер бетінде жоқ десе де болар.Бұл мамандық содан да киелі.Жан –Жак Руссоның «Ұстаз болу өз уақытыңды аямау,басқаның бақытын аялау» деген нақыл сөзі жаныма өте жақын.Ұстаз білгенін үйретуші ғана емес,тұла бойы тұнған өнеге,ақ тілеулі ана тәрізді барлық адамның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі.Мұғалім-зор тұлға. Мұғалім – әділ де турашыл, жоғары мәдениетті, салмақты, әдепті, кішіпейіл, мәңгілік нұрдың қызметшісі. Ол барлық ой мен қимыл-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі.Суретші болсақ, ең әсем бейнені ұстазға арнаймыз, сәулетші болсақ, ең көрікті ғимаратты ұстаздарға саламыз, жүрек күйін тербетер сазгер болсақ, асыл әнді ұстазға шырқаймыз, сезімді бойлайтын ақын болсақ, нұрлы жылдардың әр тармағын аяулы ұстаздарымызға арнаймыз.Олай болса,жас ұрпақты білім нәрімен сусындатар, шәкірт жүрегіне гүл егер, ұстаздар емес пе? Ұстаз — таудан сарқырай аққан тау өзені секілді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді суымен нәрлендіріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дамылдайды. Ұстаз — Жер деген әлемнің бетін көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн-Ана. Ұстаздық қызмет-ғасырдан-ғасырға жалғаса береді.Ұстаз — тереңде жатқан кенді ашып, білім мен ғылымның жемісінің дәмін таттыратын, армансызға арман ұялатып, қанатсызға дарын қанатын бітіретін ғажайып күш иесі.
Шәкірт бойындағы ұстамдылық пен тәрбиелілік көбіне ұстазға кеп тіреледі. Мысалы: Ескендір Зұлқарнайын: «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол – ұстазым Аристотель», - десе, Абылай хан Төле биді, Шәкәрім ұлы ақын Абайды, Жамбыл Сүйінбайды ұстазым деп шексіз құрметтеп кеткен екен. Ендеше ұстаз-нағыз құрметке ие мамандық деп білемін.«Ұстаз» сөзінің екі түрлі сипаты бар. Бірі – белгілі пәннен сабақ беретін оқытушы десе, екіншісі – жоғары беделді адамдарға ықпал етуші дана адам. Бұл мұғалімге өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Елбасы «Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдарың бірі. Қашан да білімді ұрпақ – болашағымыздың кепілі. Егеменді еліміздің тағдыры – жас ұрпақтың тағдыры – бүгінгі ұстаздардың қолында деген болатын. Эссемді ойымда өрілген өлең жолдарымммен қорытындылаймын.
Тәрбиелеп келемін танымы мол ,талғамы зор тұлғаны
Мен үшін құрмет әрбір шәкіртімнің биік тұрғаны
Ұстаздықты таңдадым ұстанымым таудай болсын деп
Шәкірттерім өсіп –өніп жайқалған баудай толсын деп
Ұстаздық қызмет еттім мен өресі биік өрендеріммен
Жырлаймын мәңгі тағылымы мол өлеңдеріммен.....
Алипова Кулжанат Абдрасулқызы ШҚО Тарбағатай ауданы С.Сейфуллин атындағы Жаңалық орта мектебі ,қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Достарыңызбен бөлісу: |