Хабаршы жылына 4 рет шығады


ШӘКIР ӘБЕНОВТІҢ «ҚОЗЫ КӨРПЕШ - БАЯН СҰЛУ»



Pdf көрінісі
бет16/25
Дата07.02.2017
өлшемі4,09 Mb.
#3574
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   25

 
ШӘКIР ӘБЕНОВТІҢ «ҚОЗЫ КӨРПЕШ - БАЯН СҰЛУ» 
ПОЭМАСЫ 
 
Аннотация: Бұл мақалада Ш. Әбеновтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» поэмасы 
жан  -  жақты  ғылыми  тұрғыдан  зерттелінеді.  Сондай  -  ақ,  Ш.  Әбеновтің  халық 
жадында  сақталған  ескі  жырды  кеңес  уақыты  кезінде  жаңғырта  жырлап,  көркем  де 
көлемді дәрежеге жеткізгендігі нақты мысалдар арқылы көрсетіледі. 
Кілт сөздер: фольклор, поэма, дастан, монолог, диалог, кейіпкер. 
 
Шәкiр  Әбенов  «Қозы  Көрпеш  -  Баян  сұлу»  поэмасы  арқылы  қазақ  
әдебиетiне салмақты үлес қосты. 
Ақындар поэзиясын сөз еткенде ақындық дәстүрге зерттеушiлерiмiз жиi 
назар аударатыны белгiлi. Ауыз әдебиетiнiң алтын бастауынан сусындамаған 
жазба  поэзияның  көсегесiн  көгертпейдi  деген  қағида  да  қалыптасқан.  Олар 
зерттеу  объектiсiнен  осы  екi  дәстүрдiң  ара  салмағын  өлшеп  бағады.  Шәкiр 
Әбенов  өнернамасындағы  осы  дәстүрлердiң  таразы  бастарының  теңдiгiн 
көруге  болады.  Шәкiр  ауыз  әдебиетiндегi  үлгілердiң  керектiсiн  алып,  айтар 
ойы,  белгiлi  бiр  идеясы  бар,  композициялық  құрылысы  ширақ,  сюжеттi, 
оқиғалы  поэма  тудырған.  Белгілі  ғалым  Р.  Нұрғалиевтің  «Жалпы  Шәкiр 
Әбенов поэзиясында фольклормен жазба әдебиет дәстүрінiң жақсы тоғысуын 
көруге болады» - деген пiкiрi толық құптарлық [1, 238 б.]. 
Тағы  бiр  ескертетiн  жайт  -  осы  өлшемнiң  теңдiгiнен  ақынның  көлемдi 
туындыларына  бiрде  «дастан»,  бiрде  «поэма»  деген  ұғымды  қолдана  бередi. 
Зерттеушi  Көбей  Сейдеханов  «Тарихи  құбылыс  және  көркемдiк  шындық» 
атты  еңбегiнде  ақынның  «Қозы  Көрпеш  -  Баян  сұлуына»  «дастан»  деген 
ұғымды қолданса, 1991 жылы «Жазушы» баспасынан жарыққа шыққан, iшiне 
«Қозы  Көрпеш  -  Баян  сұлу»,  «Таңшебер  -  Жапал»,  «Кейпiн  батыр»  кiрген 
ақынның  жинағына  «дастандар»  деген  ат  қойған.  Ал  Шәкiр  Әбенов 
шығармаларына  терең  үңiлген  бiлiктi  мамандар  Р.  Нұрғалиев,  Ы. 
Дүйсенбаевтар өз зерттеулерiнде тек қана «поэма» деген ұғымды қолданған. 
Қазақ  кеңес  фольклористика  саласында  кейiнгi  кезге  дейiн  «поэма»  мен 
«дастан» бiр ұғымда қолданылып келгенi белгiлi. 
Осы  жерде  ең  соңғы  жарық  көрген  «Әдебиеттану  терминдерiнiң 
сөздiгiндегi»  белгiлi ғалым Ө. Күмiсбаевтың «дастан» мен «поэмаға» берген 
түсінiктемелерiне жүгiндiк. «Дастан  - Таяу және Орта Шығыстың, Азияның, 
оңтүстік  -  шығыстың  әдебиетi  мен  фольклорындағы  эпикалық  жанр,  өлең 
түріндегi  уақиғалы  шығарма.  Көбiнесе,  бұрыннан  белгiлi  ертегi 
сюжеттерiнiң, аңыз, хикаялардың әдеби өңделген түрі болып келедi» - деген. 
Дастанға  берiлген  ереже  мен  Шәкiр  шығармаларын  салыстырсақ,  бұл 
ұғым  ақын  бағасын  төмендеткендей.  Ал  ғалымның  «поэмаға»  берген 
түсінiктемесiнiң  мына  бiр  жерi:  «Қазiргi  заман  поэмасында  бiр  қаһарман 
тағдырымен  байланысты  болып  келе  бермейдi,  кең  түріндегi  баяндау  тәсiлi 

 
 
 
 
 
 
 
               
Хабаршы №3-2015ж.  
 
 
143 
қолданылып,  өмiр  шындығы  жан-жақты  қамтылады»  деген,  Шәкiр 
шығармаларына  ғана  арнап  айтқандай  әсерде  қаламыз.  Демек,  Шәкiр 
Әбеновтың  көлемдi  туындыларына  «дастан»  терминiн  қосарламай, 
«поэманы»  қолданған  дұрыс  деп  ойлаймыз.  Шәкiр  поэмаларындағы  заман 
шындығынан  көркемдiк  шешiм  табуына  назар  аударғанда  тiлдiк  бояуына, 
айшықты  сөздердi,  бейнелi  тiркестердi  қолдану  тәсiлiне  зер  салғанда, 
халықтың  поэзиясында  қалыптасқан  сөз  тiркесiн  сол  күйiнде  алмай, 
түрлендiрiп,  кейде  жаңа  мағына  берiп,  тiгiсiн  жатқызып  жiберетiнi 
байқалады.  Жазба  поэзияға  тән  айшықты  сөз  оралымдары  өлең  өрiмiн,  жыр 
кестесiн құлпыртып, теңеу, салыстыру, эпитет, метафора, кейiптеу, әсiрелеу, 
аллегория тәрiздi өрнек нақыштарына молынан қанық боламыз [2, 240 б.]. 
Ана  тiлiмiздегi  ұмыт  болып  қалған  көп  сөздердi  қайта  енгiзуге 
ұмтылудағы еңбегi зор. Тiптi, тiлдiк қорымызды молайтуда орыстың «дар»  - 
сөзiн қазақиландырып та қолданған. 
Ақын  поэмасының  суреттiлiк  қасиетi  оның  жалғыз  тiлiнде  емес, 
көбiнше  идеясында,  адам  образдарында,  оқиғаның  қызық,  шебер  болып 
суреттелуiнде. 
Шәкiр  Әбенов  қазақтың  көне  дәуiр  шындығын  елестететiн  бағалы 
мұрасы  «Қозы  Көрпеш  -  Баян  сұлу»  жырын  өзiнше  жаңарта,  жаңғырта 
поэманың қалыбына салып  қайта жазып шықты. 
Көп  нұсқалы  ескi  жырды  Шәкiрдiң  отызыншы  жылдардан  бастап 
жаңғыртуының  себебi,  ерте  кездегi  адам  еркiндiгi,  бас  бостандығының 
жоқтығы  мына  заманда  жаңаша  сипат  алуы,  асыл  қазыналары  әдет  -  ғұрып, 
салт  -  дәстүрі,  тiлi  -  дiнiнiң  үлкен  қатерге  бұрылып  бара  жатқанын 
байқағандықтан  жасалған  шара.  Шәкiрдiң  еркiндiктi,  азаттықты  аңсауын, 
ұлтшылдық, халықшылдығын халық таныған. Алғашқы ақындық бағытынан 
қанша  қиындық  көрсе  де  қаламы  қолынан  түскенше  айнымаған.  Оған 
жаугершiлiк  заман  тарихын  жазып,  елiн,  жерiн  қорғауға,  батырлыққа 
тәрбиелеген  туындылары  мен  аңыз  -  ертегiлер  негiзiнде  жазылып, 
адамгершiлiкке  баулыған  шығармалары  куә.  Шәкiрдiң  ұстанған  бағытының 
ақтығын  уақыт дәлелдедi. 
Шәкiр  Әбеновтың  отызға  тарта  нұсқасы  бар  «Қозы  Көрпеш  -  Баян 
сұлу»  жырына  қайта  оралуы  ағаттық  емес,  қайта  Абай  мен  Абай 
айналасындағы  ақындар  ұстанған  шығыстық  дәстүрдiң  жалғасы.  М.Әуезов 
осы шығыстық дәстүрге тоқтала келiп, «Абай сол дәстүрдi жақсы бiлiп қана 
қоймаған,  қолданғанда,  Назира  жолымен  алдыңғы  ақынның  поэмасы 
бойынша,  қайтадан  жаңа  поэма  жазатын  бұрынғы  ақындар  да  кейiнгi 
заманның  көзқарасын,  творчестволық  жаңа  поэзиясын  танытады»,-  деп  игi 
дәстүрдiң  жаңа  өрiс  алуына  назар  аударған.  Низами,  Жәми,  Ноуайлар 
жырлаған ортақ тақырыптарды айтпай-ақ Абайдың «Ескендiрдi», Шәкәрiмнiң 
«Ләйлi - Мәжнүндi» тудыруы немесе Абайдың «Еңлiк  - Кебектi» Шәкәрiмге 
де,  Мағауияға  да  жаздыруы  ақындық  өнерге  қойылатын  баға,  үлкен  талап. 
Шәкiр де осы өнерге өзiнiң күшiн, талантын, шабытын бiлгеннен кейiн, жыр 
идеясының  өзiнiң  алға  ұстаған  бағытына  сәйкестiгiнен  барып,  осы  жарысқа 
түскен. 
«Қозы  Көрпеш  -  Баян  сұлу»  жыры  Шәкiрге  жасынан  құлағына  сiңiстi, 
таныс  есейе  келе  жырды  жаттап,  домбыраға  қосып  айтқан.  «Қазақ 

 
 
 
 
 
 
 
               
Хабаршы №3-2015ж.  
 
 
144 
әдебиетiнiң тарихында» атты оқулықта, Шәкiр Әбенов «Қозы Көрпеш - Баян 
сұлудың»  өзi  айтатын  нұсқасын  домбыраның  мөлдiр  үнiмен  оннан  артық 
әуенге  қосып  орындайды.  Онда  Арқаның  әсем  сазды  музыка  ырғағы 
айтылатын оқиғаға, сөйлейтiн сөзге орай үндесiп жатады», - дейдi [3, 194 б.]. 
 
Шәкiрдiң  осы  жырға  құштарлығының  артуына  айналасындағы  Абай 
бастатқан алдыңғы толқын ақындардың көп назар аударып, бiрiнен кейiн бiрi 
жырлап,  тыңнан  толғау  салып,  сынасып,  жарысып  жатқанының  үлкен  әсерi 
болса  керек.  Осыған  орай  Ысқақ  Дүйсенбаевтың  сынындай  мәлiметтерiн 
келтiруге  болады.  «Бiр  әңгiмеде  Мұхтар  Әуезов  бұл  жырды  шамасы  1924  -
1925  жылдары  Керей  Уәйiс  ақынның  айтуы  бойынша  жазып  алғанын,  оның 
түбi атақты Жанақ ақынға апарып соққанымен, кейiнiрек Бекбай, Сыбанбай, 
Бейсенбайлар  кезек  -  кезек  орындап  келгенiн  және  олардың  түп  нұсқаға  өз 
тарапынан  көптеген  өзгерiстер  енгiзгенiн  ескерткен  едi.  Сонымен  қатар  осы 
нұсқаны  Бейсенбайдан  Абайдың  балалары  Ақылбай  мен  Мағауия  да 
өңдегенiн    М.О.  Әуезов  арнайы  көрсеткен  болатын»,  -  деп  олардың 
өлеңдерiнен үзiндi келтiредi [4, 23 б.]. 
Осы  «Қозы  Көрпеш  -  Баян  сұлу»  жырының  жиналуы,  басылуы, 
нұсқасының  соншалықты  көп  екендiгi,  бiрнеше  тiлде  кездесетiн,  әрi  бұған 
көптеген ақын, зерттеушiлердiң ерекше көңiл аударғандығына М. Әуезов, Ә. 
Марғұлан,  Р.  Бердiбай,  Қ.  Жұмалиев,  Ә.  Қоңыратбаев,  М.  Ғабдуллин,  Ы. 
Дүйсенбаев  секiлдi  тағы  басқа  ғалымдардың  зерттеу  еңбектерiнен  көпшiлiк 
қанық. Осы жырды әр салада зерттеген ғалымдар оның негiзгi көне дәуiрдегi 
тарихи  шындықтан  алынғандығына  баса  назар  аударған.  Осы  тақырыпта 
күрделi  зерттеу  жазған  М.О.  Әуезов  эпосты  жан  -  жақты  талдай  отырып: 
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырында ғашықтық тақырыбы қазақ халқының 
бұрынғы  құрылысында,  тарихында  болған  ескiлiк  салтпен  нық  байланысты. 
Ол салт - рушылдық, феодалдық қоғамдар туғызған, заң еткен салт», - дейдi. 
Жырдың  тарихилығына  терең  үңiлген  аса  көрнектi  ғалым  Әлкей  Марғұлан 
«Жырда ерте дәуiрде алысқа көшiп, мал бағатын, байтақ өлкенi ен жайлаған, 
суы, шөбi мол қонысты iздеген кезеңнiң елесi басым. Ол дәуiрде дәл осылай 
өмiр  кешкен  тайпалар  ғұндар,  қаңлылар,  қыпшақтар,  қырғыздар,  ұйғырлар 
едi»,  -  деп  «Жаз  шыға  Қарабайдың  Аягөзден  көшiп  жайлауы  мол  терiскей 
өлкеге  беттеуi,  Түменде,  Табыл  өзенiнiң  бойында,  ұлы  жайлау  Балталы  да 
отыруы  өмiр  шындығына  сәйкес.  Тарихи  дәуiрлерде  көшпелi  тайпалар  жаз 
күнi сол терiскей өлкенi жайлауды көп заманнан салт еткен», -  деп жырдың 
тарихи  шындығын  дәлелдей  түскен  [5,  368  б.].  Ал  профессор  Ә. 
Қоңыратбаевтың  пiкiрi  де  iлгерiде  алынған  үзiндiлермен  үндес,  орайлас. 
«Сасық бай Қарабай мен кедей Қодар ескi қоғамның өмiр шындығын, қуатын 
көрсетсе,  бай  қызы  Баян  мен  жетiм  Қозы  сол  замандағы  адам  арманын 
суреттейдi», -  дейдi [6, 132 б.]. 
Ал Қ. Жұмалиев «Бұл жыр бiр - бiрiне ғашық болған екi жастың өмiрiн 
ғана  баяндайтын  дастан  емес,  ол  сонымен  қатар  қоғамдық  мәнi  бар 
әңгiмелердi қамтыған, халықтың өткендегi тұрмыс - салтын суреттеген жыр», 
- деп әдiл мiнездеме берген. 
Қазақ  фольклорын  ұзақ  жылдар  бойында  зерттеп,  елеулi  еңбектер 
жазған  Р.  Бердiбаев  «Ең  алдымен  «Қозы  Көрпеш  -  Баян  сұлу»  жыры  қазақ 
елiнiң ерте замандағы әлеуметтiк, тұрмыстық жағдайларынан мол дерек бере 

 
 
 
 
 
 
 
               
Хабаршы №3-2015ж.  
 
 
145 
алатындығымен  құнды.  Адамның  бас  бостандығы,  сүйіспеншiлiк  еркiндiгi 
тосқауыл  көрген  көне  дәуiрдiң  шындығы  мұнда  толық  баяндалған»,  -  деп 
кесiп  айтады.  Бұл  және  басқа  бағалар  жырдың  көне  дәуiрдегi  шындығын 
ашқан әдiл анықтамалар. 
Ш. Әбенов көне жырды жаңартуда алғашқы басылыммен шектелiп қана 
қоймай,  бiрнеше  рет  қайта  оралып,  тынбай  еңбектенгендiгiне  бұлтартпас 
цифрлар  куә.  1965  жылы  жарыққа  шыққан  поэмасы  3460  жол  болса,  1991 
жылғы нұсқасы 5300 жол, сонда алдыңғы жазғанын 1840 жолға өсiрген. Осы 
поэмасын үнемi iзденiп, толықтырып, көркейтудi мақсат еткен. Авторды озық 
ақындар  қатарына  қосып,  халыққа  танытып,  зерттеушi  ғұлама  ғалымдар 
назарына  iлiктiрген  де  осы  әдемi  жырланған  «Қозы  Көрпеш  -  Баян  сұлу» 
поэмасы. 
«Қозы  Көрпеш  -  Баян  сұлу»  жырының  көне  нұсқасына,  оның 
тарихилығына терең үңiлген көрнектi ғалым Әлкей Марғұлан «Көп жаңалық 
қосып,  сондай  бiр  нұсқасын  бергi  кезде  шығарушы  Абай  үлгісiнен  тәрбие 
алған  Шәкiр  Әбенов»,  -  десе,  Әуелбек  Қоңыратбаев  «Қазақтың  халық 
ақындары  iшiнен  «Қозы  Көрпеш»  әңгiмесiн  Абай  ауданынан  Шәкiр  Әбенов 
жаңғырта жырлаған», - деп жырды зерттеген ғалымдар атап өтсе, Қазақ ССР-
нiң  еңбек  сiңiрген  ғылым  қайраткерi,  филология  ғылымының  докторы  Ы.Т. 
Дүйсенбаев  «Қазақтың  лиро-эпосы»  атты  ғылыми  еңбегiнде  Ш.  Әбеновтың 
1965 жылы жарыққа шыққан «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» поэмасына арнайы 
тоқталып, жан - жақты ғылыми талдау берген. 
Ы.  Дүйсенбаевтың  «Ш.  Әбенов  өз  нұсқасын  Жанақ  -  Бейсенбай 
нұсқасы бойынша жазған секiлдi. Әрине, бұдан тек соларды ғана қайталаумен  
қанағаттанады  деген  жансақ  ұғым  тумаса  керек.  Көп  жағдайда  ақын  ескi 
арнадан  кетiп  өзiнше  толғайды.  Сөйтiп,  поэманың  мазмұнын  тереңдетiп, 
көркемдiк  жағын  жетiлдiре,  кемелдендiре  түседi.  Ең  алдымен  шығарманың 
композициясында да өзгешелiк бар. Поэманы үлкендi - кiшiлi он төрт тарауға 
бөлiп,  олардың  әрқайсысында  бiр  яки  бiрнеше  кейiпкердiң  басындағы 
оқиғаны өте қонымды суреттейдi автор»,- деген бiлiктi де бiлiмдi ғалым пiкiрi 
құптарлық. 
Зерттеу  поэманың  жаңа  қоспалармен  жарық  көрген  1991  жылғы үлгісi 
төңiрегiнде  болмақ.  Поэманың  алдыңғы  баспаларында  тiкелей  Қарабай  мен 
Сарыбайдан  басталса,  бұл  нұсқа  /1991/  кiрiспе  бөлiмнен  басталады.  Автор 
кiрiспеде  осы  жырдың  идеясын  қозғап,  кейiнгi  ұрпақ  саралап  алатын,  сабақ 
боларлық тәлiм бермегiн айтқан. 
Тегiнде текке айтпаймын өрнекке айтам, 
Ой саналы, ұғымды сергекке айтам. 
Өткендердiң салт - сана мiнез құлқын, 
Тексерiп, теңестiрiп термекке айтам. 
Салыстырып алсын деп тағылым сабақ, 
Кейiнгi жеткiншекке бермекке айтам. 
Осы  өрiлген  ойдан  поэзия  туындысына  ақындық  өнердегi  мақсатының 
айқындылығын көремiз. 
Бұл поэмада тыңнан қосылған Сарыбайдың асы, Қарабайдың көшiндегi 
Баянның сән салтанатының суреттелуi, Айғыз ханымның түсі, Қозы Көрпеш 
жолға шыққандағы шешесiнiң зары, Тазша кейпiндегi  Қозының мұңы, Тарту 

 
 
 
 
 
 
 
               
Хабаршы №3-2015ж.  
 
 
146 
тоқалдың  Қодарға  айтқан  қайрауының  тереңдетiлуi.  Таңсықтың  ұйықтап 
жатқан  Қозыны  оятқанда  айтқаны,  Баянның  Ташкеннiң  сарайларын  салып 
жүрген  шеберлерiн  жалдап,  халықты  жауып  Қозының  моласын  тұрғызуы, 
Тәшкеннiң  саудагер  бойы  Байбатшаның  Сасан  бимен  ақылдасып  Баянды 
алмақ  әрекетi,  Айбастың  Байбатшамен  соғысы  арқылы  мазмұны  кеңейтiлiп, 
бiр  -  бiрiмен  қисынды  түрде  қиюластырып,  жыр  өн  бойымен  органикалық 
тұтастық танытады. 
Автор поэмадағы жағымды, жағымсыз бейнелердi аша түсуде монолог 
арқылы  тың  жолдар  қосып,  iшкi  жан  дүнесiмен  толғанта,  психологиясын 
тереңдете ашып көрсетуде өзiнiң үлкен сөз шеберi екенiн аңғартады. 
Туындыдағы  оқиғаға  оқиға  қосылып  жалаң  баяндалмай  қатыгез  хан, 
қайырымсыз  бай,  әдiлетсiз  жемқор  би  мен  бек  жайлаған  ортада  болған 
әлеуметтiк  теңсiздiктi  тереңдете  түседi.  Поэмада  қазақтың  салт  -  дәстүрі, 
әдет-ғұрпы  шебер  суреттелiп,  қисынмен  байланысып  отырады.  Қарабай  мен 
Сарыбайдың  құдаласуы,  Сарыбайдың  өлiмiн  ханшаға  Тазшаның  алыстан 
орағытып  түсті  жорытуы  арқылы  естiртуi,  көш  кезiндегi  Баянның 
айналасының  суреттелуi  секiлдi  толып  жатқан  халықтың  қасиетi  мол 
көрiнiстерiнен өткен заман өмiрiнiң шындығы бейнеленген. 
Жетiм  ұлға  қыз  бермеймiн  деп,  тоқсан  мыңын  шұбырта  көшкен 
Қарабай Арқадан Ертiс тартып, Алтай мен Тарбағатайдан көктей өтiп, Алатау 
айналып,  сырға  тұрақтай  алмай,  бетпақ  құмды,  шөл  арқылы  Аягөзге  түседi. 
Осы  тұста  ақынның  Қарабай  өткен  жермен  судың  атын  атай  отыруы, 
поэмадағы  кейiпкерлер  атымен  аталатын  жер,  су  аттары,  Қозы  Көрпештiң 
кешегi ел аузындағы аңыздардың шындыққа жанасымдылығының елесi. 
Академик  Әлкей  Марғұланның  қалайда  «Қозы  Көрпеш  -  Баян  сұлу»  - 
жыры ерте кезде шын оқиғадан шыққан болу керек» - деген тұжырымдамасы 
қосыларлық. 
Қалмақ  пен  қазақ  арасындағы  шапқыншылықтан  олжаланған  қалмақ 
қызы  Тартудан  немесе  қақпандағы  аюын  соғып  берген  Қозыға  жолыққан 
Қалмақ шалдың: 
Белгiлi қазақ, қалмақ ежелден жау, 
Кетпейдi арасынан Ұласқан дау. 
Шолғыншы деп қалмақтар нанбас саған. 
Үйге ертiп барғанмен жiбермес сау, -  
деген  жолдардан  қазақ  пен  қалмақ  арасындағы  ұзақ  жылдардағы 
қақтығысуындағы тарихи шындықтың  нақты суреттерiн көремiз. 
Қазақ  әдебиетiндегi  эпостық  жырлардың  бiлгiрi  көрнектi  ғалым 
Рахманқұл  Бердiбаев  жырдағы  қалмақтар  жөнiнде:  «Торғауыт  қалмақ  көп 
замандар Қазақстанның шығыс өңiрiнде шектес жатқаны тарихи анық нәрсе. 
Торғауыттар Едiл сыртына, Россия қарауына 1608-1610 жылдарда көшкен», -  
деп оқиғаның болған уақытында қалмақтармен көршiлестiгiн нақтылайды [7, 
58 б.]. 
Байбатшаның  керуенi  арқылы  да  Аягөз  маңының  ежелден  тоғыз 
жолдың  торабы  болғандығын  ескерсек,  шындықтың  сәулесiнiң  ұшқыны 
көрiнедi. 
Поэмадағы  Сарыбайдың  өлiмiн  ханымға  кiм  естiртедi  деген  Тайлақ 
бидiң кеңесiнде: 

 
 
 
 
 
 
 
               
Хабаршы №3-2015ж.  
 
 
147 
«Жыр - шайтанның сабағы» емес пе деп, 
Өзiм барсам, дегендей, ноғай молда 
Олай болса, сен молда жөнiңдi тап, 
Атам қазақ күн көрген молдасыз - ақ 
Балақтан өрлеп басқа шапшыдың ба, 
Қаңғып келген қайыршы ең, жалаң аяқ». 
Поэманың  осы  тұсындағы  диалогтан  автордың  молдаға  деген 
көзқарасынан,  ақынның  өзi  өмiр  сүрген  уақытында  тәуелсiздiгi  көрiнсе, 
жалпы  қазақтардың  дiнге  құлай  берiлмегендiгi,  ноғайлардың  қазақтарға 
қарағанда ислам дiнiн бұрын қабылдап, күн көрiстерi үшін қазақтар арасына 
енiп  молдалық  құрғандығын  ескерсек  ескiнi  жаңғырта,  толықтыра  жырлап 
отырған Ш.Әбеновтың өзiндiк шындық нышандары бар қоспасын көремiз. 
«Қозы  Көрпеш  -  Баян  сұлу»  поэмасының  тақырыбы  -  екi  жастың  бiр  -
бiрiне деген адал сүйіспеншiлiгiнiң ең жоғарғы сезiмi. Өмiрдегi шындықтарда 
сезiмiнiң  жоғарғы  шыңы,  махаббат  жолындағы  бөгет  көбiне  дәрменсiз. 
Туындыдағы  Қозы  мен  Баян  да  заманның  қаталдығын,  озбырлығын, 
мейрiмсiздiгiн  жеңiп,  бiр-бiрiмен  кездестi,  артына  ұрпақ  тастады.  Олардың 
баянды  өмiр  сұруi,  мақсатына  жетуi  басқа  мәселе.  Автор  Жанақ  вариантын 
негiзге  алса  да,  Қарабай  мен  Қодарды  Қозыға  өлтiртпей,  Қозыны  Қодарға 
өлтiртiп  ғасырлар  бойы  жасап  келген  ескiлiктiң  салт,  заңы  шындығынан 
аттап кетпейдi. 
Поэманың  бас  қаһарманы  Қозыны  автор  жастайынан  айналасында 
мейiрiмдi де ақылды, iзгi ниеттегi адамдар арасында еркiн өсiрiп, жан - жақты 
тәрбие көрген адал, iсi әдiл, қайырым, қайратты намысқор, адал махаббат иесi 
ретiнде ауыз әдебиетiндегi ескi варианттар iзiнен бұрылып, келешек ұрпаққа 
үлгі  боларлық  тәлiмi  бар  қимылы,  iсi  нанымды  бейне  ретiнде  ұсынады. 
Поэмада  Қозы  қарапайым  адам  қалпында,  шындық  болмысқа  сай  алғыр 
азамат ретiнде сипатталады. 
Он жетi Қозы Көрпеш жасқа келдi, 
Түгел күтiп ту алып бастады елдi. 
Топтан таңдап басады тақымына, 
Нар күрең дейтҰғын бiр емен белдi 
Асқан мерген садағы сағым iлген, 
Топта нелер қайсарды тiлмен жеңген 
Iшiнен ханым күнде тәубе iстейдi, 
Сақта»,- деп жалғызымды көзден тiлден .  
Халықта  астына  бәйге  ат  мiнген,  асқан  мергендiгi  мен  шешендiгi  мен 
танылған  жiгiттер  аз  ба?  өмiрдегi  адамның  бойына  сиымды  жәйттар.  Ауыз 
әдебиетiнiң  үлгілерiндегiдей  Қозының  қалап  алған  тайы  ұстап,  жүгендеп, 
ерттеп  мiнгенде  кереметтiң  күшiмен  бiрден  бестiге    айналатын  әсiрелеу, 
көтермелеу мүлде жоқ. 
Балталының  бiр  байының  қызын  ұзату  тойында,  Тайлақ  би  жақтан 
балуандыққа  түсетiн  кiсi  табылмай  намыстың  қолдан  кетiп  бара  жатқан 
жерiнен, он жетi жасар Қозы биден рұқсатын алып, қарсыласы қара   кемпiр 
ұлын  жығып,  долы  кемпiрдiң    «жетiм,  жесiрiңдi  тауып  ал»  деген  сөзi 
Қозының намысын оятады. 
Бұл сөзiң , рас болса, биiм Тайлақ, 

 
 
 
 
 
 
 
               
Хабаршы №3-2015ж.  
 
 
148 
Ыза - кегiм қозады, қаным қайнап. 
Жақсы болса, қыз Баян - менiң жарым. 
Жаман болса, артыма салам жайдақ . 
Автор  Қозыға  бiрден  Баянды  жақсы  көргiзiп,  сүйгiзiп  тұрған  жоқ,  ол 
оның әлi қандай екенiн де бiлмейдi. Жалғыз шешесiн, елiн, жерiн тастап ұзақ 
сапарға намыс үшін аттанғанын көремiз. Қозының поэмадағы әрекетi қуатты 
да  қайратты  адам  бойында  болатын  намыс  сезiмiнен  басталып, 
сүйіспеншiлiктiң жоғарғы биiгi махаббатпен ұштастырылады. 
Қозының сайланып ұзақ сапарға аттануы, жолда кездескен кедергiлердi, 
амалын тауып жеңе бiлуi, бiр атын қасқыр жеп, бiр атының аяғының ақсауы, 
тамағының  таусылуы,  көненiң  көркiне  дақ  түсірмей,  ескi  арнадан  бұрылып, 
поэманы  жаңаша  жаңғырта  жырлауы.  Ескi  нұсқалардағыдай  қиялға  берiлiп, 
адам нанымдылығынан тыс әрекеттер мүлдем жоқ. 
Поэмада  Қозының  жасқану,  имену  қылықтарынан  бойының  тазалығы, 
жол  сапарындағы  кедергiлердi,  Қодармен  болған  қақтығыстарды  жеңудегi 
ептiлiгi,  қуаттылығы  кейiпкердi  батырлық  дәрежемен  теңестiредi.  Сүйгенi 
Баянның ақылымен, Таңсық пен Көсемсарылардың жанды әрекеттерi арқылы 
қатерлерден құтылуы, Қозының аңғалдығынан көрiнiс бередi. 
Қозының  адамгершiлiк,  мейiрiмдi,  қайырымдылық  сезiмдерi  поэмада 
жанды,  iс-қимылмен  сипатталып,  тiптi  өзiн  өлтiруге    ұмтылған  Қодарды  еш 
жазасыз  құлатып,  қалдырып  кетуi  оның  адамдық  бейнесiн  биiктете  берерi 
һақ. 
Поэманың  құндылығын  арттыруда  осындай  адамды  өлiмге  қиса  да, 
артына  ұрпақ  қалдыруынан  адамгершiлiктiң,  iзгi  мейiрiмдiлiктiң  жолы 
өмiрлiк  деген  қағидаға  әкелсе  керек.  Iзгiлiк  iс,  ниеттiң  қамқоршысы 
әрқашанда  да  табылатындығын,  жеңiске  жететiндiгiн  Айбас  арқылы 
бейнелеген.  Поэмада  басқа  нұсқалардағыдай  емес,  Айбасқа  жан  бiтiрiп, 
жерiн,  елiн  қорғайтын,  сауыт  сайманы  сай,    қол  бастаған  батыр  ретiнде 
ашыла  түседi.  Қозыны  iздеп  шыққан  Айбас  оның  өлгенiн  естiп  Қодармен 
айқасқа  түсіп,  оған  өз  көрiн  өзiне  қаздырып,  мертiктiрiп  тастап  кетедi. 
Байбатшаның мың қолымен соғысып жеңгендегi қимыл - әрекетiн, ыза - кегiн 
нанымды  түрде  бергендiгi  анық  көрiнiп  тұр.  Сүйгенiне  қосылуды  аңсаған 
Қозы орта жолда мерт болғандықтан аңсаған ақ жолға жетуiн Айбас арқылы 
толықтыруға ұмтылған. 
Поэмадағы ең негiзгi бейненiң бiрi - Баян. Өйткенi, поэманың көтеретiн 
әлеуметтiк идеясы - әйел теңсiздiгi, өз сүйгенiн аңсап, оған қосылуды арман 
еткен қыздардың жиынтығы. Автор Баянды аса көрiктi сыртқы тән сұлулығы 
мен  iшкi  жан  дүниесiнiң  сұлулығын  қатар  алып  жүрген  бейнеде  көрсетедi. 
Баянның  сұлулығын  жеткiзуде  жан-жақтан  естiп,  дәмелi  жiгiттердiң  келiп 
жатуы,  олардың  таласынан  туған  жанжалдары  автордың  көнеден  көп 
ауытқымай, ал кескiнiн, көркiн суреттегенде қиял жетегiне ерiп шарықтамай, 
күнделiктi  адам  бейнесiнен  ауытқытпай,  сырлы  бояу,  орынды  теңеулер  таба 
бiлген.  Баянның  көрiктiлiгi,  ақылдылығы,  адамгершiлiк  қасиеттерi  Қозымен 
махаббатының  баяндылығына  жетуге  ұмтылудан  шыққан  қалыпты 
көрiнiстер.  Баянның  Қозыға  айтқан  түсі,  күдiгi,  ақылды  жардың  аңғал 
жiгiтiне жасаған ескертпелерi тәрiздi үйреншiктi тiршiлiк аумағында көрiнедi. 
Сүйіктi  Қозысын  өлтiрген  Қодардан  кек  алу  үшін  оны  ақыл  айламен  тежеп, 

 
 
 
 
 
 
 
               
Хабаршы №3-2015ж.  
 
 
149 
арзан  өлiмдi  қимай,  өмiрлiк  жер  басып  жүре  алмайтын  қара  қарғыстың 
астында  қалдырады.  Поэмаға  кейiннен  әкелген  қоспасы,  Тәшкеннiң  талай 
сарайын  салған  шеберлерi  мен  айналадағы  халықты  ұйымдастырған  игiлiктi 
iсi  Қозының  басына  мола  тұрғызып,  сол молада  махаббат  сезiмiне  өте  берiк 
Баянның өзiне-өзi қанжар  салуынан да оның ұнамды бейнесiнiң  әр қырлары 
ашыла бередi.  
Автор  ескi  нұсқалардағыдай  Баянға  қанжар  ұстатып,  Қодарды  өлтiрiп 
қолын  қандатпай  сұлулыққа,  нәзiктiкке,  адалдыққа  тән  сезiм  арқылы 
гуманизм  рухында,  ауыз  әдебиетiнiң  бояуларын  жаға  беруден  алшақтатып 
әкеткен. Автор Баян бейнесiн көрсетуде ескi дәстүрлерден де мүлде қол ұзбей 
жаңа,  шындыққа  жанасымды  көптеген  жаңалықтармен  поэмадағы 
оқиғалардың даму барысында нанымды, реалистiк тұрғыдан суреттелген. 
Поэмадағы  Қозының  шешесi,  Айғыз,  Ай,  Таңсық  бейнелерiне  /1965 
жылғымен салыстырғанда/ жан бiтiрiп iс - қимыл, әрекетiн көбейткен. Аналар 
бейнесiнiң  ақылдылық,  адамгершiлiк  қасиеттерiн  аша  түсіп,  балаға  деген 
сүйіспеншiлiк  сезiмдерiн  тереңдетiп  нақты  көрiнiспен  көрсеткен.  Қозының 
шешесiнiң  Сарыбайдың  өлiмiн  естiрте  келген  Тазшаның  түсін  жоруының 
өзiнен  ақылдылықтың,  адамдықтың  белгiлерi  көрiнсе,  бiр  жылдан  соң 
Сарыбайдың  асына  Қарабай  бiр  жастағы  Баянды  ала  келгендегi  Қозының 
шешесiнiң Баянды көргендегi аналық мейiрiмi шынайы суреттелген. 
Бiр жасар  жүгiрiп жүрген Баян қызды, 
Сарыбайдың ханымы келiп көрдi. 
Шақырып ап бетiнен сүйіп - сүйіп, 
Ет жүрегi елжiреп, емшегi иiп, 
«Қозыма шын сай боп туыпты»- деп  
Көзiнiң ала алмады жасын тиып . 
Ақын  Баянның  шешесiне  «Айғыз»  деп  ат  қойып,  аналық  мейiрiмiн 
кеңiнен көрсетуге тырысқан. 
Ай, Таңсық бiр анадан егiз туған, 
Ақылы - тұнық судан, ойы - удан, 
Анасы туған күнi қайтыс болып, 
Шарана кiндiк қанын қайғы жуған, 
Қарабайдың әйелi асқан дана, 
Жетiм менен жесiрге болған пана, 
Екеуiн туған күнi бауырына сап, 
Тәрбиелеп өсiрген Айғыз ана  - десе, 
Еркелей сөйлеп, қыз Таңсық 
Келедi Айғыз анаға, 
Еркелiк, әзiл жарасар 
Ана менен балаға, -  
деп мейiрiмдi, ақ пейiлдi ананың iшкi жан дүниесiмен қоса сыртқы әсем 
де  әдемi  сұлулығын  бейнелеген  жолдар  да  бар.  Сонымен  қоса,  Ай  мен 
Таңсықтың  сүйгендерiне  қосылуға  рұқсат  сұрай  келгенде  ақ  батасын  берген 
абзал  ана.  Осындай  жомарт,  адал,  айналасына  қайырымды  iзгi  жанды  ақын 
Баян  өлгеннен  соң  Қарабайдың  қолына  тастап  кетпей,  Қозы  менен  Баяннан 
қалған  бала  екеуiн,  ақ  нарға  жегiлген  қаудаққа  салып,  Айбас  батырға  ертiп 
жiбередi. 

 
 
 
 
 
 
 
               
Хабаршы №3-2015ж.  
 
 
150 
Қозының  намысын  қорғайтын,  Баянның  тiлегiн  тiлейтiн  олардың 
бейнелерiнiң  ашыла  түсуiне  ат  салысқан  қосалқы  бейнелер  Ай  мен  Таңсық. 
Бұлар жырдағыдай, поэманың дамуына тiкелей әсерiн тигiзбесе  де, олардың 
елiн тастап, көшердегi қоштасуы арқылы ақын туған жерге, туған елге деген 
халықтың сүйіспеншiлiгiн, адал махаббатын бейнелеп бере бiлген. Сонымен 
қоса туған, өскен жерiнен айрылардағы өкiнiш зары ғана емес, опасыз әкенiң 
озбырлығына көрсетiлген қарсылық та бар. өздерiнiң аянышты ауыр халдерiн 
қазақ  қыздары  тура  айтуға  бата  алмаса  «сыңсу»,  «зарлау»,  «жар  -  жар» 
алуандас әдет - ғұрып жырлары арқылы әрдайым iштегi шерлерiн тарқатып, 
сол замандағы қатал заңға әлсiз түрде болсын қарғысын айтып, қарсылығын 
бiлдiретiн.  Ақын  Ай  мен  Таңсықты  сүйгендерi  Айбас  пен  Көсемсарыға 
қосады.  Олардың  сүйгендерiне  қосылуы,  бүгiнгi  таңдағы  жастардың 
бақытымен сәйкестендiрiлуi, бүгiндегi ескiлiк салттың дәрменсiздiгiнiң куәсi. 
Поэмадағы  аса  мейiрiмсiз,  автордың  қара  бояуды  молынан  жағып 
көрсеткенi - Қарабай бейнесi. Қазақ халқында Қарабай бейнесi жырдың ескi 
нұсқаларында  белгiлi  мейiрiмсiз,  қатал,  жауыздықтың  символы.  Ысқақ 
Дүйсенбаев 1965 жылғы жарыққа шыққан нұсқадағы Қарабай бейнесiн жан-
жақты  тексере  келiп,  «Қарабайдың  мiнез  -  құлқын,  пiшiн  -  келбетiн 
суреттегенде  ақын  ескiден  қалыптасқан    түсінiктi  тұтынғанымен  өз 
тарапынан  жаңа  штрихтар  тауып,  тың  бояулар  қолдану  арқасында  толық 
қанды образ жасау деңгейiне көтерiле алған»  деген жоғары баға берген. Ал 
1990  жылы  жарыққа  шығарған  нұсқасында  Шәкiрдiң  Қарабайдың 
зұлымдылығын  әдiлетсiз,  екi  жүздiлiгiн  нақты  қимыл  әрекетпен  тiптi 
тереңдеткенiнiң куәсi боламыз. 
Қарабайдың көшi кезiндегi Баян мен Таңсықтың, Таңсық пен Айғыздың 
әңгiмелерiнен автор Қарабай бейнесiне жағылған қара күйенi қоюлата түседi. 
Қарабайдың қармағына 
Iлiнгелi не көрмедiм. 
Үмiт талшық, ойым қаңсып, 
Улы уайым болды ермегiм. 
Дәл қырық жыл аю бақтым, 
Терiс азу, темiр тырнақ, 
Тәнге жара, жанға жәбiр, 
Түсірдi аю тiстеп, тырнап 
Құтылуға лажым жоқ. 
Қырық  жыл  отасқан  бәйбiшесi  Айғыздың  көрген  қорлығы  осы  болса, 
басқа  жұртқа  не  iстемейдi?  Қарабайға  тәуелдi  батырлардың  бiрi  он  төрт 
жасар қалмақ қызы Тартуды Қарабайға берiп кеткендегi әрекетiн суреттеуi: 
Қойды көрген қорқаудай Қарабайдың 
Мұнартып екi көзi қанталады. 
Қарабай  жас сұлуды тоқалға алмақ, 
Иiлтетiн ол емес ептеп, алдап. 
Арын таптап, ұшырып қасиетiн, 
Қанды қара шеңгелiн бiрақ салмақ. 
Қорқау бай - тырнақты құс, азулы аң  
Жандарының азығы жазықсыз қан. 
Сол түнi Қарабайдың шеңгелiнде, 

 
 
 
 
 
 
 
               
Хабаршы №3-2015ж.  
 
 
151 
Не керек, шырылдады жас балапан . 
Дүние  қоңыз,  пысық,  сараң,  қатал,  тұрпайы  Қарабайды  осы  әрекетi 
арқылы  хайуандықтың  шыңына  жеткiзген.  Сарыбайдың  асында  Қарабай 
Аққайыңды  бәйгеге  қосып    «Аққайыңның  бәйгесiн  шаппай  бер»  деп  салған 
әлегi, аты бәйгеден келмей ашуланып атын сабағаны поэмада оның жағымсыз 
бейнесiн әр қырынан ашып, тереңдетiп, реалистiк шындықтан аттамай, жаңа 
штрихтармен  толықтырған.  Жанақ  ақын  Қарабайды  тоқсан  мың  жылқы 
айдаған  бай  болса  да,  үйінде  сiлкiп  киер  киiмi  жоқ  -  деп  ештеңеге 
қызықпайтын, мал деп қана қатып қалған топас адам ретiнде көрсетсе, Шәкiр 
оның малсақтығын, қараулығын, қатты, қайырымсыздығын көрсете отырып, 
Қарабайға  Сарыбай  асында  ұйымдастырылған  бәйгеге  ат  қосқан  адам 
ретiнде, оның бәйбiшесi Айғызды суреттегенде: 
Үстiндегi киiмi, 
Ылғи асыл қымбатты 
Алтындаған ер - тоқым, -  
деп көрсетедi. 
Баянның  қудағының  ақ  маржаннан  алтын,  күмiспен  әшекейленуiнiң 
барлығы  Қарабайдың  байлығы.  Шәкiр  Қарабайға  қанша  қара  күйе 
жаққанымен,  тоқсан  мың  жылқысы  бар  адамның  байлығын  көрсетуде 
шындыққа жанасымды жағын көрсетуге ұмтылғанын байқаймыз. 
Осы  туындағы  Қарабай  кешегi  мал  құмар  сараң,  мейiрiмсiз,  байлық 
десе туған қызын да малға сатып келген топас байлардың жиынтық бейнесi. 
Поэмадағы  қара  күштiң  иесi,  қиянатшыл  шын  топас  адам  -  Қодар.  Ш. 
Әбеновтың осы поэмасында да Баянға ғашық өзiнiң дүлей күшiн пайдаланып, 
ойлаған мақсатына жетуге әрекеттенедi.  Ақын поэмасында да Қодардың зор 
күштiлiгiмен  қоса  ақылсыз,  намыссыз,  жасқаншақ,  қорқақтық  әрекеттерiне 
тереңдей  түсіп,  басқа  Қодарларға  ұқсатпағандығын  көремiз.  Поэмада  оның 
келепайсыз  кейпiн:  «бет  аузын  түк  басқан,  түйе  ерiндi»,  «сойдиған  қабан 
тiстi»,  «бұқа  шүйде,  жар  қабақ,  қоңқақ  мұрын»,  «кесер  басы  қазандай», 
«құлағы  тебiнгiдей»,  -  деп  суреттейдi.  Автор  Қодардың  портретiн  жасауда 
алдағы iстелер iсiне сай келiстiрiп көрсетедi. 
Түйе жүнi сулығы - сары шекпен, 
Айнала дұриямен әдiптеткен. 
Өзiне шақ болғанмен, бiзге өрескел, 
Жағасы шалқасынан кейiн кеткен. 
Бөркiнiң одырайып алты сайы, 
Ыстықта киюге де жоқ ыңғайы   немесе 
 
Көйлегiне бес баттам терi сiңген, 
Маңайынан жүргiзбес сасық демi,-  
деп бейнелейдi. 
Осы туынды да басқа нұсқаларға қарағанда Қодардың киiм киiсi, бет  -
бейнесi,  көп  жердегi  iс  -  әрекетi,  ес  -  ақылының  сәл  кемдiгi  бар,  ақымақтау, 
кiсi  күлерлiк  кейiпте  көрсету  басым.  Ол  қасындағы  серiктерiне:  «Баян 
сағынып  жүрген  шығар,  мен  барып  өрiк,  мейiз  әкелейiн»  -  деп  ауылға 
барғанда  Қарабай  жылқы  иесiз  қалды  деп,  қаратпай  қайта  қайтарғанда, 
қасындағы  жылқышылардан  ұялып  далада  ұш  қонып,  қосқа  төртiншi  күнi 

 
 
 
 
 
 
 
               
Хабаршы №3-2015ж.  
 
 
152 
бiрақ келедi. Қодардың ақыл, ой ойлау қабiлетiн «топас ақыл, тұйық ой, кезбе 
қиял» - деп кейiптеп,  
Ғашықтық есалаң болып кеткен, 
Шынында бұрын Қодар ондай емес,- 
деген жолдардан кемшiлiк мiнез - қылықтары бiрте - бiрте әр қырынан 
ашыла  бередi.  Поэмада  ақылсыз,  қара  күштiң  ғана  иесi  Қодарды  «батыр», 
«мырза» деген сөздерiнен астарлы мысқылды көремiз. 
Қодардың  Баянды  меншiктенуi  мен  қоса  Қарабайдың  Қодарға 
«малыңды  бақ»,  «малың»  -  деген  сөзге  масаттануынан  байлықтан  үлкен 
үміткер,  барлық  күш  кайратын  жұмсап,  малды  шөлден  аман  алып  қалып, 
жылқыны берiле бағып жүргендегi астарлы ойын да байқау қиын емес. өзiнiң 
осындай  топастық  мақсатын  орындауда  Баянның  сүйгенi  Қозыны  тығылып 
тұрып атқан қанды қол қарақшы. Оның да ойлағаны Баянды алу арқылы мал, 
дүние, байлық әйтпесе сұлулыққа сұйсiнер сезiм Қодарда жоқ. Автор сұлу да 
ақылды  Баянды  осындай  Қодарға  меншiктетiп,  оқырманның  оған  деген 
жиiркенiшiн  арттыра  бередi.  Шәкiрдiң  поэмадағы  жағымсыз  кейiпкерлерi 
Қарабай  мен  Қодарды  жетерiне  жеткiзе  бейнелеуiнен,  ауыз  әдебиетiнiң 
ежелгi  дәстүрін  еркiн  меңгерiп,  жазба  әдебиет  үлгілерiмен  орынды 
байланыстыра бiлгендiгiнiң куәсi боламыз. 
Поэмада  басқа  нұсқаларға  қарағанда  кейiпкердi  қимыл  -  әрекеттерi 
үстіне  көрсету  басым.  Композициялық  құрылысында,  тiл  байлығында 
ақындық олжалары мол. 
Шәкiр  Әбеновтың  «Қозы  Көрпеш  -  Баян  сұлу»  поэмасын  Шыңғыстау 
өңiрiнiң ақындары көбiрек жырлаған. Жанақ нұсқасын негiзге алды десек те, 
Шәкiр поэмасының аяқталуы мүлде басқаша. Жанақта Қарабай мен Қодарды 
Қозы  өлтiрген  болса,  Шәкiр  ескi  нұсқалардағы  Қодардың  Қозыны  өлтiрген 
версиясын пайдаланған. 
Шәкiр поэмасының соңғы бөлiмiнде «Дала уалаятының газетiнiң» 1899 
жылғы  9,  10  сандарында  басылған  «Қозы  Көрпеш  -  Баян  сұлу»  жырының 
қара сөзбен жазылған нұсқасын пайдаланса керек. Баянның Қозының бейiтiн 
соқтырудағы  сауда  керуенi  адамдарын  пайдалануынан,  керуен  басының 
Баянға  «маған  ти»,  -    деп  қолқа  салуынан,  Баянның  өлер  алдындағы 
айналасындағы  жақындарын  жиып  мал-мүлкiн  бөлiп  беруiнен,  ақын 
поэмасындағы  өзгерiстерге  ұшыраған  сәйкестiктi  анық  көруге  болады  [8, 17 
б.].  Автор  өз  поэмасының  композициялық  құрылысын  көне  нұсқалардан 
ауытқытпай  Қарабай  мен  Сарыбайдың  құда  болуымен  бастатып,  шарықтау 
шегi Қозының өлiмiне келiп, шешуi Баянның өзiне - өзi қол жұмсауы. 
Поэмадағы  бейнелердiң  өз  мақсат  -  тiлектерiн  жүзеге  асырудағы 
жанталас, қарым - қатынастарынан мiнез - қылықтары шыншыл, шынайы әрi 
көркем  ашылған.  Поэманың  1965  жылғы  басылымындағы  келте,  қысқа 
қайырылған  жерлерiн  ақын  кеңейткен.  Олар  Сарыбай  өлгендегi  кемпiрiнiң 
жоқтауы, шөл кешiп келе жатқан Қарабайдың көшi, Қозының Баянды iздеуге 
шыққандағы  шешесiнiң  зары,  Қозының  тазша  болып  жүргендегi  арманын 
айтып жырлағаны, Қозының басына қауiп төнгенде Таңсықтың жырлап келiп 
оятуы,  тағы  басқа  жерлерiн  кеңейтiп,  байытып  қана  қоймай,  лирикалық 
қуатын күшейтiп, құлпыртып, жаңғыртып жiбередi.  
Автор  оқиғаны  баяндауында  оның  өте  ертеде  болғандығын,  онда 

 
 
 
 
 
 
 
               
Хабаршы №3-2015ж.  
 
 
153 
қайырымды, қайырымсыз хандар туралы, оқиғаның өрбу барысында әр түрлi 
бейнелердiң  алатын  сипаттары,  сезiмдерi  және  кейiпкерлердiң  сөзiн 
толықтыруда  баяндаудың  ролi  ерекше.  Поэмадан  ақынның  суреттеу 
шеберлiгi  молынан  кездеседi.  Кейiннен  қосқан  жерлерiнде  шөл  даладағы 
Қарабай көшiндегi мал - жанның құмды ыстықтағы әрекеттерi өте дәлдiкпен 
берiлген ғажап суреткерлiк. 
Мысалы:  
 
Жүк астында шөңгел нар, 
Кекiрiп жиi дән шылап, 
Ыстық бұрiп тұяғын, 
Тұлпардың терi тамшылап, 
Ерлердiң ернi кезерiп, 
Түкiредi қаңсымақ. 
Жата қалып арландар, 
Табанын жалап қыңсылап ,-  
деп  жаратылыстың  қатал  мiнезiмен  айналасындағы  қоршаған  ортаны 
байланыстырады,  ендi  бiрде  табиғаттың  жансыз  құбылысына  жан  берiп,  тiл 
бiтiредi, дидактикалық қозғалысқа келтiредi. 
Кейiпкерлер бейнесiне қарай  суреттеуде  лайықты сөз тауып қолдануға 
да шебер. 
Жүзiнен сұйкiмдiлiк ерекше бiр, 
Ерекше реңiкпенен тамылжып тұр. 
Тамағына түсірер күн сәулесiн 
Қасиеттi жүзiнен төгiлiп нұр. 
Қардан аппақ, мамықтан жұмсақ еттi, 
Мiнсiз ерiн - қызыл гүл, сүюге ептi. 
Не түсті сәуле екенiн болжатпайды, 
Бұтағында бiр тұс бар күн сәулеттi, 
Жауырыны жап - жазық, тiп - тiк иық, 
Қандай шебер орнатқан қасын қиып. 
Ерiнiнiң үшіне жаны келер, 
Көргеннiң алсамау деп сүйіп - сүйіп . 
Абай  өзiнен  кейiнгi  қазақ  поэзиясына  әлеуметтiк  сипаты,  идеялық 
бағытымен  ғана  емес,  көркемдiк  қырларымен  де  ерекше  әсерiн    тигiзгенi 
белгiлi.  Қ.  Жұмалиев  атап  көрсеткендей,  «Абайдан  кейiнгi  қазақ  әдебиетi 
Абай  үлгісiнде  өсiп,  өркендедi.  ХХ  ғасыр  бас  кезiнен  бүгiнге  дейiн  өлең 
құрылысы,  тiлi  жөнiнде  Абайдың  әсерiнсiз  әдебиет  тарихының  қатарына 
қосылған  қазақ  ақынын  табу  қиын».  Осы  арада  Абай  ұстаз  да  сөз  ұғатын 
ынталы,  талантты  жастардың  бәрi  -  шәкiрт»,-  деп  М.О.Әуезов  айтқандай, 
Абайдың ынталы шәкiрттерiнiң бiрi Шәкiр екендiгi де көрiнедi. 
Түгiн түлеп, өзгерiп мал ыраңдап, 
Ойда орман, қырда тастан күй - жыр аңдап, 
Майда желмен тұрғандай әзiлдесiп, 
Күлiмсiреп құлпырар гүл бұраңдап. 
Тар кеңiп, таңдыр жiбiп, тапшы ұлғайып, 
Төл менен дәулет өнiп ел де байып. 

 
 
 
 
 
 
 
               
Хабаршы №3-2015ж.  
 
 
154 
Аягөздiң бойына келiп қонды, 
Қалың ел қарлығаштай қанат жайып, 
Ойдағы ел араласып қырдағы елмен 
Ерулiкке шақырып бұрын келген . 
Абайдың табиғат туралы жазылған өлеңдерiмен салыстырып байқасақ, 
көркемдiк  теңеулер  мен  тәсiлдердiң  сәйкестiгi  айқын  сезiледi.  Ақынның  сөз 
саптау  кестесiндегi  еркiндiк,  құйылып  тұрған  тұтастық,  бөтен  сөз  бен 
былғанбай жарасымын тапқан осы жолдардан қазiргi классикалық поэзияның 
суреттеу әдiсi бiрден - ақ көзге түседi. 
Автор кейiпкерлердiң мiнез - қылығын, бейнелерiн, iс - әрекетiн ашуда 
диалогты  кеңiнен  пайдаланып,  кейiпкерлердiң  психологиясы,  iшкi  сырын, 
көңiл - күйiн көрсетуде монологты орынды қолданған. Автор адамдарды бiр -
бiрiмен көп сөйлестiрiп, поэманың көркемдiк ерекшелiгiн арттырған. 
Поэманың  құнды  жағының  бiрi  -  халықтың  байырғы  таза  тiлi.  Кейiнгi 
оқырман  қауым  түсіне  бермейтiн  көне  атаулар  ақын  шығармасында  көптеп 
кездеседi.  Мысалы:  қаңсар,  кезгiз,  шемен,  телiм,  кеней,  дүрия,  торқа,  дөре, 
дәндәку,  берен,  қудақ,  күддерi,  күләпа  тағы  басқа  ерте  кезден  қалыптасқан 
өрнектi сөздердi орынды пайдаланған. 
«Сағыныш  -  сары  ауру,  үміт  -  талшық»,  «Қодардың  атасы  жел,  анасы 
шөл», «Сыр - шымылдық, шындық - айна», «Қыз қырсығар жiгiттiң киесiнен» 
тәрiздi  көптеген  көркем  тiркестер  мен  мақал  -  мәтелдердi  айтайын  деген 
ойының мән-мағынасын мейлiнше тереңдету үшін көп қолданған «Кеткенiң - 
тұлпар  болса,  құйрығын  кес,  Келгенiң  -  сасық  болса,  мұрнынан    сүй», 
«Батырлықтың бағасы жалғыз - ақ оқ», «Түс - түлкiнiң құйрығы бұлаңдаған», 
«Тағдыр  бiр  тарғыл  мысық  қой,  өмiрдiң  адам  тышқаны»,-  деген  жолдардан 
мақал  -  мәтелдердi  тiкелей  пайдаланып  қана  қоймай,  ақындық  шеберлiкпен, 
ойлаумен кейбiрiнiң философиялық мәнiн тереңдетiп, поэма тiлiн, мағынасын 
көркемдеп, ажарландырып жiберген.  
Поэмада  халықтық  поэзияның  шағын  түрлерiне  тән  естiрту,  жоқтау, 
қоштасу,  қарғыс,  тiлек,  бата,  түс  жору  өлеңдерi  поэманың  мазмұнын 
кеңейтiп, көркемдiгiн арттыра түскен. 
Бiз Шәкiр Әбеновтың «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» поэмасына тереңiрек 
үңiле  отырып,  халық  поэзиясының  ежелгi  дәстүр  iзiмен  жүріп  отырып 
көркемдеу  жағымен  классикалық  және  қазiргi  поэзияға  тән  тәсiлдердi  жиi 
қолданғандығының куәсi болдық. 
Ш.  Әбеновтың  «Қозы  Көрпеш  -  Баян  сұлу»  поэмасын  тексере  келе 
фольклордың  жазба  әдебиетiмiздi  байытатын  мол  қазына  екенiн  байқаймыз. 
Осындай  эпостық  үлгілер  қазақтың  жазба  әдебиетiнiң  негiзi  ғана  емес, 
халқымыздың  сахналық  шығармалары  пьеса,  кино  ретiнде  де  көрiп,  ләззат, 
ғибрат  алар  бүкiл  мәдениеттiң  халықтық  негiздегi  тамаша  табысы  болды. 
Оған Шәкiрдiң үлесi де жоқ емес.  
Сахнада  Ғабит  Мүсіреповтың  «Қозы  Көрпеш  -  Баян  сұлу»  пьесасы 
қойылғанда  қоюшы  -  режиссерлердiң  өңдеуiмен  Шәкiр  поэмасының  алғы 
сөзiн  монолог  ретiнде  жиi  қолданған.  Оған  бұрынғы  Семей  облысының 
кәсiподақ  қызметкерi  Қайырлы  Жанбаевтың  мақаласындағы  «1950 
жылдардың  бас  жағында  Абай  атындағы  театр  «Қозы  Көрпеш  -  Баян  сұлу» 
спектаклiн қойған едi. Осы спектаклдiң шымылдығы: 

 
 
 
 
 
 
 
               
Хабаршы №3-2015ж.  
 
 
155 
Қажырлы, қажымайтын ердi айтамын, 
Ертеде ел қажытқан шердi айтамын, 
Өзi үшін өзге жанға рақым етпес, 
Малға құл, ойы боқыр көрдi айтамын. 
Нақақтан жазығы жоқ күйгендi айтам, 
Мезгiлсiз ажал оғы тигендi айтам. 
Судан тұнық, сұттен ақ таза жүрек, 
Кiршiксiз бiрiн - бiрi сүйгендi айтам, 
Тоймас құлқын, тоймайтын қарынды айтам, 
Би - батыр, хан мен тектiң бәрiн де айтам. 
өлсе де айнымайтын берген серттен, 
Сұлу қыз ер жiгiттiң арында айтам, 
Тегiнде текке айтпаймын, өрнекке айтам, 
Ой саналы, ұғымды сергекке айтам, 
өткендердiң салт - сана, мiнез - құлқын, 
Тексерiп, теңестiрiп термекке айтам 
Салыстырып, алсын деп тағылым, сабақ. 
Кейiнгi  жеткiншiкке  бермекке  айтам,-  деген  толғаудан  соң  ашылушы 
едi. Сол кездегi студент бiздер: «Осы бiледi-ау» деген өзiмiзден ересектерден 
«бұл  толғау  кiмдiкi»  дегенде:  «тек...  оның  авторы  «халық  жауы»  Шәкiр 
Әбенов  деп  сыбырлай  айтатын»,  -  деген  жолдары  ерiксiз  назар  аудартатын 
айғақ. 
Шәкiр  Әбенов  шығармаларын  үнемi  назарда  ұстаған  ғалым  Р. 
Нұрғалиев  «Тiл  байлығында,  оқиғалық  негiзде  фольклор қазынасынан  алған 
дүниелерi  көп,  ал  пейзажда,  диалогта,  сюжет  поэтикасында,  идеялық 
тереңдiкте классикалық жазба әдебиет дәстүрі барлығын айту дұрыс», - деген 
тұжырымы ақынға берiлген нақты түйін. 
Қорыта  келе,  Ш.  Әбенов  халықтың  жадында  сақталған  ескi  жырды 
кеңес  уақыты  кезiнде  жаңғырта  жырлап  әр  қырынан  қосқан  өзiндiк 
қоспасымен көркем де көлемдi дәрежеге жеткiзген.  
 
Әдебиеттер: 
1.
 
Нұрғалиев Р. Арқау. − Алматы:  Жазушы, 1991. – 238 б. 
2.
 
Ахметов З., Шаңбаев Т., Әдебиеттану терминдерiнiң сөздiгі. − Алматы. Ана 
тiлi., 1996. – 240 б. 
3.
 
Қазақ әдебиетiнiң тарихы. I том. Екiншi кiтап. − Алматы: 1964. – 194 б. 
4.
 
Дүйсенбаев Ы. Қазақтың лиро-эпосы. − Алматы: ғылым, 1973. 23 б.  
5.
 
Марғұлан Ә. Ежелгi жыр, аңыздар. − Алматы: Жазушы, 1985. – 368 б. 
6.
 
Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы. − Алматы: 1991. – 132 б. 
7.
 
Бердiбаев Р. Қозы Көрпеш-Баян сұлу. − Алматы: 1985. – 78 б. 
8.
 
Дала уалаятының газетi. 1899-1902 жылдары. − Алматы: 1992. – 17 б. 
 
Кадыров А.К. 
Поэма Ш. Абенова «Козы Корпеш – Баян сулу» 
В этой статье научно исследуется В конкретных примерах можно увидеть, 
как  Ш.  Абенову  удалось  в  советское  время  превратить  полюбившуюся  народу 
сказание в красивое и объемное произведение. 
Ключевые слова. фольклор, поэма, эпос, монолог, диалог, персонаж. 

 
 
 
 
 
 
 
               
Хабаршы №3-2015ж.  
 
 
156 
 
A.K. Kadyrov 
The poem «Kozy Korpesh – Bayan Sulu» 
The  poem  «Kozy  Korpesh  –  Bayan  Sulu»  by  Sh.  Abenov  is  considered  deeply  and 
scientifically  in  this  article.  Moreover  it  also  deals  with  exact  examples  that  Sh.  Abenov 
sang  and  transferred  the  old  epic  poems  which  people  remember  to  perfect  and  major 
degree in the Soviet Union. 
Key words. Folklore, poem, epos, monologue, dialogue, personage. 
 
*** 
 
 
 
 
ӘОЖ: 82/821(100-87) 
ҚоблановЖ.Т. – ф.ғ.к., доцент
Ш.Есенов атындағы КМТИУ 
Е-mail: koblanov64@mail.ru 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет