Хvі ғасыр жырауы Доспамбеттің: Жазыда көп-ақ жортқан екенбіз



бет1/3
Дата07.01.2022
өлшемі22,84 Kb.
#19305
  1   2   3
Байланысты:
Доспамбет


АЛ ИІНДІК. ХVІ ғасыр жырауы Доспамбеттің:

Жазыда көп-ақ жортқан екенбіз

Арғымақтың талдай мойнын талдырып,

Үйде қалған арудың Ал иіндігін аудырып, – деген өлең жолдары бар.

Мұндағы бұл күнде қолданылмайтын ал иіндік тіркесі нені білдіреді? Қазіргі де, бұрынғы да қазақ тіліне қатысты сөздіктерде тіркелмеген. Ел/ал/ елк/еліг деген сөздің ертеде және өзге түркі тілдерінде «қол» деген мағынаны білдіретін сөз екендігі мәлім. Ел/ал негізінен «қол» мағынасында оғыз тобындағы тілдерге тән. Иін/иіндік сөздері «иық» деп түсіндіріледі. Сірә, ал иіндік / ел иіндік тіркесі «иықтан саусаққа дейінгі тұтас қол» деген жиынтық атау болса керек. Сонда жырау батыр Доспамбет жарының (аруының) құшақтаған қолын аударып тастап жорықта, далада (жазыда) көп жортқан екенбіз деп тұр, бұл тіркес негізінен ХVХVІ ғасырда жасап өткен ноғайлы-қазақ ақын-жыраулары тілінде кездеседі.

АРУ. Қазірде тілімізде бар ару сөзін ертедегі қазақ әдебиеті нұсқаларынан жиірек кездестіреміз. Мұнда бұл сөз екі түрлі ұғымда келеді: бірі – әйел, қыз деген сөздерден бұрын тұрып, «сұлу, сүйкімді», «абзал, ардақты» дегенді білдіреді немесе жеке тұрып «сұлу қыз, сүйікті әйел» деген мәнде жұмсалады. Доспамбет жырау өзі туралы толғауының бір жерінде:

Алғаным Әли ағаның қызы еді,

Қас арудың өзі еді.

Маңдайы күнге тимеген,

Желге шашы үрмеген,

Серпіліп адам бетін көрмеген, – дейді.



Сонымен қатар XV-XVII ғасырлардағы нұсқалардан ару ат, ару ұл, ару батыр деген тіркестерді ұшыратамыз.

Бұл күнде ару ат, ару жігіт деген тіркестер құлаққа жат естіледі. Қазірде ару сөзі әйелге, көбінесе сұлу жас қызға қатысты қолданылса, ертеректе ару сөзінің «пәк, таза, кіршіксіз» және діни ұғымдағы «әулие, ие», осылардан барып «игі, мінсіз, игілікті, асыл, күнәсіз, пәк» деген ауыспалы мағыналары пайда болған. Сондықтан көне түркі ескерткіштерінде арығ тон (таза киім), аруғ азуқ (адал тамақ), қылқы аруғ (мінез-құлқы игі), ару күмүш (таза, қоспасыз күміс) деген тіркестерді көреміз. Көне түркі тілдеріндегі аруғ қызлар тіркесі осы күнгі қазақ тіліндегідей жалпы «сұлу қыздар» емес, «күнәсыз, пәк қыздар» деген ұғымда келеді. Орта ғасырлардағы түркі жазбаларында да ару (ары, арығ, аруғ, арық) сөзінің «таза, кіршіксіз», «әулие, игі» мағыналары сақталған. Мұнда да ары тон (таза киім), ары гәуһар (шынайы гауһар), арық гүл (таза гүл), арығ сув (таза, ағын су), арығ сифат (игі сипат) деген тіркестерді көреміз. Бұл сөз, тегі, тек түркі емес, түркі-монғол тілдеріне ортақ ежелгі сөз болу керек. Өйткені монғол тілінде де ариг сөзі «таза» мәнін береді. Монғолша ариг ус – ауыз ту (таза, ішуге келетін су), арила(х) қазақша арула(у) «тазарту, тыйылу (жауынның ашылуы), жойылу, жоғалу» мағынасын береді, ариун – 1) «киелі, әулие, таза, адал, 2) үсті-басы таза жүретін» деген мәндегі сөздер. Жоғарыда қазақ өлеңдерінде кездескен ару сөзінің жылқыға және ер адамға қатысты айтылған сәттері бұл сөздің көне мағыналарының қазақ тілінде де қолданылғандығын танытады. Дегенмен ару сөзінің көне мағыналарының баршасы қазақ тілінде біз сөз етіп отырған дәуірлерде-ақ сақталмаған. Мысалы, бұл сөздің су, киім, тамақ 44 сияқтыларға қатысты қолданылуы келдеспейді. Тек адам мен онық жан серігі – жылқыға байланысты қолданысын көреміз және «игі, мінсіз» дегеннен ауысқан «өте жақсы, абзал» деген мәндерде келгенін байқаймыз. Ару түбірінен жасалған туынды сөздер де ұмытылған, мысалы, арусыну, арулық сөздері бұл күнде жоқ. Немесе ару сөзінің қолданылу аясы тарылып, белгілі бір тіркесте ғана сақталған. Ол – арулау етістігі. Бұл сөз өлікті «ақ жуып, арулап қою (көму)» тіркесінде ғана қолданылады. Өлікті арулап таза жудыру тіркесі қырғыз тілінде де бар. Ол тіркес «өлікті тазалап жуу» деп түсіндіріледі (Юдахин, 71). Ал қазақ тілінде өлікті арулап жуу, таза арулау, арулап көму (қою) тіркестері бар. Сірә, мұнда «тазалау», «тазалап жуу» мәнімен қатар (ол мәнді ақ жуу тіркесі де береді), «қастерлеу, әулие тұту» мәні де бар тәрізді. Өйткені ару түбірінің діни ұғымдағы бір мағынасы «әулие», «құдайы», осыдан өлген адамдарды арулап көму – оны әулие тұтып, Құдайдай қастерлеп жерлеу дегенге де саяды. Бұл сөздің «әулие, әулиедей қастерлі, ардақты» деген мәні қарт, сыйлы әйелге айтылатын аруана тіркесінде де байқалады. Ару сөзінің «таза, игі» ұғымы қазақ тілінде, біздіңше, және бір жерде сақталған сияқты. Ол – ар ма? армысыз! деп амандасқанда айтылатын сөзде. Мұның өзі де көне. Қазірде бұлайша амандасулар белгілі бір стильдік мақсатпен қолданылады. Бұл тұлғалар қазақтың эпостық жырлары мен ертегі-аңыздарында көбірек сақталған. Көріскенде арбаң! деп амандасу қырғыз әдебиетінде, әсіресе оның оңтүстік диалектісінде кездеседі. Бұл сөздің морфологиялық құрылымын К. К. Юдахин ары + ба + ң деп береді де мағынасын «шаршау, шаршап-шалдығу, арықтау» мәндегі ару етістігімен байланыстырады, яғни арбаң – «шаршама» деген сөз деп аударады. Біздің топшылауымызша, қазақ, қырғыз және татар тілінің кейбір диадектісінде кездесетін ар ма, армысыз, арбаң, арумы сөздерінің түбірі – «шаршау» мағынасындағы ары емес, «таза», одан барып «ауру-сырқаудан таза, есен-сау, аман» мағынасындағы ары (арығ, ару) сөзі болар дейміз. Ару ма (татарша ар мы, қырғызша ары ба сөздері) «деніңіз аурусырқаудан таза ма, есен-саумысыз» деген ұзақ амандықтың ықшамдалған варианты болар. Зерттеуші Р.Г.Ахметьянов татар тілінің бір диалектісінде, сондай-ақ башқұрт, удмурд және мари тілдерінде (соңғының бір диалектісінде) ару сөзі сәлемдесуде айтылатындығын көрсетеді. Мысалы, татар, башқұрт тілдерінде арумы тұлғасы «жақсы тұрып жатырсыз ба! (жақсымысыз! амансыз ба!») деген мағынада жұмсалады дейді (Ахметьянов, 19).



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет