«ішім өлген, сыртым сау»



Дата17.02.2022
өлшемі15,2 Kb.
#25718
Байланысты:
«ІШІМ ӨЛГЕН, СЫРТЫМ САУ»


«ІШІМ ӨЛГЕН, СЫРТЫМ САУ»

Абайдың доспын деп жүрген өңкей өтірікші, құнарсыз қулардың, екі жүзді сұмдардың опасыздық кеселінен дерттенген кезде өкінішті көңілдің шерін шертіп мұңая жазған өлеңі.

Қашан жазылды?

Абай бұл өлеңін 1889 жылы 44 жасында жазған.

Қайда жазылды?

28 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды (1-бөлік. Халық туралы, 18 бет). Өлеңнің басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1945, 1954 жылғы жинақтарда 7-жол «Кісі алдына барғанда», 1909, 1957, 1977 жылғы жинақтарда «Кісі алдына кірбеңдеп», 1933, 1939 жылғы жинақтарда «Кісі алдына келгенде» болып берілген. Сондай-ақ, өлеңнің соңғы жолы Мүрсейіт қолжазбаларында «Керек жері бір бар-ау» делінген, ал, кейінгі басылымдарда 1909 жылғы жинақ негізінде «Керек күні бір бар-ау» деп алынған.

Өлең не жайында?

Өлеңде ақын еңбек етпей, «ұрлық пенен қулыққа» салынған ашкөз, арсыз арамтамақтарды әшкерелеп, әжуалайды. Ақын суреттеуінде құбылмалы мінез-құлықты адамдар басына іс түскенде баспақшыл, қаншама мүләйімсіп, мүсәпірсіп көрінсе де, өз қолына билік тиген кезде соншалықты озбыр да ожар. Өз үйінде отырып дауласқанда өзендей күркірейді, ал, ісі түскен кісі алдында шау тартып, момақан бола қалады. Ұрлық пенен қулыққа келгенде байлаған бауын кесіп шығатын әккі. Бірақ оларға қаншама жылпос, опасыз болсаң да, қайта кірер есікті қатты жаппа, байқа деген автордың ескертуі бар.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 7 буынды жыр үлгісінде жазылған, барлығы 28 жолдан тұратын лирикалық туынды. 1-шумағы шұбыртпалы ұйқас түрінде келеді де, кейінгі жұп жолдардың 2-тармақтары туындының ақырына дейін солармен жарыса ұйқасып, ырғақ екпіні қайталанып отырады.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.


Ішім өлген, сыртым сау,

Көрінгенге деймін-ау:

Бүгінгі дос – ертең жау,

Мен не қылдым, япырмау?!

Өз үйінде өзендей,

Күркірейді, айтса дау.

Кісі алдында кірбеңдеп,

Шабан, шардақ және шау.

Мұндай ма едің ана күн,

Мұның қалай, батыр-ау?

Үш күн арқаң босаса,

Бола қалдың бас асау.

Жан қысылса, жайтаңдап,

Жанды еріткен жайдары-ау.

Жан жай тапса, сен неге,

Жат мінезсің жабырқау?

Ұрлық пенен қулыққа,

Байлағанда, кестің бау.

Берерменде бесеусің,

Аларманда және алтау.

Топ болғанда көресің

Түрлі дауды жүз тарау.

Аяғында сендейлер

Көрмей жүр ме ханталау?

Қайта кірер есікті,

Қатты серіппе, жарқын-ау!

Жетілсең де, жетсең де,

Керек күні бір бар-ау.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет