Issn 1607-2782 Республикалық


СЫР ӨҢІРІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТАҒЫ ӘШЕКЕЙЛЕРДІҢ



жүктеу 2.96 Mb.
Pdf просмотр
бет17/18
Дата28.12.2016
өлшемі2.96 Mb.
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18

 
СЫР ӨҢІРІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТАҒЫ ӘШЕКЕЙЛЕРДІҢ 
 
ТҮРЛЕРІ МЕН СЕМАНТИКАСЫ
 
 
Г.А. МЕЙРМАНОВА, тарих ғылымдарының кандидаты, 
 
Л.Ә. МАХАМБЕТОВА, тарих ғылымдарының магистрі

 Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қазақстан Республикасы 
 
Аңдатпа
 
Авторлар  бұл  мақалада  Сыр  өңіріндегі  әшекейлердің  семантикасы  мен  негізгі  түрлеріне 
жан-жақты  сипаттама  жасаған.  Қазақстан  мен  Орта  Азия  елдерінде  кездесетін  әшекейлерді 
зерттеген  этнографтардың  мақалаларына  жете  тоқталған.  Мақалада  ерте  кезден  қолданысқа  ие, 
көп таралған ұлттық әшекейлер: сақина, жүзік, білезік қарастырылған. 
Еңбекте білезіктердің атауы, түрлері, олардың тұрмыста және күнделікті өмірде қолданылуы 
айтылады.  Мақалада  Сыр  өңіріне  тән  білезіктерге  қолданылатын  асыл  тастардың,  металдармен 
әшекейлену  тәсілі  келтірілген.  Сондай-ақ,  білезікті  білекке  салудағы  жергілікті  ерекшеліктер 
(сыңар қолға немесе екі қолға екеуін, кейде бір қолға екеуін тағу) қарастырылған. 
Әшекей бұйымдар - естелік, сыйлық, тіпті мұралық белгі ретінде танылады. Сонымен қатар 
мақалада,
 
дәстүрлі  әшекейлердің  бойында  діни  ұғымның  мән-мағынасымен  қатар,  жеке  кісінің 
иелігін  немесе  оның  жас  мөлшерін,  шыққан  тегін,  өскен  ортасын  білдіретін  қасиеттерге  де 
тоқталған.  Авторлар,  жүзік  пен  сақинаның  түрлеріне,  шығу  тарихына,  сонымен  қатар  зергерлік 
бұйымдардың  семантикасына  және  сақина  мен  жүзіктердің  басқа  халықтарда  қолданылуы, 
ерекшеліктері  мен  айырмашылықтары,  сақинаның  тек  сәндік  қана  емес,  гигиеналық  та  қызмет 
атқаратындығы, діни-магиялық күші жайлы жазылған. Халқымызда қалыптасқан дәстүр бойынша, 
ас  адал  болуы  үшін  әйелдің  саусағында  міндетті  түрде  сақина  болуға  тиіс.  Әйелдерге  ас 
дайындағанда күміс сақина тағу ұсынылған.  
Мақалада  әшекей  бұйымдар  қазақ  халқының  рухани  өмірі  мен  дүниетанымын 
бейнелейтіндігі айтылған. 
Авторлар ортағасырлық Жанкент қаласынан табылған «Мұхаммед» жазуы жазылған жүзікке 
сипаттама жасаған. 
Мақалада  келтірілген  фактілердің  барлығы  білезік,  сақина,  жүзіктердің  көп  функционалды 
мағынасы бар екендігін, осы бұйымдардың қазақтардың ұғымында қасиеттілігін
 
көрсетеді.    
Кілт  сөздер:  Дәстүрлі  мәдениет,
  ұлттық  нақыштағы  әшекейлер,  жүзік,  сақина,  зергерлік 
өнер, әшекей бұйым, семантика, білезіктер.   
 
Аннотация
 
Авторы  в  данной  статье  описывают  семантику  и  основные  виды  ювелирных  украшений 

132 
 
Присырдарьинского  региона.  Они  рассматривают  отдельные  статьи  этнографов,  которые 
исследовали  украшения  Казахстана  и  Средней  Азии.  Статья  посвящена  таким  украшениям, 
которые  используются  как  в  повседневной  жизни,  так  и  в  праздничные  дни:  кольца,  перстни, 
браслеты. 
В работе даются названия, виды браслетов и их назначения в быту и в повседневной жизни. 
Предлагаются  характеристики  металлов  и  драгоценных  камней,  свойственных  для  южного 
региона.  Браслеты  рассматриваются  с  точки  зрения  их  происхождения  в  древности;  из  какого 
материала  они  создаются  (чистого  золота  или  серебра);  учитывается  объем  и  величина  этих 
украшений;  описываются  узоры  на  этих  изделиях.  Подчеркиваются  способы  ношения 
представительницами региона на запястьях рук (литые целые браслеты, на обеих руках). 
Ювелирное  изделие-это  памятка,  подарок,  даже  наследственная  ценность.  Также  авторы 
рассматривают свойства изделии  в разных аспектах в зависимости от пола, возраста и статуса. В 
статье  рассматриваются  виды  колец  и  перстней,  история  их  появления,  а  также  семантика 
ювелирных  украшений,  а  еще  распространение  этих  украшений  в  других  странах  и  народах,  их 
различия  и  особенности,  а  также  кольца  рассматриваются  не  только    как  украшение,  но  и  как 
гигиеническое  средство  и  их  религиозно-магические  особенности.  В  народе  широко 
распространено  понятие:  чтобы  трапеза  была  благословленной,  на  руке  приготовившей 
обязательно  должны  быть  кольца.  В  основном  женщины  предпочитают  серебрянные  кольца. 
Авторы  дают  описание  найденному  обломку  перстня  в  средневековом  городище  Джанкент  с 
надписью «Мухаммад». 
Ключевые  слова:  Традиционная  культура,  предметы  национальной  культуры,  кольцо, 
перстень, браслеты, семантика, ювелирное искусство. 
 
Annotation 
The  authors  of  this  article  describes  the  semantics  and  basic  jewelry  of  Syr-Darya  region.  They 
view individual articles ethnographers who investigated decorations of Kazakhstan and Central Asia. The 
article is devoted such ornaments, which are used both in everyday and holidays: Ring, bracelets. 
In  this  paper  are  given  names,  types  of  bracelets  and  their  purpose  in  life  and  in  everyday  life. 
Suggests  characteristics  of  metals and precious stones, characteristic for the southern region. Highlights 
the ways of wearing a representative of the region on the wrists (whole cast bracelets on both arms). 
Jewelry  is  a  reminder,  gift,  even  inherited  value.  Also,  the  authors  examine  the  properties  of  the 
product in different aspects depending on sex, age and status. The article discusses the types of  rings, the 
history of their appearance, as well as the semantics of jewelry, but also the spread of these ornaments in 
other countries and peoples, their differences and peculiarities, as well as rings are considered not only as 
decoration but also as a means of hygiene and religious and magical features. People widespread notion: 
that  the  meal  was  blessed  on  hand  to  cook  are  mandatory  to  be  a  ring.  In  general,  women  prefer  silver 
rings. The authors first give a description  of the  found ring fragment of a  medieval fort Dzhankent  with 
the inscription "Muhammad." 
Key words: Traditional culture, objects of national culture, ring, ring, bracelet, semantics, jewelry. 
 
Сыр өңірі тас дәуірінен бастап өркениеттер ордасы болып саналады. Түрлі зергерлік 
бұйымдар арқылы әсемдікке құштар әйел адамдардың қоғамдағы дәрежесі көрініс тапқан. 
Археологиялық  қазбалар  нәтижесінде  табылған  әшекей  бұйымдар  соның  дәлелі  [1]. 
Неолит,  қола  және  ерте  темір  дәуірінің  ескерткіштерінен  әшекейлердің  жекелеген 
фрагменттері  табылған.  Бұл  бұйымдардың  діни-магиялық  негізі  осы  кезеңдерден  бастау 
алады.  Неолит  кезеңінде  сүйектер,  түрлі  аңдардың  азу  тістері,  теңіз  бақалшақтары  т.б. 
заттар  қожайынына  күш  беріп,  түрлі  қауіп-қатерден  сақтайды  деген  сеніммен  таққан. 
Әшекей  бұйымдар  әр  халықтың  өзіндік  сыр-сипатын,  өнерге  деген  көзқарасын,  ұлттық 
тағылымы мен қоршаған ортаға деген түсінігін қалыптастырады. 
Орта  Азия  және  Қазақстан  халықтарының  дәстүрлі  әшекейлеріне  байланысты 
бірнеше этнографтардың арнайы еңбектері бар: олар Н.Г.Борозна [2], Л.А. Чвырь[3], Г.П. 
Васильева[4]. Әшекей бұйымдарды ұлттық киіммен бірге қарастырған И.В. Захарова және 
Р.Д. Ходжаева[5]. Аталмыш еңбектерде қазақ әйелдерінің арасында дәстүрлі әшекейлерді 
салтанатты тойларда және күнделікті тұрмыста тұтынғаны жайлы айтылады. 
Күнделікті  тұрмыста  тағатын  әшекей  бұйымның  түрлеріне  –  сақина,  жүзік  және 
білезіктерді т.б. жатқызамыз. Сақина  - сәндік  үшін саусаққа  салатын  әшекей, балдақ.  Ал 

133 
 
жүзік-саусақ  сұғатын  шеңбері  таза  алтын,  күмістен  соғылып,  саусақ  сыртына  қараған 
бетіне  асыл  тастан  көз  салынған  сақина.  Дәстүрлі  әшекей  бұйымдарды  зерттеуші  Л.А. 
Чвырьдың  пікірі  бойынша,  сақина  мен  жүзіктердің  магиялық  және  тазалықтың  күші 
ретіндегі маңыздылығы жалпы шығыстық құбылыс екендігін, ведалық үндістерден бастап 
қазіргі  кездегі  парсыларда  кездеседі  [3,  69  б.].
 
Жүзіктің
 
қасиетті  мағынасы  өз  атауынан 
«жүзік» (жүз-сто) жүзге дейін өмір сүреді деген сенімнен бастау алады
.
 
Бесқасты  жүзік-үстіңгі  жалпақ  бетіне  бес  жерден  көз-асыл  тас  қондырылған 
бесқасты жүзік  қазақы ортада таралған этномәдени мәнге ие, отбасы-некелік салтындағы 
құдалықта  тарту  орнында  жүретін  құдағи  жүзіктің  сондай-ақ,  қос  бауырдақты  жүзіктің, 
адай  жүзіктің  ерекше  бір  түрі  болып  саналады.  Бесқасты  жүзіктің  алақаны  (саусақтың 
үстінде тұратын дөңгелек бөлігі)  үлкен төрт саусақтың үстін жауып тұратындай көлемде 
болады. Оның  астында екі-үш саусаққа қатар  киілетін  қос бауырдақ орналасады. Жүзікті 
тек  эстетикалық  мағынада  емес,  ислам  дініне  деген  сенімді  білдіру  мақсатында  таққан. 
Мысал  келтіретін  болсақ,  Қорқыт  Ата  атындағы  Қызылорда  мемлекеттік  университеті 
жанындағы  «Археология  және  этнография»  ғылыми-зерттеу  орталығының  көрме  залына 
қойылған  «Мұхаммед»  деген  жазуы  бар  жүзік  соның  дәлелі,  ол  ортағасырлық  Жанкент 
қаласына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған. Бұл жәдігер 
арқылы біз ІХ-ХІ ғғ. оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкент қаласының халқы ислам 
дінін  ұстанғанын  байқаймыз.  Жүзіктер  мен  сақиналардың  түрлеріне  тоқталсақ.  Бұрама 
жүзік - алтыннан немесе күмістен есіп, өріп жасаған жүзік түрі. Сіркелі жүзік - бауырына 
(шығыршығына)  нүкте  сияқты  мәнер  салған  жүзік.  Бадана  көз  жүзік  -  көзіне  қондырған 
асыл  тасы  бадананың  (Оңтүстікте  өсетін  жемісті  бұта,  жемісі  ірі  болады)  жемісіндей 
қомақты, әсем жүзік. Құдағи жүзік - бесқасты етіп күмістен соғылып, алтынмен апталған. 
Алтын  балдақ  -  алтыннан  немесе  күмістен  соғып  жасайтын  көзі  жоқ  сақина.  Сол 
сияқты  шымылдықтың  да  балдағы  болады.  Міне,  осыларды  бейнелейтін  ою-өрнек  те 
«балдақ»  деп  аталады.  «Балдақты»  қазақ  халқының  қолөнерінде  басқұрдың  жиектерін, 
алашаны  әшекейлеу  үшін  пайдаланған.  Мұндай  сақинаны  әйелдермен  бірге  ерлер  де 
қолына салып жүрген [6; 26-27 бб.]. 
Аталған сақиналардың түрлерінің өзіндік мән-мағынасы зор. Жасы ұлғайған әйелдер 
салтанатты  жиындарға  арнайы  тағатын  салмақты  сақиналардан  өзге  жүзіктер  мен 
сақиналардың  үш-төртеуін  әдеттегі  әшекей  ретінде,  күнделікті  тұрмыста  таға  береді. 
Әсіресе, халық арасында тасты сақиналар мен түрлі түсті шыны көзді сақиналар кең етек 
алған.  Кей  жағдайда  сақина  сәнділігі  үшін  тастар  мен  көздердің  түстік,  реңдік 
қонымдылығы  еске  алынып,  ал  бірде  зергерлік  бұйымның  тартымды  шығуын  жалпы 
бітімінен,  өрнектелу  мәнерінен  іздестіреді.  Беті  шиыршық  өрнекті,  бұдырлы  болып 
келетін  отау  жүзік  те,  құсмұрын  жүзік  те,  ортасына  қондырылған  тасы  тасбақа  ұқсас 
болатын тасбақа жүзік те сақинаның ерекше түрлерінің бірінен саналады. Сырт пішінінің 
үйлесімі төрт-бес  бөліктен тұратын жүзіктің құрылымында келтірілген. Жоғарыда айтып 
кеткеніміздей  құдағи  жүзіктердің  бітімі  ерекше.  Тас  көздің  бетіне  кейде  адам  аты  да 
жазылған.  Мұнан  басқа  да  мөр  жүзіктен  екі  есе  кішкене  қос  дөңгелекті  құдағи  жүзік 
болған. 
Оны  ұзатылған  қызының  соңынан  барған  анасы  тағып  барып,  қыздың  енесінің 
қолына  салады.  Құдағи  жүзік  айтқа,  тойға,  мейрамға  барғанда  салынады.  Қазір  де 
үлкендер  құдағи  жүзікті  адамды  көрсе  «Ақ  ниетті  әділ  адам  екен!»  деп  қызығып,  ізет 
көрсетіп, сыйлап, қайда да бұл әділетті, мейірімді адам екен деп төрге отырғызады. Келіні 
кесірлеу  адамдар  мұндай  жүзік  таққан  кісіден  кеңес  сұрайды  [7,  46  б.].  Екі  отбасының 
қосылуы  белгісі  ретінде  батыс  қазақстандық  «құдағи  жүзікті»  келіннің  (қалыңдықтың) 
ата-анасы  болашақ  құдағайына  қыздарына  қамқорлық
 
және  жақсы  қарым-қатынаста 
болғаны үшін берген [11, 381 б.]. 
Мысалы,  қазақ  халқының  ерте  кезден  бергі  әдет-ғұрпы,  салты  бойынша,  бөтен 
жерге, алыс ауылға күйеуге ұзатылатын қыз баланың белгілі бір уақыттан кейін төркініне 
сәлемдеме  жіберу  дәстүрі  болған.  Сәлемдемеге  жас  келіншек  өзінің  күйеуге  шыққаннан 

134 
 
кейінгі тұрмыс жағдайын ою-өрнекпен бейнелеп жіберуі шарт. Күйеуге ұзатылған қыздан 
«құсмұрын» бейнесі салынған сәлемдеме келсе, ата-анасы одан баласының барған жерінде 
құстай  ерікті,  басы  бостандықта,  жағдайы  жақсы  екенін  ұғатын  болған.  Сол  себепті 
ұзатылған  қыздан  сәлемдемеге  құстұмсық  жүзік  келсе  немесе  құстұмсық  ою-өрнекті 
тұскиіз, басқұр сияқты зат келсе, ауыл-аймағы қуанып, той жасап, атап өтуді әдет еткен [8, 
29 б.]. 
Әшекейлерді  зергерлер  түрлі  қалыпқа  салып,  сәндеп  жасаған.  Күн  іспеттес  үлгіде 
(шеңбер,  қос  шеңбер,  орама  шеңбер,  ырғақты  шеңбер,  ұлама  шеңбер)  ұшырасады,  тіпті 
кейбір жүзік, ілгіш, тұтқыш, қапсырма, түйме секілді сәнді бұйымдардың тұтас бейнесінің 
өзі  күн  бейнесінде  жасалады.  «Күн»  белгісі  көбінесе  жүзік,  білезіктерге  бір  дөңгелек,  не 
қос  дөңгелек  түрінде  безендіріледі.  Бір  дөңгелек  «күн»  белгісі  -  «күніміз  ашық  болсын» 
деген тілекпен салынған. Қос дөңгелек- мейірімділік пен әділеттіліктің белгісі. Қалың қос 
дөңгелекті жүзікті әдетте қолбасшы адамдарға сыйлайды. Мұндай жүзіктер мөр ретінде де 
жүрген [8, 27 б.]. 
Мұнымен  қатар,  дәстүрлі  әшекейлердің  бойында  діни  ұғымның  мән-мағынасымен 
қатар,  жеке  кісінің  иелігін  немесе  оның  жас  мөлшерін,  шыққан  тегін,  өскен  ортасын 
білдіретін  қасиеттер  де  байқалып  тұрады.  Заттың  иесінің  кім  екендігін  негізінен 
бұйымның  қандай  материалдан  жасалғандығынан,  үстіне  таққан  әшекейлерінің  сан-
сапасынан,  жасалу  техникасының  күрделілігі  мен  жеңілдігінен,  көркемдігінің  асқақтығы 
мен  олқылығынан  байқауға  болады.  Мысалы,  бай-бәйбішелердің  зергерлік  әшекейлері 
тұтасымен алтыннан қалыпталып, асыл тастардан көз қондырылады. 
Әшекейлердің көптеген белгілеріне қарай әйелдердің жас мөлшері де айқындалатын 
болған. Жас қыздардың сырғалары мен жүзіктері түрі жағынан өте қарапайым жасалатын. 
Бойжете бастаған сайын қыздың зергерлік бұйымдарының да түрі мен тұрпаты әдемілене, 
әшекейлене  түседі.  Тұрмысқа  шыққаннан  кейін  олардың  әшекейлері  бірте-бірте 
қарапайым  тартады.  Қазақта  қыз  баланың  балаңдық  белгісін  немесе  неке  құрғандығын 
аңғаратын сәндік белгілер де кездеседі. 
Қазақ  халқының  зергерлік  өнеріне  талдау  жасайтын  болсақ,  ол  салт-дәстүр,  әдет-
ғұрыптар  және  діни  сенімдерге  байланысты  қазақтың  рухани  өміріне  байланысты 
жасалған.  Эстетикалық  және  қолданбалы  мағынасымен  қатар,  дәстүрлі  әйел  бұйымдары 
діни-магиялық қызмет атқарған, сонымен қатар орналасу аймағына, жас ерекшелігіне сай 
болған. 
Қай халықтың да тарихына үңіліп қарасаңыз, олардың өмірінде жүзік пен сақинаның 
алатын  орны  ерекше  болған.  Көптеген  елдерде  сақина  да,  жүзік  те  қасиетті  зат  ретінде 
саналған.  Үлкен  өмірге  қарай  қадам  басып,  жаңадан  некелесіп  жатқан  жастардың  бір-
біріне  сақина  сыйлайтын  дәстүрі  бар.  Саусаққа  салынған  сақина жұбайлардың  бір-біріне 
деген  адалдығы  мен махаббатын,  көтерген шаңырақтарының  беріктігін  білдіреді.  Жалпы 
халықтар  тарихындағы  сақина  мен  жүзікке  қатысты  салт-дәстүрге  шолу  жасап  көрсек, 
олардың үш түрге бөлінетінін байқаймыз. 
Бірінші,  сақина  мен  жүзік  ата-бабаның  көзі,  олардан  қалған  мұра  ретінде  ерекше 
қадірленген.  Өйткені адамның  туған  әке-шешесінен бастап, сонау [9, 25 б.] есте жоқ ескі 
заманда  өмір  сүрген  ата-бабасынан  бері  оңай  сақталып  қалатын  отбасылық,  әулеттік 
реликвиялық заттың ең қолайлысы - жүзік пен сақина. 
Екіншіден,  сақина  да,  жүзік  те  символдық  мәні  болғаны  үшін  қадірлі.  Жас 
жұбайлардың  сақина  алмасып  тағуы  оны  көздерінің  қарашығындай  сақтау  да  осы 
символдық  мағынадан  шыққан.  Екі  елдің  патшаларының  достығын,  бір-біріне  деген 
ықыласын  білдіретін  жағдайларда  да  араларында  жүзік  жүрген.  Тіпті  жүзікті  сыйлау, 
тарту ету арқылы екі ел арасындағы шиеленісті мәселені бәсеңдетуге болады деген түсінік 
те жоқ емес. 
Үшіншіден, жүзік төңірегінде әр түрлі ырым-жоралғылар да әр елде кең орын алған. 
Мысалы,  ертедегі  Грекияда  қайтыс  болған  адамды  жер  қойнына  берер  кезде 
ағайындарының  бірі  оның  үсті-басын  тексеретін  болған.  Ол  кездегі  ұғым  бойынша 

135 
 
сүйекпен бірге қабірге жүзік, сақина, тағы басқа қымбат бұйымдар түсіп кетпеуі тиіс екен. 
Олай  болса,  қымбат  заттар  о  дүниеде  адам  жанын  қинайды,  олардың  тасасына  жын-
шайтандар жасырынып, марқұмды азапқа салады деген түсінік орын алған [9, 26 б.]. 
Неке  сақинасы  дөп-дөңгелек  әрі  ешқандай  өрнексіз,  бедерсіз,  жұп-жұмыр  болуы 
тиіс.  Бұл  жаңа  үйленген  жас  жұбайлардың  жолы  ешқандай  кедергісіз  тегіс  болсын, 
олардың  бақыттары  да  осы  сақина  секілді  шексіз  таусылмаса  екен  деген  ырымнан 
туындаған көрінеді. 
Сонымен бірге неке сақинасынан басқа күйеу жігіттің қалыңдық қолына бетінде көзі 
бар сақина салу дәстүрі де бар. Жігіт қызды айттырып алатын болса, келіп, қолына сақина 
салып  кетеді.  Бұл  бірге  отау  құратындықтарын  білдіреді.  Сақинаның  көзі  неғұрлым 
қымбат  тастан  жасалса,  ол  соғұрлым  қадірлі  әрі  қалыңдықты  жоғары  деңгейде 
құрметтеудің  белгісі  деп  есептеледі.  Мысалы,  бүгінгі  таңда  қалыңдыққа  тағылатын  ең 
жақсы сақина-бриллиант (гауһар) тас орнатылған алтын сақина. 
Сақинаны  дұрыс  таға  білудің  де  өзіндік  тәртібі  бар.  Мысалы,  неке  сақинасын  жігіт 
сол қолының шылдыр шүмек деп аталатын (шынашақтың жанындағы) саусағына кигізеді. 
Ал,  қалыңдық  болса  бұл  сақинаны оң  қолдың  шылдыр  шүмегіне  тағып  жүруі  тиіс  [9,  27 
б.]. 
Жасы  ұлғайған  қазақ  әйелдерінің  арасында  дәстүрлі  әшекей  бұйымдарына  деген 
сенім  мен  ырымшыл  түсініктер  қазіргі  кезге  дейін  сақталған.  Әшекей  бұйымдардың 
көмегімен аурудан жазылуға болады деген пікірлер бар. Арнайы ауруды кетіруге арналған 
әшекейлерді  міндетті  түрде  шеберлерге  жасатып  отырған.  Бұл  бұйымдарды  біреу 
таңданып,  қызығып  сұрап  алғанға  дейін  таққан.  Мәлімет  берушілердің  айтуы  бойынша, 
бұл  бұйымдарды  сыйлағаннан  кейін,  олар  науқасынан  айығып  кететін  болған.  Яғни, 
ауыспалы құдіретті сиқыр бар, ауру әшекей бұйымдары арқылы басқа адамға кетеді. Аяғы 
ауыр әйел толғағы жеңіл болуы үшін алдын-ала құрбылары немесе туыстары таңдап алған  
әшекей бұйымдарының бірін сыйлаған. 
Тағы бір мәліметті келтірер болсақ, ауылдық жерлерде нәрестені қырқынан шығару 
рәсімін  тойлауға  шақырылған  әйелдер  жаңа  туған  балаға  сыйлық  әкеліп,  баланың  анасы 
немесе  қайын  енесінен  дәстүрлі  әшекейді  сұрап  алатын  болған.  Әйелдерге  қарсылық 
білдіруге қорыққан, себебі  қонақтардың реніші немесе көңілін қалдыру баланың ауруына 
кейбір  жағдайда  өліміне  әкеліп  соқтырады  деген  түсінік  болған.  Сыйға  берілген  әшекей 
бұйымдар  жаңа  туған  сәбидің  өмірі  мен  денсаулығының  өтеуі  ретінде  есептелген.  Қазақ 
әдебі  бойынша  «кіндік  шешенің»  талабын  орындау  үшін  ұнатқан  әшекейді  немесе  
белдікті қарсылықсыз сыйға беру қажет болған. Ол саусағының, білегінің, омыртқасының 
ауырғанына  шағым
 
айтып,  нақты  ұнатқан  заты:  жүзік,  білезік  немесе  белдікті  алатын 
болған.  Бұл  халық  түсінігінде  осы  заттардың  адам  денесіне  тигенде  сүйектегі  ауруды 
кетіреді және басқа да емдік қасиеттері болғандығының айғағы. 
Сыйға  беру  әдебі  (этикеті)  негізіндегі  сыйлықтармен  алмасу  тек  қана  мерекелерде 
емес, қалыптасқан жағдайда туыстасушылық,
 
достықтың беріктігі белгісі ретінде, үйге ең 
бірінші  келген  қонаққа,  жақсы  жаңалық  әкелген  адамға  «сүйінші»  беру,  жаңа  затты 
көргенде «байғазы» беру және т.б. 
Әсіресе, көптеген әшекей бұйымдарын сыйлау неке тойы рәсімінде беріледі. Дәстүр 
бойынша,  құдалық  кезінде,  көптеген  заттармен  қатар  міндетті  түрде  сыйлықтар 
толтырылған сөмке «қоржын» әкелінген. Қоржынның ілгегіне жүзік, сақина, білезік және 
тағы басқа да әшекей бұйымдары, кейде кәдесыйлық заттар немесе тиындар ілінді [10, 375 
б.]. 
Егер Солтүстік Қазақстанда заттардың арасында міндетті түрде моншақтар болса, ал 
Оңтүстікте - қалыңдыққа арналған сырға, ал қалыңдықтың анасына жүзік берілген. Басқа 
заттар туысқандары арасында үй иесінің қалауы бойынша бөлініп берілетін болған. 
Магиялық сан өмірді ұзартуға әсер етуші  күш ретінде қолданылуы мүмкін. Сақина 
немесе  жүзіктің
 
магиялық  мағынасы,  кең  түрде  қолданылды.  Тазалықтың  және 
жақсылықтың  нышаны  ретінде  баланы  қырқынан  шығару  кезінде  суға  күміс  сақинаны 

136 
 
тастаған.  Осындай  мысалдар  тәжік  халқында  да  кездеседі.  Сондай-ақ,  жүзік  дәстүрлі 
диагностикалық  тәжірибеде  қолданылады.  Көптеген  респонденттердің  айтуы  бойынша, 
егер  жүзікпен  ауырған  адамның  арқасын  сипаса,  онда  міндетті  түрде  ауырған  жері 
қараятын болған. 
Мордваларда бедеу әйелдерге жасалатын қызықты ғұрып кездеседі. Олар түнде өзен 
жағасына  құрбандық  ретінде  қуыршақты,  тандыр  нан  және  сақинаны  көміп  қоятын 
болған. 
Тофаларда мынадай ырым кездеседі: «егер адам  түсінде жүзікті берсе-баласы өледі, 
ал  егер  алса  -  ұл  бала  дүниеге  келеді,  ал  егер  жіңішке  жүзік  алса-қыз  бала  туылған. 
Қазақтарда  мөрі  бар  жүзіктер  иесінің  маңызды  тұлға  екендігін  көрсеткен,  сондай-ақ 
Оңтүстік Сібір халықтарының дәстүрлі тұрмысында кездеседі. 
Ерте  кезде  Қазақстанның  оңтүстік  өңірлерінде  күйеу  жігіттің  үйіне  бара  жатқан 
қалыңдық  бір  саусағына  екі  сақина  салып  барған,  біреуін  бетін  кім  бірінші  ашса,  сол 
алатын болған. Батыс  Қазақстанда  «беташар»  рәсімінен кейін  күйеу жігіт жақтан жүзікті 
қалыңдықтың  бетін ашқан ақынға, әншіге, қалыңдықтың қолынан  ұстаған екі  құрбысына 
немесе  туыстарына,  сондай-ақ  қалыңдықтың  тойға  арналған  бас  киімін  шешіп,  орамал 
таққан  үлкен  келін  «жеңгесіне»  берген.  Қазақтардағы  сақинаның  қасиеттілігі  тойдағы 
мұсылмандық  рәсім  -  неке  қиюмен  байланысты.  Күйеу  жігіт  өз  үйінде  молдаға  некесін 
қидырғаннан  кейін,  қалыңдығына  сақина  сыйлаған,  оны  жұбайлық  бақытты  сақтап  қалу 
үшін жоғалтпай тағып жүруі қажет болған. Сақина сыйлау тәжіктердің кейбір топтарында, 
ирандықтарда,  сириялықтарда  кездеседі,  соңғы  екі  халықта  сақинаны  күйеу  жігіт  емес, 
оның  анасы  немесе  туыстары  берген.  Л.А.  Чвырьдың  осы  фактінің  негізінде,  сыйлықты 
бұл  жағдайда  тек  қана  материалдық  мағына  (бағалы  сыйлықты  беру,  өтем  ақы)  емес, 
сондай-ақ, ғұрыптық мағынасы бар екендігі жайында қорытынды жасайды [11, 376 б.]. 
Дәстүрлі  түсініктерге  байланысты,  әрбір  қазақ  әйелі  қолына  сақина  немесе  жүзік 
таққан, ал олар болмаған жағдайда дайындаған тағамы таза емес деп есептелген. Осыған 
орай қазақтарда мынадай мақал-мәтел бар: «Тамақ адал болу үшін, қолда күміс жүзік болу 
керек»  [12,  39  б.].  Осыған  ұқсас  семантикалық  паралелль  самарқандтық  өзбектердің 
дәстүрлі  мәдениетінде  кездеседі.  Қазақтарда  жүзікті  ортаңғы  саусаққа  тағуға  болмайды, 
жақындарының бірі  қайтыс болады деген түсінік болған. Сақинаны ортаңғы саусаққа тек 
ата-анасынан  айырылған  қыздар  ғана  таққан.  Сақина,  сондай-ақ  иесі  жайлы  да  мәлімет 
беретін  белгі  болып  саналған.  Өзбектердің  ортасында,  «төменгі»  кәсіптің  адамдарымен, 
көбінесе  мәйітті  жуушылармен  бір  үстел  басына  отырмаған.  Олар  оқшауланып,  ерекше 
белгі  ретінде  ортаңғы  саусақтарына  сақина  тағатын  болған.  Яғни  осы  адамдардың 
санасында  ортаңғы  саусаққа  тағылған  сақина  өліммен  байланысты  болғандықтан,  оған 
сақина  тағуға  тиым  салынған.  Өзбектердің  салтында,  егер  ауылда  біреу  қайтыс  болса, 
аяғы ауыр әйелдер, қайтыс болған адамның отбасының мүшесі болса немесе көрші тұрса, 
қайтыс  болған  кісінің  кебінінен  суырып  алынған  жіпті  ортаңғы  саусағына  тұмар
 
ретінде 
тағып алған. Жүзіктердің қорғаушылық күші түріне, сипатына қарай анықталатын болған. 
Мысалы,  Қазақстанда  жүзіктердің  құс  тұмсық  тәріздес  түрі  күзет  қызметін  атқарған. 
Тұмсық  мотиві,  сақ  кезеңімен  байланысты  көптеген  басқа  әшекей  бұйымдарының 
образдық  құрылымына  жалғасып  кеткен.  Қазақтардың  жүннен  тоқылған,  ағаш 
бұйымдарындағы өрнектік жүйесінде келтірілген. 
Конус  түріндегі  жүзік  «отау  жүзік»  -  отбасылық  (жанұялық)  жүзік.  Ол 
жақсылықтың,  отбасында  бақытқа  себепші  болған.  Бұндай  жүзіктерді  жастарға  жаңа 
отбасын  құрғанда  сыйлаған.  Қызылорда  облыстық  тарихи-өлкетану  мұражайында  отау 
жүзіктің бірнеше түрі кездеседі. 
Қазақтарда  өмір  жастың  ұзақтығы  белгісі  ретінде  күміс  «тасбақа  жүзік»  болған. 
Бұндай  жүзіктерді  әсіресе,  жасы  үлкен  апалар  өз  өмірлерін  ұзартады  деген  сеніммен 
таққан.  Білезік - әйел адамдардың әшекейлі бұйымы және ең көп кездесетін әрі күнделікті 
қолданылатын  түрі.  Оны  қыз-келіншектер  де,  орта  жастағы  әйелдер  мен  үлкендер  де 
білегіне  салады.  Зергерлер  оларды  металдан;  оның  ішінде  темірден,  мыстан,  күмістен, 

137 
 
алтыннан  жасаған.  Ал,  жасалу  ерекшелігіне  орай  ширатпа,  оймыш,  шекіме,  алтын 
жалатпа, қара ала, құйма, қалыптама деген көптеген түрлері бар. 
Қазақ  халқының  ұғымында  білезікті  бай-қуатты  адамдар  тапсырыс  беріп  жасатқан 
болса,  қазіргі  таңда  ол  басқаша  сипат  алды.  Оның  үлкен-кішілігі,  ауыр-жеңілдігі, 
тапсырыс  берешінің  қалауынша  әртүрлі  бола  береді  және  аталу  түрлеріне  қарай  білезік 
бетіне жүргізілетін ою-өрнектер де сан алуан болып келеді. Түйе табан ою, өсімдік тектес 
ою, әрқилы геометриялық кескіндер, үшбұрыш, төртбұрыш, дөңгелек, ромб, қошқар мүйіз 
оюы,  сыңар  өкше,  жүрекше,  ирек  шимай,  құс  қанаты,  бөріқұлақ  ою-өрнектері  білезік 
көркін аша түседі. 
Білезікті  жасау  мен  тұтыну  Қазақстанның  барлық  аймақтарында  кеңінен  таралған. 
Алайда  білезіктердің  жасалу,  әшекейлеу  тәсілінен  де,  көлемінен  де,  сыртқы  пішініне 
қарай  Қазақстанның  әр  өңірінде  әр  түрлі  болып  келеді.  Мәселен,  Қазақстанның  шығыс, 
оңтүстік-шығыс  аудандарына  негізінен,  жұмырланып  және  төрт  қырланып  соғылатын 
білезіктер  тән,  оңтүстік  өңіріне  құйма  сом  білезіктер,  ал  батыс  пен  оңтүстік-батысқа  өте 
көлемді, сырты алтынмен буланатын көзді білезіктер тән. Оңтүстік Қазақстанның әшекей 
бұйымдар кешеніне егін шаруашылығымен айналысатын өзбек және тәжік халықтарының 
мәдениетінің,  ал  Солтүстік-Шығысқа  Еділ  бойы  татарларының  зергерлік  өнерлерінің 
ықпалы  болған.  Бірақ,  бұл  ықпал  қазақтардың  дәстүрлі  мәдени  тегінің  негізін  өзгерте 
алған жоқ. 
Әшекей  бұйымдар  қазақ  халқының  жиын,  тойларында    маңызды  орын  алып, 
қалыңдықтың  жасауының  міндетті  құрамдас  бөлігі  болып  табылады.  Баланы  бесікке 
салғандарға  сақина,  жүзік,  көйлектік  маталармен  бірге  білезік  те  берген.  Қыз  ұзату 
тойында  өлең  айтқан  жігіттерге  қыздар  өз  білезігін  сыйлаған  сондай-ақ,  ертедегі  әдет-
ғұрып  салтымыздың  бірі  -  жас  жігіт  өзі  ұнатқан  бойжеткенге  сыңар  білезік  сыйға 
тартатын.  Егер  қыз  жігітті  ұнатса,  бұл  сыйлықты  жүрекке  жақын  көріп,  сол  қолына 
салады.  Тойда,  айтта,  жиынды  жерде  «басы  бос  еместігін»  білдіру  мақсатымен  салатын. 
Жігіттерді таласқа салмаудың  бір жолы осы. Аталған білезіктің  шынжыры мен тіркелген 
екі  жүзігінің  біріне-  күндей  ашық,  қуанышты  жүрсін  деп  -  «күннің»,  екіншісіне  -  құстай 
ерікті, бақытты бол деген тілекпен «құсмұрын» белгісі бейнеленеді [6, 582-584 б.]. 
Қазақ  халқы  «білезік» деп бірнеше затты атаған.  Қолға тағатын білезіктерден басқа 
қазақ тұрмысында басқа да заттар білезік деп аталған. Тарихи-этнографиялық деректерге 
сүйенсек,  білезік  осы  күнгідей  тек  қолға  емес,  аяққа  да  салынған.  Бұл  әдет-ғұрып 
бойынша баласы тұрмай жүрген ата-аналар жас баланың қолына және аяғына «Темірдей 
мықты  болсын»  деп  оң  тілек  айтып,  бір-бірден  білезік  салған.  Көптен  күткен,  зарығып 
көрген  «Тәңіріден  тілеп  алған»  сәбиінің  екі  аяғына  ата-аналары  ырымдап,  баланы  «тіл-
көзден, түрлі пәле-жаладан қорғайды» деп қымбат бағалы металдан білезік тағып қойған. 
Қазақтар өзі жақсы көретін немесе қорқатын, реті келсе оның күшіне ие болғысы келетін 
заттарды,  тотемдік  сипаттағы  жан-жануарлар  бейнесін  білезіктерінің  сыртына  бейнелеп 
отырған [6, 584 б.]. 
Әйелдер  көбінесе  қос  білезік  салған.  Білезіктерді  тағу  халық  түсінігінде 
буындардағы  ауырудың  алдын  алуға,  қол  тазалығын,  қорқынышты  түстер  көргенде  таза 
емес  тылсым  рухтарды  қууға  көмегін  тигізген.  Мысалы,  білезіктердегі  жыланның  басы, 
спираль,  басқа  да  символдық  белгілер  қорғаушылық  идеяларды  білдірген.  Білезіктер 
өмірлік күшті ұстап қалады. Дәстүрлі қазақ әйелдерінің таза емес рухтары әйелдің құлағы, 
шаштары  арқылы  кірсе,  энергетика  қуаты  негізінен  біртіндеп  алақаны  арқылы  кетеді, 
сондықтан  міндетті  түрде  әсіресе  әжелер  соңғы  күштерін  жоғалтып  алмау  үшін 
білезіктерді  тағатын  болған.  Сондықтан  да  осы  түсінік  бойынша  бойтұмарлармен  қатар 
баланың қолына ақ-қара, қызыл-көк моншақтарды көз тимесін деген мақсатпен таққан. 
Қоғамның барлық әлеуметтік топтары арасындағы үлкен сұранысқа ие болған қазақ 
зергерлерінің  қолынан  шыққан    асыл  дүниелер-әйел  әшекейлері  болып  табылады.  Олар 
тек  эстетикалық  жағынан  ғана  емес,  салт-дәстүрлер,  әдет-ғұрыптар,  сондай-ақ,  діни-
нанымдармен байланысты  қызмет атқарған. Сонымен  қатар,  әшекей бұйымдар Сыр  өңірі  

138 
 
қазақтарының  материалдық  және  рухани  мәдениетін  зерттеу  мәселесінде  маңызды  орын 
алады.  Қызылорда  облысының  зергерлері  ерекше  туындыларын  әр  түрлі  көрмелерде 
халыққа  көрсетіп, насихаттауда. Жетісу, Сарыарқа өңірлерімен салыстырғанда Сыр  өңірі 
зергерлерінің  қолынан  шыққан  бұйымдарда  өсімдік  символикасы  көптеп  кездеседі. 
Сондықтан өзіндік ерекшелікке ие. 
Мақалада  келтірілген  фактілердің  барлығы  білезік,  сақина,  жүзіктердің  көп 
функционалды  мағынасы  бар  екендігін,  осы  бұйымдардың  қазақтардың  ұғымында 
қасиеттілігін
 
көрсетеді. 
Мақала  ҚР  Білім  және  ғылым  министрлігі  Ғылым  комитетінің  №  272,  04.02.2014ж. 
гранты негізінде жазылған. 
 
Әдебиеттер: 
1.
 
Шойбеков Р.Н. Қазақ зергерлік өнерінің сөздігі. – Алматы, 1991. 
2.
 
Борозна Н.Г. Некоторые материалы об амулетах- украшениях населения Средней Азии // 
Домусульманские  верования  и  обряды/  Под  ред.  Г.П.  Снесарева  и  В.Н.  Басилова.  – 
М.,1975. 
3.
 
Чвырь Л.А. Таджикские ювелирные украшения. – М., 1977. 
4.
 
Васильева  Г.П.  Магические  функции  детских  украшений  у  туркмен.  //  Древние  обряды, 
верования и культы народов Средней Азии. – М., 1986. 
5.
 
Захарова И.В., Ходжаева Р.Д. Казахская национальная одежда. – Алма-Ата, 1964.
 
6.
 
Қасиманов К. Қазақ халқының қолөнері. – Алматы, 1969. 
7.
 
Қазақтың  этнографиялық  категориялар,  ұғымдар  мен  атауларының  дәстүрлі  жүйесі. 
Энциклопедия. – Алматы, 2011. 
8.
 
Әбдіғапбарова Ұ.М. Қазақтың ұлттық ою-өрнектері. – Алматы, 1999. 
9.
 
Ниязова Н.Н. Әсемдікке құштарлық академиясы. – Алматы, 2001. 
10.
 
Тохтабаева  Ш.  Ж.  Обряды  и  обычаи  казахов,  связанные  с  произведениями  прикладного 
искусства  //Обычаи  и  обряды  казахов  в  прошлом  и  настоящем.  Сборник  статей.  – 
Алматы, 2001. 
11.
 
Тохтабаева Ш.Ж. Семантика казахских украшений //Советская этнография. – 1991. – №1. 
12.
 
Бердібек Хабай. Алтын және бағалы металдар музейі//Мәдени мұра.– Астана, 2013. –№1.
 
 
 
 
 
УДК 349.6 
Каталог: Docs
Docs -> Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі ы. Алтынсарин атындағЫ Ұлттық білім беру академиясы
Docs -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ы. Алтынсарин атындағЫ Ұлттық білім беру академиясы
Docs -> Гуманитарлық Ғылымдар кәсіби қҰзыреттіліктің негізінде студенттердің Өзіндік әрекет ету дайындығын қалыптастыру
Docs -> Бағдарламасы бойынша шығарылып отыр Редакция алқасы
Docs -> C m y k газет 2008 жылдың қазан айынан бастап шығады
Docs -> Жылдық есебі кафедраның тәрбие жетекшілерінің жұмысы
Docs -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі


Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет