Жер Күн жүйесіне қарайтын басқа планеталардын ішінде тоқтаусыз даму үстіндегі планета ретінде, орталық симметрияға бағынатын әр түрлі геосфералардан тұрады. Олардың әрқайсысы өзіндік физикалық-химиялық ерекшеліктерімен сипатталады. Жер қабаттары (геосфералар) сыртқы және ішкі қабаттарға ажыратылады.
Жердің сыртқы қабаттары — атмосфера, гидросфера және биосфера біздің планетамыздың басқа планеталармен салыстырғандағы, өзіндік ерекшеліктері болып саналады. Сондықтан да олар жер қыртысының құралу және даму барысында маңызды рөл атқарады. Жердің сыртқы қабаттарына ортақ қасиет — олардың тез өзгергіштігі. Жердің геосфералары бір-бірінен өте тығыз байланысты. Егер олардың біреуінің құрамы сәл өзгерсе, қалғандары да соған сәйкес тез арада өзгеріске ұшырап отырады. Басқаша айтқанда, олардың арасындағы материя және энергия алмасу әрекеттері ешуақытта да тоқталмайды.
Жердің ішкі құрылымын суреттеңіз.
Жердің ішкі қойнауы үш қабатқа: сыртқы — жер қыртысы, аралық — мантия, орталық — ядро болып бөлінеді. Олар сейсмологиялық зерттеулердің нәтижесінде бірбірінен шекаралық жазықтықтар арқылы, физикалык қасиеттерінің өзіндік ерекшеліктеріне қарай ажыратылады. Бірінші реттегі шекара жоғарыда аталған геосфералардың (жер қыртысы, мантия, ядро) арасында сейсмикалық толқындардың таралу жылдамдығының күрт өзгеруімен сипатталады (жер қыртысы мен мантия аралығында — Мохорович және мантия мен ядро аралығында — Вихерт—Гутенберг жазықтықтары); екінші реттегі шекара жоғарыда айтылған геосфералардың әрқайсысының өз ішінде ғана байқалатын өзгерістер негізінде жүргізіледі. Мысалы, сейсмикалық толқындардың таралу жылдамдығының жер қойнауына тереңдеген сайын біртіндеп өсуі жер қыртысын құрайтын заттардың өзгерісін көрсетеді. Жердің ішкі құрылысы туралы көп жобалардың (В.Гольдшмидтың, Г.Вашингтонның, А.Е.Ферсманның, В.Рамзейдің, А.Ф.Капустинскийдің және т.б.) ішінде неміс ғалымы, сейсмолог Б. Гутенбергтің және австралия ғалымы геофизик К.Э.Булленнің, (1961) схемасы қазіргі кездегі кең тараған жобалардың бірі болып саналады ( сурет). Олар сейсмологиялық, геофизикалык зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жоғарыда аталған геосфераларды, олардың физикалық қасиеттерінің өзіндік ерекшеліктеріне қарай әр түрлі зоналарға ажыратады.