Көркем әдебиет стилі
Әдеби тілдің кемелденіп, даму, жетілу үдерісінде көркем әдебиет стилінің орны айрықша. Көркем әдебиет стилінде айтылатын ой мен сезім әртүрлі образдар арқылы беріледі. Жазушы, сөйлеуші оқырманға ойын жай баяндай салмай, әсерлі, көркем көріністер, бейнелер арқылы әсер етеді. Сондықтан тілдің эстетикалық қызметі басты рөл атқарады, бұл – өзге функционалды стильдерден көркем стильдің өзіндік даралық ерекшелігін көрсетеді. Қазіргі таңда халықтың рухани дамуына өз туындылары арқылы үлес қосқан сөз шеберлерінің тілін зерттеу, стильдік дәстүрлерін саралау арқылы көркем әдебиет стилінің қаншалықты дәрежеде дамып, байып отырғандығын анықтай аламыз. Орыс тіл білімінде көркем әдебиет стилі, әдеби шығарманың тілі, сөз қолданысына байланысты алғашқы ғылыми-теориялық тұжырымдардың негізі В.В. Виноградов, А.А.Потебня, Г.О.Винокур, Б.В. Томашевский, В. Гумбольдт, В.А.Маслова, Ю.С.Степанов зерттеулерінде қаланғаны белгілі. Көркем әдебиет тілі мен стилінің теориялық зерттеудің жеке саласы ретінде қарастырылып, оның ғылыми негізделуі аталған ғалымдардың еңбектерімен тығыз байланысты. Көркем әдебиет тілін зерттеудің күрделілігін кезінде В.В.Виноградов орынды ескеріп, көркем әдебиет тілін зерттеуді әдебиеттану мен тіл ғылымдарының аралығындағы, екеуімен де тығыз байланысты, бірақ өз алдына жеке ғылым саласы ретінде қарастыруды ұсынған болатын.
Ғалым көркем әдебиет тілін ең кем дегенде екі аспектіде зерттеу қажеттігін айтады: 1) әдеби тілдің тарихын білу тұрғысынан; 2) көркем әдебиеттің өзіндік ерекшелігін, өзіндік болмыс, табиғатын түсіну тұрғысынан; ол әсіресе, көркем әдебиет тілін осы екінші тұрғыдан қарастырудың міндетін айқындайды.
Сондай-ақ көркем әдебиет стиліне ерекше көңіл бөлген орыс ғалымдары В.Г.Белинский, А.А.Потебня, Г.О.Винокур көркем шығарманың поэтикасын қарастырып, оның түрлі құрылымдық сипатын танудың әр түрлі бағыттарын ұсынған. А.А.Потебняның17 пікірінше, поэтикалық шығармада сөз өзінің ішкі формасы арқылы символдық мәнге ие болады, сол арқылы адам санасында поэтикалық образ қалыптастырады
Қазақ тіл ғылымында көркем әдебиет тілі мәселелері, оның теориялық негіздері А.Байтұрсынұлынан бастау алып, 50жылдары М.Балақаев, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев т.б. ғалымдар тарапынан негізі қаланған бұл сала алғашқыда жекелегенжазушылардың тіл ерекшеліктерін анықтау, сараптау тұрғысынан қолға алынса, кейін жалпы теориялық және нақты тәжірибелік ізденістерге ұласты. Р.Сыздық, З.Қабдолов, З.Ахметов, Е.Жанпейісов, М.Серғалиев, Х.Кәрімов, Р.Бердібай т.б. ғалымдардың еңбектері арқылы зерттеулер ауқымы кеңейіп, бірқатар ғылыми бағыттағы тың тұжырымдармен толықтырылып, дамытыла түсті. Қазіргі таңда көркем әдебиет стиліне қатысты ойпікірлер мен теориялық мәселелердің сипатталуы тіл ғылымындағы Н.Уәли, Ж.Манкеева, Г.Смағұлова, С.Сатенова, И.Айбарша, Г.Мұратова, Г.Әзімжанова, т.б. зерттеушілердің іргелі зерттеулері арқылы жаңаша игеріліп, жан-жақты қарастырылуда. Демек, қазақ тіл білімінде де көркем стильдің табиғатын терең тану үшін соны ғылыми бағдарлар мен жаңа бағыттағы зерттеу жұмыстары негізгі ұстанымға айналып, тілді тұтынушы көркем сөз зергерлерінің тілдік тұлғасын когнитивтік, прагматикалық лингвомәдениеттану тәрізді деңгейлік құрылымдарда айқындау белсенді сипат иеленіп отыр. Көркем әдебиет стиліне қатысты «автор бейнесі», «тілдік бейне», «тілдік тұлға», «ғаламның тілдік бейнесі», «тілдік дискурс» сияқты мәселелерді зерттеуде қазақ тіл ғылымында біршама үрдіс қалыптасып, тәжірибе жинақталуда.
Кезінде А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов сияқты ғалымдар көркем әдебиет тілі туралы арнайы зерттеу жасамағанымен, сөз өнерінің көркем тілдік материалы туралы құнды ой-пікірлер білдірген. А.Байтұрсынұлы: «Тіл қисыны дегеніміз – асыл сөздің болатын заңдарын, шарттарын танытатын ғылым, лебіз ғылымының мақсаты асыл сөздердің асыл болатын заңдарын білдіріп, түрлерін танытып, әдебиет жүзіндегі өнерпаздардың шығарған сөздерінің үлгі-өнегелерімен таныстырып, сөзден шеберлер не жасағандығын, не жасауға болатындығын көрсету» деп18, «тіл қисыны» мен «лебіз ғылымын» бірлікте алу арқылы ғана көркем шығарма табиғатын терең тануға болатындығын орынды пайымдайды.
Көркем әдебиет стилистикасын зерттеуші ғалымдар Р.Сыздық, М.Серғалиев көркем әдебиет стилінің өзіндік ерекшеліктері, стильдер жүйесінде алатын орны жайында өз ойларын айтып, тың теориялық ізденістерге барады. Бұл салаға қатысты жалпы тіл ғылымында әрқилы пікірлердің болғандығын баса айтады: «Стилистердің бір тобы (Л.Н.Максимов, Н.М.Шанский, Н.А.Мещерский т.б.) көркем әдебиет тілін функционалды стильдерден тыс, мүлдем бөлек тілдік құралдар жүйесі деп қараса, енді бір тобы Л.Х.Будагов, А.И.Ефимов, Д.Э.Розенталь, А.Н.Гвоздев т.б. ғалымдар көркем әдебиет стилін басқа стильдермен «терезесі тең», себебі көркем әдебиет те тіл қолданудың аясы болып табылады әрі әлеуметтік қызмет атқаруға қатынасады, ал эстетикалық қызметі сол әлеуметтік қызметтің бірі деп санайды»19.
Көркем әдебиет стилі – тарихи тұрғыдан ерте қалыптасқан функционалды стильдің бір түрі. Оның пайда болуына ықпал еткен негізгі арналары: XV-ХІХ ғғ. аралығындағы ақынжыраулар поэзиясы, фольклор тіліне тән өлең-жырлар, лирикалық эпостар тілі, халықтың сөйлеу тілі, Абай, Ыбырайдан басталған жаңа көркем әдебиет тілі. Көркем әдебиет стилі – проза, поэзия, драматургия салаларында жазылған көркем шығармалардың тілі. Стильдің бұл түрінде сөздер екшеліп, сараланып қолданылады. Өмір фактілері шынайы образдар арқылы суреттелетіндіктен, ондағы дәстүрлі де төлтума сөздер, көркемдегіш, бейнелегіш құралдар стильдік мақсатта жұмсалады. Зерттеу еңбектерде айқындалғандай, көркем әдебиет стилінің өзіне тән ерекшеліктері бар. Соның ең бастысы – тіл байлығы, сөздік құрамының молдығы. Авторлық баяндаудың құрылымына қарай, кейіпкерлердің іс-әрекет, болмысына қарай тілдің бар байлығы қолданылады: кәсіби, диалект сөздер, этнографизмдер, қарапайым сөздер мен жаргондар, сирек қолданылатын сөздер, тарихи, көнерген сөздер, окказионализмдер т.т.
Достарыңызбен бөлісу: |