Көркем шығарманы талдау процесінде әдеби теориялық ұғымдарды қалыптастыру.
Оқушыларды көркем әдебиетті оқып-үйренуге баулу, олардың дүниеге көзқарасын, ой өрісін, эстетикалық талғамын, адамгершілік, имандылық қасиеттері мен өнерге, сөз өнеріне деген ынтасын қалыптастыру белгілі мөлшерде әдеби-теориялық ұғымдарды жете меңгертуді қажет етеді. Осыған байланысты оқыту принциптері белгіленіп, жеке әдеби ұғымдарды меңгерту тәсілдері туындайды.
Дидактикалық принциптерге сүйене отырып, көркем мәтіннің ішінен бейнелілікке қатысты нақты бір детальды алып қарастырып, одан әдеби-теориялық ұғымды анықтау сабақ процесінде іске асырылады.
Әр сыныпта әдебиет теориясына байланысты ұғымдар әр түрлі деңгейде оқытылады. Оқушының ортаңғы сыныптарда алған әдеби ұғымдары жоғарғы сыныптарда жеке ақын, жазушы шығармаларының әр түрлі көркемдік қырларымен танысуы арқылы тереңдей түседі. Бағдарламада 8 және 11 – сыныптарда оқу жылының аяғында теориялық ұғымдарды қайталау және жүйеге келтіру үшін арнайы сағаттар да бөлінеді. Мектептегі әдебиет теориясынан берілетін білім көркем шығарма табиғатын танудың басты құралы, кілті болып есептеледі.
Көркем әдебиеттегі шеберлік пен үйлесімді оқушыларға терең таныту шығарманың барлық компоненттеріне теориялық талдау жасауға негізделеді. Онсыз әдебиеттен оқушыларға терең де сапалы білім беру мүмкін емес. Оқушылардың әдеби білімі олардың көркем шығарманы оқи және оған сан қырлы талдау жасай білуінен айқын байқалады. Әрбір зерделі, зейінді оқушы - әдебиетіміздің болашақ мәдени оқырманы. Ондай қабілеті қалыптасқан оқушы әдеби шығармаларға ой жүгірте алады, өзінің талғамын, түйсік – сезімін жеткізе алады, шығарманы жан жүрегімен, зердесімен қабылдайды.
Көркем шығарманы әдеби талдау дегенде біз, әсіресе, оған әдеби-теориялық талдауды назарда ұстаймыз. Ал осы талдаудың әлі де болса құпия сырлары көп. Әсіресе, қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдістемесінде нақты осы мәселе ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Рас, соңғы кездерде әдебиеттану саласындағы біраз еңбектерде шығарманың эстетикалық табиғатын, көркем айшықтарын танытуды мақсат етушілік жиі байқалып жүр. Дегенмен көркем шығармаға әдеби-теориялық талдау жасауға қолғабыс тигізер әдістемелік еңбектер жағы кемшін екендігіне әдебиет сабағында әдеби-теориялық ұғымдарды оқыту барысында анық көз жеткіздік.
Осы мәселе тұрғысында ұтымды пікір білдіріп, күрделі сауалдарға жауап беруге үлкен үлес қосып жүрген белгілі педагог, әдебиетші-ғалым Т. Ақшолақов біз айтып отырған еңбек тапшылығының себебі туралы былайша ой түйеді: «Мәнісі – мұның толып жатқан қыр-сыры, қиындығы бар. Шығарманың қат-қабат ішкі құрылымы, астарлы, бейнелі көркем ойы, образдар жүйесі, жазушының таланты – осының әрқайсысы бір-бірімен байланысты, бірінен бірі туындайтын үлкен жүйе. Ал бейнелер бітіміне тереңдеп енбейінше, шығарманың тұтас дүние екендігін, оның көркемдік ерекшеліктерін, жазушы шеберлігін, шығарманың мағына-мазмұнын толық аша алмаймыз. Бұл тақырыпты зерттеудің күрделілігі де, міне осында» .
Шығармадағы көркемдік элементтерді табу, тану оңай нәрсе емес. Оны табу үшін шығармаға бойлай ену керек. Ең алдымен туындыны ой жүгірте, мән бере оқу керек. Сонда ғана көркем шығармадағы інжу-маржанды табуға болады.
«Әдебиеттен білім беретін мұғалім жер астынан асыл кен іздеген инженер-геологқа пара-пар, немесе адам ағзасынан кінәрат іздеген дәрігерге ұқсас. Міне, мұғалім де солар сияқты шығарманың өн бойынан өзіне қажет інжулерді, шәкірт жанына нұр себер, жақсылық нышандарға жетелер, жан әлеміне ыстық леп берер, алаулаған арпалыс, ашу-кек туғызар штрих-детальдарды іздеуге тиіс. Ал, оны А.Пушкин айтқандай рухани көзбен оқыса ғана мұғалім таба алмақ» .
Көркем шығарманы эстетикалық талғам тұрғысынан терең талдау үшін тек әдебиет теориясын біліп қана қою жеткіліксіз. Ол үшін оған етене жақын басқа да әдебиеттану ғылымының, басқа да ғылымдардың салаларын білу шарт. Әдебиет өнер туындысы болғандықтан шығарманың бүкіл нәрін таныту үшін эстетиканы, лингвистиканы, әдебиеттің тарихын, сынын, психологияны т.б. білу өте қажет. Осының бәрін меңгерген білікті мұғалім ғана оқушыға әдебиеттің негізгі табиғатын ашып бере алады.
Эмоциясыз көркем шығарма жоқ. Эмоция - өнердің жаны. Адамға отты қуат берер, әсер етер де сол. Олай болса, өнерде этика мен эстетика – егіз дүниелер. Оларды бірінен бірін бөліп алып қарау мүмкін емес. Әдеби туындыға талдау жасағанда мұны естен шығармау керек. Жақсылық, ізгілік пен сұлулықты бір бірінен бөліп қарау – бұл өнерге жасалатын қиянат болмақ. Өнерде ол екеуі өріле, тамырласа, тұтаса жаралған.
«Әдебиет сабағына да, әдебиетші ұстазға да қашанда үлкен талап қоятыны белгілі. Әдебиет сабақтары тартымды, мазмұнды, шығармашылық сипатта өтуі үшін ұстаздың ұйымдастырушылық қабілеті, кәсіби даярлығы, әдеби-теориялық мол білімі болуы қажет. Екінші жағынан, бұл талапты оқушыларға да қоятын, міндеттейтін кез әбден жетті деп ойлаймыз» .
Мектеп оқушыларының әдеби-теориялық білімдерін қалыптастыру, тереңдету әдебиет сабағының ең басты мұрат-мақсаттарының бірі деген болатын болсақ, бұған еш талас тумайтыны да шындық.
Көркем шығарманың теориялық компоненттерін меңгеру үшін ең алдымен қажет нәрсе – туындыны оқу, мазмұнымен толық танысу. Шығарманы мән беріп оқымаған жерде оған эстетикалық талдау жасау туралы, әдеби-теориялық ұғым жайлы айту артық. Ендеше шығарманы оқыту - әдеби-теориялық білім берудегі алғашқы қадам. Т.Ақшолақов «Өкінішке орай, біз әдебиетті оқыту процесінде осы мәселеге онша мән бермей келеміз. Оқушының оқулық ізімен, сүрлеуімен берген жауабын місе тұтып жүре береміз. Бұл – көркем шығарманы оқып үйрену емес. ...Әдебиетті оқыту, онан өрісті білім беру деген сөз – шәкіртті шәкіртті шығармаға аналитикалық, эстетикалық талдау жасай білуге үйрету деген сөз. Сонда ғана ол көркем туындыға тереңдей үңіліп, ондағы адамгершілік, эстетикалық проблемалардың байыбына бара алады» дей келіп , оқушы үшін ең алдымен шығарманы сүйіспеншілікпен оқи білудің маңызын ашып көрсетеді.
Қай сыныпта болмасын, әдеби-теориялық ұғымдар көркем шығарма негізінде, онымен тығыз байланыста түсіндіріледі. Мысалы, 5-сыныпта ауыз әдебиеті үлгілерінен «Керқұла атты Кендебай» ертегісі беріледі. Мұғалім ертегіні оқыту үшін, сабақ дайындығы кезінде осы шығармаға байланысты қандай әдеби-теориялық ұғым беру керек, оны бала санасына жеткізудің қандай тиімді жолдары бар деген мәселе төңірегінде ойланып, белгілі бір жоспар құрып алады.
«Керқұла атты Кендебай» ертегісін оқыту барысында оқушыларға мынадай әдеби-теориялық ұғымдар берілуге тиісті:
Фольклор, ауыз әдебиеті жайлы, оның өзіндік ерекшеліктері туралы
қарапайым түсінік.
Эпикалық жанр түрі ертегі , оның қиял-ғажайып түрі жайлы ұғым.
Ертегі оқиғалары, сюжет, эпизод, кейіпкерлері туралы алғашқы ұғым.
Ертегінің басты көркемдік құралдарының бірі - әсірелеу жөнінде түсінік.
Осы әдеби-теориялық ұғымдарды сабақтың қай кезеңінде берген дұрыс деген сұраққа Қ.Бітібаева «Ауыз әдебиеті, ертегі туралы жалпы түсінікті ертегіні бастайтын кіріспе, алғашқы сабақта берген жөн» , дей келіп, бұл ұғымдар қарапайым тілмен, күрделендірілмей, түсінікті, тұжырымды түрде әңгімеленуі керек деген кеңес береді.
Ертегіге талдау жасау әрі қарай балалармен біріге отырып жүзеге асырылады. Яғни, мұғалім ертегінің басты-басты оқиғаларына тоқталып, жоспар жасап, оқиғаларға ат қояды. Ол тапсырмалар былайша орындалады:
оқиға. Кендебайдың тууы, алып болып, тез өсуі.
оқиға. Кендебайдың көкжалды өлтіруі.
оқиға. Еркек құлынды үйге әкеліп, асырауы. Одан Керқұла аттың өсуі.
оқиға. Керқұламен аң аулауы. Халықты асырауы, атының әлемге танылуы.
оқиға. Жетім балаға кездесуі. Жетімнің басынан өткендері.
оқиға. Керқұла атқа тіл бітіп, ақыл беруі.
оқиға. Кендебайдың сапарға аттануы.
оқиға. Оның аралға тап болуы.
оқиға. Хан жарлығы. Екі баласына берген тапсырмасы.
10-оқиға. Күзеттегі оқиға Хан тапсырмасының орындалмауы.
11-оқиға. Кендебайдың алтын құйрықты қолға түсіруі.
12- оқиға. Кендебайдың дәулермен соғысы. Арыстанмен соғысы.
13- оқиға. Құлынды тауып, ханға оралуы, өтініші.
14- оқиға. Ханның жаңа шарты.
15- оқиға. Хан шартын орындап, жетімді де, халқын да бақытқа бөлеуі.
Осы мәселелерді кесте-плакатқа жазып, ертегіні талдауда оны көмекші, әрі көрнекілік ретінде пайдалануға да болады. Енді осы арқылы мұғалім оқушыларға ертегінің белгілі бір оқиға тізбектерінен тұратындығын, оқиға дегеннің не екендігін түсіндіре алады. Ал, төмендегідей сұрақтар қойып, тапсырма орындату арқылы ертегі, оның қиял-ғажайып түрі жайлы оқушы ұғымына қиындық келтірмейтіндей түсінік бере алады:
Балалар, бірінші оқиғаға қараңдаршы, Кендебай қалай өсті?
Кендебайдың алты жасында алып болып өсуі шындыққа сәйкес пе?
Керқұла аттың сөйлеуі қай оқиғада еді?
Биенің алтын құйрықты құлын табуына сенуге бола ма?
Жеті басты дәулер, алып арыстандар бар деп ойлайсыңдар ма?
Бұдан әрі ертегідегі көркем бейненің халық қиялының жемісі екендігін, халықтың арман-тілегінен туындаған оқиғаның негізгі идеялық түйінін, көркемдік шешімін балалармен біріге отырып ашу мұғалімнен шеберлікті, төзім мен үлкен еңбекті қажет ететіні сөзсіз.
Бұл талдауда әдеби-теориялық ұғымдар оқушыны тікелей қатыстырумен, ертегіні талдаумен тығыз бірлікте беріліп отыр. Әдіскер Қ. Бітібаеваның пікірінше бұлайша көркем туындымен бірге, тығыз бірлікте талдау әдеби-теориялық ұғымдарды берудің ең тиімді әдісі болып табылады .
Әдіс - әдіс үшін емес. Сол әдіс бір мақсатқа, бір нысанаға – оқушыны шығарма оқуға ынталандырса, сөз өнерінің құдіретті күшін танытар, шығарма құпиясын танытар әдеби-теориялық ұғымдарды меңгертуге онда ол әдіс ұтымды. Ал ондай болмаған жағдайда, қандай болмасын сол әдістің пайдасы шамалы. Оқыту әдістерінің барлық түйіні мұғалімнің шеберлігінде, өз пәніне оқушыны ынталандыра білуінде. Шығармаға талдау жасауды, теориялық мәселелерді меңгеруді, көркем туындының көркемдік сипатын түсінуді жүзеге асыру оқушының әдебиетке, сол пәнге деген үлкен қызығушылығы, сүйіспеншілігі болған кезде ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Сондай-ақ оқушының сөз өнерін қабылдап, талдауға деген ынтасының негізін қалау мұғалімнің қолында. Олай болатын болса, сабақ тағдыры – мұғалімнің қолында. Оның биік деңгейде болуы – мұғалімнің үздіксіз ізденісі мен шығармашылық қиялына , еңбегіне байланысты.
Бүгінгі күннің жаңа талабы, қажеттілігі болып, әсіресе, әдебиет сабағында тиімді қолдануға болатын сабақ үрдісі ұстаз бен оқушының шығармашылық диалогы, екі жақты белсенділік, біліктілік болып отыр. Бұрынғыдай мұғалім ғана түсіндіріп, оқушы тек мұғалім сұраса ғана жауап беретін, баланың ойлауы мен қабылдауын шектейтін сабақтың ескі үлгісін жаңалау, тың әдістер енгізу уақыт талабы болып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |