Үлкен спорттағы Қызылорда облысы спортшыларының жетістіктері



бет1/2
Дата03.11.2023
өлшемі27,54 Kb.
#121690
  1   2


Үлкен спорттағы Қызылорда облысы спортшыларының жетістіктері

Тәуелсіздіктің 25 жылы басқа да салалармен қатар Сыр спортына серпін беріп, байрақты додаларда ел намысын қорғаған өрендер арасында жерлестеріміздің есімі жарқырай көрінді. Осы жылдар аралығында облыс орталығында дене шынықтыру мен спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін дамытуға, қала спортшыларының спорттық жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне баса көңіл бөлінді.


Ең әуелі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы табыстарымызға тоқталсақ.
1991жылы Сырдың самбошы қызы Жамал Бозова Азия чемпионатының жүлдегері атанды. Боз кілемдегі Бозова келер жылы самбодан өткен әлем чемпионатының күміс жүлдесін мойынға ілді. Талай халықаралық додаларда олжа салған Жамалдың азаттықтың алғашқы жылдарындағы жолы жеңісті болды.
25 жыл ішінде Жанар Дүйсекенова, Махаббат Кемпірбаева, Нұргүл Бозова, Нұргұл Жұматаева, Гүлжазира Махамбетжанова, Жазира Каренеева, Әлия Сұлтанмұратова, Динара Досжанова, Әйгерім Мәденова секілді жас самбошылар әлемдік додаларда Сыр өңірінің мерейін асқақтатты.
Айнұр Қосанова, Алмат Тайбағаров, Қайрат Жалғасбаев, Салтанат Жүсіпбекова,Салтанат Нахшыманова, Дархан Сержанов, Гүләйім Нұрмаханова, Мейрамкүл Құдайбергеновалар Азияда өткен додада олжа салып, жерлестеріне жеңіс сыйлады.
Қазір талай жасқа жол ашқан Жамал Бозова облыстағы белді бапкерлердің бірі. Сыр спортындағы тағы бір үлкен белесті өңірдің ауыр атлетшілері бағындырды. Жалпы Сыр жеріндегі ауыр атлетика тарихына тоқталсақ, өңірде ең алғашқы мектеп 1963 жылы ашылды. Одаққа белгілі спортшылар қалыптастырған Сыр атлеттерінің мектебі сексенінші жылдардың ортасынан бастап тоқырауға ұшырады. Жылдары бірқатар жастар жетекші жаттықтырушылар – Ким Владимир, Верин Вячеслав, Тян Владимир мамандығын ауыстыруға бет бұрды. Білікті жаттықтырушылар басқа салаға кетті. Осы кезеңде облыс ауыр атлетика тізгінін Пак Вилорий Викторивич қолға алды, сонымен қатар Асқар Мендияров, Сихымов Ғалым, Ардақ Абибуллаевтар Қызылорда педагогикалық институтының «дене тәрбиесі» факультетінің түлектері еңбек жолдарын жаттықтырушылықтан бастады.
Пак Вилори Викторивичтің басшылығымен аталған жаттықтырушы ұжымы жұмылып жұмыс жасау әдісімен еңбек етті, жас мамандар қабілетті жасөспірімдерді іріктеу жұмысымен айналысты. Бірер жылдардан кейін жұмыла жасаған жұмыс белгілі нәтижесін берді.
1996 – 2008 жылдары ауыр атлетшілер елімізде топ бпстаушы облыстардың алдына шықты. Тоқсаныншы жылдардың басында Сыр зілтеміршілерінен әлемдік додаға қатысқан алғашқы спортшы Асқар Мендияров еді. 1994 жылы Индонезияда өткен әлем чемпионатында 6 орын иеленген Асқардың табысы Владимир Ким, Вячеслав Верин, Владимир Тян секілді бапкерлерден кейін облыстағы ауыр атлетиканың тізгінін ұстаған Вилорий Пак есімімен тығыз байланысты.
Асқардан кейін Сергей Радионов 1995 жылы ТМД елдері спартакиадасының қола жүлдегері атанды. Оның жолын 1998 жылы Орта Азия ойындарының жеңімпазы болған Олег Шин жалғастырды.
Бұл кезде Сыр атлеттерінің толайым табыстарын жалғайтын тағы бір талантты жас өсіп келе жатыр еді. Қызылодалық Илья Ильин ең алғаш 2003 – 2004 жылдардағы Азия чемпионатында жарқырай көрінді. Осы кезде-ақ аузы дуалы спорт мамандары оның келешегі туралы түрлі болжамдар айта бастаған еді.
Өз болашағы туралы болжамды 2005 жылы әлем чемпионы атанған Илья толық ақтады. Келесі жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының алтын медальін мойнына ілген Сыр Толағайының есімі ең жас әлем чемпионы ретінде «Гиннестің рекордтар» кітабына жазылды.
Қай доданың да бірінші тұғырынан көрінген Ильяның басты жеңісі – Бейжің олимпиадасының алтыны болды. 2008 жыл. Аспан асты елінің астанасы дүбірге толы. Әлемнің әр қиырынан жиналған спортшылар жалауы көтерілген 29 – жазға Олимпиаданың көрігін қыздырып жатыр. Бап пен бақ сыналар дүбірлі доданың оныншы күнінде Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль түсті. Сыр ұланы Илья 94 кг салмақ дәрежесіндегі қоссайыста 406 кг зілтемірді бағындырып, Олимпиада чемпиондығының тұғырына көтерілді. Ел үмітін абыроймен ақтаған Ильяның ауыр салмақты еңсерген сәті әлемнің түкпір- түкпірін аралап кетті. Осы күні күллі қала тұрғындары Орталық алаңға жиналып, ел намысын қорғаған ұланына тілеулестік танытты.
Вилорий Пактай білікті бапкерден тәлім алған Илья 1988 жылы Қызылорда қаласында туған. Алғаш рет ауыр атлетика мектебінің есігін 1994 жылы 6 жасында ашты. Ел спортының жарық жұлдызы 2004 жылы №198 мектепті тәмәмдады.
Дүниені дүбірлеткен олимпиададан кейін Сыр жұрты өз толағай ұлын құшақ жая қарсы алды. Қала мен аудандарда тұңғыш Олимпиада чемпионымен кездесулер өткізілді. Ильяда өзінен кейінгі спорттық жолды таңдаған ізбасарларына лайықты тарту жасады. Қаланың «Южный» мөлтекауданынан өз қаржысына спорт алаңын салдырып, туған шаһарына тарту етті. Қазір чемпион атын иеленген алаң қызылордалық жастардың сүйікті орнына айналды.
Ильямен қатар Қуаныш Рахатов, Роман Русяновский, Жеңіс Алдабергенов, Алмас Өтешов, Александр Зайчиков, Рүстем Сыбай, Дәурен Шәутеев, Әділбек Балхаев сынды Сыр атлеттері әлем және Азия чемпионаттарында топ жарды.
Тәуелсіздік жылдарында Сыр спортының биік белестерді бағындыруына облыс велоспортшылары да үлкен үлес қосты. Сала тарихына тоқталсақ, қалада алғаш рет велоспорт мектебі 1962 жылы ашылған екен. Енді мына сәйкестікті қараңыздар, дәл осы жылы дүниеге келген Марат Сатыбалдиевтің арада 27 жыл өткенде велоспорттан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанып, Сырдың даңқын алысқа жаярын ешкім білген жоқ еді. Әуелі 80 – жылдардың орта шенінде қызылордалық Сергей Капустин әлем жастары арасында топ жарды. Іле- шала Марат КСРО чемпионы, ал 1989 жылы Францияда өткен әлем біріншілігінде жер шарынан жиналған 50 жүйрікті артқа тастап, Әлем чемпионы атанды.
Мараттан кейін Сыр бойы түлектерінің әлемдік додада алтын алқа тақпағанына 16 жыл өткенде әуелі Берік Көпешов Оңтүстік Кореяда өткен аса маңызды халықаралық турнирде озық шықты. Жалпы, сол жылы ол үш бірдей жарыста алдына жан салмады. Содан соң александр Қилыбаев азияның жастар арасындағы жеңімпазы атанды. Ал Руслан Досмайылов сол жарыста күміс медальдың иегері болды.
Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай қайта түлеген велоспорт Сыр өңіріндегі Николай Иванов, Максим Гурев секілді шабандоздардың есімін елге әйгіледі. Сол кезеңдегі ең маңызды оқиғалардың бірі – 1997 – 2003 жылдары, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүлдесі үшін тоғызқұмалақтан ұйымдастырылған жарыс болды. Елбасы жүлдесін сарапқа салған додада ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Гүлнұр Ахметова, Айнұр Жақапбаева, Әсел Дәлиева, ағайынды Елеусіновтер Президент жүлдесін иемденді. Әсел 2009 жылы Азия чемпионы, өткен жылы І – ші Әлем чемпионатының жүлдегері болып Сыр спортының жетістігін еселей түсті.
Қызылордадағы тарихы бай, дәстүрі берік әйелдер гандболы елімізде ғана емес осы спорт түрі дамыған әлемнің кез- келген мемлекетінде мойындалған ұжым.
1974 жылы алғаш рет Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының студенттік «Буревестник» командасының Қазақ ССР-і чемпионатына тапсырыс беріп, қатысуы команда гандбол әлеміне күтпеген жаңалық болды. Сол жылдар алаңда жасындай жарқылдаған қыздар Қызылордада жаңа спорт түрінің дамуына мүмкіндік барын толық дәлелдеп кетті. Бірақ кешегі 80 – жылдардағы тоқырау гандболға да салқынын тигізді. Жиырма жылдық үзілістен кейін 1994 жылы Қызылорда мемлекеттік университеті құрамына кіретін, штатында16 спортшысы және қосалқы құрамында да осыншама спортшысы бар «Сейхун» кәсіптік гандбол командасы құрылды.
Қазіргі таңда «Сейхун – КАМ- КМУ» командасы Қазақстан Республикасының Олимпиадалық командасының базалық құрамы болып табылады.
Команда 2007 жылғы Қазақстан Республикасының 2- ші Спартакиадасының чемпионы, жастар арасындағы 9- шы Азия Чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
2007 жылдың 1- 7 шілде аралығында Алматы қаласының Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында гандболдан 19- дан аспаған жастар арасында Азияның 9- шы чемпионаты өтті. Осы тартыста өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрама командасы жүлделі екінші орын иеленіп, күміс алқа тақты.
«Сейхун – КАМ-КМУ» командасы Қазақстан Республикасының 11 дүркін күміс жүлдегері, 3 дүркін Қазақстан Республикасының чемпионы және Қазақстан құрама командасының сапында 2002 жылдың Азия чемпиондығын, 2002 жылы Оңтүстік Кореяда өткен ХІV- ойындарының күміс жүлдесін, 2006 жылы Катарда өткен ХV- Азия ойындарының күміс жүлдесін иеленсе, 2008 жылы өткен Олимпиада ойындарында Ұлттық құрама сапында «Сейхун – КАМ-КМУ» гандбол клубының 9 ойыншысы өнер көрсеткен.
Түрлі додаларда ел намысын лайықты қорғап жүрген гандболшылар қатарында 20020жылғы Азия Ойындарының күміс жүлдегері, 2007 жылғы әйелдер арасында Азия чемпионатының чемпионы. Ольга Егунова, 2006 жылғы Азия Ойындарының күміс жүлдегерлері Гүлнар Меңдібаева, Евгения Николаева, 2007 жылғы әйелдер арасында Азия чемпионатының чемпионы, жастар арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегерлері Жанат Айтенова, Асем Батырбекова, Гүлзира Ысқақова, Гауһар Қарамергенова және Елена Головановалар бар.
Қысқа уақытта қанатын кеңге жайып, халықаралық додаларда сыналар спортшылар дайындалған тағы бір сала – дзюдо. Ең әуелі 2001 жылғы Азия чемпионатында Нұргүл Тағаева мен Светлана Син күміс медальді мойынға ілді.

Келер жылы Нұргүл мен Ақмарал Молдабекова жастар арасындағы Азия чемпионатында 3- орын тұғырына көтерілді.


Сыр дзюдошыларының табысын 2005 жылғы Азия чемпионаты мен 2006 жылғы Азия Ойындарының қола жүлдегері атанған Елдос Исханғалиев жалғастырды. Осы жылы жастар арасындағы Азия чемпионатында үшінші орын иеленген Ұлан Рысқұл 2009 жылғы Азия чемпионатының қоласына қол созды. 2010 жылы Әлем Кубогінде 3- орын алған Сыр өңірі дзюдошыларының халықаралық жарыстардағы жеңісін еселей түсті.
2006 жылы жастар арасында Азия чемпионатының жеңімпазы атанған Жанар Жанзунова болашағынан мол үміт күттіретін спортшы ретінде танылды. Қатарынан 2 жыл Азиядағы мықтылардың бірі саналған Жанар 2008 жылы Бейжің олимпиадасында бақ сынады. 2010 жылғы Әлем Кубогінің қола жүлдегері атанды.
Азия мен әлемде олжа салған Әйгерім Мәденова, Гүлбану Мұстаяпова және Ғалия Өлментаевалар Сыр дзюдосының қазіргі деңгейін дәлелдеген спортшылар.
Елімізде еркін күрестің өрен жайып, дамуы 1955 жылдан бастау алады. Осы жылдары алғашқы қадамы жасалған Сыр еркін күресінен халықаралық дәрежеде өнер көрсеткен өренде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шыға бастады. 1995 жылы өткен ТМД елдері спартакиадасында жерлесіміз Мұрат Мәмбетов үшінші орын иеленді.
Арада 7 жыл жыл өткенде Жасұлан Мұхтарбеков жастар арасындағы әлем чемпионатының күмісін мойынға ілді. Сыр еркін күресінің көкжиегін көрсеткен Жасұланның бірнеше мәрте республика чемпионы екендігін де айта кеткеніміз жөн. Жасұланнан кейін Дәулет Ниязбеков, Азамат Шағапұлы, Мөлдір Болатбекова, Бекбол Асанханов, Руслан Үсенбекұлы, Шыңғыс Өксікбаев, Салтанат Жүсіпбекова мен Нұржан Өмірбековтер 2009-02010 жылдары өткен Азия чемпионатының жүлдегерлері атанды.
Сыр спортындағы бір іргелі сала – бокс тәуелсіздікпен қатар қарыштап дамыды. 1998 жылы қала тарихында тұңғыш рет бокстан халықаралық турнир өткізілді. «Дәулет» қорының ұйымдастыруымен өткен турнирде жерлесіміз Өміржан Әбдірахманов Уганда елінің боксшысымен шаршы алаңға шықты. Қала тарихындағы тұңғыш турнир жас өскіндерге өріс ашты. Осы жарыста талай балғын спортшы шаршы алаңның құдіретін сезіне түсті.
Алғаш рет қызылордалық Өміржан Әбдірахмановтың 1994 жылғы Азия чемпионатының жүлдегері атануы білікті мамандар назарын Сыр боксына аударды. Келер жылы Өміржан жастар арасындағы Азия чемпионатының алтынын ұтып алды. Іле- шала Малайзия Королінің Кубогы үшін өткен халықаралық жарыстың күміс жүлдегері атанды. Қалалық ішкі істер бөлімінде қызмет жасайтын ол полицейлер арасында өткен Әлем чемпионатының үш дүркін чемпионы (2001ж. Америка, 2007ж. Австралия, 2009ж Канада).
Облыс боксшыларының тегеурінді толқыны қатарында тұратын Самал Бисенов 2002 жылғы жастар арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Араға 2 жыл салып, Нұрбол Мәсенов жастар арасындағы Әлем чемпионатының қоласын, сәл кейіндеу жастар арасындағы Азия чемпиондығын ұтты.
Сырдың балға жұдырықты жігіттерінің қатарында 2006 жылғы жасөспірімдер арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері Асхат Жәнібеков, жасөспірімдер арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Бағдат Уайдаев, 2010 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионы Еркін Дүйсебаевты атауға болады.
Өңірдің тағы бір болашағы Рустам Сваев та Сыр даңқын асқақтатқан талантты спортшы. Ол 2010 жылы Сдуденттер арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2011 жылы республика чемпионы атанды.
Облыс спортының тарихына қарасақ, грек- рим секциясы Қызылордада алғаш рет 1966 жылы ашылып, жұмыс істей бастағанын байқаймыз. Осы күрес түрінен қызылордалық палуандар талай дүбірлі додоларда топ жарды.
Тәуелсіздік жылдарында қайта түлеген күрес түрінен алғашқы жүлдені 1998 жылы Түркия Республикасында өткен Халықаралық жарыстан еншіледік. Осы додада қызылордалық балуан Ермек Көкетов күміс медальды еншіледі. Араға 4 жыл салып Иранда жастар арасында өткен Азия біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Кейіннен біздің балуанға 2005 жылғы әлем чемпионаты мен 2008 жылғы Азия чемпионатының қоласы бұйырды.
Ермектен кейін Рүстем Жүсіпов 2005 жылғы жасөспірімдер арасында Азия чемпионатының күміс жүлдесін алса, 2007 жылы Ғазиз Сералы жасөспірімдер арасында Азия чемпионы атанды. Азия деңгейіндегі додада Самал Нысанбаев пен Ербол Киікбаев сынды өрендеріміз олжа салды.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғында алғаш рет жасыл алаңға шыққан Қызылорданың «Қайсары» әр жылдары «Волна» (1968), «Автомобилист» (1968-1973), «Орбита» (1974-1978), «Мелиоратор» (1979-1989), «Қайсар» (1990-1995), «Қайсар-Мұнай» (1996-1997), «Кайсар-Hurricane» (1997-2000) деген атауларға ие болды.
Сыр намысын абыроймен қорғап жүрген «Қайсар» 1998 жылы жоғары лигадағы 4-орынға табан тіреп, осы жетістігін араға 10 жыл салып тағы қайталады.


Дене шынықтыру және спорт саласы
Жоғарғы білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытында Олимпиада резервін даярлау орталығы, спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі және 21 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері жұмыс жүргізуде. Cпорт мектептерінде 14212 оқушы 30 спорт түрімен шұғылданады.
Жыл басынан, спорт түрлерінен жоғары білікті спортшылар дайындау үшін 213 оқу-жаттығу жиындары өткізіліп, оған 2243 спортшы және 264 халықаралық, республикалық жарыстарға 2317 облыс спортшылары қатысты. 


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет