«М. Шоқай атындағы №26 жалпы орта мекетбі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі



бет3/8
Дата17.10.2022
өлшемі54,35 Kb.
#43703
1   2   3   4   5   6   7   8
Әсет Найманбаев бұрынғы Қарқаралы уезі, Темірші болысы, 8-ауылда (қазіргі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданы) 1867 жылы туған. Руы Арғын, оның ішінде Қаракесектен тарайтын Майлық деп аталатын аз атадан. Әкесі Найманбай кедей шаруа болыпты. Ауыр тұрмыстың айдауымен 1875 жылы Семей қаласына көшіп келген. Кейіннен қала тұрмысына тұрақтала алмай Мақаншы ауданындағы Бақты ауылына көшіп барады. Осында Әсетті медресеге оқуға береді. Он бір жасында бірінші рет мектеп есігін ашқан зерделі бала төрт-бес жылда медресенің білімін жақсы меңгеріп алады. Медреседе жүргенде-ақ ақындық таланты ашыла бастайды. Жасы ұлғайған шағындағы бір өлеңінде ақындық өнер сапарының он үш жасында басталғанын айтады:
Елуден жасым менің белең асқан, Өлеңге он үш жастан араласқам. Қызыл тіл қимылдаса қызуымен, Текпінді терең сөзден жаза баспан…-дейді ақын
Әсеттің алғашқы ақындық қаламындағы айтатын, жазатын өлеңдерінің тақырыбы көбінесе жастық, махаббат туралы және суырып салма айтыс өлеңдер болды.
Әсет – ақындық өнерді өзгеше жоғары бағалап, табиғаттың тартқан ерекше қасиетті сыйы деп біліп, ардақтаған адам. Ақындық өнерін халқына арнаған Әсетті туған елі қадірлеп, құрметтеген.
Үйрек пен қаздай қалқып жүрмін жүзіп, Көп елде – көл жұртымда қыдыр шалған- дейді ақын.
Әсеттің ақындығы ең алдымен айтыс өнерінде танылады. «Айтыс – майдан, айтысқан ақындар майданының жекпе-жектегі батыры»- деп М.Әуезов айтқандай Әсет ақын да осы жекпе-жектен жеңіп шыққандардың бірі. Әсеттің алғашқы түскен ең үлкен айтысы – Рысжан қызбен айтысы.
Абайдың алдын көріп, ұлы ұстаз ақыннан ақындық, әншілік өнер жолында үлкен тағылым алған талантты шәкірттердің бірі – Әсет.
Қазақ даласын әнмен тербеген Әсеттің өзі өмір кешкен тұста – халқының ақберен ақыны ретінде танылғаны анық еді. Айтыс бәйгесіне түсіп жүлде алып, елге атағы шыға бастаған жалынды, албырт жас ақын, асқақ әнші Әсет ұлы ақынның, кемеңгер ақынның алдына келгенде 20 жаста болатын. Абай ауылы қазақ сахарасындағы өнер-білімнің, мәдениеттің өнегелі ордасындай еді. Сол кездегі Абайдың қасында ұдайы болған адамдары: Шаһкерім, Көкбай, Ақылбай, Мағауия, Тұрағүл, Кәкітай, Ахметбектер тобына Мұқа, Әсет келіп қосылған екен.
Әсет – Абай ағасының алдында мол тағылым алып, үлгі алады, Пушкин шығармаларымен танысады. Әсеттің «Евгений Онегин» романының оқиғасын алып, еркін аударма жасауы Абай әсері екені сөзсіз.
1960-жылы елімізде басылған «Дастандар» жинағында зерттеуші Ханғали Сүйіншәлиев: «Пушкин орыс мәдениетінде романтикалық мектеп жасаған болса, Абай да айналасына тілектес шәкірттерін жинап, Ақылбай, Кәкітай, Мағауия, Көкбай, Уәйіс, Әріп, Әсет т.б. ақындарды тәрбиелеп шығарды. Бұл жастар Абай бастаған романтикалық поэзия жанрын ілгерлетті, көлемді, шытрман оқиғалы поэмалар жазды. Қазақ әдебиетінде бұрын болмаған жаңа поэмалар тобын туғызды» - деп жазды. Әсеттің ақындық, әншілік, композиторлық өнер талабын көрген Абай 1889 жылы өзінің «Әсетке» деген өлеңінде:
Біреуден біреу артылса,
Өнері өлшеніп тартылса.
Оқыған, білген, білген-ақ
Надан, надан-ақ сан қылса.
.............................................
Кісіде бар болса талап,
Отырмас ол бой балап;
Жүрер, әр қайдан ізденер,
Алар өзі сүйгенін қалап – 
деп арнау жазып өнер иесінің келешегіне жөн сілтейді
Көкбай — Абайдың ең талантты ақын шәкірттерінің бірі. 
...Абай қалаға келген сайын Көкбай сияқты оқып жүрген жастарды жинап, қалай оқып жүргендерін сұрап, біліп, ақыл-кеңес берумен қатар, өздеріне де ән салғызып, өлең айтқызып, олардың өнер, талаптарын мадақтап, көңілді, мағыналы мәжіліс жасап отыратын болған. Ол жастардың кейбіреулерін оқуға түсірген де Абайдың өзі еді. Көкбайдың «Семейге Абай келсе, бізде думан» дейтіні де осы болатын.
Оқуын аяқтап, елге қайтып келген соң, үнемі Абайдың жанында болады. Абай өзі жазған өлеңдерін бірнеше жыл бойы Көкбай атынан таратады. Көкбайдың аты Абай өлеңі арқылы 1889 жылы, тіпті, баспасөз жүзінде мәлім бола бастаған. 1889 жылы «Дала уалаяты» газетінде Абайдың «Жаз» атты белгілі өлеңі Көкбайдың атынан жарияланған. Өлеңнің басында былай деп түсінік берілген: «Семей уезі Шыңғыс елінің қазағы Ибраһим Құнанбай ауылының Бақанас өзенінде, Көпбейіт деген жерге қонып жатқандағы түрі. Кісіден үйреніп жаздым: Көкбай Жанатайұлы».
Абайдың Көкбаймен достығы – Абайдай данышпан ақынның Көкбайдай талантты танып табысқан достық еді. Көкбайға ақындық өнерді ардақтауды үйреткен, «ақын» атын ешбір байлық, мансап, жалған атақ, жартымсыз қызыққа айырбастамауға үйретіп, танытқан Абай еді. Көкбайдың табиғи талантын тәрбиелеп, түзу жолға бағыттаған Абай болды.
Көкбай өзінің естелігінде, Абаймен ең алғашқы рет жақындасып кетуін былай баяндайды:
«Ел ішінің ақы алысып, ақы берісіп жатқан сиезі еді. Мұны өткізуге Семейден Лосовский деген ояз келіп еді. Сол бір ісімді жақтырмай, мені ел кісілерінің ортасында тұрғанымда, стражниктерін (атарман) жіберіп жазаламақшы болды. Әлгілер ерікке қоймай, әкетіп бара жатқан соң, қасымда еріп жүретін өлеңші жігіттерім бар еді, солардың біреуінен Абайға бір ауыз өлеңмен сәлем айтып жібердім. Ол кезде ән салып, өлең айтатұғым, қасымдағы жолдастарым да сондайды әдет қылатын.
Оязға әкелген соң, Абай да келді де: «Жазығы не?» деп істің жөнін сұрады. Содан кейін Лосовский: «Бұған біреу басшылық етіп, тәрбиесіне алмаса, мына елдің ортасында арызқой, пәлеқұмар болып, бұзылғалы жүрген адам. Сен тәрбиеге алып, міндетті болып, түзетемін десең, берем. Әйтпесе жазаға ұшырайтын ісі бар», — деді.
Абай маған кепіл болып алып шықты. Осыдан кейін Абайдың жолдасы болдым. Жолдастығым 25 жылға созылды.
«...Қыс болсын, жаз болсын Абай ел араласа, қасында жүріп, ауылына келсе, үйінде бірге жатып, айырылыспайтын болдық. Абайдың қасында ай жүріп, ай жарым жүріп келіп, бір әредік толас болғанда ғана өз үйіме бір жұма, көп болса, он күнге рұхсат алып келіп, артынан қайта барамын», – дейді Көкбай.
1880 жылдардан бастап 1904 жылға дейін Абай көрген өмір талқысына, күйініш-сүйініш сияқты Абай басынан кешкен түрлі халдерге жанашыр жақын, адал дос ретінде Көкбай да түгелдей ортақ болады.
Сөйтіп, 1880 жылдан бастап Абай өлген күнге дейін екі достың тағдыры тығыз байланысты болған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет