Орфографиялық сөздік – әдеби тіл нормаларының басты көрсеткіші. Осы себепті биылғы жылы әзірленетін Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің кезекті басылымының маңыздылығы мен өзектілігі бар. Бұл, ең алдымен Сөздіктің латын графикалы әліпбиге негізделетініне байланысты. Сөздік сонымен қатар салалық, орта білім беру жүйесіне бағытталған сөздіктер мен анықтағыштарды, өзге де аспектілік-терминологиялық сөздіктерді түзуде, сондай-ақ оқу-ағарту, ғылыми әдебиетті жасауда басшылыққа алынатын басты нормативтік құрал ретінде ұсынылады.
Орфографиялық сөздіктің жаңа нұсқасын түзуге Тіл білімі институтының орфография, фонетика және фонология, лексикология және лексикография, тіл тарихы және морфология, қолданбалы лингвистика салалары бойынша білікті мамандары қатыстырылған. Мамандар тарапынан Сөздіктің нұсқаулығы жасалды; орфографиялық сөздіктің өзіндік ерекшеліктерін танытатын, әрі сөздікке түзілетін тілдік бірліктердің жүйесін біріздендіру мүддесінде лексикографиялық межелер айқындалды.
Сөздіктің сөзтізбесіне енгізілетін тілдік бірліктер үшін алдымен қолданыс межесі нақтыланды. Бұл үшін негізге алынған 2013 жылғы Орфографиялық сөздіктің сөзтізбе құрамы Қазақ тілі түсіндірме сөздігінің соңғы басылымының материалдарымен салыстырылды; «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» (бес томдық) энциклопедиясының, 30 томдық екітілді терминологиялық сөздіктің материалдары іріктелді; қазіргі жазба коммуникациядағы тілдік бірліктердің орфограммасына назар аударылды. Осының нәтижесінде: а) негізге алынған дереккөздерде кем дегенде үш рет қолданылған; ә) классик жазушылардың шығармаларынан алынған; б) әдеби норма талаптарын қадағалайтын мерзімді баспасөз үлгілерінен, ғылыми, ресми-іскери стилдер фактілері сараптаудан өтіп, іріктелді.
Қажет болған жағдайларда 1988 жылғы сөздіктің құрылым-жүйесімен және «Жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігіндегі» (Алматы, 2016) статистикалық мәліметтермен салыстырылды.
Нормативтік меже айрықша қадағаланды.
Емле сөздігінің нормативтік межесі тілдің лексика, фонетика, морфология, сөзжасам салаларымен тығыз байланысты.
Емле сөздігінде әдеби тілдегі сөздердің фонетикалық ерекшеліктері, бірге және бөлек жазылатын сөздер, емлесі қиындық тудыратын тілдік бірліктер, варианттар, синонимдік қатарлар, паронимдер, грамматикалық және сөзжасам түрленімдері норма ретінде бекітіліп ұсынылады. Осыған байланысты тілдің дыбыстық жүйесінің, түбір сөздердің, бірге және бөлек жазылатын сөздердің, қос сөздер мен кірме сөздердің, онимдер мен топонимдердің, күрделі атаулардың емлесіне қатысты осы салалардың мамандары ғылыми негіздемелерді анықтады. Мәселен, тіл дамуының соңғы жылдарында сөз біріктіру амалы қарқынды сипат алған. Мамандар 12 мыңға жуық біріккен және бөлек жазылатын сөздердің ғылыми негіздерін дәлелдеді, сөйтіп, олардың орфограммасының – дұрыс жазылуының моделдері Сөздікке енгізілді. Сөз ретінде айта кетелік, қазір біздің елімізде ауыл шаруашылығына қатысты құрал-жабдықтардың 57 түрі шығарылады екен. Астық орғыш / астықорғыш, жинағыш-шөмелегіш, сабан жинағыш, дән тазартқыш, кептіргіш, астық тиегіш // сабанжинағыш, дәнтазартқыш, астықтиегіш, қарық жасағыш, жапырақжинағыш сілкуіш, мая салғыш / маясалғыш сияқты әртүрлі орфограммалар сөздіктердің басқа түрлерінде, жазба нұсқаларда кездесіп қалады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының идея-бастамасымен биылғы жылдан бастап орта білім беру жүйесіне «Кәсіпкерлік негіздері» атты элективті курс енгізіле бастады. Кәсіпкерлікке, шағын бизнеске, ауыл шаруашылығына қатысты тілдік бірліктер емлесінің басты орфографиялық құралда бірізденуі әрі қарай салалық, мектептерге арналған сөздіктерге сүйеніш болады.
Сол сияқты қазіргі жазба коммуникацияда дефис арқылы жазылатын сөздердің (немесе дефис қойылмай бөлек жазылатын сөздердің) қатары анағұрлым көбейе түскен. Қазақ тілінің төл сөздерінің дефис арқылы ( немесе бөлек, яки бірге) жазылатындарының сан түрлі екендігін айтпағанның өзінде, мәдениетаралық коммуникация ықпалымен тұрпаты да, құрылымы да сөзбе-сөз қайталанған обер-мастер, лейб-медик, штаб-пәтер, вице-президент, экс-чемпион, веб-интерфейс типтестердің түгелдей дерлік үлгілері жинақталып, емлесі реттелді. Бұл ретте осы сала зерттеушілерінің еңбегі мол.
Орфографиялық сөздік сирек қолданыстағы сөздердің, көнерген сөздердің, жаңа сөздердің, ғылым мен техника атауларының, басқа да актуалданған тілдік бірліктердің емлесін көрсете отырып, ақпарат көзі болып саналады. Бұл ақпараттық-стилдік меже арқылы анықталады. Осындай негізгі принцип-межелердің нақтылануы арқылы Орфографиялық сөздіктің жаңа нұсқасына нормаланған, қалыптанған, кең қолданыстағы қазақ әдеби тілінің лексикасы, қазіргі көркем әдебиетте, мерзімді баспасөзде, ресми-іскери стилде, ғылым тілінде қолданыла бастаған, нормалануға бейімделе түскен жергілікті тіл ерекшеліктері мен кәсіби лексика, ғылым тілі мен практикалық қызметке қатысты арнаулы терминология, әсіресе оқу-ағарту, нарық, бизнес, кәсіпкерлік, банк ісі, ақпараттық технология терминдері, жаңа сөздер, қазіргі қоғам өмірінде актуалды сипатқа ие діни лексика енгізілді.
1988 жылғы сөздіктің Алғы сөзінде академик Рәбиға Сыздық сөзтізбенің, негізгі реестр мен ішкі реестрдің құрамы мен құрылымын әрдайым сұрыптап, жүйелеп отырудың маңызды екендігін атаған болатын. Емле сөздігі, жоғарыдағы межелерді жинақтай келе, қайталап айтсақ, тілдің байлығын танытатын, әр алуан стильдік қабаттағы сөздердің қолданылу ерекшеліктерін, сирек қолданыстағы, көнерген сөздерді, тілге енген жаңа сөздерді ұсынып, нормалануын белгілейтін, бір жағынан, консервативті, екіншіден, динамикалық ортологиялық құрал. Осы себепті көптеген тілдерде емле сөздігі өзгертулер мен толықтырулар арқылы жиі жарық көреді.
Биылғы жылы әзірленіп жатқан Орфографиялық сөздікті жаңарту, сұрыптау, жүйелеу бойынша жүргізілген жұмыстардың негізгілерін атап өтеміз.