О19 Обручев Владимир



Pdf көрінісі
бет11/20
Дата29.01.2017
өлшемі6,9 Mb.
#2981
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   20

АҢДЫҒАН АЛМАЙ ҚОЙМАЙДЫ
Жиһангездер бір аптадан артық өз жертөлесінде болды,
вампуларға  барып  қайтқаннан  кейін  біраз  тынығып,
онкилондардың тілін үйренуді ойлады, онысы келіншектермен
әзіл-қалжың айтысып отыратын оларға қиын да түскен жоқ.
Алаулаған от басында аузына темекі салып не қолына бір
шыны шай алып, ойнап-күліп отырып-ақ әйелдерге орысша
үйретіп, аптаның аяғына қарай олар бірін-бірі тәп-тәуір түсінетін
дәрежеге жетті. Көршіден шыққан күлкіге кейде Амнундак
жетіп  келеді,  оны  көргенде  әйелдер  әдеп  сақтайды,  ал
жиһангездер де беделін түсірмеуге тырысады.
Маусымның  басы  болып  қалған,  күн  көкжиектен  көп
аумайды, бірақ түн ортасына қарай ойпаттың теріскей қиырына

170
еңкейіп, екі сағаттай аппақ бұлт я буалдыр тұман пердесіне
кіріп кетіп, ымырт үйіріледі. Әдетте жиһангездер бұл мезгілде
ұйқы құшағында жататын, бірде жертөледен шыққан Горюнов
осы құбылыстың үстінен түсіп, жолдастарын шақырды.
Әйелдерден  сұрап  білсе,  бұл  ылғи  осылай  боп  тұрады
екен, сол төңіректен «сорпа  пісіп жатқан ыдыстан немесе
құманнан  шығып  жатқандай  жерден  бұрқылдап  бір  бу
шығады»  деді  олар.  Әрине,  бұл  жиһангездерді  қатты
қызықтырып, олар қайткенмен де вампулардың жеріне өтіп,
мұның сырын анықтауға асықты.
Бірақ алдымен базаға барып, Никифоровтың халін білу
керек.  Жертөледе  қалған  Аннуэннен  басқасы  бұл  сапарға
түгел қатысты. Жападан-жалғыз жатса да Никифоров зеріккен
жоқ  екен,  иттерді  ашықтырмай,  күтумен  қатар  ол  қысқа
отын-су дайындап, ашық күндері ұзынша етіп осып, арқанға
тізіп ет қақтаумен уақыт оздырған. Алайда ол еті түскірді
күндіз бос қоя беретін иттерден ғана емес, жыртқыш құстардан
да қорғауға тура келген. Ермек іздеген казак жаюлы етке
тарпа бассалған тентек құстарды атып та түсіріп, итке азық
болар деп арқанға іліп қойыпты. Күртік әжептәуір шөгіп, беті
мұз  болып  қалыпты,  сондықтан  жоғары  көтерілу  үшін
балтамен шауып, баспалдақ жасау керек екен. Казак оған да
ерінбей,  баспалдақ  жасап  ап  ауық-ауық  жотаға  шығып,
теңіздің жағдайын қарайтын көрінеді. Жиһангездер Санников
жерінде өткізген бір айдың ішінде теңіз қатты өзгерген: ашық
су айдыны көсіліп, бермен кеп қалыпты. Қазір ол тіпті жақсы
көрінеді.  Тек  тұман  жиі,  кейбір  желді  ашық  күндері  ол
айықса-ақ, көз ұшында көкжиектен Қазандық аралы көрінеді,
бірақ онда әлі қар жатса керек, алашабыр тұсы әредік қана
көзге түседі.
Өздері өмір сүріп жатқан жерінің шалғай шетін көрмеген
әйелдер жоғарыға шығып, қар мен мұз ғана жамылып көсіліп
жатқан шалқар жазыққа көзі түсіп, шошып қалды. Шеті де,

171
шегі де жоқ осынау қу медиен құла түзде жылдың басым
бөлігін қар ортасында еткізетін ақ адамдарды аяп та кетті.
–  Е,  сендер  сондығынан  да  аппақ  екенсіндер  ғой,  –
олар.
– Қалай, Аннуир, сіздің жерден кетерде менімен түсіп,
бірге еріп барасың ба? – деп сұрады Ордин. Аннуир басын
қайта-қайта шайқады.
– Жоқ, о жақта тым суық, қар мен мұздан басқа түк
жоқ. Қарашы, бізде жаз, жылы, анда – қыс.
– Онда мен сенсіз кетемін де, жесір қаласың ғой.
–  Жоқ,  сен  де  кетпейсің!  Сендердің  бәрің  де  бізбен
қаласыңдар, Амнундактың айтуы осылай. Өздерің уәде де
беріпсіңдер...
Жоғарыда олар ұзақ болған жоқ: мұзды алқаптан соққан
өткір жел жеңіл киінген келіншектерге сұп-суық болып көрінді.
Сондықтан олар төмен түсіп, от басына жайғасқанда қуанып
кетті. Сол оттың айналасында олар түнеп те шықты. Қырлы
өңірге  осы  саяхаты  үшін  келіншектер  сыйлыққа  айна  мен
моншақ  алды.  Жиһангездер  және  оны  базада  қалған
қазынасынан әрең іздеп тапты.
Осы  жолы  олар  Амнундактың  тұрағына  барғанда
онкилондарға  сыйға  тарту  үшін  жоғарыдағыдай  айна  мен
ине, жалтырақ түйме, жылтыр лента, жез сақина, жасанды
тас  қондырған  сырға,  көсемнің  бәйбішесіне  деп  маржан
моншақ сияқтылардың бәрін алды, олары, әрине, әйелдердің
есін  шығаруға  тиіс.  Ерлерді  де  риза  етіп,  Амнундакты
вампулар жеріне тереңдеп сүңгіп саяхат жасауға сенімді жасақ
қосып беруге желпінтсін деп бірнеше пышақ, балта, қол ара
сияқты құрал-саймандарды қоса ала келді.
Тұраққа келіп тағы да үш күн тұрған соң, ұзақ сөйлесіп
Амнундакты  ойпаттың  терістік  бөлігіне  саяхат  жасауға
көндірді.
– Сендердің жасындарың құсты да, аңды да, адамды
да жайрата алғанымен, вампулар – асқан айлакер, – деп

172
ескертті  ол,  –  торуыл  жасап  та,  тұман  жамылып  та
тұтқиылдан  тарпа  бас  салуы  мүмкін.  Сондықтан  мен
сендердің  ұйқыңды  да,  мүлкіңді  де  күзететін,  жолдың
қауіпсіздігін барлайтын маңдайалды он екі жас жауынгер
беремін.
Ертеңіне  жақсы жарақтанған  он  жеті адамнан  тұратын
жасақ жолға шықты. Аннуир Ординнен өзін ерте жүруді
өтініп, онкилондардың мазағына, әйелдердің қорқытқанына
қарамастан найза, садақпен қаруланып алды. Оның жаңа
жерлер көргісі келді, ал Ордин өзін ынтыға сүйген, өзіне де
өте ұнайтын әйелді түбінде құрлыққа бірге ала кету үшін осы
бастан саяхатқа үйрете беруді ойлады.
Алғашқы күні олар вампулар талқандап кеткен тұраққа
жетіп тоқтады. Жертөле қалпына келіп, өмір өз арнасына
түсіпті: әйелдер шаруамен күйбеңдеп, балалар асыр салып
ойнап  жүр,  тек  вампулар  бірін  қалдырмай  жайратып
кеткендіктен кемпір-шалдар көзге түспейді. Осында түнеп
шығып,  жиһангездер  әрі  терістікке  қарай  тартты.  Көлді
алқаптар ормандармен алмасып, барған сайын ағаш сиреп,
жабайы  жануарлар  аз  ұшырасуға  айналды. Қоналқаға  бір
алаңқайдағы көл жағасына тоқтады. Көлдін ортасы әрбір он
минут сайын көпірши көтеріліп, бұрқылдап басылып тұрды.
Суының  жылылығына  қызығып  кеткен  жиһангездердің
жақсылап бір шомылып алғысы келді. От тұтатып, кешкі
асқа басқалар ет турағанша олар қосыннан сәл ұзап, шапшаң
шешінді де суға қойып кетті. Су сылдырына жалт қараған
жауынгерлер  үрейлене  атып  тұрды.  Ғұмыры  жуынбайтын
монғолдар сияқты судан жиіркенбегенімен, судың суықтығына
орай оған көп жуымайтын Солтүстіктің басқа халықтарындай
бұлар да көлге шомылудың не екенін білмейтін-ді. Сондықтан
олар өзіне сеніп тапсырылған ақ сиқыршылар балыққа, болмаса
итбалықка айналып, онкилондар жерінен кетіп қалғалы жүр
деп ойлады.

173
–  Анну,  анаған  қара,  сенің  күйеуің  мен  басқа  да
сиқыршылар қазір ғайып болады – олар көлге кірді, – деп
айғайлады біреу.
Ас әзірлеп жатқан Аннуир атып тұрып, жағаға жүгірді,
күллі  онкилондар  соның  соңынан  ерді.  Жиһангездер  тек
бастары ғана қылтиып, суда жүзіп те жүрген-ді.
– Міне, олар итбалыққа да айналып үлгерген. Қараңдаршы,
әне, қараңдаршы! – деп айғайлады жағаға жиналғандар.
Азын-аулақ бірдеңе біліп,  ептеп мәдениеттене бастаған
Аннуир алғаш үрейленіп қалғанымен, Ординнің жүзін танып
көңілі тынып, онкилондарды енді келекелеуге кірісті. Кейін
қыз  жерлестерінің  тағы  да  таңырқауына  тура  келді.
Жиһангездер жағаға шыққан соң үсті-басына қардай аппақ
бірдеңе жағып, денесін ысқылай бастағанда сабын туралы
түсінігі жоқ онкилондар айран-асыр болды.
– Мынаны қара, бұл сиқырлардың үстінде су қатып мұзға
айналады екен! – деді олар бір-біріне.
Сабын қолдануды біліп алған Аннуир оларға істің мән-
жайын тағы да түсіндірді. Алайда олар ақ адамдар киініп от
басына оралғанда ғана басылды, сонда да өзгеріс ештеңелері
жоқ па екен деп ұрлана қарап қояды.
Жұрт кешкі асқа отырғанда сабын алып шомылып келгелі
Аннуир да қосыннан аулақ жүгіріп кетті. Малту білмегендіктен
әріге  бармай,  көлдің  шетіне  таман  жуынды.  Келген  соң
жауынгерлер енді оны келеке ете бастады.
– Күйеуіңдей ақ болам деп, қармен ысқыланып шықтың
ба!?  Апырай,  суға  қалайша  қорықпай  түстің  ә,  су  перісі
аяғыңнан  тартып,  тереңге  батырып  әкетеді  деп  те
ойламағаның-ау! Бірақ қанша әлектенгеніңмен баяғы қап-қара
қалпыңда қалыпсың ғой, – деп қалжыңдады тайпаластары.
–  Суға  түскенде  сондай  қорықтым,  қашан  шыққанша
бәзбіреу аяғымнан тартып, әне-міне ала жөнелетіндей көрінді
де  тұрды,  –  деп  артынан  Ординге  Аннуирдің  өзі  де
мойындады.  Онкилондардың  бәрі  сияқты  ол  да  суда,

174
орманда, үңгірде жын-пері жүреді, жел мен тұманның да өз
иесі бар дегенге сенетін. Тек тәуір дегеннің бәріне еліктеу
сезімі ғана оны суға түсірген-ді.
– Келесі жолы көлге сенімен бірге барамын. Сен алдымен
суда итбалық сияқты қалай жүзуді үйретесің маған, – деді
ол Ординге.
Қоналқа  кезінде  шала  мүжілген  сүйек  пен  туралған  ет
тастайтын онкилондарға үйреніп алған Крот пен Белуханы
жанына ап екі жауынгер күзетке тұрды. Жауынгерлер иттің
абай  үшін  жақсы  екенін  бағалап,  осылай  қарай  ауғанда
бабаларының бұл мақұлықтардың бірнешеуін ерте келмегеніне
өкініш те білдіре бастаған-ды.
– Осылар қасқырды ұстап алып, қолға неге үйретпейді
екен? – деп сұрады бірде Горохов.
–  Қасқыр  ешқашан  да  қолға  үйренбейді,  –  деді  оған
Горюнов. – Қаншық қасқырды ұстап алып итпен ұйықтыруға
болар еді. Ал, өкінішке орай, біздің иттердің арасында бірде-
бір қаншық жоқ екен ғой.
Бұл  ұсынысқа  онкилондар  күмәндана  қарады,  алайда
қасқыр ұстау онша қиын емес дегенді айтты.
Терістік бағыттағы жолға тағы бір күн кетті. Орман барған
сайын сиреп, шөптің шүйгіндігі кеміп, өгіздер мен жылқылар
оқта-текте  ғана  ұшырасып,  көзге  түскендері  аса  сақтық
байқатып,  маңына  жолатпады,  Шамасы,  вампулар  әбден
зәрезап  қып, адамға  деген  сенімнен  айырса  керек.  Оның
есесіне вампулардың найзасы мен шоқпарына былқ етпей,
қайта үрейлерін ұшыратын мүйізтұмсықтар жиі кездесті.
Екінді  кезінде  енді  бір  алаңқайға  шыққалы  тұрғанда
иттермен алға кеткен барлаушылар вампулар жүр деп жасақты
тоқтатты. Бауырдағы бұталарды тасалап, жасақ жан-жақты
шолды.
Алаңқайда  жайылып  бірнеше  өгіз  жатыр,  біреуі  күйіс
қайырып оқшауырақ тұр. Тұп-тура соны бетке ап, арт жағынан
бес-алты вампу еңбектеп келеді.

175
Өгізге  жиырма  қадамдай  еңбектеп  жақын  келген
вампулардың  алдыңғысы  лып  етіп  көтеріліп,  екі  найзаны
бірінен соң бірін лақтырып үлгірді, қалғандары найзаларын
кезеп шанышқалы өгіздің екі бүйірінен кеп тиді. Найзаның
бірі сауырына қадалып етінен өткен өгіз әрі шошып кетіп, әрі
ауырсынып өкіріп жіберді де, дұшпандарын байқап қап, басын
тұқыртып шаңырақ мүйізімен жайқай тұра ұмтылды, вампулар
жалт беріп үлгерді де, жүгірген бетімен өте шыққан жануарға
бүйірінен тағы да екі сүңгі қадады. Бірақ тас сүңгі қалың
теріге терең бойлай қоймаса керек, табан аузында найза түсіп
қалды. Құтырынып кеткен бұқа жалт бұрылды да, күтпеген
жерден  бір аңшыны  мүйізімен іліп  ап  едәуір биікке  атып
жіберді, алайда басқа вампулар өгізге үсті-үстіне найза атып,
жаралыдан назарын аудара берді.
Шабуыл  жан-жағынан  болғанын  байқаған  жануар
табындастары сияқты басқа төнген пәледен қашып құтылуды
жөн тапты, білем, алаңқайды басып тұра-ақ тартты. Соңынан
тұра қуған вампулар қанша желаяқ болғандарымен де ілесе
алмай  қалды.  Лақтырған  бірнеше  найза  бар  пәрменімен
өңкілдей шапқан өгізге тіпті әсер де еткен жок.
– Олжаның сәті түспеді оларға! – деді Горюнов. – Енді
олардың көз алдында өгізді атып түсірейік, әрине, өзіміз
үшін.
Өгіз бұлардан екі жүз қадамдай жерде шапқылап барады,
артында отыз қадам шамасында төрт вампу келеді, бесіншісі
құлаған жерінде жатыр. Кеудесін алға төсеп, дудар шашы
желмен желпілдеп қарыштай жүгірген вампулардың қолында
бір-бір найзадан ғана қалған.
Олар өгіз қансырап, әлі құриды, сонда қуып жетеміз деп
ойласа керек. Кенет шауып келе жатқан өгіз мұрттай ұшты.
Қуудың қызығына түсіп байқамады ма, әлде мылтық үнін
есітпеді ме, вампулар, әйтеуір, не болғанын түсінген жоқ.
Қуаныштан қиқу салып, құлаған өгізді қоршап ап, кәдімгі
жеңіс биіне кірісті өздерінің.

176
– Зәресін алмай болмас бұлардың! – деді Ордин. –
Әйтпесе еттен құрамай қабамыз.
–  Иә,  жалпы  теріскейге  қарай  жолымызды  аршып
алуымыз керек, зытсын бұлар өз үңгірлеріне.
Горохов мылтығын көтеріп, гүрс еткізді. Вампулар әуелі
орнында тас боп тұрып қалды да, ізінше зәресі ұшып зар
илеп, кері  тұра қашты, өгіз  сүзген жаралысы  да орнынан
сүйретіле тұрып солардың соңынан ақсаңдап тартты. Алаңқайға
ата шыққан онкилондар вампуларға мылтық даусымен үндесіп
жетсін деп әскери ұранын шақыра ұмтылды.
– Осы арада түнейміз! – деп шешті Горюнов. Ет бар,
енді келуге вампулар батпайды.
Онкилондар  өгізді  сойып,  жіліктегенше  жиһангездер
алаңқайдың ортасынан көлшік, дәлірек айтқанда ешқайдан
келіп құятын жалғасы жоқ тоған тауып алды, жаға жарының
тіктігіне қарағанда өзі терең де тәрізді. Қоналқаға олар соның
маңына орналасты, қарақұс пен қасқырға жем болсын деп
қалған етті бой-бой етіп тіліп, далаға тастады. От алаулай
жанып,  бәрі  де  ас  қамдаумен  айналысып  кетті.  Ордин
котелогін алып  көлге барды,  су тым  төмен болғандықтан
оны көсіп алу үшін жерге етпеттеп жатуға тура келді. Ол
еңкейіп қолын соза беріп еді, су қарсы көтерілгендей болып,
котелокті  кейін  асыра  берді.  Көтерген  котелоктің  магниті
тартқандай су да жоғарылап келеді.
Су көтеріле-көтеріле ақыры кемерге толып жағамен теңесті.
– Көлдің суы көтеріліп кетті! – деп дауыстап жіберді
атып тұрған Ордин.
Бұл дауысқа жүгіріп жағаға келген жұрттың бәрі кемеріне
толған көлге қайран қала қарады.
 – Заттарды буып-түйіп, бұл арадан аулақ кету керек, –
деген ұсыныс айтты Костяков.
Онкилондар өзара күбірлесіп, бәзбір құбыжықтың басы
көлден қылт еткелі тұрғандай суға соқыр үреймен үрке қарады.
Аннуирдің  жүзіне  үрей  мен  күлкі  алма-кезек  қонақтады,

177
алғаш қорыққанмен Ординге қарап жымиып тұрғанын көріп
ол да ыржиды. Оны ақ адамдар бәрін де біледі, қолынан
келмейтіні  жоқ  және  оның  үстіне  ештеңеден  қорықпайды
деген  ой  әбден  баурап  алған.  Онкилондар  қашуға  бел
байлағанша,  көлдің  суы  бірте-бірте  тартылып,  алғашқы
арнасына да түсті. Горохов та уһ деп бір кең тыныс алды.
– Әйтеуір, төмен түсті ме, қорыққан болар, шамасы! –
деп міңгірледі ол.
Жер астында көзі бар көлдердің бұл және бірі екеніне
көзі жеткен Ордин, Горюнов, Костяковтар күліп жіберді.
Бұл көлдің астында су толы апан ауыз болуы керек, бу мен
газ ауық-ауық қысқанда су сонымен жоғары көтеріледі де
өзге көлдердегідей атқыламай, таудың бір тесігінен басқа
жаққа  ағып  кететінге  ұқсайды.  Осы  тұжырымның  анық-
қанығына жету үшін тағы да бақылау жасауға тура келді де,
Ордин қалтасынан сағатын суырды.
–  Жан уарларды ң  су  ішк енде  бұл   көлді  қ алай
пайдаланатынын енді білдім, – деді Горюнов. – Су ернеуіне
толғанын тосады екен ғой олар.
– Иә, құлама жар кемерді көріп, суға баратын таптаурын
сүрлеуді таппай мен де таң қалдым, – деп қостады оның
пікірін Ордин.
– Ал кей жануар танауының астынан төмен түсіп кеткен
суды іше де алмай қалатын шығар. Қашан қайта толады деп
күтеді-ау, жазған!
Күту, шынында да, көпке созылды: су қайта көтерілгенше
бұлар етті пісіріп, жеп те болды, яғни табандатқан бір сағат
өтті арада.
Ойпаттың терістік бөлегіндегі бу мұнарына оранып күн
жасырынғанда  со  жақтан  қою  тұман  қаптап,  бірден  көз
байланды. Түнге жетерлік отын бар еді, оттың басы жарық
та  жылы  болды.  Осынау  таңғажайып  жердегі  көлдер,
олардың  мезгіл-мезгіл  көпіршіп  қоятыны  хақында  әңгіме
сабақталды, оның сырын онкилондар су иесінің ойыны деп

178
түсіндірді. Олар терістік жақта Мыңтүтін деген алқап бар,
оның кез келген жерінен түтін шығып жатады, топырағының
ыстықтығынан шәркелі аяқтың өзі күйе жаздайды дегенді
айтты.  Рас,  онда  бұлар  өзі  болмаған,  бірақ  бұл  жайды
Амнундактың атасы бастап вампуларға тиген үлкен айқасқа
қатысқан қариялардың аузынан есіткен.
Бұрын вампулар қысты сол алқапта өткізеді екен.
Әңгімені орман жақтан қасқырдың ұлыған даусы үзіп кетті,
оған шабалана үріп иттер жауап қатып жатыр.
 – Қасқырлар алыс емес – иісті сезуін көрмейсің бе, тас
қапқырдың! – деді Горохов.
– Бір не екі қаншық қасқырды қолға түсірудің сәті, міне,
енді туды! – деді Горюнов.
Бұл қиын емес деді онкилондар. Қыста олар бұғыға шапқан
бөрілерді түнде отпен қамалап ұстайды екен. Қасқыр түсіретін
таспадан тоқыған торы да бар, әдетте мұны түлеген кезінде
қаздарға құрады екен. Олар енді қасқыр ұстауға сайлапты.
Түнге деген отынның арасынан май қарағайын таңдап алып,
жарты  метрдей  етіп  жаңқалап  найзаның  басына  бекітіп
байлады  да,  бәріне  жететін  етіп  отқа  қойды.  Бұл  кезде
қасқырлар өгіздің қалған етіне қарық болып, түн жамылып
емін-еркін жайлап жатыр еді. Ол жақтан ырылдаған дыбыс,
күтірлеп сынған сүйек шықыры келеді.
Май  қарағай  жақсылап  тұтанған  соң  онкилондар  мен
жиһангездер бір-бірден ұстап, бір қолына найза не мылтық
алып, жыртқыштар қан базар жасап жатқан жерді қоршап
алды.  Алауын  жерге  тақай  оңды-солды  жарқылдатып,
қасқырлар от құрсауда қалған жерді тұс-тұстан қусыра түсті.
Ұзамай тұман арасынан құйрығын қысып, тісін сақылдатып,
самсаған оттың арасынан сытылып кетер саңылау таба алмай
дағдарған  сұр  жыртқыштардың  өлексеге  үймелеген  үлкен
ұясы көзге шалынды. Жанталасып, ұлып, біріне-бірі шауып
апыр-топыр болған жыртқыштар бір кезде екеу-екеуден жан-
жаққа атты.

179
Алайда құтылғандары аз болды: онкилондар лыпып найза
шаншып, алау таяқпен тұмсықтан соғып, кері ысырды. Бір
жауынгер жарып өтпек болған қаншық қасқырға тор тастап
та  үлгерді.  Қасқыр  оған  бірден  оралып  ұшып  түсті.  Тірі
қалғандары  өлексеге  қайта  оралып,  біріне-бірі  ұйлығып,
қалшылдап, тісін сақылдатып, қашуға тіпті қарекет те жасай
алмай тұрды да қалды, бірнеше оқ бәрінің де жайын тапты.
Алауын көтеріп онкилондар енді әр жерде қалған жаралы
қасқырларды жайратуға кірісті, олардың арасынан тағы бір
қаншығын  тауып,  басын  киімімен  тұмшалап,  төрт  аяғын
байлап, найзаға салбырата көтеріп алып жүрді.
Ұрылған қасқыр он бір екен, бәрін де жинап от басына
алып кеп терісін сыпыра бастады.
Ұсталған әрбір қаншық қасқыр үшін үш қазық кағып, екеуіне
таңылған алдыңғы, артқы аяқтарын байлап, үшішісіне қайысты
тістеп қиып тастамас үшін қарғылап мойнынан байлап қойды.
Осы  бір  өзіндік  өрнегі  бар  аңшылықтан  кейін  от  айнала
жатып жұрт ұйқыға кірісті. Әдеттегідей қарауыл қойылып,
олар қасқырларды  күзетті,  Крот пен  Белухадан  сақтады.
Дәрменсіз дұшпанынан есе қайтарғысы келіп ызыққан екі ит
ұзаққа дейін тыншыға алмады.
   
МЫҢТҮТІН АЛҚАБЫ
Ертеңгі ас үстінде соқыр тұман арасында отырып олар
қаншық  қасқырларды  қалай  бірге  ала  жүру  мәселесін
талқылады.  Біреу  оларды  кезектесіп  көтеруді,  біреу  өгіз
терісінен зембіл жасап соған сап сүйреуді ұсынды. Ең оңай
әдісі – оларды өз аяғымен жүгіртіп отыру, ал ол үшін не
шынжыр, не сым жоқ, қайыс бауды тісімен қырқып тастайды.
Ақыры қайыстан қарғы жасап, тұмылдырық кигізу еске
түсті.  Қарғыға  қайыс  өткізіліп,  ол  Горохов  мылтығының
шомполының  ұшына  байланды.  Сөйтіп,  қасқырлар  кісі
қасында  жарма  киген  өгіздей  бүкеңдеді  де  отырды.  Бір

180
онкилон  жетектеп,  екіншісі  артынан  қуалап  келеді.  Әуелі
азулы аң бұған бағынғысы келмей жатып та алды, содан
оларға  иттерді  қосып  еді,  бөкседен  бір  тістеуі  мұң  екен,
құйрығын қысып алып меңтеңдей жөнелді.
Тұман сирей олар терістікке тартты. Өсімдік барған сайын
аласарып, қурап қалған көлемі едәуір кәрі тоғай кездесті,
алаңқайда селдір шөптің өзі жоғалып кетіп, күнге өңген базальт
қана көзге ұрады. Бірнеше шақырымнан кейін жұқа түтін
шалқып жатқан жердің жарығына тап болды.
Ордин  еңкейіп,  қолын  жарыққа  тығып  жіберіп  еді,
тереңнен шығып жатқан тым ыстық лепке шыдамай іле тартып
ала қойды. Әрі жүрген сайын әлгіндей жарықшақтар жиілеп,
ауа  ыси  бастады,  жиһангездер  жақсы  жағылған  моншаға
кіргендей  болды,  ал  бу  дегенің  төңіректі  түгел  тұман
торғынымен орап тастағандай. Онкилондар күртесін іле-ақ
шешіп, бағанадан бері белуарынан жоғары жалаңаш келеді,
жиһангездер де шыдай алмай солардың істегенін істеді. Ең
соңында Аннуир де кеудеше-шалбарын шешіп, белдемшемен
қалды, онысына едәуір ыңғайсызданып, отты көп жаққан
үйдей ыстық болып кетті деп ақталып та жатыр.
Тұманы қалыңырақ тұс айрықша назар аудартты: оның
ортасында  бір  емес  бірнеше  жарықтан  бу  атқылап,  дем
ысқыра шығып жатыр.
– Міне, бұл нағыз фумарол! – деді дауыстап Ордин.
Әрірек барған сайын қара лаваның жалаңаш жотасында шұрқ-
шұрқ  тесік  көбейіп  кетті.  Бүкіл  жер  тұтасымен  бықсып,
түтіндеп жатқан сияқты, топырақ қызуы аяқкиім табанынан-
ақ сезіле бастады.
Бірер шақырым жер жүріп, дем алу және әр жақ, бер
жақты шолу үшін тоқтағанда көз алдарынан көрініс берген
бір суретке таңданып, таңырқасып қалды. Төрт құбыладан
түгел  бу  шапшып  аспанға  тік  атылып,  самсаған  сұр
діңгекшелердің жеңіл сәулесіне кемпірқосақ ілініп, дірілдеді
де  тұрды.  Бейнебір  көзге  көрінбейтін  қаланың  мың  сан

181
мұржасынан аязды аспан кеудесіне тік шаншылып түтін ұшып
жатқандай.  Осы  боз  бағандардың  арасынан  батыста  да,
терістікте  де,  шығыста  да  ойпат  аңғарынынң  жар-құзы
қарауытады, қай жағына барсаң да бес-алты шақырымнан
алыс емес. Анда да, мында да күнге шағылып қары жалт-
жұлт еткен алашабыр шыңдар. Бір жағынан мынау ақ қар
мен ақ баған, екінші жағынан анау қара құз бен қара топырақ
ойламаған жерден қойындасып, қарама-қарсы екі түс ілуде
бір кездесетін тұтастық түзіп тұр.
Жер жарығының бірінен естілген гуіл мен қатты ысқырық
ұйып тұрған тыныштық қаймағын әлсін-әлсін бұзады.
– Түтіндеген қап-қара шөл! – деп Горюновтың даусы
шығып кетті.
– Міне,  Мыңтүтін алқабы деген  осы! –  деді Ордин.
Жын-шайтанның мекенжайы! – деді онкилондардың егделеуі.
– Түтіндеп жатқан – жер астындағы солардың оты.
Жасақ адамдары осынау сирек суретке әртүрлі сезіммен
қарады, ақтары ынтыға үңілсе, қараторылары соқыр сеніммен
секем  алып,  теріс  айналуға  бейіл.  Алдағы  аумақтырақ  бу
бағаны бұларды тағы да баурады. Бу диаметрі небары алты
метрдей ғана көлшіктен шығып жатыр, оның суы дәл бір
қазандағыдай бұрқ-сарқ қайнайды.
Горюнов қоржынынан бір кесек шикі ет алды да, қайысқа
байлап  оны  суға  сала  қойды.  Шапшып  қайнаған  су  оны
батырып жіберіп, әрлі-берлі домалатып, бетіне теуіп әп-сәттің
арасында пісіріп шығарды.
– Қоналқаға таптырмайтын жер екен! – деді Ордин. –
Отын жоқ, бірақ ас пісіретін әзір қазан бар, шайға да қайнаған
суың дайын.
Жол-жөнекей терістікке қарап олар осындай көлдердің
ұлылы-кішілі  тағы  бірнешеуін  кездестірді:  ең  кішісінің
диаметрі бір-екі метр ғана, олар беті көпіршіп баяу қайнайды
да, ал үлкендері бұрқ-сарқ етіп, шашырай шапшып, беті әлем-
тапырық болып жатады. Көлдердің құлама кемері аппақ,

182
қар сияқты бірдеңе жабысып қатқан да қалған. Бірақ қайнап
жатқан судың ернеуінде қар қайдан болсын, тырнап алып,
ауызға салып көріп еді – тұз, бірақ тым ащы, дәмі де нашар
екен оның.
– Тұз  бөліп жатса, суы  ащы болғаны ғой,  яғни шайға
жарамайды, – деді Горюнов.
Суын татып көріп  еді  – аздап  көрмек  дәмі бар екен,
бірақ ішуге әбден жарап жатыр.
Қайнаған көлдер мен түтіндеген тесіктердің арасынан өтіп,
ойпат аңғарына таянғанда олар жайпақ үлкен шұңқырға тап
болды, диаметрі шамамен екі жүз қадамдай да, тереңдігі
он бес-жиырма метрдей бар.
Түбі дөңгелене шұқырайып, алып бір тостағанды көзге
елестетеді, бірақ суы жоқ. Буалдыр түтін арасынан үңіліп,
шұңқыр жарықшақтарынан ана жерде бір, мына жерде бір
көгілдір от жарқылдап шығып жатқанын байқады. Ордин
оны жақын барып көрмек оймен төмен түсіп кетіп еді, ізінше
аузы-мұрнын басып қайтып келді. Күкірт пен хлордың ауаны
пеш  жаққандай  ысытып  жіберген  буынан  тұншығып  қала
жаздадым деді ол.
 Дүрбімен қарап шұңқырдың қап-қара түбінде күкірт пен
мұсатырдың қалың қатпарлары жолақтанып, ақ, сары боп әр
тұста жалтырап жатқанын байқауға болатын еді.
–  Ал  Павел  Николаевич,  –  деді  жоғары  шығып  кең
тыныс алған Ордин Костяковқа. – Санников жерінің әлі
толық сөніп болмаған жойқын жанартаудың кратері екенін
енді сіз де жоққа шығара қоймассыз.
– Әлбетте ғой. Жан-жақтағы анау базальт құз-жарлар,
түстіктегі,  гейзерлер  мен  көпіршіген  көлдер,  терістіктегі,
қайнаған  көлшіктер  мен  фумаролдар, мынау  улы шұңқыр
құйттай да күмән қалдырған жоқ, – деді оның сөзін растап
Горюнов.
– Бірақ онкилондар бұл арада төрт жүз жыл, ал анау
жабайы  адамдар  мен  жануарлар  одан  да  көп  өмір  сүріп

183
жатыр. Мұның түстік жартысында өсімдік тіптен көп, демек,
жанартау  баяғыда  сөнген  емес  пе!  –  деп  Костяков  пікір
таластырды.
– Онда күмән жоқ, алайда жанартау оз әрекетін түстіктен
терістікке қарай аударып, бірте-бірте доғарғаны да айқын
болса  керек,  оның  белгілері  бұл  жақта  әлі  көп.  Бәлкім,
вампулар түстік жақта тұрғанда мұнда лава атқылап жатқан
шығар.
– Онкилондар оны көре алмай қалған, – деп Ордин бұл
пікірді  нақтылай  түсті.  –  Сондықтан  олар  қайдағы  жоқ
«жерасты рухының» түтінін ғана біледі.
– Ал осы жанартауың күндердің күнінде ұзақ ұйқысынан
оянып, апат әкеп жүрмей ме? – деп сұрады Горюнов.
– Ол әбден мүмкін. Шын мәнінде сөнген жанартау деп
тұтас бір геологиялық дәуір бойы қозғалмай, бірте-бірте қирай
бастағанын айтады. Ал қалғандары жөнінде кепілдік беруге
болмайды, ең дұрысы, оларды ұйықтап жатқан деу орынды,
ұйқыдағының оянып кетуі ықтимал ғой. Біз сөнді деп жүрген
жанартаулардың кенеттен атқылап қоя берген мысалдарын
білеміз.  Кратерінде  қалың  орман  өсіп,  кезінде  оған  бас
көтерген құлдардын көсемі Спартак бой тасалаған Везувийді
еске түсіріңдерші. Ол тауды жаңартау деп ешкім санамаған,
о жөнінде аңыз-ертегі, де жоқ. Кенет біздің дәуірдің жетпіс
тоғызыншы жылы ол оянып кетіп, Геркуланум мен Помпеяны
жермен-жексен етіп жіберген жоқ па және содан бері ол бір
тыншыған емес.
– Ал Мартиникадағы Қасқатау ше! – деп Горюнов және
бір оқиғаны есіне түсірді. – Он сегізінші ғасырдың ортасына
дейін ол ұйықтап жатқан, оның бұрынғы қылығы жайында
жергілікті түз тұрғындары түк те білмеген. Содан ол бірте-
бірте қимылдай бастаған, ал оянуының өзі бір жарым ғасырға
созылған, ақыры жиырмасыншы ғасырдың басында ғана дүр
сілкініп, тұтас бір қала Сен-Пьер мен отыз мың адамның
өмірін бірнеше минуттың ішінде-ақ жалмап жіберген.

184
–  Мұндай  мысалдарды  екі  Америкадан  да,  Зонд
аралдарынан да, Камчаткадан да көптеп келтіруге болады,
– деп тағы сөз қосты Ордин.
– Мына жанартаудың оянуы онкилондарға апат болады
ғой, – деді Костяков.
–  Ол  жанартаудың  қай  тұстан  қайта  атқылауына
байланысты ғой. Егер ол қазірдің өзінде қу тақыр әрі елсіз
ойпаттың терістік бөлегімен ғана шектеліп, дүмпуі аз болса,
онкилондар жанартаудың  жанында тыныш өмір сүре береді.
Ал дүмпу түстік жақтан басталса, әрине, оңдырмайды.
–  Маған  мынау  фумаролдардың,  қайнаған  көлдердің,
гейзерлердің көптігі жанартау дүмпуі осы ойпатта бүгін-ертең
емес, кез келген сәтте басталып кететіндей көрінеді де тұрады,
– деді Ордин. – Онкилондардың осындай жағдай ойпатта
жүздеген  жыл созылып  келеді дегені  жай сөз. Олар  бұл
маңға айында бір, жылында бір келе ме, жоқ па – ендеше,
айтқандарыңа да сенуге болмайды. Бұл арада дұрыс барлау,
бақылау қажет.
–  Жарайды,  біз  тұрғанда  Санников  жерінде  түк  те
болмайды, тас боп қатқан тіршілік иелерімен ол жүздеген
жыл жасай берсін деп тілейік те, – деп көңіл аулаған болды
Горюнов.
Тымырсық шұңқырды айналып өтіп, баяғы бір базальттан
тіп-тік  не  текше-текше  болып  көтерілген  құз  қабырғалы
ойпаттың терістік аңғарына да келді, сырт көзге мұның биіктігі
мың  метрден  аласа  сияқты  емес.  Өсімдік  атаулының  ең
ақыры  қынаның  да  жоқтығынан  жап-жалаңаш  құз
қабырғалары  көңілді  құлазытып  жіберді.  Айналаға  қарап
тұрып барлаушылар тағы бір таңғажайып суретке тап болды:
қара құздың етегінен онша қашық емес бу бағандары тұтасып,
Мыңтүтін алқабының аппақ қабырғасы созылып жатыр, бұл
міз бақпас бірдеңе емес, ұдайы толқып, теңселіп, жалында
аласа күннің алау нұрын ойнатып, бір орыннан екіншіге ауысып
шұғыла шашып тұр.

185
Бір  жерде  қара  құздың  етегіндегі  аппақ  жолақ
жолаушылардың көзіне түсті.
– Қызық, мынау жоғарыдан құлаған қар болды ма екен?
– деп таңырқады Горюнов.
– Жоқ, бұл қар емес, жер бетіне шығып қалған ақ тау
жынысы болуға тиіс, – деді Ордин дүрбімен қарап. – Және
өзі  біреу  шұқып  жегендей  түгел  шұрқ-шұрқ  тесік,
вампуларыңыз шақпақ тасты осы арадан алып жүрмесін?
Бәрі сол араға ұмтылды. Бақса, базальт мұнда ойпаттың
түбінен үш-төрт метр жер үстіне шығып, екі жүз – үш жүз
метрдей созылып жатқан жұмсақ мәрмәрдің үстінде жатады
екен.  Мәрмәрда  кейде  бөлек,  кейде  ұясымен,  кейде
қабатымен орналасқан шақпақ тастар бар екен, соны аламыз
деп вампулар найзаның сүңгісімен, қырғышпен мәрмәр бетінің
дал-дұлын шығарыпты.
– Міне, керек болса жаңалық! Жанартаудың пайда болуын
анықтауымызға керегінің өзі осы ғой, – деп қуанып кетті ақ
қабырғаны тексеріп шыққан Ордин. – Мен жаман-жәутік
болса да мынаның жоғарғы бор қабаты екенін дәлелдейтін
тасқа айналған жәндіктер тәрізді бірдеңелер таптым. Оларға
қарағанда бұл жанартау Солтүстік Сібірдің әр тұсында мына
базальттар балқыған жер дамуының үшінші дәуірінен бұрын
пайда болмаған сияқты. Мұнан да тәуір деректер табылып
қалар – іздеу керек.
Осыны айтып Ордин құздың бір тереңірек қуысына кіріп,
балғамен  жұмыс  істей  бастады,  қалғандары  етектегі,  ақ
құмның арасын қазуға кірісті, тасқа айналған ұлу сауытын
тауып алып көрсеткенде және не екенін түсіндіргенде оны
іздеуге тіпті онкилондар да атсалысты. Міне, балғасының
тоқылдауы басылып, қуыстан Ордин сөйлей шықты.
– Тереңде жойқын жұмыс жүріп жатыр, Сәл тыныштық
сақтап,  жарға  құлақ  төсеп,  тыңдаңыздаршы.  Әсіре  мен
шыққан қуыстан бәрінен де жақсы естіліп тұр.

186
Горюнов пен Костяков қуысқа кіріп, қабырғаға құлақ төсеп
еді,  түу  тереңнен  кейде  келте  қайырылған,  кейде  ұзаққа
созылған дүмпуді есітті, бейнебір алыста жер астында алып
бір ұста жұмыс істеп, ауыр балғамен жұмсақ бірдеңеге солқ-
солқ  ұрып  жатқандай.  Тау  жынысы  сәл  дірілдеп,  ақ
қабырғадан мәрмәр түзейтін әк шпатының кристалдары ауық-
ауық сырғып түсіп жатты.
– Сонау тереңде тәуір-ақ жұмыс жасалып жатыр! – деді
қуыстан шыға берген Горюнов.
– Есен-сауымызда осы арадан тайып тұрсақ қайтеді? –
деп сұрады үрей аралас үнмен Костяков.
– Сіз мұны жанартаудың жақында атқылауының белгісі
деп ойлайсыз ба? – деп күлді Ордин. – Егер біз бұл арада
бұрын да болып мына үнді есітпесек, шынында да мұны
жерасты дүмпуінің белгісі деп ойлауға болар еді. Тіпті сондай
белгі  болғанның  өзінде  үрей  шақырар  түк  те  жоқ  –
жанартаудың оянуы аптаға, айға, жылға да созылуы мүмкін.
– Тіптен Қасқатаудағы сияқты жүздеген жылға созылуы
да ықтимал, – деп қостап қойды Горюнов.
Жателдіктердің не жайында айтып тұрғанын білген соң
онкилондар қуысқа  кезек-кезек кіріп, қосүрей  боп шығып
жатты. Бүгін олар жер астында жын-шайтан бар дегенге қай
күндегісінен де қатты иланды. Мына дүмпулер, қабырғаның
шайқалуы, шұңқырдағы жылтыраған от, мыңтүтін, қайнаған
көлдер,  өсімдік  дегеннің  атымен  жоқтығы  –  бәрі-бәрі
жиналып келіп, зәре-құтын қашырып, олар осынау қатерлі
жерден шапшаң кетейікші деп сұрап тұрып алды.
Күн кеш еді. Терістіктің биік құздарының тасасына күн
жасырынысымен ойпаттың бұл бөлегін ымырт басты. Оның
үстіне  батыстан  қара  бұлт  шығып,  тұманның  қалың
болатынынан хабар бергендей. Тұман мен қараңғыда жолдан
оп-оңай адасып, шұңқырға не қайнаған көлдердің біріне қойып
кету де кәдік.

187
Шынында да, жардан бір шақырым шығып үлгертпей,
аспанды бұлт торлап, сіркіреп жаңбыр жауды, жауынмен
суыған қалың бу тұманға айналып, төңіректі түгел құндақтап
алды, көзге түртсе көргісіз қараңғылық лажсыздан бағанағы
қарғыс атқан шұңқырдың басына қонуға мәжбүр етті, бір
жақсысы, ет пісіріп, шай ішуге отын іздетпейтін қайнап жатқан
суы бар. Жателдіктердің саспас сабырлылығы онкилондарға
да әсер етіп, олар да көл жағасына жата қап найзаның ұшына
шаншып не қайысқа байлап, қайнап жатқан суға ет пісірді,
бірақ  әлденеден  үрейленіп,  өзара  сыбырласып  сөйлесті.
Горохов тіпті сорпа пісіріп те ішті, етке тұз салып, суға сәл ұн
сеуіп, котелогін суға ортан белінен салып қойып еді, адам
айтар емес ас боп шықты. Бәрінен бұрын көлге жеке салғанға
қарағанда котелоктегі ет тұзы татып, тым-ақ дәмді болды,
шай да мейір қанып ішерлік дәрежеге жетті.
Кешкі астан кейін қарауыл қойып онкилондар жаңбырдан
қорғанып, үстіне қалқандарын ұстап бір жерге ұйлығып жатып
ұйықтады. Жатар алдында олар жерге найза қадап, үстіне
өгіз терісін жауып жат елдіктерге күрке жасап берді. Алайда
жиһангездердің түнде күндізгі көгілдір отты көргісі келді
де, ешкімді оятпай ақырын басып шұңқырға қарай тартты.
Тереңнен сыздықтап шығып жатқан жылудың арқасында
ойпаңды тұман басқан жоқ еді, сондықтан ол түбінде айқыш-
ұйқыш өрілген көгілдір оттары бар дәу қара шұңқыр болып
көрінді. Оттар да біресе сөніп, біресе лапылдап, бір орыннан
ілезде  екінші  жерге  көшіп  керемет  қызық  суреттерді  көз
алдыңа келтіреді.
Оны жақсырақ көру үшін төртеуі де шұңқырдың ернеуіне
жата қалып еді – кенет астынан бірдеңе дүмпігендей болды
– жер шайқалып кетті.
– Жер сілкінді! – деп дауыстап Костяков атып тұрды.
Алайда оның қайта жатуына тура келді, өйткені жер теңселіп,
тік тұруға мүмкіндік бқлмады. Құлақка қатты гуіл келді,
ойпаңдағы оттар дірілдеп, жалп етіп сөніп, жалт етіп қайта

188
лапылдап тұрды. Ойпат аңғары жағынан гүрс еткен үн естілді,
әр тұстан алып тастар сынып, құлап жатыр. Қараңғы ымырт,
қалың тұмандағы осынау үндер үлкен үрей туғызды.
Жүз қадамдай ғана жерде тұрған қосын жақтан дүбірлеген
аяқ дүбірі, үрейленген айғай-шу шықты, ояна келіп қасында
Ордин мен өзге ақ адамдардың жоқ екенін көрген Аннуир
зарлап қоя берді. Онкилондар бұларды қасақана қауіп-қатерге
тастап,  ақ  сиқыршылар  тайып  отырған  екен  деп  ойлады.
Кісілердің ыза-шуына үн қосып иттер мен қасқырлар қосыла
ұлыды. Соқыр сенімдегі сорлылар әбден абыржып, не істеп,
не қоярын білмей, дал болды.
Жердің  сілкінісі  сәл  саябырлап,  аяқпен  тұрып-жүруге
жарағанда жиһангездер жеті қараңғыда дабыра шуымен-ақ
оңай табылатын қосынға қарай тұра жүгірді. Ақ адамдардың
келуі бәрін бірден тыныштандырды да, Горюнов қайда барып
келгенін  айтқанда  онкилондар  сәл  ұялып  қалды.  Аннуир
жалма-жан Ординнің мойнына асылып, жасты жүзін оның
кеудесіне басты. Осы оқиға барлығының ұйқысын шайдай
ашты. Сол сәтті пайдаланып Горюнов онкилондардан бұрын
бұндай жер сілкіну болып па еді деп сұрады. Бақса, бұл
құбылыс оларға бұрыннан таныс көрінеді, кейде әсіресе, қыс
күндері  жер  сәл  дірілдеп,  жертөле  бөренелері  сықырлап,
төбеден топырақ түседі екен.
– Міне, қазір де дәл солай болды, – деді Горюнов.
– Жоқ, бұл тіпті бөлек! – деп қарсы дау айтты онкилондар.
– Аяқ басып тұра алмайтын болып жердің бұлай шайқалуын
бұрын көрген емеспіз. Сондықтан зәре-құтымыз қалмай, оның
үстіне сендердің жоқ боп кеткендеріңді көріп, қатерлі жерге
әдейі  әкеп  тастаған  ғой,  енді  жерді  шайқап  тұрған  жын-
шайтан жарылған тұста шыға кеп бізді жер асты патшалығына
ертіп әкетеді екен ғой деп қатты қорықтық – деді олар.
Жердің сілкінуі қайтып қайталанған жоқ, жиһангездер өз
күркесіне оралды. Бірақ оны да жөндеп алуға тура келді:
алғашқы дүмпуде-ақ найзалар қисайып қалып, тері Аннуирдің

189
үстіне  жалп  етіп,  шошытып  оятқан  еді.  Онкилондар  енді
жатып ұйықтауға батпады, оттың болмауы жоқка нанатын
олардың үрейін алып, ол аз дегендей ойпаттың түстік бетінде
күн күркіреп, тіпті берекесін кетірді. Жалпы, күн күркіреу
деген Санников жерінде тым сирек құбылыс, ал бұл жолы
бұлт  бұрқ-сарқ  етіп  қана  қоймай,  нажағай  әлсін-әлсін
шатырлап, биік құздың басын жарқ-жұрқ еткізіп, жалтылдады
да тұрды. Небір айқастан тайлықпаған өжет жауынгерлер
біріне-бірі жабысып, қашан таң атып, жел қуып аспан тұманнан
айыққанша ұйлығып тұрды да қойды. Сөйтіп олар таң атқанда
барып бір-ақ ұйықтады.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет