Оқулық Жоғары оқу орындарының 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»



Pdf көрінісі
бет85/133
Дата17.10.2023
өлшемі2,71 Mb.
#117362
түріОқулық
1   ...   81   82   83   84   85   86   87   88   ...   133
«Макбет» трагедиясы
«Макбет» (1605) трагедиясының сюжеті де Холиншедтің 
«Хроникаларынан» алынған. Трагедияның басында Макбет 
дұшпанға қарсы батырларша шайқасқан ержүрек қолбасшы ретінде 
көрінеді. Бірақ көп ұзамай, оның жүрегінде даңққұмарлық сезім 
оянады.
Алдын ол қастандық жасаушыларға қарсы күрессе, енді таққа 
отыру үшін оның өзі қастандықтар ұйымдастырады. Макбет ашық 
шайқасқа шықпайды, опасыздық жолды пайдаланып, бірде өзі, бірде 
жендет арқылы өте көп жазықсыз жандардың қанын төгеді. Бірақ, 
бұлайша әрекет ету оның табиғатына жат еді, король Дунканды 
өлтірер алдында екі ойлы болған Макбет рухани азап шегеді.
Макбет түнде ұйқыда жатқан корольді өлтіреді. Бұл сырды 
жасыру үшін оның екі сақшысының да көзін жояды. Қайғылы 
оқиғадан үрейі ұшқан корольдің ұлдары шет елге қашады. Осы 
жағдайды пайдаланған Макбет оларды «қанішер» деп айыптап, 
таққа өзі отырады. Сарай адамдары ізбе-із өлтіріле береді. Досы 
Банко, Макдуфтың әйелі мен оның жас сәбиі де мерт болады. 
Мұндай қантөгістер Макбеттің рухын азапқа салғанымен, ол 
қылмыстан қайтпайды. Қолға түскісі келмеген Макбет Шотландияға 


264
әскер ертіп келген Макдуфпен болған жекпе-жек айқаста жеңіледі. 
Макбет - нағыз азғын, жауыз адам. Оның өлімі табиғи. Халыққа 
озбырлық көрсеткен, мемлекетті қанға бөлеген әрқандай әміршінің 
тағдыры осындай өліммен аяқталуы тиіс, деген пікір шығарманың 
негізгі идеясы.
Шығармада Макбет өзінің «ерлігіне» масаттанса, әйелі леди 
Макбет сұлулығымен мақтанады. Олардың екеуі де тәкаппарлығын 
патша тағымен безендіруді ойлаған даңққұмарлар. Леди Макбет 
өз сүйіктісін жаңа қылмыстарға итермелейді. Леди - әйелдерге 
тән қасиеттердің барлығынан мақұрым болған, жүрегі тас, қолы 
жазықсыз жандардың қанына боялған әйел. Оның әрбір әрекеті 
оқырманның жиіркеніш сезімін туғызады.
«Макбеттің» басқа трагедиялардан ерекшелігі, бұл екі даңққұмар 
қылмыскерге қарсы шыққандар жеке кек алуды емес, ал мемлекетті 
залымның озбырлығынан құтқарып қалу мен адам құқықтарын 
қорғау сияқты биік мақсатты көздеген жандар. Малькольм мен 
Макдуф бастаған бұл топтың әрекетінде автордың гуманистік 
көзқарастары бейнеленеді.
Шекспирдің бірнеше трагедиясы «Рим трагедиялары» циклін 
құрайды. «Юлий Цезарь» және одан кейін жазылған «Антоний 
мен Клеопатра», «Кориолан», «Афиналық Тимон» трагедиялары 
осы жинаққа кіреді. Бұл пьесалардың сюжетіне Шекспир Рим 
тарихына қатысты оқиғаларды негіз қылып алғанымен, жазушы 
сол оқиғаларды Англиядағы әлеуметтік өмір және замангөй 
мәселелермен тығыз байланыста бейнелейді.
Жазушының саяси көзқарастары және терең адамгершілік 
идеялары «Кориолан» (1607) трагедиясында өзінің жарқын 
көрінісін тапқан. Пьеса сюжеті Рим тарихшысы Плутархтың «Қос 
өмірбаяндар» кітабынан алынған. Оқиға өте көне замандарда 
болғанымен, трагедия мазмұны Шекспир заманындағы әлеуметтік-
саяси оқиғалармен, яғни Лондон маңындағы бір графтықта аштыққа 
ұшыраған шаруалардың көтерілістерімен байланысып кетеді. 
Трагедияда жеке тұлға мен халық, плебейлер мен патрицийлер 
ортасындағы қарсылықтың, қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтар 
арасындағы күрестердің шынайы суреттелуі Шекспирдің Қайта 
өрлеу дәуіріндегі гуманистік пікірлер мен шексіз билік ортасында 
бірлік жоқтығын байқағандығын, бұл қоғамқа сын көзбен 
қарағандығын анық көрсетеді.


265
«Афиналық Тимон» (1608) трагедиясында Шекспир өз 
дәуіріндегі ақшаның апатшылыққа алып барушы әсерін терең 
бейнелейді. Байлыққа құмарлық адамдар ортасындағы барлық 
қатынастарды жояды. Тимон ауыр жағдайға түсіп қалғанында, 
алтынға бас ұрған достары оны ұмытады. Феодалдық қоғамның 
орнына келе жатқан және алтын мен ақша билеп бара жатқан жаңа 
қоғам, оның назарында ежелгі Афинаға өте ұқсайды. Соның үшін 
ол сатқындық өршіген бұл қаладан шығып кетеді және орманда 
жалғыз жасағанды абзал көреді.
Осылайша, Шекспир шығармашылығының екінші дәуіріндегі 
трагедияларында ортағасырлық феодалдық озбырлықтан, шіркеу 
әсерінен құтылып, енді өз бойын тіктей бастаған адамның ақша 
билігі өршіген қоғам қарсылығына душар болуын суреттегенмен, 
сол адамның болашағына, ақыл-санасына, арман-тілегінің жеңісіне 
сенеді. Шекспир гуманизмінің терең халықшылдығы да міне 
осынысында.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   81   82   83   84   85   86   87   88   ...   133




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет