Педагогикалық эссесі



Дата03.03.2022
өлшемі54,04 Kb.
#26929

«№3 жалпы орта білім беретін мектеп - кешені» КММ

бастауыш сынып мұғалімі, директордың оқу-тәрбие

ісі жөніндегі орынбасары

Курмашева Алмагуль Амантаевнаның

Педагогикалық эссесі

Әрбір жан мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек. Өйткені, әр адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісіңді жақсы көріп, жауапкершілікпен атқарғанда ғана, өзіңді бақытты сезінуге болады. 

Ұстаз - Жер деген әлемнің бетін көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн-Ана. Ұстаз – ақылдың тозбайтұғын асылы, мамандық иелерінің ішіндегі жауһары. Өзге мамандық атаулылары өздерінің түр-сипатын мың құбылтып жатса да, еш өзгеріссіз, сол бәз баяғы қалпында жас ұрпаққа адамгершілік қасиеттердің дәнін еккен диқаншы. Менің мамандығым – мұғалім. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аларсың» демекші, ұстаздар отбасында тәрбиеленген мен қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты бала күнімнен армандадым. Оқу орнын тәмамдаған соң, өзіме білім берген алтын ұяма оралдым. Ең алғаш «Ұстаз» деген атаққа ие болуым да осы мектептен басталды, ата-анаммен бір ұжымда еңбек жолымды бастадым. Бұл мектеп оқушылары менің армандарымның жүзеге асуына өз үлестерін қосты. «Бала жүрегі- кішкентай күйсандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек» - деп, М. Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу- мұғалімнің ең басты міндеті деп ойлаймын. Күнделікті таңертең мектеп ауласына жақындағанда, балалардың сыңғырлай күлген дауыстары мені қуанышқа бөлейді. Мектепке кіргеннен-ақ, өзімді мазалаған сан түрлі ойлардан арылып, оқушыларымның тәтті қылықтарына қарап шаттанамын. Алдымызға келген балалар - біреудің маңдай алды жарығы, енді бірі – жан дегенде жалғызы, бірі – ерке, бірі – қой аузынан шөп алмас момыны. Маңдай алды жарығын «жұлдыздай жарқыратып», жан дегенде жалғызды «көпшілдікке үйретіп», қой аузынан шөп алмасты «ортада жарқылдап сөйлер шешен қылып» тәрбиелеу үшін қажымас қайрат пен батырлық қажет. Мектеп — балалардың екінші үйі болса, ал ұстаздар - екінші анасы десек, артық етпейді. Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға соқпайды.  Алайда, баланың тілін тауып тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі- бір ғанибет!. Ақ парақ бетіне сызу сызғандай баланың кіршіксіз санасына алғашқы адамгершілік, мейірімділік нұрын сеуіп, білім, өнер нәрімен сусындату мына біздердің, мұғалімдердің еншісінде. Оқушы сабағыңнан ешқашан жалықпауы керек. Ұстаз – тереңде жатқан кенді ашып, білім мен ғылым жемісінің дәмін таттыратын, армансызға арман ұялатып, қанатсызға қанат бітіретін ғажайып күш иесі. Менің мамандығым – әлемдегі ең қажет мамандықтардың бірі! Сондықтан, мен мамандығымды мақтан тұтамын!

Қазіргі елімізде қалыптасқан мұғалімдік мамандық-мектепте негізінен орташа оқыған білім алушыларды қабылдап, олардан орташа маман дайындап, білім ұяларына жіберетін құрсаудың бұзылып, ұстаз мамандығы ең жоғары еңбекақы төленетін үздік мамандыққа айналса деп армандаймын. Білім беру саласының қазіргі кезеңдегі стратегиясы – тез өзгеретін шынайы жағдайларға үнемі бейімдеуге болатын икемді тактикалық іс-қимылдар бағдарламасын әзірлеу. Жаңа жағдайда білім беру жүйесінен, оның сапалы және өмір бойына үздіксіз болуы талап етіледі. Сондықтан ұстаздар алдына оқытудың қазіргі уақыттағы әдістері мен бағдарламаларын меңгеру, оқыту сапасын арттыру, сұранысқа ие білім беру дағдыларын беру, қоғамдық сананы жаңғырту, функционалдық сауаттылықты, үштілділікті, сын тұрғысынан ойлауды дамыту міндеті қойылған. Осы міндеттерді жүзеге асыру, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу үшін іргелі өзгерістер жүзеге асырылуда.

Бүгінгі ұстаздар, яғни біздің алдымыздағы үлкен міндет әлем көшінен қалмау үшін, мектепті дұрыс бағытқа салу үшін өзгеріп, өзгелерге үлгі болуымыз керек. «Барлық нәтиженің кілті - оқып үйренуде» Хел Зин Беннет (1972) сөзі мұғалімге де, оқушыға да арналған сияқты. Демек, біздерге, мұғалімдерге оқуды үйрену үнемі қажет. Алдыңғы қатарлы мектеп тәжірибелеріне сүйенсек, мұғалімнің өткізген әр ісін саралап, есеп беріп отыруы мұғалімнің кәсіптік дамуына тиімді әсер етеді. Мен ұстаздық ететін мектебімде деңгейлік курсты бітірген мұғалімдер оқу процесіне жаңа леп әкелдік. Ұстаздар, оқушылар, ата-аналармен жүргізілген сауалнамалар негізінде мектепте орын алған проблемалар анықталып, мектептің Даму жоспарына өзгерістер енгізумен басталған жұмыс – жаңа қадамдарға бастама болды. Мектептегі коучинг сабақтары, тәліппен жұмыс, сабақты зерттеу және қоғамдық желі құру арқылы білім сапасын көтеруге тиімді ықпал жасалды. Үздіксіз зерттеу жүргізу, сол арқылы әріптестеріме ықпал ету менің мектебімді өзгертуде үлкен әсер етті. Мектептің белсенді, жаңашыл ұстаздарымен бірігіп өткізген Зерттеу сабақтарымыз «енжар ұстаздар» тобына да ой салғандай болды. Ұжымдағы ұстаздар қауымына әсер ете отырып, жаңа технологиялардың оқушылар білім сапасын арттыруға ықпалы жайлы тәжірибемізбен бөлісу мақсатында шеберлік сыныптар, семинарлар өткіздік.

Өз тәжірибемнен байқағаным, жаңа өзгерістер енгізіле отырып өткізілген сабақтарда оқушылар бір-бірімен ынтымақтастықта қарым-қатынас жасай отырып, сабаққа деген қызығушылықтары еселенеді. Сабақ процесінде ұйымдастырылатын топтық жұмыстар "үнемі елеусіз қалатын" оқушылардың өздерін еркін сезініп, үдеріске қалайша араласып кеткендерін сезбей қалатын сиқырға айналдырды. Мен өзімнің сырттай қызыға қарайтын осы ұстаздар қатарынан табылғанымды ойласам, бойымды қуаныш кернейді. Сабақ барысында кездесетін проблемаларды оқушы көзімен қарап шешу, дәстүрлі оқудан сындарлы оқуға көшіп, сабақтарды жеті модульді ықпалдастыра отырып өткізіп, мектептің алға басуына бағыт сілтеп, бүгінгі қоғам талабына сай ұрпақ тәрбиелеуде 30 жылдан астам үлесімді қосып келемін.

Бүгінгі күнгі бастауыш сыныптардың оқу бағдарламасы оқушылардың 21 ғасырдың жылдам өзгермелі зияткерлік және технологиялық ортаға қажетті дағдыларын меңгеруіне бағытталған. Ол оқушылардың өздіктерінен игеруіне кең көлемді сұрақтар мен сыни тұрғыдан ойлау сияқты жоғары деңгейлі дағдыларды, бірлескен жұмыс, ақпараттарды өңдеу, проблемаларды шешуге ықпал етеді. Бұл бағдарламаны тиімді жүзеге асыруда мұғалімнің міндеті: оқытудың жағымды атмосферасын құру, яғни барлық білім алушыларды оқыту үдерісіне тарту; оларда сенімділік, жауапкершілік, өзіндік талдау жасау, белсенділік дағдыларын қалыптастыру; дұрыс әдіс-тәсілдер мен оқушылардың дағдыларын дамытуға бағытталған тапсырмаларды таңдай білу; жеке, жұптық, топтық жұмыс түрлерін жоспарлау, ұйымдастыру және басқару, қойылған мақсатқа сай ресурстарды, қосымша материалдарды тиімді қолдану; оқушыларға идеялар, нұсқаулар беруде және мадақтауда түсінікті, қарапайым тілді қолдану; оқушыларды қадағалау және кері байланыс беру әрі өз сабағына талдау жасау.

Оқушылардың білім алуға деген қызығушылығын оятпас бұрын, олардың шығармашылығын дамыту мен өздігінен білім алуын қамтамасыз ету мүмкін емес. Оқуға деген қызығушылықты қалыптастыру жолдарының бірі – топтық жұмыс түрлерін ұйымдастыру. Шағын топтарда дербес жұмысты ұйымдастыру топтық іс-әрекеттерге мол мүмкіндік ашады. Әрбір оқушы тапсырманың бір бөлігін орындайды, одан кейін топтың барлық мүшелері жұмыстың нәтижесін бағалайды, сынып алдында сөйлеуге бейімделеді. Мұғалімге нақты тапсырманы ұтымды орындату үшін топтың қандай көлемі қажет екендігін анықтап алу қажет. Осы орайда өз тәжірибемде қолданып жүрген оқушыларды шағын топтарға топтастыру түрлері: «Мозайка құрастыру», «Мақал-мәтелдердің жалғасын табу», «Оқу құралдары», «Жыл мезгілдері», «Аспан денелері», «Өлең жолдарын реттеу», «Киім түрлері», «Жемістер», «Шашылған әріптер», «Бой бойынша бөліну». Жақсы ұйымдастырылған топтық жұмыс білім алушылар арасында ынтымақтық қарым-қатынасты қалыптастырып, проблемаларды шешу дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде оқушыларды оқу үрдісіне белсенді араласуға итермелейді.

Бастауыш сынып оқушыларының белсенділігін дамытып, оқуға қызығушылығын арттыратын жұмыс түрі – интербелсенді әдістерді пайдалану. Осы әдістер арқылы біз білім алушыға дайын білім бермей, оларды өздігінен білім алуға бағыттаймыз, өз бетімен ізденуге үйретеміз, проблемаларды айқындай алу, оны шешу жолдарын қарастыра білуге бейімдейміз. Өз тәжірибемде жиі қолданып, оқушыларымның белсенділігін арттыра түскен әдістерді атап өткім келеді. Олар: «Қар кесегі», «Стикердегі диалог», «Ыстық орындық», «Ақылдың алты қалпағы», «Қос шеңбер, «Мылқау сурет», «Жүгірме диктант», «Қапшықты қағып ал», «Сөзді тап» т.б. «Стикердегі диалог», «Мылқау сурет» әдістерін дүниетану, жаратылыстану, әдебиеттік оқу сабақтарында жаңа тақырыпты оқушыларға өздігінен меңгерту, сыныптастарымен пікір алысу мақсатында жиі ұйымдастырамын. «Ыстық орындық», «Қос шеңбер, «Қапшықты қағып ал» әдістері оқушылар білімін бекіту, қорытындылау сабақтарымда үнемі ұйымдастырып, өз нәтижесін беруде. «Жүгірме диктант», «Қабырғадағы мәтін», «Түймедақ күлтелері», «Бестармақ» (синквейн) әдістері оқушылар сауаттылығын қалыптастыру, сөздік қорларын молайту, қиын, жеңіл сұрақтар қоя білу дағдыларын қалыптастыруда оң нәтижеге жетелейді.

Жоғарыда аталып өткен, сабақ үрдісіне жүйелі енгізілген жұмыс түрлері дарынды оқушылардың екшеліп шығуына, өздігінен ізденуіне, проблемаларды шешуде нақты қадамдар жасауына ықпал етті. Былтырғы оқу жылында оқушыларым: Едилова Амина «Жергілікті жердің дәрілік өсімдіктері» тақырыбымен республикалық «Зерде» ғылыми жобалар сайысында жүлделі 3 орынды иеленсе, бастауыш сыныптар арасында өткізілген «Жас зерттеуші» атты зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалардың қалалық байқауында Ғабитқызы Мөлдір «Гидропоника – көкөністерді көктем мен қыста өсірудің тиімді әдісі» тақырыбымен қатысып, жүлделі 2 орынды иеленді. Бастауыш сынып оқушыларының қалалық олимпиадасында Набиева Күнім қазақ тілі және әдебиеті пәні бойынша үш оқу жылы қатарынан жүлделі 2 орынды иеленіп келеді. Оқушыларыммен қатар, заман ағымына ілесу үшін өзім де талмай ізденіп, өз тәжірибеммен қала ұстаздары арасында бөлісіп келемін. Оған дәлел, 2016-2017 оқу жылында жұмысымды қорғап, «Білім берудегі тәжірибе мен инновация: уақыт талабы» атты Екінші республикалық педагогикалық оқуларының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанып, III дәрежелі дипломмен марапатталдым. 2018-2019 оқу жылының наурыз айында өздігінен білім алу мәдениетін қалыптастыру, менторлық дәстүрді дамыту мақсатында өткізілген қалалық семинарда «Заманауи талап, инновация, тәжірибе» тақырыбында тәжірибеммен бөлістім. Мамыр айында білім беру үдерісінде ұстаздар әріптестігін қамтамасыз ету мақсатында магниттік мектептер аясында өткізілген қалалық семинарда «Жаңартылған білім беру – озық технологиялардың қыр-сырларын білуге жетелеу» семинар-практикумда «Белсенді оқыту әдістері. Іс-тәжірибедегі оқу» тақырыбында пікіралмасу ұйымдастырдым. 2018-2019 оқу жылында «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық конкурсының қалалық кезеңінде «Шығармашыл толқын» бағыты бойынша өз тәжірибеммен бөлісіп, жүлделі II орынды иелендім. 2019-2020 оқу жылында Өскемен қаласы ПШО филиалының ұйымдастыруымен өткен «Іс-әрекеттегі зерттеу және сабақты зерттеу: білім беру ұйымдарында жүзеге асыру тәжірибесі» атты халықаралық ғыдыми-тәжірибелік онлайн-конференцияда «Іс әрекеттегі зерттеу және сабақты зерттеу тәсілін мектепте қолдану» секциясында өз тәжірибеммен бөлістім. Жұмыстарымды республикалық басылым беттерінде үздіксіз жариялап келемін.

Бүкіл адамзат баласына қауіп төніп тұрған шақта қашықтықтан оқыту жүйесін және кезекші сыныптарда бастауыш білім беруді ұйымдастырып жатырмыз. Олардың ішінде күнделікті жалпы білім беретін мектеп оқушылары үшін телесабақтар, интернет арқылы оқу жүйесін таңдау, цифрлық білім беру ресурстары мен электронды почтаны пайдалану арқылы кері байланыс орнату негізінде оқыту түрлері бар. Қашықтықтан білім беруле интернет- платформалар: BilimLand, Kundelik kz, Darin online; цифрлық білім беру ресурстары: Mektep.OnLine, QaradomalakStudio, Оpiq.kz, Microsoft TEAMS, Google ClassRoom-ды оқушылар мүмкіндігіне қарай пайдаланудамыз. Оқушылар өздігінен орындауға арналған оқу тапсырмасын электрондық журналдар жүйесінде, интернет-платформада, электрондық пошта, WhatsApp, басқа мессенджерлер арқылы ұсынып отыр. Кері байланысты kundelik.kz, onlinemektep арқылы жүзеге асыруда.

Қиын жағдайға қарамастан ізденіп, оқушылардың өздігінен білім алуларына бағыт-бағдар беріп отырмын. Осы аралықта оқушыларым қашықтықтан білім алып қана қоймай, онлайн олимпиадалар, интеллектуалдық сайыстарға, түрлі деңгейдегі шығармашылық байқауларға қатысып, білімдерін шыңдай түсті, жүлделі орындарға қол жеткізді.



Алдағы уақытта да мағыналы өмірімді саналы, білімді ұрпақтарды тәрбиелеуге арнай бермекпін.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет