Мұғалім бағдарламаның өткен, алдағы және одан кейінгі сабақтарға қатысты бөлігін, олардың арасындағы байланыс пен дәйектілікті орнату үшін талдау керек. Осы сабақта алдына қойып отырған нақты педагогикалық міндеттер мен мақсаттарды жақсылап ойластыру – сабаққа дайындықтың өте маңызды бөлігі болып табылады. Содан кейін оқулықтағы (немесе бірнеше) оқу материалының жазылуын – қандай тезистер мен негіздемелер берілгенін, материалдың оқушыларға түсінікті болуын, мысалдардың тақырыпқа сай болуын, тақырыптардың жүйелілігін мұқият оқып-үйрену қажет. Сұрақтар мен тапсырмалардың оқушыларға түсініктілігін, олардың орындалу жүйелілігін, маңызын талдау қажет. Еске түсерлік сұрақтарды танымдық сұрақтармен, үйреншікті тапсырмаларды ізденісті қажет ететін, келелі тапсырмаларға алмастыру қажет. Жеке және ұжымдық ойлану қызметін ұйымдастыруға ықпал ететін іскер ойынның элементтерін өндірістік жағдайлардан мысал келтіре отырып, сүйеніш білімнің белсенділігін арттыратын сұрақтарды ерекше ойланып, дайындауы қажет. Мұғалім сабақ үстінде оқушылардың дүниетанымының, білімге құштарлығының, қисынды ойлауларының азаматтық тұрғыдан қалыптасуы – тәрбиелеуге өте көп көңіл бөлуі қажет. Сабаққа дайындық негізгі оқулықпен танысып қоюмен шектелмеуі тиіс. Мұғалім материалды білуі, кеңінен, тереңінен түсінуі қажет. Бұл оған сабақты басқаруға, материалды оқулықтағыдан басқаша түсіндіруге, оқушылардың танымдық және ақыл қабілеттерін белсендетіп, өз беттерімен шығармашылық жұмыс істеуге үйретуге, тапсырманы ілгерілеу әдісімен беруге мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде сабақта қолданылған әдістемелердің нәтижелілігі туралы тұжырымдауға мүмкіндік береді.
Мұғалімнің шеберлігі, біріншіден, сабаққа дайындығы мен жаңашыл әріптестерінің тәжірибесін пайдалана алуымен тікелей байланысты. Ол үнемі және мақсатты түрде өз білімін, өз тәжірибесін жұмыстың жаңа тәсілдерімен толықтырып отыруы керек.
Мұғалімнің сабаққа дайындығы 2 бөлімнен тұрады – пәнді оқытуға жалпы дайындық және әрбір сабаққа дайындық.
Пәнді оқытуға жалпы дайындық оқу жоспарын, бағдарламасын оқып-үйреніп, күнпарақтық-тақырыптық жоспар жасаудан және сабақтың материалдық-техникалық базасын – оқу бөлмесін, көрнекі құралдар, ОТҚ, құрал-саймандарды, приборларды т.б. реттеуден тұрады (құралады). Бұл дайындық, әрине, оқу жылы басталмай тұрып жасалады.