6-практикалық сабақ тақырыбы: Мәтіндегі грамматикалық категориялар, мазмұнды категория.
Сабақтың мақсаты: Мәтіндегі грамматикалық категория мен мазмұнды категорияның қызметін анықтау.
Негізгі сұрақтар, тапсырмалар:
Мәтіндегі мағыналық категория.
Көркем мәтінді талдаудағы басқа да категориялар.
Әдістемелік нұсқаулықтар:
Ұсынылған тапсырмалар негізінде берілген сұрақтарға дайындалып, өздерінің ой-пікірлерін білдіру. Жоғарыда аталған категорияларды шығармалардан алынған мысалдар негізінде түсіндіру.
Өткізу формасы: баяндау, сұрақ-жауап, талдау
Бағалау критерийлері:
Берілген әр мәселелерге толық, дұрыс жауап беруі, стильдік қателерге бой бермеуі, тақырыптың ашылуы, мысалдардың нақты болуы, практикалық тапсырмалардың дұрыс орындалуы, сөздік қорының мол болуы есепке алынады.
Пайдаланылған әдебиеттер: 1,2,3,9,10,14
Мәтіндегі мағыналық категория
Мәтінді зерделегенде ең алдымен категориялары бөлініп алынады. Категория – заттар мен объективті әлем құбылыстарының барынша ортақ және елеулі қасиеттері, белгілері, байланыстары мен қатынастары көрсетілген ұғым, мәтіннің екі жақты сипаттағы көрінісі-құрылымдалуы мүмкін форма мен мазмұн бірлігі. Мәтін категориясы-барлық мәтінге тән белгі, онсыз еш мәтін болмайды, яғни мәтіннің типологиялық белгісі.
Өз кезегінде мәтін белгілі бір дәрежеде шендестірілген категориялар жиынтығы ретінде қарастырылуы мүмкін.
Мынаны ескеру маңызды:
1) мәтін ешқашан бір мәтін категориясымен модельдендірілмейді, тек олардың жиынтығымен модельдендіріледі;
2) кез-келген мәтін категориясы функционалдық-семантикалық негізде бөлініп, мәтіннің өзінің «әмбебап мағынасын» танытады.
Олардың әрқайсысына бірыңғай Олардың әрқайсысына бірыңғай идеалдық мазмұн мен тіл жүйесі деңгейлерімен қатаң байланыспаған белгілі бір лингвистикалық манифестация тән.
Мәтін категорияларын функционалдық, семантикалық және стилистикалық деп ажыратуға болады.
Мәтін лингвистикасында даулы мәселелер көп, сондықтан да мәтін категориясы туралы мәселе де бірізді емес. Ғалымдардың көпшілігі категорияларды мазмұндық және құрылымдық деп бөлуге даусыз келіскен (В. В. Одинцов, И. Р. Гальперин, З. Я. Тураева және т.б.). Алайда оларды бөлу принциптері, саны, бірқатар категориялардың атауы бір мәнді емес. В. В. Одинцов мәтін құрылымында екі категорияны-мазмұн мен форманы бөледі. Ол мазмұн категориясына мазмұнның өзі, тақырыпты, шығарма идеясын, форма категориясына-композицияны, тілді, бейнелеу амалын жатқызады, ал сюжет мазмұн категориясы мен форма категориясын біріктіреді [ 10, 139]. И. Р. Гальперин мен З.Я. Тураева да мәтін категориясын мазмұн мен құрылымға бөледі. Алайда И. Р. Гальперин жекелеген категориялар әрі мазмұн, әрі құрылым категориясы (континуум, астарлы мәтінді ақпарат, т.б.) болғандықтан, олардың арасына сонша қатал жіктеу қоймайды. Ол келесі мәтін категорияларын белгілеп, сипаттаған: информативтілігі, мүшеленуі, когезия (мәтін ішіндегі байланыс), мәтін үзінділерінің автосемантиясы, континуум (кеңістік пен уақыт), ретроспекция мен проспекция, модальдылық, интеграция және тұйықтауды [1, 13]. З. Я. Тураева құрылымдық категорияларға тіркесуді (сцепление), интеграцияны, прогрессия/стагнацияны; мазмұндық категорияға-автор бейнесін, көркем кеңістік пен уақыт, информативтілік, себеп, мәтін астарын жатқызады [11, 80]. Т. В. Матвеева барлық мәтін категорияларын үш топқа бөледі:
1) желілік – мәтінде көрінетін бір функционалдық-семантикалық мәндегі тіл бірліктерінің тізбегі: тақырыптық тізбек, ой жүгірту тізбегі (мәтіннің логикалық мүшеленуі), проспекция/ (ретроспекция);
2) өрістік – семантиканың, тілдік құрамалар-тақырыптың айқындылығы, тональділік пен бағалау (субъективті модальділік), темпоральность (уақыт өрісі), локальность (кеңістік өрісі), акцентность (тональділікті, уақытты бағалаудағы қосымша белгілеу), субъективті ұйымдастыру (авторизация) сияқты сөйлеу бірліктерінің жиынтығы;
3) көлемдік – өрістік және желілік категориялардың есебінен модельдендірілетін құрылымдық сипаттағы категориялар: терминологиялық тұрғыдан – «коммуникативтік блок».
Мәтін категорияларын ажыратуда, топтастыруда ең оңтайлы, түсінуге ыңғайлы – ол И. Р. Гальперин ұсынған жүйелендіру.
Сонымен, әртүрлі авторлар ұсынған мәтін категориялары сипаттамаларынан біз оқу құралында мәтіннің:
- информтивтілігі мен модальділігін
- ондағы уақыт және кеңістік континуумын;
- автор бейнесін;
- байланыстылығы мен тұтастығын;
- интеграция мен тұйықтауын талқылаймыз.
Мәтінді бөлшектеу мәтін құрайтын бөлімдердің шығарманың бірлігін, тұтастығын сақтай отырып, қалай бірігетінін, сол сияқты айтылатын уақиғалардың, фактілердің, іс-қимылдардың үзіліссіздігін, континуумын қалай қамтамасыз етілетінін көрсетеді.
Мәтінді зерделеумен айналысатын зерттеушілердің бәрі мәтіндегі байланыс құралдарын бөледі, алайда осы байланыс құралдарын әр түрлі белгілер бойынша сипаттап, жіктейді. Әр түрлі формальды байланыс ретінде когезия (лат. cohaesus, cohesion – байланысты, тіркесті) және мәтінді басқа мәтіндерден тұтастық ретінде бөліп тұратын тұтастықтың мағыналық ұйымы ретінде когеренттілікті (лат. coraerens, coherence – байланыста тұрған) бөледі. Л. М. Лосева формальды байланыс құралдарына сипаттама береді. Ол күрделі фразалық тұтастықта байланыстың жанаспалы, аралық және тізбелі түрлерін және грамматикалық байланыс құралдарын:
а) құрмалас сөйлемнің бөліктерін біріктіру, сол сияқты дербес сөйлемдер үшін ортақ (жалғаулық, демеулік, қыстырма-модаль сөздер, етістік-бастауыштың шақ түрі, есімдікпен және оны синониммен алмастыру және т.б.);
ә) дербес сөйлемдерді біріктіру үшін ғана қолданылатын фразааралық байланыс құралдарының өзін (сөйлем шегінде өзінің семантикасын ашпайтын сөздер мен сөз тіркестері, лексикалық қайталау, екі құрамды жай сөйлем формасындағы кейбір айтылымдар, жекелеген сұраулы және лепті сөйлемдер, атаулы көріністер);
б) бір-бірінен алшақ мәтіндік байланыстың қашықтық құралдарын (мысалы, көсемшелік орам) бөледі [13, 9–15 б.].
И. Р. Гальперин, Т. В. Матвеева, О. И. Москальская, Е. А. Реферовская құрылымдық та, мағыналық та байланыс құралдарын сипаттайды [1,74; 12, 21–27 б.; 5, 42–51 б.].
И. Р. Гальперин мәтіндегі байланыс түрлері мен құралдарын сипаттай келіп, когезия (яғни формальды байланыс құралдарына) терминіне басымдылық береді.
Алайда И. Р. Гальперин когезия деп континуумды қамтамасыз ететін «ерекше» байланыс түрлерін, яғни жекелеген хабарлардың, фактілердің, іс-қимылдардың т.с.с. логикалық сабақтастығын (темпоралды және/немесе мезгілдік), өзара тәуелділігін, яғни мағыналық байланыс құралдарын да түсіндіреді. И. Р. Гальперин күрделі фразалық тұтастықтағы грамматикалық байланыстың бес типін – тізбекті, параллельді, сәулелі, біріктіруші, жағдаяттық түрі туралы айтып, мәтіндегі байланыстың грамматикалық, логикалық, ассоциациялық, бейнелік, композициялық-құрылымдық, стилистикалық, ырғақ түзуші құралдарын бөледі.
Т. В. Матвеева мағыналық және құрылымдық байланыс құралдарын сипаттап, түрлі стильді мәтіндерде тақырыптық тізбелер мен ой желісінің тізбелерін бөледі.
О. И. Москальская монолог, диалог және аралас типті күрделі фразалық тұтастықтың мазмұндық, коммуникативтік және құрылымдық тұтастығын қамтамасыз ететін мағыналық, коммуникативтік және құрылымдық байланыс құралдарын бөліп, сипаттайды.
Қорыта келгенде, күрделі фразалық тұтастықта да, қомақтылау мәтін үзіндісінде де мағыналық (ассоциациялық пен бейнелік т.с.с.), коммуникативтік және құрылымдық (соның ішінде грамматикалық және логикалықпен қатар композициялық-құрылымдық, стилистикалық және ырғақ түзуші) байланыс құралдары негізгі байланыс құралдары болып табылады.
Мәтіннің мағыналық тұтастығы оның тақырыбының біртұтастығымен анықталып, мәтіннің мағыналық ұясы, мәтіннің жинақталған мазмұны түсінігін береді. Тұтас сөз туындысының тақырыбы жеке тақырыптардың арифметикалық сомасы емес. Бұл көркем әдебиет жанрында барынша анық көрінеді.
Күрделі фразалық тұтастыққа кіретін тақырып ұсақ жеке тақырып болып табылады. Ол құрамына – сөйлемдерге кіретін ұсақ тақырыптардың қосындысы емес және одан әрі бөлшектенбейді.
Күрделі фразалық тұтастық монотақырыпты. Оны құрайтын сөйлемдерді бір тақырыптың маңайына шоғырландыру – оның мағыналық тұтастығының көрінісі. Айтылып өткендей, бір тақырыптан екіншісіне ауысу – бір күрделі фразалық тұтастықтың аяқталып, екіншісінің басталғанын білдіретін шекаралық белгі.
Күрделі фразалық тұтастық пен тұтас мәтін тақырыбының бір тұтастығы тақырыппен байланысты тірек сөздердің жүйелі қайталаушылығымен көрінеді. Жүйелі қайталаушылық оларды сөзбе-сөз қайталаудан, тақырыптық қолданылуында жақын және синоним сөздерді қолдануда, сол сияқты есімдіктенуден (есімдік тобына көшу) байқалады.
Көптеген ғалымдар топиктер (тақырыптар) мен топиктік тізбелер түзудің тілдік құралдарын: сөздерді немесе сөз тіркестерін қайталау, түрлендіріп қайталау, есімдіктік қайталау (зат есімнің орнына есімдік қолдану), эллипсистік қайталау (сөз тіркесі компоненттерінің бірінің түсіп қалуы), синонимдік іліп әкету (узуальды синонимдерді қолдану, композиттер мен оның компоненттерінің бірін түрлендіру, қосу қатынасымен байланысты сөздерді қолдану), тақырып немесе семантикалық ортақтасығымен байланысты сөздерді қолдану, антонимдерді қолдануды көрсетеді, топик (тақырып) элементін перифазалау ғылыми мәтіндерге көбірек тән. Түрлі функциялық стильдегі тақырыптық тізбелердің айырықшылығын Т. В. Матвеева жан-жақты қарастырған. Т. В. Матвееваның пікірінше, мәтіннің тақырыбын бірінші тақырыптық тізбек (көбіне бейтарап, жалпылама қолданылатын сөзбен белгіленетін заттың тура атауы) және субституттер, синонимдер, есімдіктер жататын екінші (қосымша) тақырыптық тізбек көрсетеді [12, 21–35 б.]. Тақырыптың біртұтастығы күрделі фразалық тұтастық шеңберінде сәйкес сөздер референциясының барабарлығымен, яғни күрделі фразалық тұтастық бойында сол сөз бен оны алмастырушыны (есімдікті, синонимді және т.б.) шендестірумен қамтамасыз етіліп, күрделі фразалық тұтастық пен бірыңғай тақырыпта жалпы не жалқы есімнің орнына синоним не есімдік қолданылса да, әңгіменің бір зат туралы болып отырғанының түсінікті болуы. Күрделі фразалық тұтастық тақырыбының біртұтастығымен және референцияның барабарлығы жағдаяттық байланыстарға немесе бөлшек пен тұтастықтың қатынасына негізделген импликация құбылысымен де байланысты. Әлдебір зат, әлдебір жағдаят туралы айтылғанда айтушының немесе тыңдаушының ойына солармен байланысты заттардың бар екені түседі. Мәтінде негізінде тақырып айқындалатын тірек сөздің болмауы да мүмкін. Тақырыптың мәтін мазмұны элементтерді жинақталған ұғымға әкелу жолымен немесе жеке сипаттау негізінде құрылуы мүмкін. Ассоциациялық когезияның негізінде коннотация, ретроспекция, субъективті – бағалау модальділігі жатады. Ассоциациялық когезия әрдайым сезіле бермейді. Алайда ол мазмұндық-контекстуалды ақпаратты ашу үшін маңызды сипатталушы құбылыстардың арасындағы байланысты анықтайды. Ассоциациялық когезия коннотациядан басқа негізде жүзеге асады. Есіне түскені, соған ұқсас, ойына оралды, жадын жаңғыртты сияқты сөздер ассоциациялық когезияның вербальды сигналдары болып табылады.
Көркем шығармада ассоциация аяқ астынан тумайды. Ол – логикалық тіректері байланыспайтын, алыс түсініктер сипатталған құбылыстар арасындағы түсінікті байланысқа айналатын көркем шығармашылық үдерістің нәтижесі.
Халық поэзиясында когезияның ассоциациялық формалары табиғат құбылыстарын адамдардың қатынасына ұқсастандырумен құрылады.
Когезияның ассоциациялық формалары сол мәтіннің шегінен шығып, түсінуді қиындатады. Мәселен, аллюзия – ең алдымен ассоциациялық когезияның формасы.
Когезияның ассоциациялық формалары негізінен көркем әдебиетке тән, публицистикалық мәтінде жиі кездеседі, алайда әдетте оған ғылыми және іскерлік сипаттағы мәтіндердің композициясында орын табылмайды. Ассоциациялық ұғымның енуі тілдің функциялық стильдерінің біртұтастығын бұзып, ыдырауына соқтырады, себебі ассоциациялық когезия құбылыстардың арасын әлдеқалай шығармашылықпен пайымдауды талап етеді.
Ассоциациялық когезиямен ұштасып, ақиқаттың сезім арқылы қабылданатын объектілері туралы түсінік оятатын байланыс түрлерін И. Р. Гальперин бейнелік когезия деп түсіндіреді. Сөзбен бейнелеу-синтетикалық бейненің алғашқы элементі. Бейненің сезімдік көркі сөзбен жасалып, сөз арқылы көрінеді. Бейнелік когезияның өте белгілі формаларының бірі – ұлғайған метафора. Алайда бейнені тек метафора емес, көркем мәтіннің кез-келген сөзі жасай алады. Көркем сөзде әрбір элемент бейнелі. Оның мәтінде өзектендірілуі мүмкін. Өзектендіруге барлық тілдік деңгейлердің – фонетикалық (аллитерация, ассонанс, ырғақ, метр т.б.), орфографиялық (сөздің көпшілік қабылдаған графикалық бейнесін-графонды саналы түрде бұзу), морфемалық (морфемалардың жаңа тіркестерімен, қайталануымен берілген) деңгейлердің бірліктері қатысады. Алайда, өзектендірудің негізгі көзі – лексикалық деңгей: тірек және тақырыптық сөздерді бірнеше рет қайталау; сөздің жеке-көркемдік мәнін (контексуалды мәндісін) қолдану; тропалардың негізінде жатқан атауларды көшіру (метафоралар, метонимиялар, синекдохалар т.б.) [1, 80–81 б.].
Бейнелік когезияның ерекшелігі автордың заттар мен ақиқат құбылыстарын емес, солардың бейнелерін ұқсастыруында. Таза лингвистикалық тұрғыда бейнелілік әлдебір абстракты ұғымды нақты заттардың, құбылыстардың, ақиқат үдерістерінің атауында және керісінше, әлдебір нақты заттарды немесе ұғымдарды абстрактылы немесе басқа нақты ұғымдардың атауында жаңғыртудың тілдік құралы. Осылайша хабарды қосарлы қабылдауға қол жеткізіледі, онда контекстке қарай біреуі басым болғанмен екіншісі шеттетіліп қалмайды.
Әдебиет кейіпкерінің бейнесін тілдік бейнемен барабар етуге болмайды. Абстракциялау фактісі оларға ортақ. Алайда нақтыны абстракцияға, сол сияқты абстракцияны нақтылыққа айналдыру тәсілдері, түрлері мен құралдары бір-бірінен мүлде өзгеше.
Бейне – ақиқатты нақты, дара құбылыс түрінде көркем жинақтап қабылдау формасы. Қабылдау қосарлығы – бейнені эксплицитті және имплицитті дамытуға тән ерекшелік болып табылады. Абстрактылық пен нақтылық бейнеде қатар жүреді.
Барлық бейнелер бір ортақ оймен байланысты. Көркем шығарманың барлық элементтерінің өзара байланысы мен өзара шарттылығы оның бейнелік жүйесін құрайды. Онда кейіпкерлер бейнесі басты орында. Автордың немесе кейіпкердің эмоциялық-психологиялық жай-күйін жеткізу функциясына ие болғанда пейзаж көркем бейнеге айналады. Пейзаж өнерде бір-біріне қарсы екі функцияға ие, ол кейіпкердің табиғатпен үйлесімділігін немесе олардың антагонизмін танытады.
Нақты фон функциясын зат бейнелері – жағдай, төңіректі заттар да атқара алады. Кейіпкер бейнесіне бағынышты зат бейнесінің басты функциясы – кейіпкерді нақтыландыру, дараландыру.
Адамдардың табиғатты қабылдауында әлдебір ортақтық бар, мысалы, көлеңкелі тоғай суретін көргенде тыныштықты сезінгендей боламыз. Киген кіиімі, ұстаған заттарына қарап, кісінің талғамын, мінезін білгендейміз. Кейіпкерлердің, табиғаттың, заттың бейнесі контекст шеңберінде шоғырланған сөздік бейнелердің негізінде біртіндеп жасақталады. Дегенмен мәтіндегі бейнелік когезияның сипатын ақиқаттың бейнелік суретінің формаларын тыңғылықты талдаудың көмегімен ғана көруге болады.
О. И. Москальскаяның көзқарасынша, мәтіннің коммуникативтік тұтастығы оның құрамдарының сабақтастығында айтылады. Бұл құбылыстың мәні күрделі фразалық тұтастықта әр сөйлем коммуникативтік тұрғыда алдыңғы сөйлемге сүйеніп, айтылымды белгіліден белгісізге алға қарай жылжытады, соның салдарынан түпкілікті сипаты бар, күрделі фразалық тұтастық шекарасын анықтайтын тақырып-ремалық тізбек түзіледі.
Күрделі фразалық тұтастық құрайтын тақырып-ремалық тізбектің кең тараған моделі алдыңғы сөйлемнің ремасын адымдай тақырыптандыруға енетін қарапайым желілік тақырыптық прогрессия деп атайды.
Әдебиет – көркемөнердің бірі. Әдебиет пәні арқылы оқушылардың рухани дүниесі байиды, туған тілін сүюден елін, адамзатты құрметтеуге дейінгі сезімдері тәрбиеленеді. Әдебиет арқылы оқушылар алдында еліміздің тарихы, оның ғасырлар қойнауында қалған сөз сандығы ашылады, солар арқылы халық арманы, қиялы, болашақтан күтер үміті, ақ сенімі көрінеді. Әдебиетті оқытудың басты мақсаты – оқушыларды сөз өнерінің қыр-сырымен таныстыру, халық даналығы, халық өсиеттерінен нәр алғызу, кітапқа деген ынтасын ояту, халықтың рухани байлығы – әдебиетін жан-жақты игерту, сол арқылы парасаттылыққа, имандылыққа, инабаттылыққа, сұлулыққа тәрбиелеу.
Талдау (анализ) - көркем шығарманы тексергенде қолданылатын тәсіл. Шығарманы әр қырынан алып карастырып, оның қасиет ерекшелігін, жеке бөлек-бөлшектеріне тән өзгеше сипат белгілерді арнайы зерттеп, танып-білу. Айталық, шығарманы идеялық мазмұн, тақырыпты баяндау ерекшеліктері тұрғысынан, немесе, сюжеттік, композициялық құрылысы, жанрлық сипаты жағынан талдауға болады. Сондай-ақ, кейіпкерлердін характерін бейнелеу принциптері тұрғысынан, сөздік, тілдік кұралдарды пайдалануы, егер поэзиялық шығарма болса ырғактык интонациялық өзгешеліктері, әр түрлі шумақ, тармақ, ұйкастарды қолдану жағынан талдауға болады. Шығарманы осындай бірнеше қырынан тексергенде жеке ерекшеліктердің өзіндік сипат белгілерін де олардың бір-бірімен байланысында аңғаруға мүмкіндік бар. Әрине, шығарманы боршалап, бөлшектеп, талдап карастырғанда оның мағыналық көркемдік бірлік түтастығынан туатын әсері бір сәт әлсірейді. Оның есесіне шығарманың күрылыс-бітімін-дегі әншейінде көзге түспейтін, байқала бермейтін сипат белгілері айкын танылады. Ал оларды көре білу, түсінудін шығарманы тұтас кабылдағандағы алатын әсерімізді толықтырып, байыта түсетіні сөзсіз. Талдау дегеніміз - жеке қасиет ерекшеліктерді арнайы карастырып, танып білу арқылы бүтінді айқын сезінуге себін тигізетін, соған қызмет ететін тәсіл. Әдетте шығарманың ерекшеліктері, ірілі-ұсақты бөлшектері, олардың өз алдына оқшау тұрғандар сипат-белгілері көбірек козге түседі, оларды байқау жеңілірек болады. Әдеби шығарманы талдау үшін, көркемдік касиет-белгілерін нактылы сипаттап беру үшін калай да онын өзгешелік-ерекшеліктерін түгелдей де, жекелеп те ашып қарау керек.
Әдебиетті оқыту көркем шығарманы оқудан басталады. Көркем шығарманы оқу үйде, сыныпта жүргізіледі. Көркем туындыны оқуда мәнерлеп оқу, әр сөзді айқын, түсінікті оқу, жинақы оқу, дауыс естілімінің де ашық болуы талап етіледі. Оқушыны көркем мәтіннің оқу түрлеріне дағдыландыру керек. Көркем мәтінді оқу түрлерін былайша жіктеп ажыратуға болады.
1) көркем мәтіндегі жазушы ойын мұғалім көмегімен аңғара оқу. Оның мән-мағынасын тұшына, түсіне оқу. Қиын, түсініксіз образды, айшықты сөздерді ұғына оқу, яғни лингвистикалық түсіндірмелі оқу;
2) таңдап оқу. Белгілі мақсатпен қойылған сұрақтарға жауап іздеп, тіл көркемдігін дәлелдеу, портрет, пейзаж, образды табу;
3) іштен оқу немесе өздік оқу. Іштен оқудың оқушыны жеке, өз бетімен жұмыс істеуге баулудағы маңызы ерекше зор. Ойлану, өз бетімен іздену, жауап табу, дербес белсенділігін арттырудағы іштен оқудың атқарар рөлінің ерекше екендігі;
4) рөлге бөліп оқу. Рөлге бөліп оқу таным белсенділігі, қызығушылығын арттыруда, қабілеттерін дамытуда, сабақтың эмоциялық, психологиялық мәнін нәрлендіруде пайдалы;
5) хормен оқу. Оқу техникасын жетілдіру, мәнерлі, айқын оқу, көркем мәтінмен жұмыс істеуге баулу бүкіл сынып оқушыларын көркем оқуға ұйымдастыруда тиімді;
6) ұжымдық оқу. Әсіресе, даралап оқытуда тиімді. Оқу техникасына, мәнерлеп оқуына қарай, оқушыларды топқа бөле отырып, мұғалім ұжымдық оқуды тиімді ұйымдастырса, көркем мәтінді тез меңгертуге ықпал жасайды, мәтінді оқуға деген оқушы ынтасын арттыруға әсер етеді;
7) жұптық оқу. Жұптық оқудың тиімділігі, біріншіден өз беттерімен оқу техникасын жетілдіру дағдыларын дамытады, екіншіден ұқыпты тыңдай білуге, бір-бірінің жұмысына талдау жасай білуге икемдейді;
8) мәнерлеп оқу. Мәнерлеп оқу-әдебиетті оқытудың басты әдістемелерінің бірі. Мәнерлеп оқудың мақсаты:
а) оқушыларға көркем туындының эмоциялық-эстетикалық әсерін сезіндіру;
ә) көркем мәтінге жан беру, әр сөздің мәні мен мағынасын, сөз бояуларының нақышын сезе білу;
в)көркем мәтіндегі айтар ой мен поэтикалық көркемдікті өздеріне болжату, түсіндіру, мәтінді талдау дағдыларын дамыту.
Әдебиет сабағының күре тамыры көркем мәтінмен жұмыс істеу деп санаймын. Оның ерекшелігі сол - ол оқушының жүрегіне, сезім қылына әсер етуі. Оқушылармен бірге көркем шығармамен жұмыс істей отырып, олардың ойлауына, толғауына, пікір айтуына ықпал жасаймын. Оқушылар көркем шығарманы оқып біткен мерзімде, ауызша, жазбаша сұрақтар арқылы мазмұнын айтқызамын, өзіне ұнаған бір эпизодты қысқаша баяндатамын, бір кейіпкердің іс-әрекетінен мысалдар келтірткіземін, ең негізгі деген жерлерден үзінді жазып, «Ол қай оқиғадан алынды, кімнің сөзі?» деген сұрақтарға жауап аламын, әр түрлі әдеби ойындарын жүргіземін. Көркем мәтінді талдау шығармашылық жұмыстарды талап етеді. Көркем мәтінді оқыту мен талдауда оқушының мәтін мазмұнын меңгеруіне көңіл бөлу керек. Көркем шығарманы оқығанда, оқушылардың ол туралы өзіндік әсері, пікірі туындайды. Оқушылардың зейіні, есте сақтау, қабылдау қасиеттеріне қарай мұғалім мәтінді тұтастай емес, ең негізгі басты мәселелерін ғана мазмұндатып, оны меңгеруді одан әрі жалғастырғаны тиімді болады. Үзіндіні мазмұндағанда, оқушыларды мүмкіндігінше жазушы тілімен мазмұндатуға икемдеу керек. Оқушыларды әңгімелеу, мазмұндау кезінде жиі мәтінге үңілдіріп, кейбір негізгі мәселелерді мәтінге жуық айтуды талап етемін. Көркем шығарманы үйге тапсырма ретінде бергенде, түсініксіз сөздерді, сөйлемдерді оқушылардың алдын ала белгілеп келуін талап еткен жөн. Сабақ барысында шығарманың мазмұнына талдау жұмысын жүргізгенде, күрделі, түсініксіз сөздерге түсінік беру керек.
Әдеби талдаудың басты мақсаты-оқушылардың өзіндік қабылдауларын, пікірін әдебиеттану ғылымының талабына сай ғылыми арнаға бағыттау болып табылады.
Көркем шығарманы талдаудың ғылыми жүйесін жасаған әдіскер ғалымдар: Ә. Қоңыратбаев, Ә.Көшімбаев, Ә. Дайырова, Т. Ақшолақов, т.б. Көрнекті әдіскер, ғалым Төлеутай Ақшолақов көркем шығарманы талдау мәселесіне таза әдеби - эстетикалық жолмен қарауды ұсынды ». Біз шәкірттерді сөз сырына бойлатуымыз керек. Бүкіл кілт - осында. Өйткені, көркем әдебиетте сөз -мазмұн да, форма да. Шәкірттерді сөздің алуан сырына үңіле білуге үйрету - әдебиет шығармасын танытудың басты жолы. Ақын шығарма құрылымында сөздерді қандай кәдесіне жарата білген, сөз кірпіштерін қаншалықты қиыстыра қалай білген, шығарманың бүкіл бітімін қалай сомдаған, қандай жаңа поэтикалық жаңалықтар әкелген, қандай сом образдар жасаған, мұғалім осыған үнемі, сабақ үстінде, сабақтан тыс уақытта шығармашылық тапсырмалар беру арқылы үйретіп, баулып отырса, шәкірттер өнер туындысының қадыр қасиетін танумен, астарлы сырына үңіле білумен қатар, жазушы стилін, шығарма стилін аңғарар еді.
Тегінде, баланы өздігінен жұмыс істеуге, өздігінен білім алуға үйрету -ең ұтымды жол». Ахмет Байтұрсынұлы шығарма тілін ақын тілі және әншейін тіл деп жіктей келіп: «Бұл екі тілдің арасындағы айырмасы мынау: әншейін тіл көбінесе сөздің дұрыстығын, анықтылығын, тазалығын дәлдігін талғайды. Ақын тілі сөздің дұрыстығының, тазалығының, дәлдігінің үстіне көрнекті, әуезді болу жағын талғайды» деп жазады. Көркем туындының құрылысы әр тарапты көптеген компоненттердің бірлігінен тұрады. Олар көркем шығарма тілінің заңдылығына бағынады және тілдік жүйе түзеді. Осы жүйені жасайтын жазушының өзі. Осыдан «автор бейнесі» мәселесі туындайды». «Автор бейнесі»-көркем әдебиет тілінің ішкі сапалық қасиеттері мен заңдылықтарын анықтауға мүмкіндік беретін категориялардың бірі әрі негізгісі болып табылады. Автор өзі жазып отырған шығарманың өн бойында ойы мен идеясын, көзқарасын, психологиясын танытып отырады, яғни әрбір көркем шығарманы оқығанда автор бейнесін де байқауға болады. Көркем мәтінде жазушы өз идеясын, көзқарасын жеткізуде оқырман қажетіне жарайтындай, түсініп оқитындай тілдік бірліктерді қолданады.
Көркем мәтінді талдауда композиция, сюжет, жазушы стилі, көркем туынды негізінде жатқан идея, оның көтерген мәселесі ерекше назарға алынады. Әдеби талдау арқылы оқушылардың әр түрлі реңдегі эмоциясына, сезіміне әсер етеді, ойларына ой, пікірлеріне пікір қосып, бүкіл жан дүниесін оятады.
Көркем мәтінді терең түсіну, талдауда әңгімелеудің де маңызы ерекше деп санаймын. Әңгімелеу әдісінің тәжірбиемде қолданып жүрген мынадай түрлері бар: мәтінге жуық, көркем мәтін ізімен әңгімелеу, оқушының өзіне ұнаған эпизодын, әсерін әңгімелеу, шығармашылық жолмен әңгімелеу болып табылады. Мәтінге сәйкес әңгімелесу баланың еске ұстау қабілетіне әсер етеді, зерделілікке, ұғымдылыққа, алғырлыққа баулиды. Сондай -ақ ең бастысы, оның сөздік қорын, тіл байлығын, өз сөйлеу тілінде пайдалануға үйретеді. Көркем мәтінді дұрыс, нақты түсінуге жетелейді. Тұжырымды әңгімелеудің өзіндік басты ерекшелігі - оқушылар ең басты, негізгі мәселелерді бөліп алып, тиянақты, қысқа ғана айтулары керек. Әңгімелеудің бұл түрі оқушыларды нақты сөйлеуге , ойын шашыратпай, қысқа ғана, негізгісін айтуға баулиды. Шығармашылықпен еркін әңгімелеу оқушылардың қиялын, арманын ойын дамытады, қабілетіне әсер етеді. Оқушылар мәтіннен негізгі ұғымды толық меңгеріп, талдау жұмысы жүргізілгеннен кейін, осы әңгімелеуді орындауға болады. Оны барлық баладан талап ету де міндетті емес. Оқушылардың өз тілегі, ынтасын ескерген жөн. Шығармашылықпен әңгімелеу көркем мәтін негізінде жатқан авторлық ойдан ауытқымау керек, қайта сол ойды дамыту қажет. Көркем мәтінді бірінші не екінші жақта әңгімелеуде, автор баяндауын өзгертіп, мәтін мазмұны, негізгі айтар ойы өзгертілмейді. Тек бірінші жақта жазылса, оны үшінші жақта әңгімелеу талап етіледі. Әңгімелеудің бұл түрінің маңыздылығы оқушының тілін дамытады, кейіпкерлер іс -әрекетін түсінуге, талдауға баулиды. Әсіресе, бас кейіпкер атынан сөйлеу қызықты да, күрделі де болып келеді. Бұл жұмыста оқушылар кейіпкер іс-әрекетін тереңірек түсінеді, өз сезімін, толғанысын да арқау етеді.
Көркем шығармадағы кейіпкерлердің орнын, ой-мақсатын оның сөйлесу тілі арқылы айқындауға болады. Көркем шығармадағы сюжет пен композициядан бастап, әрбір деталь, көркемдік тәсіл белгілі бір ойға, мақсатқа құрылады. Көркем мәтінді талдауға байланысты оқушы дағдысы, икем машықтарына қойылатын талаптар, осыған байланысты істелетін жұмыстар:
а) Өз бетімен, жеке талдау. Мұндай талдауда мұғалім талдау сұрақтарын, тапсырмалар береді. Сондай-ақ, көмек-карточкалар ұсынылады.
ә) Ұжымдық талдау. Ұжымдық талдау мұғалімнің басшылығымен жүргізіледі. Ол оқушыны көркем туындыны қабылдау, бағалау жұмыстарына баулиды, бірігіп бір пікірге келуге, қорытынды жасауға жетелейді. Ұжымдық талдау сұрақ-жауап, мәтінмен практикалық жұмыс, пікірлесу, әдеби айтыс негізінде жүзеге асады.
Көркем мәтінді талдаудың жолдары мен бағыттары Рәбиға Сыздықова мен Бердібай Шалабай еңбектерінде жан-жақты сараланады. Ғалымдар көркем мәтінді талдаудың жолы мен жүйесін айқындайды. Көркем шығармаларды оқытудың тиімді де өнімді жолдарын іздеудегі әйгілі ұстаз, әдіскер Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның еңбегі зор. Әдіскер ұстаздың қаламынан М.Әуезов шығармашылығын оқыту мәселесіне байланысты үш кітап жазылған. «Оқулықта талдаудың бір түрі-образдық талдау жүйесі негізге алынған». Көркем шығарманы талдау жүйесі, ең алдымен алдымен көркем туындыда жазылған, баяндалған оқиғалардың тарихи негізіне назар аудартады. Мұғалімнің түсіндірме әңгімелерінен кейін, мәтінді мәнерлеп оқып, мазмұнымен танысу, мәтінді бөлшектерге бөліп, ат қою, әр бөліміне жоспар құру, құрылған жоспар бойынша тірек сөздерді қолданып мазмұндату, шығарманың басталуы, шығарма ішіндегі уақиғалардың байланысы, уақиғаның шарықтау шегі, шешімі айқындалады. Әр шығармадағы адам тағдыры жеке кейіпкерлер арқылы пайымдалып, іс-қимылы, мінезі, қылығы, әрекеті айқындала түседі. Кейіпкерді танытатын, айқындап, даралап беретін негізгі элементтер: портрет, іс-қимыл әрекеті, тілдік көрінісі, көркемдік детальдар, суреттеме, кейіпкерлер диалогы, жанама сипаттамалар, кейіпкердің өзара қарым-қатынасы, қақтығысы, күресі т.б. Кейіпкерді талдап, тану барысында оқушы көркем шығармадағы кейіпкердің жүйесін нақтылайды, өзара байланысын, жазушының әр кейіпкерге қандай сипаттама бергенін, портретін, кейіпкерлердің диалогтары арқылы олардың мінезін ерекшелеп айқындап, негізгі орталық тұлғаны анықтайды. Оқушы көркем мәтінді талдай білу арқылы нақты, дәлелді сөйлеуге дағдыланады, сөз құдіреті мен қасиетін ұғынады. Сол себептен, ең алдымен көркем тілмен сөйлеуге талаптандыру керек. Әр сөйлемнің негізінде нақты ой, сол ойды анық, айқын кестелейтін сөз оралымдары болу керек. Күнделікті пайдаланатын тілді жақсы меңгерген баланы оны кестелеп, әдемілеп қолдануға дағдыландыру керек. Мағынасыз сөздер, шұбалаңқы сөйлемдер, айтатын ойын нақтылап беруге шорқақтық көркемдеп сөйлеуге зиянын тигізеді. Сондықтан көркемдеп сөйлеуді әр сабақта жүйелі түрде жүргізген тиімді болмақ. Көркем сөйлеу оқып отырған көркем шығармаға да тікелей байланысты. Оқушыларды әңгімелеу, мазмұндау кезінде жиі мәтінге үңілдіріп, кейбір негізгі мәселелерді мәтінге жуық айтуды талап ету-осы көркемдеп сөйлеуге баулудың басты жолы. Көркем сөйлеудің негізгі белгілері топтар, фигуралар түрін меңгерту, теңеулер мен баламаларды сөйлемде жиі қолдану болмақ. Көркем мәтінді оқу барысында керекті дәйектемелерді ала білуге, бейнелі оралымдарды теріп алуға баулу. Көркем шығарма тілін талдауда жазушының суреткерлік шеберлігін, эстетикалық мүмкіндігі, тілдік құралдарды поэтикалық деңгейге сай қолданылуы, сөздің, фразаның құдіретін дұрыс танытады.
апта. СОӨЖ 16-18
Достарыңызбен бөлісу: |