Бекмұратов Серікбол Қазақстан Республикасы, Қызылорда облысы, Арал ауданы
№220 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі
педагог-модератор
Аннотация Бекетай би кесенесі – Арал ауданы, Аққұлақ елді мекенінің оңтүстік-батыс беткейінде шамамен 4 шақырым жерде орналасқан архитектуралық ескерткіші. ХІХ ғасыр ескерткіші болып саналады. Заманында Бекетай Қатпаұлы сол тұстағы саяси-жағрапиялық құрылым бойынша Сырдария губерниясы Қазалы уезі бастығының бірінші көмекшісі болған. Қазақ халқына әділдіктің парасатын көрсетіп, қалын жұртының мұң-мұқтажына көмек қолын соза білген тұлға.
Туған халқымыздың жүздеген ғасырлық жәдігер тарихында, елі мен жерін қастерлеп өткен біртуар перзенттері аз болмаған. Солардың бірі — Арал өңірінде дүниеге келген, көзі тірісінде ел жұртының ыстық ықыласына бөленген Бекетай Қатпаұлы.
Шыңында, Бекетай кім?
Оның есімін осы уақытқа дейін Арал — Қазалы өңірі тұрғындарының қастерлеп атауы неліктен? Бекетай кесенесін салған сәулетшілер кімдер? Осы тұлғамызды жан-жақты зерттеп көрсек.
Бекетай бидің арғы тегі — Кіші жүздің Әлім аталығы. Жаманақ, Өpic, Әйдарбек, Күлік руынан тарайды. Бекетай бидің туған атасы Жәңке батыр Абылай ханның тұстасы, әйгілі алты биінің бірі болған. Бұл жөнінде 1992 жылғы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің Абылай хан жөніндегі шежіресінде жан жақты айтылған.
Бекетай Қатпаұлының нақты қай жылдары дүниеге келгені жайында дерек жоқ, халық ауызында шамамен 1825 — 1826 жылдары Арал ауданындағы қазірге Аққұлақ елді мекенінің маңайында дүниеге келгенің айтады.
Әкесі— Жөңкенің Қатпасы ел ішінде беделді, сөз тізгінің ұстаған салмақты кісі болыпты. Оның үстіне дәулетті, абыройлы кісі. ұлы Бекетайды жастайынан адалдыққа, имандылыққа, кісілікке тәрбиелейді. Кейін Бекетай ат жалын тартып мінер тұста сол кездегі Қазалы фортындағы мешітте сауатын ашады. Мұнан кейін он бес он алты жасар бозбала шағында Бекмырза ханға хатшы (писарь) болады.
Ежелден еркіндікте өмір сүрген Солтүстік Арал бойындағы жергілікті ру, тайпалар сол тұста Қазалы фортының іргетасын қалауға, келген патшалық Ресейдің әскериэкспедициясына қарсы шыққан еді. Бұл көтерілісті тарихтан баршамызға танымал Жанқожа батыр басқарады. Бірер жылға созылған осынау соғыс ақыры Жанқожа жасақтарының жеңілгенімен аяқталады. Бекмырза хан болса басқыншылардан қашып жүріп, солардың қолынан қаза табады. Ақыры хандық тарап, оның қол астындағы елжұрт тұстұсқа тарап кеткен еді. Бекетай да орыстардан қашып жүріп, атамекені «Аққұлаққа» оралады.
Міне, осы кезде «Шабындықтағы» (Аққұлақ ауылының бұрынғы аты) отбасына оралған Бекетайды арнайы іздеп бір форттан бір шоғыр орыстар келіпті. Бұл тұста халық батыры Жанқожа қаза тапқан болатын. Сонымен орыс ұлықтары форттың, үштөрт приставының көземелдеуімен Бекетай ауылына келді. Олар «Қазалы форты ендігі жерде орыс патшасының қолында, сондықтан фортта уезд бастығы сайланды. Сен соған көмекші боласың»,—дейді. Ақыры Бекетай амалсыздан келісімін береді. Сөйтіп, елдің Жетес би, Үмбет және белгілі екі адамымен бірге Қазалыға келеді. Орыстар үшін көзі ашық, көкірегі қарақты Бекетай сияқты сауатты кісі сол тұста таптырмайтын еді. Бекетай болса осындай үлкен билiктi туған халқы үшін пайдалануға тырысты. осы кезеңде орыстар қазақ жеріне табан тіреп озбырлығын жүргізе бастаған басқыншылар бұл жерде халық санағын жүргізуге кіріседі. Күнбе күн Қазалыдағы жағдайды өткен кеткен жолаушылар арқылы біліп отырған Күліктер «орысқа орам бермейміз» деп қаша бастайды. Олардың біразы Теке, Төлеш батырдың бастауымен сонау ит қарасы қияндаған Қызылға қоныс аударады. Құнарлы жерлердің көбісін күш пен тартып алып, оны әскери экспедиция жасақтары өздерімен еріп келген қазақ орыстарға үлестерін беріп отырды. Ол — ол ма, тіпті Райым төңірегін жайлаған сол уақыттағы Жақайым, Шөмекей, Төртқара, Шекті руларының бірсыпыра үйлері атамекендерінен ауып, Қызылдың қиясына көшуге мәжбүр болады. Бұл тұста Қазалы уезі бастығының көмекшісі Бекетай Қатпаұлы орыстардың озбырлығын айтып, бірнеше рет уезд бастығына шағымданған. Сөйтіп озбырлық көрсете келген солақай саясаттың салдарынан көшіқон қамына кіріскен бірсыпырасы көпті тоқтатқан көрінеді.
Кезінде Арал, Қазалы өңірінде Бекетайдың жанында жүріп, жер дауы, жесір дауы сияқты талай даулы мәселелерді қолмақол, көзбе көз шешкен, бір ауыз сөз бүкіл елге азық болған билердің асыл сөздері кейінгі ұрпаққа кесеккесек күйінде жеткені мәлім.
Бекетай би шамамен елу төрт жасында қайтыс болған. Ал, Бекетай қандай жағдайда қаза тапты? Енді соған орала кетейік.
Бекетай атамыз қызмет бабымен ел аралай жүріп жанындағы атқосшыларын ертіп шамамен 1880 жылдың аса ыстық жазында «Алайғыр» деген жepдeгi Жармолда деген кісінің үйінен сусын ішуге ат басын бұрыпты. Үйге кірген соң ат қоржындағы сусын ішуге кәрлен кесесі табылмай, сол жерде Жармолданың үлкен қызы өздерінің ыдысымен Бекетайға сусын ұсыныпты. Ол кезде жүргіншілер өз ыдысаяқтарын аяққаптарына немесе қоржындарына салып, сапарға шығу машық болыпты. Міне, үй иесінің бойжеткені әкелген сусын Арал, Қазалы өңіріне әйгілі адамның ажалына да себепкер болыпты. Яғни, үй иесі әлдекімдердің арам ниеттерінің көземелдеуімен сусынға құшала қосқан деседі. Сонда сыртқа жұрттан бұрын шыққан Бекетай атқа отырғаннан кейін құсып бергенде аттың жалы толайым күйіп қалған екен. Осылайша атақты адам аяқ астынан қаза болады. Бұл жөнінде құлақтанған Теке Төлеш батыр Қызылқұмдағы орыстардың орманынан қашып кеткен Күліктерге дереу астыртын хабар салған көрінеді. Өйткені, Бекетай өлген түні Жармолда үйішімен бір түнде Қызылдың қиясына асып кеткен еді Міне, со жақта Бекетайдың құнын қуған туыстары көп ұзамай Жармолдаға ажал құрығын кигізеді. Содан бepi қаншама жылдар өтті. Кейін Бекетайдың үлкен қызы ауылаймаққа беделді Ақжарқын апамыз әкесінің басына күмбезді үй там салдырады. Оның керекжарағын кіре жалдап Қазалыдан «Аққұлаққа» тасытыпты. Қазір Ақжарқын апамыздың атсалысуымен көтерілген күмбезді үй там «Аққұлақ» елді мекенінің жанындағы жарма жағасында тұр.
Ал енді Бекетай би кесенесін салған шебер кім? Құрылыстың ерекшеліктері қандай? Енді осыған тоқтала кетсек.
Дүйім жұртқа мәлім болған Бекетай бидің кесенесін салған ұста Нұрымбетов Әбілбай шебер екен. Кезінде Әбілбай шеберден қолдан келетін өнерін сұрағанда 9 жасынан бастап әкеден үйренген мешіт мазар күмбезді, құрылыс салуды меңгергенің айтады. Ол шебердің бойындағы ОртаАзиялық қыш қалау үрдісі сол кезден ата кәсіп ретінде қалыптасқан. Бүгінгі күнге дейін сақталып келе жатырған Бекетай мазары Әбілбай шебердің қолымен тұрғызылған. Кесене туралы кейіннен шебердің өзі былай деп еске түсірген екен. «Бекетай мазарын ұзақ уақыт тұратын қылып тұрғыздым. Бірақ құрылыстың соңғы жағында беретін ақысын дұрыс бермегендіктен күмбезін шошақтау қылып, бір жағына қисайта бітірдім. Бұл менің кінәмнан емес. Тапсырыс берушілердің өздерінің кінәсінен болған жағдай еді».
Кесененің төбесі үлкен күмбезді. Іші өрнекті. Көлемі шамамен 8х8 метр. Биіктігі күмбезді қосқанда 7 метр. 30-40 жыл бұрын көк тастан құлпытасы болған деген ақпарат бар. Кесене порталды-күмбезді, екі камералы, камераның белағаштары Т-бейнелі орналасқан. Кесене күйдірілген кірпіштерден соғылған және бұрыштары әлемнің төрт бұрышына қарай бағытталған. Кіру ойығы бүйір жағында орналасқан және оңтүстік-шығысқа қарай бағытталған. Жерлеу камерасына кіреберіс солтүстік-шығыс қабырғаның ортасына қойылған. Осы дәліздің солтүстік-батыс бүйір жағындағы қабырғада тар терезе жасалған. Кіреберіс бөлменің оңтүстік-батыс қабырғасы биік емес, бірақ ұзынша келген портал түрінде орындалған. Бұл бөлменің ұзындығынан анағұрлым кең және қабырға түрінде оның сыртына шығып тұр.
Ескерткіш бастапқы бейнесін аздап жоғалтуына байланысты қайта жөндеуден өткізілген. Дегенмен, бүгінгі күні кесене қарқынды түрде қирап барады. Салмақ түсетін қабырғаларында айтарлықтай жарықтар пайда болған, кірпіштердің көп бөлігі құлап қалған. Күмбезді төрт мұнараның үшеуі қирап қалған. Шығыс бөлігі ғана сақталып қалынған.
Бекетай кесенесі Қазақстанның республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің мемлекет тізіміне енгізілген
Кезінде Бекетай би жөнінде тиісті орындар тарапынан «Ескілікті жақтаушы», «Патша қызметіне» деген әртүрлі ұшқары пікірлердің шырмауында болып келді. Мұның салдары көп уақыт бойы Бекетайдың өмірі мен халқына жасаған қамқорлығы жөнінде, кісілігі жөнінде білгісі келгендердің жолына кесе көлденең тұрып келгені мәлім.
Бекетай би қазақтың мүддесін бірінші кезекте жолға қойғаны ауызекі аңыз әңгімелерден белгілі. Осынау әділдігі мен парасатының арқасында би ата атанып ел жадында мәңгі өшпестей қалған дара тұлға.
Дереккөздер: