Сингармонизм. Дауыстылар гармониясы: 1) платальдық гармония немесе дауыстылардың жуан және жіңішке жағынан үндесуі. Көне түркі тілінде дауыстылардың жуан-жіңішке үнднсуі сөздің басынан аяғына дейін сақталады; 2) лабиалдық гармония немесе дауыстылардың еріндік үндесуі. Түркі тілдерінің көпшілігінде-ақ дауыстылардың еріндік үндесуі жүйелі түрде сақталмайды. Мысалы, қазақ тілінде еріндік үндесу екінші буыннан аспайды, кейінгі буындарда еріндік мәнер әбден көмескіленген, сондықтан жазуда ескерілмейді. Ал түркі ескерткіштері тілінде сөз құрамында еріндік үндесудің біркелкі келетін жүйесі сақталмаған. Ол тілде бір сөз құрамында бірінші буындағы ерін даустысының кейінгі буындағы дауыстыға ықпалы болса, екінші бір сөзде ондай ықпал байқалмайды: буңсуз, буңсыз. Онан соң, кейінгі буындардағы дауыстыларға бірінші буындағы ерін дауыстысының ықпалы да алдыңғы дауыстылардың сапасына қарай болып отыратыны байқалады. Енесей ескерткіштерінде кейінгі буындағы ы, і дауыстылары басқы буындағы еріндік дауыстының ықпалымен еріндікке айналды. Бірақ осы позициядағы ашық дауыстылардың еріндік ықпалға ұшырауы кездеспейді. Қазіргі түркі тілдерінің ішіндегі ерін үндестігі жүйелі сақталатыны – қырғыз тілі ғана. Қырғыз тілінде лабиализация заңдылығының кең таралатындығы соншалық, кейінгі буындағы ашық дауыстылар да алдыңғы еріндіктің әсерімен еріндік мәнералады. Қазақ тілінде лабиализацияның бұл түрі тек диалектілік ерекшелік ретінде ғана ұшырасады. Бұған қарап, қазақ тіліндегі кейінгі буынның делабиализациясы кейінгі процесс деп қарауға болар еді. Бірақ диалектілік ерекшеліктің барлығы байырғылық емес. Кейде жаңа құбылыстың таралып үлгермеуі де диалектілер құрамында сақталып қалады. Сонымен қатар, көне түркі тілінде қосымшалар құрамында айтылған еріндіктер қазақ тілінде езулікке айналған немесе езулікпен ғана айтылады, ал сондай сөздердің басқы буында айтылған еріндік сол сапасын сақтаған: олур-отыр, ордун-орда, ортун-орта, қузғун-құзғын, өлүг-өлік. Бұл ретте мына жағдайды да ескеру керек: қазақ орфографиясы бойынша өлік, құзғын сөздері осы сыпатта жазылғанмен, орфоэпиялық норма бойынша соңғы буын құрамындағы ы, і дыбыстары айтылуда ұ, ү түрінде естіледі. Ал ежелгі ескерткіштер тілінде де осыған ұқсас фактілер ұшырасады: «Кодекс куманикусте» - бөрү, боғуз т.б. Бір буынды, екі буынды сөздерде ерін үндестігінің қалыпты норма екені байқалады. Абу-Хайиан грамматикасында ерін үндестігі бірде графикалық тәсілмен берілсе, бірде олар езулікпен берілген. Мұндай фактілер, әрине, ерін үндестігінің жүйелі екенін танытпаумен қатар, ол тілдерге әсте жат құбылыс екендігін де аңғартады. Оның үстіне, Абу-Хайиан жеке сөздердің бірде езулікпен, бірде еріндікпен айтылуын тайпа тілдерінің ерекшелігі ретінде түсіндіреді (қыпшақша темір, оғызша демүр). Дегенмен, қосымшалар құрамында еріндіктердің қолданылуы жайлы айтқанда, көне жазбалар тілінде кездесетін әр түрлілікті де ескерту керек. Қашқари – түріктер: бардым, арғулар: бардум, ал оғыздар: бардам деп сөйлейді деп ескертеді. Ибн-Мұхаммед Салих жедел өткен шақ тұлғасы езулікпен айтылады дейді де, сөзге әуезділік беру үшін ерін дауыстыларымен айтуға да болады, ескертеді (-ду, -ды). Ал қыпшақ сөйлеу тілінің ескерткіші «Кодекс куманикусте» - көрдүк (көпше І ж.), көрүнді (ІІІ ж.), иолуқту (ІІІ ж.), көрду (ІІІ ж.). Сөйтіп Қашқари мен Абу-Хайиан еңбектерінде қосымшалардың еріндік не езулікпен келуі тайпа тілдерінің ерекшелігі ретінде түсіндіріледі де, Мұхаммед Салих сөздің экспрессиялы болуының тәсілі деп қарайды. Сол сияқты «Кодекс» тілінің фактілерін де әр түрлі тайпа тілінің көрінісі деп қарауға мүмкіндік бар. Мұхаммед Салих ескертпесін басқа тіл өкілінің субъективтік естуі деп қарауға болады. Олай болса, қазіргі қазақ тіліндегі қосымшалардың құрамында еріндік дауыстылардың естілуі де бір кездегі субстрат тілдің ізі.
Дауыстылардың гармониясы заңдылығы қазіргі қазақ тіліндегі барлық сөздер мен формаларға таралады деп қарауға болмайды. Тілдің сөздік қоры тек қана таза қазақ не түркілік сөздерден құралмайды, әр кезде әр түрлі жағдаймен байланысты басқа тілдерден енген сөздер мен формалар бар екені белгілі. Ал мұндай сөздердің көпшілігі гармония заңдылығына бағына бермейді: кітап, мұғалім, коммунизм тәрізді сөздер сондай. Сол сияқты, әдеби, рухани сөздердің құрамындағы –и, асхана сөзінің құрамындағы –хана аффикстерін осы заңдылық бойынша өзгертуге келмейді. Бұлардан басқа өз тіліміздің табиғатында пайда болған –паз, -қор, -нікі тәрізді аффикстер де бұл заңдылыққа бағынбайды.