Толеранттық -бейбітшілік кепілі Біз қазіргі таңда әлемдік аренадағы түрлі өзгерістерге куә болудамыз. Әсіресе, жаһандану үдерісіндегі адамзаттың қол жеткізген жетістіктері ерекше. Ғылыми-техникалық прогресс, экономикалық даму, ақпараттық жаңа технологиялардың артықшылықтары және тағы басқа да игіліктер адам баласына мол мүмкіндіктер беруде. Алайда, мұның барлығы адамзаттың тіршілік етуіне қолайлы жағдай туғызып, келешекке деген сенімді нығайта түсетіндей көрінеді. Шын мәнінде солай ма? Нақты жауап беру қиын. Өйткені, әлемде көптеген игілікті істер атқарылып, даму үдерістері жүріп жатқанына, сондай-ақ, адами құндылықтарға баса назар аударылып отырғанына қарамастан, қауіп-қатер де белең алуда. Нақтылай айтқанда, өркениетке қадам басқан бүгінгі әлемнің түкпір-түкпірінде дау-дамай, жанжал, соғыс ошақтары баршылық. Мемлекетаралық, дінаралық дүрдараздықтар, экстремистік, лаңкестік топтар тарапынан болып жатқан қысым, адам құқығын таптау секілді келеңсіздіктер тыйылар емес. Бұл арада әлемдегі экономикалық, әлеуметтік экологиялық мәселелердің де біздің болашағымызға, тіпті, бүкіл адамзат өркениетіне қауіп төндіріп тұрғанын айтпай өтуге болмайды. Ол өз кезегінде адами, рухани құндылықтарға да кері әсерін тигізбей қоймайды. Осынау сын-қатерлерге лайықты жауап қайтару үшін адамзат толеранттылыққа, төзімділікке, өзара келісімге басымдық беріп, адамгершілікке жүгінуі тиіс. Толеранттылық қай кезеңде болсын ізгілікті іс ретінде саналған. Ол – рухани бірлікке апарар жол. Толеранттылық, төзімділік түрлі адамдар өмір сүретін ортада өзара сыйластық пен құрметтің ортаймауына ұйытқы болады. Толеранттылық бар жерде адамдардың құқығы мен бостандығы сақталады. Негізінен, әр адамның татулықты қалауы қоғамның тұтастығын қамтамасыз етудің бір тетігі. Жалпы, толеранттылық үрдіс қалыптаспай, өркениетті қоғам құру мүмкін емес. Ортадағы төзімсіздік, шыдамсыздық түрлі дау-дамайға, тәртіпсіздікке, адам құқығының бұзылуына алып келеді. Кейбір қоғамдарда орын алып жатқан нәсілдік кемсітушіліктер, күмәнді таптаурын көзқарастар, дінаралық, ұлтаралық түйткілдер осы төзімсіздіктің салдарлары. Төзбеушілік орын алған жерде оған қарсы күш пайда болады. Бұл өзара жанжалдың ушығуына апарып соғады. Жеке адам өз бойындағы төзімсіздікпен күресуі үшін, алдымен қоғамдағы жағымсыз құбылыстарға, кесірлі топтарға қатысты өзінің байсалды ұстанымын қалыптастыра білуі қажет. Сондай-ақ, әр адам өзіне «Мен өз ортамда төзімділік көрсетіп жүрмін бе?», «Өзімнің көзқарасыммен келіспейтіндерді ұнатпай жүрмін бе?» дегендей мазмұнда сауал қоюы керек. Осы арада француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюперидің: «…Егер сен мен сияқты болмасаң, сол үшін сені кемсітпеймін, қайта құрметтеймін», деген сөзін келтіре кетейік. Бұдан біз өзгенің наным-сенімін, өмірлік ұстанымын сыйлау, сондай-ақ, жаратылыстар болмысының әртекті келетініне түсіністікпен қарау қажеттігін ұғамыз. Әлемнің кереметтілігі – ондағы тіршіліктердің әртектілігінде екенін де ұмытпағанымыз жөн. Жер бетінде өзіндік ерекше мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар түрлі ұлттар тұрады. Жер жүзінің адамдары тереңнен үңілсең, бір-бірімен жіпсіз байланыста. Осы өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсу үшін, біріншіден, толеранттылық керек. Адамдар бір-бірінің нәсіліне, ұлтына, жынысына, жас ерекшеліктеріне қарамай, өзара сыйласуға ұмтылуы адамзаттың үлкен жетістігі деп бағалануы тиіс. Толеранттылыққа, төзімділікке, ынтымақтастыққа, өзара келісімге ұмтылу – Жер жүзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, адамдардың бостандығы мен құқығын сыйлауға, бақытты өмірге қадам басуға мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстан көптеген ұлттар өкілдерінің ортақ үйі, қасиетті Отаны болып отыр. Діні, мәдениеті, тілі, сал-дәстүрі әртүрлі ұлттардың елімізде тату-тәтті өмір сүріп келе жатқаны абыройымызды арттыра түсуде. Бұл мәселеде Қазақстанды әлем үлгі тұтады. Ұлы Даламызда бұрыннан қалыптасқан толеранттылық, төзімділік үрдістері бүгінгі Қазақстан қоғамындағы азаматтық татулық пен келісімнің, ұлтаралық, дінаралық теңдіктің бастауында тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» бағдарламасында: «Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз. Көпұлтты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған», деп атап көрсеткенін баршамыз білеміз. Толеранттылық пен дін еркіндігі еліміздегі дінаралық келісімнің орнауын қамтамасыз етуде. Бұл өз кезегінде Қазақстанның қай салада болсын дамуына тікелей әсерін тигізуде. Мұны қазақстандықтар жақсы түсінеді. Осы орайда Абайдың 34-ші қара сөзінен үзінді келтірсек артықтық етпес. Абай: «Адам баласына адам баласының бәрі – дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің – бәрі бірдей, ахиретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, көрден махшарда сұралуың – бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың – бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па?.. Біріңе бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің, біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылып, көз алартыспақ лайық па? Тілеуді Құдайдан тілемей, пендеден тілеп, өз бетімен еңбегімді жандыр демей, пәленшенікін әпер демек – ол Құдайға айтарлық сөз бе? Құдай біреу үшін біреуге жәбір қылуына не лайығы бар? Екі ауыз сөздің басын қосарлық не ақылы жоқ, не ғылымы жоқ бола тұра, өзімдікін жөн қыламын деп, құр «ой, тәңір-ай!» деп таласа бергеннің несі сөз? Оның несі адам?» дейді. Ұлы Абайдың бұл сөздерінен үлгі алуға тиістіміз. Оны ұрпақ тәрбиесінде, өз өмірімізде үнемі айтып жүрсек, қанеки. Адамзатқа қауіп төндіретін қандай да бір ықтимал жағдайларға қарсы амал ету ешқашан артықтық етпейді. Бұл бағытта әрбір істі өзара келісіммен, бірлікпен шешкен жөн. Қазіргі таңда уақыт біздің ғана емес, бүкіл әлемнің алдына толеранттылықтың, төзімділіктің мән-маңызын түсінудің қажеттігін алға тартуда. Онсыз әлем қауіп-қатерден арылмайды.