Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


Мен сөзімді өзімнің қателерімнен бастаймын



бет161/273
Дата07.01.2022
өлшемі3,34 Mb.
#17494
түріБағдарламасы
1   ...   157   158   159   160   161   162   163   164   ...   273
Мен сөзімді өзімнің қателерімнен бастаймын.

Менің «Хан Кене» деген пьесам болды. Қазақ Ғылым Академиясы ұжымындағы жиналыста да, ғылыми-зерттеуден тыс әдеби шығармашылық қызметімде де өзімнің бұл шығармама тиянақтап тоқталғам жоқ. «Хан Кене» пьесасы мен сол кездегі өзімнің саяси қателіктеріме бүгінгі өтіп жатқан әдебиетшілердің арасындағы осы мәжілісте кеңірек түсінік бере кетуді жөн көріп отырмын.

Бұл пьеса 1928 жылы жазылды және онда автордың ұлтшылдық ұстанымына баса көңіл бөлінді. Алғашқы нұсқасы сахнада қойылған жоқ, жарияланған да емес, сол қолжазба күйінде қалды. Тек бес жыл өткеннен соң, 1933 жылы менің «Еңлік-Кебек» деген пьесам сахналық қалыпқа түскеннен кейін ғана театр қызметкерлері «Хан Кене» пьесасын қою туралы әңгіме қозғай бастады. Әртүрлі деңгейдегі мекемелермен кеңестім, олар бірқатар өзгерістер мен өңдеулер жасауымды ұсынды. Мен бұл талапты орындадым, сөйтіп, 1939 жылдың басында оның премьерасы өтті, сол премьерадан кейін тоқтатылды. Оған екі түрлі сыни пікір білдірілді. Қатты сынаушылар да және жағымды баға берушілер де оны репертуардан алып тастау туралы емес, қойылымды уақытша тоқтата тұрып, ішінара өзгерістер енгізіп, содан кейін қойылымды сахнада қайта жалғастыру туралы ұсыныс айтты. Пьесаның ішкі құрылымы қойылымнан соң сыншылардың сол кезде көрсеткен саяси қателіктеріне сай өңдеуге келмейтінін түсіндім. Пьеса сол саяси қате күйінде және кеңестік көрермендерге керексіз дүние болып жабық қалды. Сыншылардың ауызша және баспасөз бетінде айтылған тілектеріне қарамастан, оған қайтып оралудан бас тарттым».

Бұл сол кезде жарияланған С.Сейфуллиннің, Ғ.Мүсіреповтің «Хан Кенені» сақнадан аластату, І.Жансүгіровтің ішінара өзгертулер енгізу туралы «Социалистік Қазақстанда» жарияланған мақалалары болатын. Ол екеуінің атын атауға болмайтындықтан да Ғ.Мүсіреповті ғана көрсеткен.

М.Әуезов (жалғасы): «Осыған орай айта кетерім – менің пьесама және ондағы рөльдер мен Кенесарының жеке басына қатысты ең әділ сынды ж.Мүсірепов айтты. Мысалы, өзге сыншылар маған пьесаның мазмұнын Патшалық Ресейдің режиміне қарсы күрес бағытында өрістетуді ұсынды. Ал Ғабит Мүсірепов: қазақ еңбекшілерінің патшаға қарсы күресін Кенесары қозғалысына қатысты емес, 1916 жылдың оқиғалары негізінде көрсету керек – деп дұрыс бағыт берді. Ал Кенесарыға: халықтың тілегі мен іс-әрекетіне қарсы реакционер хан – деген қатулы баға берді. Сөйтіп, ол пьесаны былай ысырып қойдым, қайтып оған оралғамын жоқ.

Пьесаны тастап, енді оған қайырылып соқпау туралы шешім қабылдағаннан кейін, сол 1934 жылы Оқу ағарту комиссариатының тапсырмасы бойынша «ХІХ және ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің тарихы» атты ұжымдық оқулыққа қатыстым және сол оқулық бойынша «Хрестоматия» құрастырдым. Соңғы екі еңбектегі: Бұқар жырау, Махамбет, Нысамбай, Шортанбай, Мұрат және Абай туралы тараулардың авторы – мен болдым және (олардың шығармаларын хрестоматияға) мен енгіздім.

Бұл мағлұматтарды, яғни, аталаған тараулардың авторы мен екенімді біле тұрып, Жұмалиев жолдас өзінің еңбектерінде, ХІХ ғасыр әдебиеті туралы оқулықтары мен ол жасаған оқу бағдарламаларында менің авторлығымды ескертпестен, Махамбетті бағалау жөніндегі менің пікірлерімді қате деп көрсетіп, жүйелі түрде сынаумен келді. Ал ол кітаптарда Бұқардың, Шортанбайдың, Мұраттың, соның ішінде ең бастысы Нысамбайдың (Кенесарының жыршысы) шығармаларына дәріптеуші тұрғыда емес, әшкерелеуші бағытта, таптық-саяси ұстаныммен, барынша дұрыс түсінік берілген. Бұл туралы кейінірек барынша толық тоқталамын.

Өзімнің 1934 жылғы сол еңбегімді естеріңізге сала отырып, қазіргі күнде Кенесары мен оның мадақшылары және осы кітаптар туралы әдебиеттермен тиянақты түрде айналысып жатқан тарихшылардың, әдебиет тарихшыларының назарын аудара кеткім келді. Сондай-ақ, бұл жолдастар менің «Хан Кенедегі» қателігімді жою үшін 1916 жылғы оқиға туралы «Түнгі сарын» пьесасын жазғанымды да ескерер деп ойлаймын, ол 1935 жылдан бері жақсы бағаланып келеді. Мұны айтып отырған себебім, осы жағдайлардың барлығы, яғни, қателіктер мен оны жою жолындағы күрестің өзіндік ішкі тарихи және табиғи байланысы болғандығын көрсете кету».

Көркемдік талаптың деңгейінің тым қарабайырланып, әдебиеттің саясаттанып кеткені сондай, Т.Жароков та кейіпкердің өміріне араласып, тумаған сиырдың уызын қорғаштап:



«Бұған қосымша мен Әуезов пен Мұқанов жолдастардың тоғыз томдық басылымдары туралы айта кетпекпін. Әрине жақсы шығармалардың болғаны және олардың көп томдық басылымын шығарғаны жақсы, алайда олардың қалтарысында қатерлердің бұғып жатпауын қадағалау қажет. Әуезов пен Мұқанов жолдастар көптеген қателер, ұлтшылдық қателер жіберді, сондықтан да ең алдымен олардың өзі сақ болғаны жөн. Олар өздерінің шығармаларын өздері тиянақты қарап шығуы тиіс. Онсыз болмайды. Мынадай мысал келтірейін: а/ Осы уақытқа дейін жақсы пьесалардың қатарына жатқызылып келген Әуезов жолдастың «Түнгі сарынды» қайтадан қарап шығуы тиіс. Себебі, оның басты кейіпкері, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшісі Мұғалім – ұлтшыл «Қазақ» газетінің оқырманы ретінде көрсетілген. Дәл қазір пьесаны мұндай күйде жіберуге болмайды. б/ Сондай жағымсыз шығармалардың бірі Мұқанов жолдастың «Балуан Шолағы». Онда Кенесарыға байланысты жіберген қатесін Мұқанов жолдастың өзі де мойындады. Бұл туындыны шығармалар жинағына қосу дұрыс емес»,– деп кейіпкерлерден де марксиз-ленинизм ілімі бойынша өмір сүруді талап етті

Соның нәтижесінде «Түнгі сарын» пьесасы да тиым салынған 30 шығарманың қатарына ілінді. Театрдың сахнасында ойналатын да спектакль қалмады.

М.Әуезов (жалғасы): «Жоғарыда айтып өткенімдей, әдебиет тарихшысы және жазушы ретінде де 1934 бастап 1947 жылдар аралығында Кенесары тақырыбына қайтып оралғаным жоқ. 1934 жылдан кейінгі өзімнің жеке еңбектерімде Кенесары тақырыбына жолағамын жоқ, алайда, соңғы жылдары ұжымдық еңбектің редакторы ретінде үлкен, аса үлкен қателік жібердім. Әңгіме – 1948 жылы жарияланған «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томы туралы болып отыр. Мұндағы лиро-эпостар тарауына – «Наурызбай-Ханшайым» және тарихи жырлар тарауына – Кенесары, Наурызбай, Саржан, Ағыбай туралы мақалалар енгізілді. Біріншісін институттың сол кездегі қызметкері Қоңыратбаев, екіншісін – институттың сол кездегі директоры Исмаилов жолдас жазды.

Ондағы басты қателік – мақалалар тек мадақтауға ғана құрылды. Феодалдық, хандық құрылымның және Кенесары Қасымов пен Наурызбайдың қозғалысын жырлаған бұл жырауларды әспеттей мадақтады, әрине, бұл мақала авторлары Исмаилов пен Қоңыратбаевтың қателіктерін ақтай алмайды. Сол қателіктің үлкен салмағы, әрине, маған тиесілі. Сондай-ақ, оны қолдап рецензия жазған Бәйішев, Дүйсенбаев, Сағындықов жолдастар, құрастыруға қатысқан Сауранбаев пен Мәлік Ғабдуллин де жауапкершілікті бізбен бірге көтеруге тиісті.

Сондықтан да, бірінші томның қайта басылымында бұл қателіктерді жою – менің басты парызым екенін мойындаймын. Ал сіздерден: тиісті кеңестеріңіз бен ұсыныстарыңыз, орынды сындарыңыз арқылы бізге көмектесулеріңізді өтінемін».

«Жаздым, жаңылдым» дегізіп алып, дегеніне көндіретін не сөндіретін сталиндік идеологиялық тәсілдің айла-амалын Мұхтар Әуезов өзгелерден көрі жақсы білетін. Мұндайда С.Мұқанов айтқандай, «құйрығы буырыл тартқан түлкінің бұлаңына» салу да өзін-өзі ақтайтын. Бұл жолы да солай етті.



М.Әуезов (жалғасы): «Сөйтіп, өзімнің соңғы уақыттағы қателіктерімді мойындай отырып, ойлана отырып, Кенесары жөніндегі және Кенесарының идеологі, алғашқы насихаттаушылары, тамсана табынушылары болған ХІХ ғасырдағы ақындар – Досқожа мен Нысамбай туралы әдебиеттерді ақтарып шықтым. Ол ақындар – Кенесарының қозғалысын қостаушылар Кенесары жөніндегі мадақтаулар мен жоқтаулардан басқа ештеңе жазған жоқ, демек, олар туралы жағымды сөз айту – Кенесары туралы да жақсы пікір білдіру деген сөз. Қазақ авторларының тұтас бір кітап шоғырын қайталап оқығанымда мынаны байқадым: 1939-жылдан бастап 41, 42, 43, 46, 47, 48 және 49-жылдарға дейін шыққан және қазір де пайдаланып жүрген қазақ әдебиетінің тарихы туралы оқулықтардағы көптеген еңбектерде, очерктерде, зерттеулерде, мақалаларда, ең аяғы жыл сайын шығып тұратын Жоғары оқу орындарына арналған бағдарламалардан бір бағытта, шырматыла тізбектеліп, табанды түрде жалғасып келе жатқан жағымсыз бағалар мен қателіктерді аңғардым. Әрине, солардың арасында буржуазиялық-ұлтшыл ұстанымдағы Бекмахановтың кітабі ерекше дара көрінеді.

ҚК(б)П Орталық комитетінің 1947 жылғы Тіл және әдебиет институтындағы идеологиялық қателіктер туралы тарихи шешімі Кенесарының жеке басы мен оның орыны және оның нөкерлері Досқожа мен Нысамбай ақынның мұралары туралы пайымдауларға өзгеріс әкелмеді. Үнсіз келісімнің негізі бойынша: айтылған сын тек «зар заман» ақындарына ғана тиесілі сияқты көрініп, Кенесары мен оны жырлаушылар сын көзінен қағыс қалды. Сондықтан да, бұл зұлымдықтың тамырын анықтап, зиянын анықтап, оны тамырынан отап тастау үшін жоғарыда аталған еңбектердің барлығын талқыға салуымыз керек. Одан да әрі көз салып, Абайдың және оның шәкірттерінің қателіктерін олардың қайшылығы ретінде қарастыру керек.

Мен, 1939-жылғы еңбектерді атап өттім. Мұның қатарына жоғарыда мен атап өткен бірінші томнан басқа (менің редакторлығыммен шыққан): Исмаиылов жолдастың оқулықтары, мақалалары, баяндамалары, профессор Жұмалиевтің 1941 жылдан бастап 42, 43, 46, 48, 50-жылдары басылған оқулықтары, Марғұлан жолдастың мақалалары, Мұқанов жолдастың «Очерктер» кітабы, Мұқановтың , Ғабдуллиннің, Кәрібаевтің және Оқу министрінің орынбасары Ә.Шәріповтің қатысуымен жасалған профессор Жұмалиевтің ХІХ ғасыр әдебиетінің жоғары оқу орындарына арналға бағдарламалары жатады.

Жұмалиевтің 1941-жылдан бері шығып келе жатқан ХІХ ғасыр әдебиеті бойынша жоғары оқу орындарына арналған бағдарламаларында тек қана Кенесарыны шексіз мақтаған, дәріптеген, жоқтаған пайымдаулар орын алған. Досқожа мен Нысамбайды дәріптеген жоғары бағалар берілген, бұл ақындар туралы жоғарыда: Кенесары жөніндегі мадақтаулар мен жоқтаулардан басқа ештеңе жазған жоқ, демек, олар туралы жағымды сөз айту – Кенесары туралы да жақсы пікір білдіру екендігін айтып өткен болатынмын. Жоғары педагогикалық оқу орындарына және мүғалімдер институтына арналған ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихының бағдарламасының 1948 жылғы басылымында тура оның 1941-42 жылғы оқулығында айтылғанындай:

«Соңғы ақынның дастанында (әңгіме Нысамбайдың «Кенесары–Наурызбай» дастаны туралы болып отыр) – Кенесары, Наурызбай бастаған көтерілісі дұрыс, өмірлік шындыққа сәйкес жан-жақты көрсетілген. Наурызбай, Бұқарбай, Бұғыбай, Ағыбай, Ораз сияқты т.б. батырлардың образын эпостық деңгейде ақындық шеберлікпен сомдаған»,– деп баға береді. Міне, Нысамбайды дәл осылай сөзсіз біржақты, жағымды, әрі жоқтаушы жыршы ретінде суреттейді, демек, ол арқылы Кенесарының да әрекетін әспеттеп отыр. 1949 жылы басылған «Қазақ әдебиеті» атты оқулығының І бөлімінде де автор өзінің осы ұстанымын қостайды. Ол осында 144-бетте Ломоносов, Карамзин және Пушкин жөніндегі Белинскийдің пікіріне сүйене отырып: «Біз Бұқар жырауды жазба әдебиетіміздің басы дегенде, Бұқар жыраудан бастап Абайға дейін үзілмейтін алтын өзек, байланыс бар – деген тұжырымды қуаттаймыз. Егерде Бұқар ең алғашқы атақты ақын болса, солардан кейін Дулат, Махамбет, Шернияз, Нысамбай, Шортамбай, Мұрат, т.б. жалғасын табады»,– деген ақылға симайтын тұжырым айтады. Демек, Абай мен Махамбет феодалдық хандықтың жыршысы Бұқармен, Нысамбаймен, Шортамбаймен, Мұратпен бір қатарға қойылған, зерттеуші үшін бұдан да сорақылығы, бұл пікірлер бұл ақындарды сөзсіз реакционер, халық мүддесіне жау ретінде бағалаған ҚК(б)П Орталық комитетінің шешімінен кейін жазылып отырғаны.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   157   158   159   160   161   162   163   164   ...   273




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет