Туған жерді сүй,табиғатты аяла
Эссе
Туған жер, атажұрт, атамекен – өте кең ұғым. Ол – халқымыздың атам заманнан бері мекендеп, суын ішіп, өсіп-өнген, өмір сүріп келе жатқан жері. Оның айдын шалқар көлдері, мөлдір бастаулары мен қайнарлары, сарқырай аққан тасқынды өзендерінің, алып таулары мен жасыл желек жамыла сыңсыған орман-тоғайларының атаулары сан мың. Әрбір атаудың тарихы, дүниеге келу сыры бар. «Уа, дариға, алтын бесік туған жер»,- деп Қасым ақын жырлағандай, әр адамның туған жері, атамекен – алтын бесігі барша жанға асылдан қымбат. Ия, менің туған жерім-Мырзаның шөлінде орналасқан, құм арасындағы оазис сияқты, қауыны мен қарбызының хош иісі мұрныңды жаратын, түгін тартсаң майы шығатын құнарлы де көрікті өлке. Бұл өлке сылдыр күміс бұлағы , ну орманы жоқ болса да, шөбі жайқалған даласымен,ақ алтынды алқабымен көрікті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Оңтүстік Қазақстанның жүрегі – Мырзашөл» деген лебізі қанатты сөзге айналып кетті. Ал, Мырзашөл дегеніңіз екі ел – Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасы болып түйісіп, тұтасып жатқан шұрайлы да шырайлы өлке.Осыдан небәрі бір ғасыр ғана бұрын бұл жер шағыл басып жатқан құла дүз, сағымды сары дала болатын. Мырзашөл өңірін мықтылардың, ұлылардың ұясы, озаттардың Отаны, десекте болады. Өйткені кешегі кеңестік дәуірде ғасырлар бойы тусырап, сусырап жатқан сор далаға су әкелу, игеру оңай болмағаны белгілі. Мырзашөлді суландыруға бүкіл халық болып аттанды, күндіз-түні тыным көрмеді, моншақтап маңдай терін ағызды. Содан кейін барып шөл дала шырайлы өлкеге айналды, қойнына ғасырлар бойы сақтаған ен байлығын ақтарып берді. Бұл оңай болмады.
Сол даланы игеруге, гүлдендіруге белсене атсалысқан азаматтардың ішінде менің ата-әжем де бары мені қатты мақтаныш сезімге бөлейді.Бүгінде біздің өлкенің табиғаты– адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағатын ұялататын сұлулық пен әсемдік әлеміне айналғалы қашан. Сол сұлулық пен әсемдікті талай ақын жырға қосып, небір әншілер ән арнаған. Біз, жас ұрпақ, атадан балаға мирас болып келе жатқан туған жеріміздің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, анамыздай аялап, келер ұрпаққа таза күйінде қалдыруымыз керек. Бұл жайында халқымыздың қалдырған тағылымдық, тәрбиелік мәні зор «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», «Бұлақ көрсең көзін аш», «Бір тал кессең, он тал ек» тағы да басқа ұлағатты сөздері, туған жері мен табиғатқа деген сүйіспеншіліктері қазіргі ұрпаққа
үлгі-өнеге. Менің пайымдауымша, Адам табиғатқа мейірімділікпен, сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен қарап, үйлесімділік сақтағанда ғана , адамзат баласы үшін табиғат – кең сарай, мәңгі тозбас құтты қоныс болады.
Ата-бабамыз көзінің қарашығындай қорғап, бізге мұраға қалдырған қазақ жерінің асты-үсті тұнған байлық. Бірақ оны ұқыпсыз пайдалану, түзілуіне мыңдаған жылдар кететін осы әсем табиғаттың тепе-теңдігін бұзуға әкеліп соқтыруда. Бүгінде тек тәуелсіз Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем алдында экологиялық апат тұр. Адам ақыл-ойының нәтижесі алып ракеталар, атом станциялары, зауыттар мен фабрикалар, небір ғажайып көлік түрлері, қолдан жасалған заттар, т.б. ғылыми прогресс жетістіктері өмірімізді байыта, жеңілдете түсуімен қатар қауіп-қатер туғызуда.
Бір ғана мысал: бүкіл дүние жүзі ғалымдарын толғандырып отырған озон қабаты тесілуінің өзі-ақ жер бетіндегі тіршілік атаулыға зауал болмақ.Біздің де табиғатқа ұқыпсыз қарағанымыз өзімізге залалын тигізеді-ау деп ойлаймын.Бұл орайда қазақтың атақты ғалымы Қаныш Сәтбаевтің: «Туған жердің тағдыры толғантпаған, жаны тебіреніп, ол туралы ойламаған жігітті
қайтіп азамат дейміз? Туған жердің қара тасын мақтан ете білмеген азамат бөгде жердің алтын тасын да мақтап жарытпақ емес» деген жан тебіренісі еріксіз ойға оралады. Ендеше, елім, жерім деген ел азаматы өз туған жерінің тағдырына немқұрайлы қарамай, қоршаған ортаның тазалығына атсалысуы тиіс. Қазіргі таңда табиғатты қорғаудың түрлі жолдары қарастырылған. Бірінші жолы -түрлі заңдар шығарып, оны жүзеге асыру. Ұлттық парктер, қорықтар санын молайту. Әрі «Қызыл кітапқа» енген өсімдік, жан-жануарлар мен құстар түрлерін қорғап, көбейту. Табиғатты тиімді және ұқыпты пайдалану. «Жасыл ел» ұйымының жұмысын нығайту, жандандыру.Ерікті жастардың жұмысына қолдау білдіріп, көпшілікке насихаттау да өз жемісін береді деп ойлаймын. «Мәуесі бардың әуесі бар» дейді халқымыз. Өлкелерді көгалдандыру жұмысы жүргізілсе деймін. Табиғатқа өз үйіндей қарап, оны аялаған адамның да қоршаған аясы әдемі болмақ. Үйің мен бау-бақшаңа аялай қарағаның сияқты, тұтас табиғатқа да сондай жанашырлықпен қарағаныз жөн.Қоршаған ортасы лас, суы лаң, ағашы улы табиғаттың адамға да зияны көп екені айтпаса да белгілі. Таза ауасы мен шипалы суы, ну орманы мен асқар тауы жоқ мекеннің қадірі де аз. Ағашы оталып, суы тартылған табиғаттың адамзат үшін берері де жоқ. Ал берері жоқ табиғатта адам қалай тіршілік кешпек. Судың да сұрауы бар емес пе?!
Сондықтан табиғатты аялау, оған қамқорлық таныту жер бетіне келген кез келген жұмырбасты пенденің парызы мен борышы болуы керек. Халқымыз топыраққа шыққан жасыл шөптің өзін жұлуға тыйым салған. Өйткені шөп – жердің көркі, малдың жемі. Оны жұлу өзіңнің тамырыңа балта шабумен бірдей. Ерте жастан бастап, ата-анам менің туған жеріме, табиғатыма деген сүйіспеншілікті сақтауға үйретті.Атам мен әжем Достық каналын қалай қолмен қазғандарын, шөл далаға сол каналмен су әкеліп, иен даланы гүлдендіргенін айтып отырады.Әр түп мақтаны көгерту үшін қаншалықты маңдай терлері төгілгенін айтқан кезде, мен де туған жерімді гүлдендіруге үлесімді қосқым келіп, атқаратын жұмыстарымды ойша жоспарлаймын. Енді мен ешқашан нәзік гүлді жұлмаймын,ағаштарды сындырмаймын. Бақшада ән салатын құстарға тас атпаймын, қорқытпаймын. Өз көшемді таза ұстауға атсалысамын. Мен өзімнің ата-әжемнің жасаған еңбектерін ары қарай жалғастырғым келеді.Ол үшін мен өз аулама және мектебіме әр көктемде бірнеше жылдан бері өз ағашымды отырғызамын. Атам маған біздің жерімізде қандай ағаштар өсетінін, оларға қалай күтім жасау керек екенін үйретеді.Менің үйім мен мектебімнің айналасы өте көрікті, сұлу, жасыл желекке малынған. Мен бұл сұлулықты сақтағым келеді, өйткені менің туған жерімнің табиғатының көркем болуы, менің оған құрметпен қарауыма, көмектесуіме байланысты.
Біздің айналамыздағы бүкіл табиғат біздің аялы алақанымызға мұқтаж. Достарым, мен сіздерді туған жерімізді сүюге және табиғатын қорғауға шақырамын.
Достарыңызбен бөлісу: |