Трансгенді өнімдер дегеніміз не? Соңғы жылдарда Жер шарындағы тұрғындар денсаулығына тағамның сапасы мен құрамы тікелей әсерін тигізуде.Жер шары халқының тұтынып жүрген тағамдарының құрамы биологиялық құндылығын күннен-күнге жоғалтуда. Жер шары халқының саны ғалымдардың болжауы бойынша 2050 жылы 9- 11 млрд-қа жетеді екен. Сол себепті,ауылшаруашылық өнімдерін әлем бойынша өндіруді екі-үш есеге арттыру қажеттігінің туындап отырғанын халықаралық ғылыми қауымдастық бүгінгі таңда жақсы түсініп отыр. Ал ол өз кезегінде трансгенді өсімдіктер мен жануарларды қолдану арқылы ғана мүмкін болатын нәрсе. Трансгенді өсімдіктер мен жануарлар алу әдістері ұқсас болып келеді. Екі жағдайда да ДНҚ-ға бөтен ақпараттар тізбегі енгізіліп,түрдің генетикалық ақпараты түбегейлі өзгертіледі. Трансгенді өсімдіктер деп басқа түрге жататын өсімдіктің немесе жануардың трансплантацияланған гені сәтті қызмет атқарып тұрған өсімдіктерді атайды.
Бұл реципиент өсімдік адам үшін қолайлы қасиеттерге ие болуы үшін,түрлі вирустар мен ауруларға,сыртқы ортаның қолайсыз факторларына төзімді болуы үшін жасалады. Гендік өзгертілген дақылдардан алынған өнімдердің татымдылық сапасы жақсы,әрі ұзақ сақталатын,өнімді мол беретін қасиеттерімен ерекшеленеді.
Жасанды гендік модификация дегеніміз не? Ол лаборатория жағдайында бөлініп алынған геннің басқа ағзаға жасанды жолмен енгізілуі.Американдық іс-тәжірибелерге сүйенсек,қызанақ пен құлпынай суыққа төзімді болуы үшін оларға солтүстік теңіз балықтарының гені енгізіледі,ал жүгері дақылы зиянкестерге жем болмауы үшін оларға жылан уынан алынған өте белсенді ген енгізіледі,ірі-қара тез салмақ қосуы үшін оларға түрлендірілген өсу гормонын енгізеді,сояға гербицидтердің әсерін азайту үшін кейбір бактериялар мен вирустардың және шырайгүлдің генін қосады.
Трансгенді өнімдер алу агроөнеркәсіптің бүгінгі таңдағы тез дамып келе жатқан бағыты. Селекция тәрізді бұрыннан келе жатқан дәстүрлі бағыттың шеше алмайтын мәселелері күннен күнге көбейіп келеді. Сонымен қатар,селекцияны жүзеге асыру үшін ондаған жылдар және көп қаражат жұмсалады.Ал қажетті белгілері мен қасиеттері бар трансгенді өнімдер алу үшін аса көп уақыттың қажеті жоқ.