Кесте 1. Ассоциативті эксперимент әдісінің түрлері
Еркін ассоциативті эксперимент – мұнда информанттардың ауызша реакцияларына ешқандай шектеу қойылмайды.
Мақсатты ассоциативті эксперимент – информанттарға тек белгілі бір грамматикалық немесе семантикалық топқа тән сөздерді атау беріледі (мәселен, сын есмідерді зат есімдермен тіркестеру т.б.);
Тізбекті ассоциативті экспеимент – информанттар берілген сөз-стимулға бірдестен ауызша түрде бірнеше ассоциациялар айту ұсынылады, мәселен 20 секунд ішінде 10 түрлі сөз не сөз тіркесін айту сұралады.
Ассоциативті эксперимент негізінде алынған мәліметтердің нәтижесін талдауда қалыптасқан бірнеше нұсқалары бар: синтагматикалық (аспан – көк, ағаш – өседі; машина – жүреді, темекі – зиян) және парадигматикалық (үстел – орындық, ана – әке) ассоциациялар.
Сөз мағынасының психологиялық (ассоциациялық) құрылымы тілдік санада қалыптасатын адамның ішкі лексиконымен тығыз байланысты, мұны адам жадындағы лексикалық мағыналардың жүйелі ұйымдасуы деп түсіну қажет. Сөз – ақпарат тасымалдау қызметі сөйлеу әрекетінде жүзеге асады. Сөздің қолданылуы сөйлесу кезіндегі жағдаятқа байланысты. Ассоциативті эксперименттің басты мақсаты – ақиқат дүниені танытуда қолданылатын тіл бірліктері мен тіркестерін айтылатын ой-пікірге сәйкес таңдай алады ма, стилистикалық және нормативті жүйеге сай реттеп жеткізе ала ма, жоқ па деген мәселені шешу. Ассоциативті эксперимент негізінде әрбір сөздің өзара ассоциациялық қатынаста болатыны, сондай-ақ сөздердің парадигматикалық (сөздің тілдік жүйедегі орны) және синтагматикалық (сөйлеу әрекетіндегі сөздің өзге сөздермен тіркесімділігі) қатынасы айқындалады.
Фреймдік анализ. Адам қоршаған ортаны өзіне берілген бес сезім мүшесі арқылы тани отырып, ақыл-ой елегінен өткізеді. Осылайша адам ақиқатты ақыл көзімен тани отырып, оны санада қорытады, белгілі бір категорияларға жіктейді, топтастырады. Дж. Филлмордың анықтамасы бойынша, фрейм – бүтін бір концептуалды жүйені танытатын тілдік бірліктер тобы. Б.Қалиевтің пікірінше, фрейм – когнитивті ақпарат, таным құралы. Ол адамың ойлау үдерісін модельдейді, оның когнитивтік құрылымын анықтайды. Адамзат баласының дүниетану арқылы жиған білімі мен тәжірибесін сақтауда, өңдеуде, толықтыруда, оны жаңғыртып, қайта жарыққа шығаруда және бар байлықты кейінгі ұрпаққа жеткізуде фреймнің рөлі зор [1, 74].
«Сауда» сөзінің фреймі
дефиниция
|
затты сату мен сатып алу айналымы жөніндегі шаруашылық әрекеті // kaz.slovopedia.com
|
фреймнің сөз-компоненттері
|
(1) сатушы;
(2) сатып алушы, тұтынушы;
(3) сауда нүктесі;
(4) сату, сатып алу;
(5) саудаласу;
(6) төлем, төлеу;
(7) баға, ақша;
(8) тауар, құн;
(9) ауыстыру;
(10) саудалау;
(11) алыпсатарлық.
|
«Сауда» сөз-фреймінің компоненттері өзара семантикалық тұрғыдан ұйымдасып келеді. Фрейм өзара бір-бірімен семантикалық жақтан байланысқа түсетін тілдік бірліктерден құралады. Өзара семантикалық жақтан ұйымдасып келу ерекшелігін түсіну үшін адам баласының қоршаған ортаны тану, оны қабылдау, оны санада модельдеу үлгілерін тереңірек білуіміз қажет. Демек фрейм құрайтын лексикалық бірліктердің арасындағы ішкі құрылымды білмей тұрып, оның мазмұнын айқындау мүмкін емес. Сонымен қатар фреймдік жүйені құрайтын сөздер түрлі семантикалық қарым-қатынаста, атап айтқанда, синонимдік, антонимдік қатынаста болады.
Б.Қалиев «Тіл білімінің тоғыз қыры» атты еңбегінде А.С.Гердтің фрейм үш аспект тұрғысынан қарастырылу керек деген пікіріне тоқталады. А.С. Гердтің пікірінше, фрейм үш қырынан анықталуға тиісті: 1) онтологиялық тұрғыдан – фрейм адамның ғылыми-тәжірибелік іс-әрекетін ұйымдастыру құрылымын, 2) гносеологиялық тұрғыдан – таным үдерісі кезіндегі адамның ойлау жүйесін, 3) когнитивтік тұрғыдан – адамның білімді санада ұйымдастыру құрылымын бейнелейді [2, 18].
Семантикалық трансформация. Трансформация әдісі кез келген типтегі синтаксистік конструкцияның (сөз тіркесі, сөйлем) семантикасын зерттеуде қолданылады.
Трансформациялық әдістің мақсаты:
кез келген синтаксистік конструкцияның (күрделі сөздерден бастап сөйлемге дейін) семантикалық ерекшелігін қарастырады;
түрлі синтаксистік конструкциялардың семантикалық тұрғыдан тепе-теңдігін айқындау;
сөйлеушінің тілдік интенциясын, сөйлеу үдерісіндегі тілдік бірліктердің экспликациясын түсіндіріп беруді мақсат етеді.
Трансформация – белгілі бір ұғымды білдіруде түрлі тілдік таңбалардың қолданысы. Трансформацияда пермутация, субституция, адьюнкция, элиминация, номинализация сынды процестерден өтеді.
Бір ғана синтаксистік конструкциядан түрлі типтегі трансформдарды алуға болады. Мұның өзі түрлі семантикалық ұйымдасуларды көрсетеді. Бұл әдіс арқылы грамматикалық семантиканың ерекшеліктерін қарастыруға болады. Сөйлеу – тілдік жүйенің потенциалды деген мүмкіндіктерін пайдалану, сөйлеу тілдік бірліктер мен грамматикалық ережелердің көмегімен түзіледі, бірақ бұл мүмкіндіктер сол тілді қолданушылар тарапынан шектеле түседі. Сол себепті бір ұғымды жеткізуде трансформдардың саны шектеулі болады. Сөйлеу әрекетінің нәтижесі трансформациялық үдеріс негізінде номинативті бірлікке айналады. Адам өз тіліндегі ресурстарды пайдалана отырып, өзі номинация жасайды. Мысалы: Адам кітап оқып отыр → кітап оқушы адам → оқырман. Нәтижесінде бұл номинация тілде өзіндік парадигматикалық жүйе түзеді. Мәселен, оқырман билеті, оқырман залы, оқырман формуляры, оқырмандар конференциясы.
Семантикалық трансформация – тілдік бірліктің өзінің бастапқы семантикалық мазмұнын сақтай отырып қосымша мағыналарға ие болуы. Семантикалық трансформация әдісімен бастапқы семантикалық инвариант сақтай отырып, қосымша семантикалық қатынасты, атап айтқанда, синонимдік, омонимдік, антонимдік және конверсиялық қатынасты иеленуі мүмкін [3, 319].
Семантикалық трансформация (синонимдік қатынас)
Олимпиадаға жолдама жеңіп алды.
|
Олимпиадаға жолдама ұтып алды.
|
Мұны барынша нақты түсіндіру қажет.
|
Мұны барынша анық түсіндіру керек.
|
Сіздің тұрақты мекенжайыңыз?
|
Сіздің тұрақты тұрғылықты жеріңіз?
|
Семантикалық трансформация (антонимдік қатынас)
Ол үйге келді
|
Ол үйден кетті
|
Заң дамуға ықпал етеді
|
Заң дамуға кедергі келтіреді
|
Таңертең температура көтеріледі.
|
Кешке температура төмендейді.
|
Семантикалық қатынас (конверсия)
Мұғалім кітапты оқушыға берді
|
Оқушы кітапты мұғалімнен алды
|
Самат көлігін Азаматқа сатты.
|
Азамат Саматтың көлігін сатып алды.
|
Чемпион жаңадан келген ойыншыдан жеңілді.
|
.Жаңадан келген ойыншы чемпионды жеңді.
|
Достарыңызбен бөлісу: |