Семантиканың коммуникативті-когнитивті принциптері. Тілдік жүйенің, тілдік таңбалардың негізгі қызметі сөйлеу үдерісінде айқындалады. Тіл әрі ойды жарыққа шығару құралы, әрі дүниені тану құралы ретінде қызмет арқарып, қоршаған ортаның тілдік бейнесін түзеді. Ал сөз тілдік таңба ретінде номинативті және коммуникативті сипатқа ие болады. Номинативті бірлік ретінде сөз мағынасы адам санасындағы қоршаған ортаның бейнеленуінің нәтижесі саналады. Зат, құбылыс, сапа, әрекеттің сыртқы бейнесі сөз арқылы белгілі бір мағынаны иеленеді, ал сыртқы дыбыстық жамылғышы сөз мағынасы арқылы көрініс табатын абстрактілі ойлаудың тірегі саналады. Осыған орай сөйлеу актісінде сөз мағынасы түрлі қосымша мағыналарды иеленіп, әртүрлі қызмет атқарады.
Когниция – білім қорын қалыптастыру, оны өңдеу, санада сақтау, ақпаратты жеткізу үдерістерімен тікелей байланысты. Соған сәйкес, тілдік когниция – тілдік бірліктердің қызметі арқылы ақпаратты сақтау, оны қайта өңдеу, атадан балаға білім қорын жеткізу сияқты менталды үдерістермен тікелей байланысты жүзеге асады.
Жалпы тіл біліміндегі таным үдерісі лингвистикалық ілімдер тарихында ерте кезеңнен бастау алады. Когнитивті лингвистика – тілді таным құралы ретінде қарастырады. ХХ ғасырдың 70-жылдары осы бағыттағы зерттеулер белең алып, дәстүрлі генеративті лингвистика семантикалық құбылыстарға қанағаттанарлық түрде жауап бере алмайды. Осыған орай когнитивті лингвистикада тілдік когниция коммуникацияның маңызды бөлігі ретінде қарастырыла бастады. Когнитивті аспект тұрғысынан тілдік коммуникация ақпаратты қабылдау, оны түсіну, ойдың санада қалыптсауы, оны сыртқа шығару, тыңдаушы тарап жағынан қабылдануы, қайта өңдеу процестерінен өтуі тілдік таңбалардың көмегімен жүзеге асады. Ал ақпаратты қайта өңдеу адам санасында жүзеге асады. Сол себепті когнитивті лингвистиканың негізгі зерттеу нысаны – сөйлеуші мен тыңдаушы жақтың ішкі когнитивтік құрылымын сипаттау және оған түсініктеме беру.
4. Когнитивті-номинативті процесс және мағына модельдері. Сөз – тілдің негізгі вербалды құралы. Тілдік коммуникацияда номинативті бірліктердің көмегімен қоршаған ортадағы зат, құбылыс, әрекетті атап көрсету, оны сипаттау дағдыға айналған. Номинативті үдерісте төрт фактор бір-бірімен тығыз байланыста болады: адам (тілік ұжым), заттық әлем (болмыс), таңба (тілдік жүйе) және мағына (алғашқы үш фактордың тілдік бейнесі).
Ч.К.Огденс пен И.А.Ричардс ұсынған «семантикалық үшбұрыш» геометриялық интерпретациясы жоғарыда көрсетілген факторларды өзра байланыстырады:
Reference (ұғым)
Sumbol (таңба) Referent (зат)
Сурет 1. Семантикалық үшбұрыш Сөз мағынасының құрылымдық элементтерін анықтауды К. Огден мен И. Ричардстың семантикалык үшбұрышының бұрыштарын түсіндіруден бастаған дұрыс. Дыбыс материалдық дүние болғандықтан да түйсік туғызып, миды әрекетке түсіреді, өзіне сай келетін бейнені қайта оятады. Сол үшін де қатынас процесінде атау кезінде сөз бен зат (денотат) байланысқа түседі. Сол себепті семантикалық үшбұрыштың астыңғы қабырғасын үзік сызықпен сызып, табиғи байланысының жоқтығын, шартты байланысы барлығын көрсеткен дұрыс. Әрине сөйлескен кезде адамдар затқа сүйенбей-ақ ұғымға, мағынаға сүйенбейді ме деген сұраудың туатындығы анық. Осыған байланысты кеңес тілшілері сөз мағынасын семантикалық үшбұрыш арқылы түсіндіруде таным теориясын негізге алады. Яғни, қоршаған ортаны танып-білудегі туғызған түйсіктерден басталады. Осы түйсік арқылы қабылданған сигналдар мидың қызметі арқылы анализ, синтез жасалады. Осы анализдеу, синтездеу негізінде алынған образ сөздің мағынасы ретінде қабылданып, дыбыстық комплекспен байланысады, сөз деген түсінікке негіз жасайды [1,75].
Жоғарыда көрсетілген факторлардың арасындағы семантикалық байланысты айқындау үшін трапеция түрінде төмендегідей көрсетуге болады:
мағына ұғым
таңба зат
Сурет 2. Семантикалық трапеция Семантикалық трапецияда мағына мен ұғым екі бөлек берілген. Алайда бұл екеуі бір бүтін нәрсені, яғни лексикалық мағынаны құрайы. Мұндағы ерекшелік мағына таза лингвистикалық феномен ретінде жеке алынып отыр. Бұлардың арасындағы сызықтардың қою түрде берілуі «таңба – мағына», «мағына – ұғым», «ұғым – зат» арасындағы тікелей байланысты көрсетеді. «Мағына – ұғым» семантикалық кешені таңба мен затты өзара байланыстырады. Семантикалық трапецияда лексикалық мағынаның екі аспектісі, яғни мазмұндық және функционлдық жағы көрініс табады. Осы негізде «үй» сөзін иллюстрациялық материал ретінде талдап көрейік. Қазақ халқының тілдік санасында «үй – бегілі бір отбасы мүшелері өмір сүретін немесе жұмыс істеуге арналған ғимарат» ретінде сақталған. Бұл ұғымның мәнді және мәнсіз белгілері (денотаттық мағына) таңба мен ұғымның арақатынасын білдіретін (сигнификаттық мағына), сөйлеушінің тілдік таңбаға деген қатынасын білдіретін прагматикалық мағынасы бар. Осы айтылған факторлардың барлығы адам санасының жемісі саналады.
5. Семиозис үдерісі. Тілді қарым-қатынас құралы ретінде қолдану деңгейі қоғам мүшелерінің бәрінде бірдей емес. Қоғамның басым көпшілігі тілді тілдесім деңгейінде ғана біледі де, сол тілде сөйлесім, тыңдалым, жазылым, оқылым әрекеттерін жүзеге асырады. Ал қоғамның белгілі бір әлеуметтік топтары тілді тек қарым-қатынас құралы ғана емес, сол тілде ғылыми тілдесім қызметін атқару үшін де қолданады. Ғылыми тілдесімнің қызметін атқаратын арнаулы тілді метатіл деп атайды. Метатілдің, метатілдесімнің түрлері өте көп. Мысалы: тілтаным метатілі, химия метатілі, физика метатілі т.б. Кез келген ғылым тілі өз негізін жалпыхалықтық тілден алатыны сөзсіз. Әрбір тілдің ұлттық ғылыми номенклатуралық жүйесі сол ұлт өкілдерінің танымдық және практикалық іс-әрекетінің нәтижесі саналады.
Метатіл – адамзаттың табиғи тілін обьект етіп зерттейтін «екінші қатардағы тіл». Метатіл табиғи тілді сипаттай отырып, өзі де табиғи тілдің бір бөлігі ретінде көрінеді. Тіл біліміндегі метатіл күрделі құбылыс саналады, оның негізінде, терминаралық жүйелі қатынастар, әрі тілді зерттеуде қолданылатын сөздер мен сөз тіркестерінен тұратын жалпы ғылыми лексика жатыр. Метатіл ғылыми қатынас құралы ретінде соған сай метасөйлеуде нақты байқалады. Метатіл мен метасөйлеудің өзара қатнасы лексикографиялық құралдарды жасауда белгілі бір терминдерді түсіндурі үшін, сөздік мақалаға метасөйлеудің үзінділерін кіргізіп отырудан көрінеді. Мысалы: «мағына» термині метасөйлеуде қолданылатын бірнеше сөз тіркестерімен сипатталады: «тілдік мағына», «ауыспалы мағына», «сөз мағынасы» т.б. Терминнің мазмұнның метатіл жүйесіндегі тіл бірлігі ретінде нақты сөйлеу қызметінде толық ашылады [5, 213].
Тілдік ұжымның танымдық-номинативті әрекеті нәтижесінде мазмұн мен форма, қоршаған орта өзара бірлікте болады. Мұны лингвистикада семиозис процесі деп атайды. Тілді меңгеру процесінде индивид санасында (бала болсын, шетелдік азамат болсын) танымдық-номинативті әрекеті арасында ассоциативті байланыс орнайды. Мына бір мысалға назар аударайық: Акция – бизнестегі табыстың белгелі бір мөлшерін алып отыруға мүмкіндік беретін құнды қағаз. Мысалы: сізде 5% - дық акция болатын болса, онда сіз табыстың 5% алатын боласыз. Акциядан түсетін табыс дивидент деп аталады. Акция бағасы және дивидент тұрақты болмайды, олар әрқашан өзгеріп отырады. (https://massaget.kz). К.Маркстің тарихи материализмі (меншік иелену қалпына орай қоғам екі тапқа бөлінеді, қоғамның дамуы негізінде материалдық базистің дамуы тұр, ал қалғанының барлығы идеологиялық қондырғы деген ұғым) – бұл табиғатында материалдыққа ғана негізделетін үшінші сословие өкілінің типтік дүниетанымы. Буржуазиялық кезеңге дейінгі Еуропада адамның орны меншік қатынастарымен емес, оның ата-тегі, тәрбиесі және ождан жайындағы түсінігімен анықталатын (http://otuken.kz). Мәтін авторлары өзінің ойын жеткізуде акция, дивидент, тарихи материализм сөздерінің «құнды қағаз, «құнды қағаздан түсетін табыс» түрінде металингвистикалық түсіндірмесін өте жақсы баяндап береді.
6. Семантикалық метатіл. Тілдің металингвистикалық функциясы қазақ тілінің семантикалық жүйесін сипаттағанда қолданылады. Түсіндірмелі сөздіктерде семантикалық транскрипция техникасы қолданылады, дегенмен бұл техниканың кемшін тұстары да бар.