1 Қазіргі қазақ тілі лексикасының лексика-семантикалық табиғаты мен сөздік құрамы



бет12/69
Дата07.09.2023
өлшемі1,77 Mb.
#106548
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   69
Байланысты:
ҚҚТЛменЛ. Оқулық. Соңғы вариант

Кесте 3. Сөздің кіші семантикалық мағыналары

Cөздің өн бойында заттық мағына мен ұғымдық мағынадан басқа сезімдік немесе эмотивті-экспрессивтік мағына болады. Лингвистикалық әдебиеттерде бұл мағынаны коннотаттық мағына деп атайды. Бұл мағына жоғарғы екі мағынаның үстіне қосылған қосымша үстеме мағына. Мұндай қосымша үстеме мағынада стильдік бояу, сезімдік бағалау, экспрессивтік мән бар. Коннотаттық мағына сезім мен бағадан тұрады [1, 158]. Мысалы: көк су, көк ми, қызыл су, қызыл өңеш т.б.


Сөзде көрсетілген мағынадан тыс стильдік мағына бар. Стильдік мағына – сөздің стильдік тұрғыдан қолданылу ерекшелігі. Яғни кейбір сөздердің қолданысында, мағынасында стильдік ерекшеліктер айқын аңғарылып тұрады. Тілші-ғалым Б.Қалиев эмоциялық, экспрессивтік, стильдік мағыналық мәнді біріктіріп, сезімдік мағына ретінде атауды ұсынады [5, 160]. Мәселен, -шік, - шақ, -шек, -ша, -тай, -тей, -сымақ, -жан қосымшалары өзі жалғанған сөзге эмотивті-экспрессивті мән үстейді. Мәселен, көлшік, апатай, ағажан, інішек, таусымақ, кітапша т.б. Мұндай қосымшалар қазақ тілінде реңк мәнін үстейтін жұрнақтар деп танылады, әрі осы жұрнақтар арқылы туындаған сөздер реңк мәнді есімдер деп аталады. А.Байтұрсынов мұндай жұрнақтардың сөзді түрлендіру қабілетіне байланысты мынадай пікір келтіреді: «-еке жұрнағы зат есімге жалғанғанда, сол затты зор тұту үшін я көңіл аулау үшін қолданылады. Аға деген сөзге -еке деген жұрнақ жалғап «ағаеке» десек, ағаны зор тұтқанымыз яки көңілін өзімізге аударғанымыз болып көрінеді [6, 215]. Тіліміздегі «үлкен адамға сый-құрмет көрсету, кішіге ізет көрсету, оны еркелету, кем тұтып комсыну тәрізді эмоциялык-экспрессивтік реңк беретін есім сөздер кез келген тілдік жүйеде дағдылы түрде кездесетін кұбылыс екені айқын.
Семантикалық компонент типтері. Сөздің өн бойында семантикалық компоненттердің мынадай түрлері кездеседі: семантикалық және энциклопедиялық компонент; лексикалық, сөзжасамдық және грамматикалық мағына, синтагматикалық және парадигмалық мағына; негізгі және перифериялық сема; міндетті және факультивті компонент [7].


Парадигмалық және синтагмалық мағына

Тілдің ішкі құрылымы парадигматикалық және синтагматикалық жүйеге негізделеді. Парадигматикалық жүйе – білдіретін мағынасы мен атқаратын қызметінің ортақтығына қарай тілдік бірліктердің топтастырылуы. Мәселен, фонологиялық деңгейдегі дауысты және дауыссыз дыбыстар парадигмасы, морфологиялық дейгейде морфемалар типологиясы (түбір морфема, қосымша морфема) лексикалық дейгейде синонимдік қатар, антонимдік жұп, омоним сөздер, көпмағыналы сөздер т.б.


Парадигмалық қатынастар негізінде алынатын мағына парадигмалық мағына ретінде танылады. Парадигмалық қатынас – бір деңгейдегі тіл элементтерінің арасындағы логика-семантикалық байланысқа негізделеді. Мәселен, тәтті, ащы, дәмді, ұзын, қысқа заттың сынын; жел, су, өзен, жұлдыз, үркер, күн табиғат құбылыстарының атауы; бас, көз, құлақ, бауыр, жүрек тағы басқа дене мүшелері атаулары адам санасында мазмұнның ортақтығына негізделген өзара белгілі бір байланысы бар сөздер тобын құрайды. Парадигмалық мағынаның сөздерді тақырыптық және лексика-семантикалық топтарға топтастыруда атқаратын рөлі үлкен.
М.Оразов тіл бірліктері арасындағы парадигмалық қатынас туралы мынадай пікір білдіреді: «Адам ойында өзара белгілі бір байланысы бар сөздер топ-топ болып сақталады. Әр адамның ойында сақталған, өзара ұштасып жатқан мағыналары бойынша топ-топ болып жатқан сөздердің өзара байланысын ассоциациялық, яғни парадигмалық қатынас деп атаймыз» [8, 78]. Мәселен, тілдік бірліктердің атқаратын қызметі мен білдіретін лексикалық, лексика-грамматикалық мағыналарының ортақтығына қарай белгілі өріс аясына жинақталуына байланысты дауысты дыбыстар парадигмасы, тәуелдік категориясы, септік категориясы, көп мағыналы сөздер, лексикалық синонимдер, лексикалық антонимдер түзіледі. Демек адамның тілдік санасында тілдік жүйе ретсіз, жүйесіз түрде емес, ассоциациялық немесе парадигмалық қатынасқа негізделіп барып өмір сүреді екен.
Әртекті тіл элементтері арасындағы қатынас тілтанымда синтагмалық қатынас деп танылады. Сөз синтагмалық қатынасқа түскенде бір-бірімен әрі семантикалық, әрі грамматикалық жағынан байланыста болады, әрі сөздердің мағыналық құрамында ортақ бір семаның болуы шарт. Тілдік жүйедегі жеке лексикалық мағынаны иеленетін сөздер сөйлеу тілінің ауызша не жазбаша формасында өзара тізбек құрап, көлбеу бағытта синтагмалық қатынас түзеді. Сөздер өзара синтагмалық қатынасқа түсу үшін логикалық және семантикалық байланысқа түсуі қажет. Мәселен, көк тонды (байлық), көк найза (өткір), көк су (бүкіл нәрінен айырылған су) деген тіркестегі көк сөзі заттың түсін білдіріп тұрған жоқ, көк сөзінің мағынасы сөйлеу үдерісінде өзге сөздермен тіркесімділікке түскенде қосымша мағыналарды иеленеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет