Сөз мағынасының тарылуы – тарихи, әлеуметтік, қоғамдық жағдайларға байланысты сөздің кейбір мағынасының қолданыстан шығып қалуын білдіреді. Мысалы: тон – ертеректе жалпы киімнің атауын, тары – жалпы астық атауын білдірсе, қол – «әскер, жасақ»; қарындас – «бір қарыннан шыққан, бірге туған» мағынасын білдіреді. Олай болса, ұғымның дәлденіп жіктелуіне байланысты мағынаның дерексіздіктен нақтылыққа, жалпылықтан жалқылыққа ауысуы сөз мағынасының тарылуы дейміз. Р.Барлыбаев сөз мағынасы тарылуының мынадай жолдарын көрсетеді:
1. Сөз мағынасының дәстүрлі тілдік жолдармен тарылуы. Мысалы: Киік – «барлық жабайы аң» мағынасында қолданылып, қазір бұл сөздің мағынасы нақтыланып «айыр тұяқты, ешкі тұқымдас жабайы аң» деген мағынада жұмсалады. Осы сөздің негізінде туған киікоты (киік жейтін, иісті шөп), кісікиік (жалғыз жүретін адам), киіктің асығындай (кішкентай да сүйкімді, пысық, ширақ), киіктің лағындай, киіктің матауындай сияқты қазіргі тілдік қолданыста бар сөздер.
Б.Қалиев қарындас сөзінің жалпылықтан нақтылыққа қарай өту себебін былайша түсіндіреді: «Қарындас сөзінің әуелгі мағынасының өзгеруіне – тіліміздегі бауыр сөзі мағынасының өзгеруі түрткі болған сияқты. Олай дейтін себебіміз: бұрын ішкі ағзалардың ішіндегі – адам өміріне ең қажетті басты мүше ретінде – «адам мен жан-жануарлардың қан жасау, қан алмасу қызметін атқаратын мүшесі» мағынасында қолданылып келген бауыр сөзі кейіннен әркімнің жанына жақын, әрі ең жақын жанашыры – «бірге туған қандас, туыс адамы» деген мағынаны қосып алды да, бауыр сөзі осы мағынадағы қарындас сөзінің алғашқы мағынасын ығыстырып шығарған секілді [1, 64]. Демек, қарындас сөзінің алғашқы мағынасы «бір қарыннан шыққан, бір туған» болса; екінші мағынасы «қыздың жасы үлкен ер ағайындарына туыстық қатынасы; үшінші мағынасы жасы үлкен ер адамдардың жасы кіші әйел балаға айтатын қаратпа сөз есебінде жұмсалады. Бір жалпылаушы мағынаның орнына нақтылаушы екі мағына пайда болған.
2. Сөз мағынасының тарыла келе, көмекшіге айналуы. Қазақ тілінде алды, арты, асты, үсті, қасы, маңы, арасы, тұсы, іші, бойы сияқты көмекші есімдер бар. Бұлардың барлығы зерттеушілердің пікіріне қарағанда, ілгері заманда толық мағыналы сөздер болған. Мағыналары бірте-бірте тарылып, көмекші элементке айналған.
3. Сөз мағынасының тарыла келе, шылауға айналуы. Тілімізде тағы, да, та, мен, болмаса, кейін, сайын, арқылы, туралы, соң, және, бірақ, өйткені, сөйткені, таман, сияқты шылау сөздер бар. Дербес мағыналы сөздердің шылауында тұрып қана, сол сөздерді грамматикалық мағынасын айқындай түседі. Көмекші есімдер сияқты о баста дербес мағыналы сөз болып, қолданыла келе мағынасын, қызметін тарылтып, шылау сөздерге айналған.
4. Мағынаның толық тарылу нәтижесінде сөздің қосымшаға айналуы. Жұрнақтар мен жалғаулар тарихи жағынан алып қарағанда, ертерек кезде дербес мағыналы сөздер болған. Кейбір қосымшалардың төркінін табу қиын, өйткені олардың алғашқы негізі туралы ешқандай із қалмаған. Дегенмен -мен -бен, -пен көмектес септігінің бирлан шылауынан, -тын, -тін жұрнағының тұрған есімшесінен, -ша жұрнағының шақ сөзінен шыққандығын түркологтар дәлелдеп берді. Бұлар мағынаның толық тарылғанына мысал бола алады [4, 38-64].
Көпмағыналылық және оның семантикалық құрылымы. Сөздің сапа жағынан дамығандығын көрсететін бірден-бір белгі – сөздің көп мағыналылығы. Сөздің екі я одан да көп мағынаға ие болуын сөздің көп мағыналығы дейміз. Сөздің көпмағыналығы – сөздік қордағы сөздерге тән қасиет. Әрбір жаңа мағына әр сөздің білдіретін мағынасының айрықша қасиетінен, түрліше сыр-сипатынан келіп шығады. Адам бір затты алғаш көргенде оның сыртқы қасиеттерімен танысады. Сол қасиеттер сезім мүшелеріне әсер етіп, өзінің ізін қалдырады.
Адамның санасындағы белгілі бір зат туралы түсінік басқа екінші бір затпен ассоциациялық байланыста болады. Соның нәтижесінде екі заттың не сапасында, не атқаратын қызметінде ұқсастық пайда болады. Сол ұқсастық нәтижесінде адам баласы екі я бірнеше затты бір атаумен атайды. Бұған дәлел ретінде «қанат» деген сөздің тура және қосымша иелеген үстеме мағыналарын дәйек ретінде алуға болады.
«Қанат» сөзінің тура мағынасы
|
«Қанат» сөзінің иеленетін үстеме мағыналары
|
Құстың, шыбын-шіркейдің, жәндіктердің ұшу қызметін атқаратын дене мүшесі
|
Балықтың жүзу мүшесі
|
Ұшақтың ұшып-қонуына қажетті негізгі бөлігі
|
Киіз үй керегелерінің жекелеген бөлігі (он екі қанатты ақ орда)
|
Шепте тұрған әскердің немесе аяқдоп (футбол) ойыншыларының оң жақ және сол жақ бөлігі
|
Арба-шананың үстін кеңейту үшін жасалған шарбақ ағаш
|
Ауыс мағынасы. Таяныш, тірек
(Екі балам – екі қанатым ғой) [ҚТС, 371].
|
Кесте 1. Қанат сөзінің тура және ауыс мағыналары
Тағы бір мысал келтірсек, жал – 1. Жылқының, құланның желкесіне қалың әрі ұзын болып өскен қыл; 2. Ауыс. Жалдың астына біткен май (жегені жал мен жая); 3. Тау салаларының үстіңгі жақ қыры (аты жалда жайылып жүр); 4. Шөп шабылған кезде шабылмай қалған ұзынша жер (жал қалдырмай шап); 5. Жер жыртқанда жыртылмай қалған ұзынша жер (жыртқан жеріңде жал қалып қойыпты). 6. Термин. Гидротехникалық құрылыстардың (су қоймасының қазаншұңқырын, электр станцияларын) топырақпен қоршап жасалатын үйінді. Сөздің негізгі мағынасының негізінде метафора тәсілі арқылы ауыс мағына жасалса, туынды мағыналар да негізгі мағынаға ұқсату негізінде жасалған қосымша мағыналар екені түсінікті.
Полисемия құбылысы – тілде кездесетін табиғи құбылыс, тілдегі негізгі семантикалық заңдылықтардың бірі. Л.А.Новиков көпмағыналылық құбылысының тілде пайда болуының екі негізгі себебі бар деп көрсетеді:
үнем принципі; біздің күнделікті өмірде жинақтаған тәжірибеміздің өте көптігінен және оның әрқайсысын таңбалайтын ресурстардың шектеулігінен;
адамның ғаламды тану үдерісімен тікелей байланысты. Адам баласының қоршаған ортадағы зат, құбылыс, сапа, іс-әрекетті топтастыруға, категориялдауға, концептілеуге, ортақ белгілері заттарды атқаратын қызметіне, сыртқы формасына, түсіне, дәміне, иісіне қарай бір жерге жинақтауға тырысады, дәл осы ортақ белгілер тілдік жүйеде де солай таңбаланады [5, 41-42].
Сөздің негізгі мағынасы белгілі бір шындыққа байланысты тарихи практиканың негізінде жасалады. Сөздің туынды қосымша мағыналары тілдік фактілердің негізінде ойлау қабілетіне сүйеніп қолданудан кейін шығады. Өмірде танылған әрбір ұғым жаңа атауға ие болуы тиіс. Алғашында бұл ұғым бір сөзбен аталған болса, кейіннен әлденеше ұғымды білдіру үшін жұмсалады.
Сөздік жүйедегі көптеген сөздер екі не одан да көп мағынаны иеленеді. Номинация үдерісінде сөздің дыбыстық жамылғышы мен семантикалық мазмұны біріге отырып, екіншілік дәрежедегі номинацияны тудырады. Екіншілік дәрежедегі номинация алғашқы, яғни бастапқы мағынадан бастау алары сөзсіз. Өйткені кез келген атау халықтың танымын, экстралингвистикалық факторларды таңбалап көрсетеді. Көпмағыналылық құбылысы адам санасында қоршаған ортаны тану үдерісімен байланысты туындайды.
Адам санасы, адамның ойлау жүйесі «нақтылықтан дерексіздікке» қарай жұмыс жасайтындықтан, көпмағыналылық құбылысы да осы схема бойынша жұмыс жасайды. Логика-семантикалық тұрғыдан бір мағынадан екінші мағынаның туындауының себебін қарасақ, нақтылықтан → дерексіздікке қарай жүріп отыратындығын байқаймыз. Лексикалық бірліктің тарихи-семантикалық дамуын солд тілдік ұжымның танымдық әрекетінің дамуымен байланыста қарастыру керек. Көпмағыналылық құбылысы негізінде тіл мен ойлау жүйесінің өзара тығыз байланысты екенін көреміз. Екінші дәрежелі номинацияның туындауы семантикалық атаулар мен адамның ішкі психикалық жай-күйімен байланысты. Мәселен, адамның құлағы → домбыраның құлағы; адамның арқасы → үстелдің арқасы т.б. Сондай-ақ, қоршаған ортадағы жан-жануарлар атауы адамның іс-әрекетімен, қасиетімен, мінезімен байланыстырылады. Мәселен, бота көз, құралай көз, жылқы мінез, тәтті ұйқы.
Энантиосемия құбылысы. Энантиосемия тілдегі полисемия құбылысына тән құбылыс, мұнда көпмағыналы сөздің екі лексико-семантикалық варианты өзара антонимдік жұп құрайды. Энантиосемиялық оппозиция – сөздің семантикалық құрылымында пейорацияның (сөз мағынасының жағымсыз реңкке ие болуы) әсерімен пайда болады [6, 133]. Бастапқы жағымды мағынаның сөйлеу тілінде жағымсыз мағынаны иеленуі немесе керісінше құбылыс. Мұндай энантиосемиялық оппозиция тілдік санада ұзақ өмір сүрмейді. Мәселен, жастардың сөйлеу тіліндегі жынды киіну бірлігі әдемі, сәнді киіну дегенді білдіреді.
Энантиосемиялық оппозиция күн – түн, жақсы – жаман, алыс – жақын сияқты антонимдік қатынасқа құрылған тілдік бірліктерден ерекшелігі логикалық және семантикалық қарама-қайшылыққа негізделмейді.
Метафора және оның тілдік табиғаты. Семантикалық тұрғыдан сөз мағынасы ауысуының үш типі бар: метафора, метонимия және синекдоха.
Метафора ̶ сыртқы не ішкі белгілеріндегі ұқсастығына қарай, бір зат атауының екінші бір затқа атау болуына байланысты сөз мағынасының ауысуы болып табылады. Қолдану сипатына байланысты метафора үшке бөлінеді: тілдік (дәстүрлі) метафора, поэтикалық метафора және окказионалды метафора.
Метафоралық байланыс
Достарыңызбен бөлісу: |