22-бап. Некенің ол бұзылған жағдайда тоқтатылу кезі 1. Азаматтық хал актілерін жазу органдарында бұзылатын неке азаматтық хал актілерін жазу кітабында некенің бұзылғандығы мемлекеттік тіркелген күннен бастап, ал неке сотта бұзылған жағдайда - соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылады.
2. Сот некені бұзу туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш күн ішінде сот шешімінің көшірмесін шешім шығарылған жердегі, сондай-ақ неке қию мемлекеттік тіркелген жердегі азаматтық хал актілерін жазу органына жолдауға міндетті.
Ерлі-зайыптылардың азаматтық хал актілерін жазу органында некенің бұзылғаны туралы куәлік алғанға дейін жаңадан некеге тұруға құқығы жоқ.
23-бап. Некені тоқтатудың салдары Некенің тоқтатылуымен ерлі-зайыптылардың, осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, некелік қатынастарынан туындайтын жеке және мүліктік құқықтары мен міндеттері тоқтатылады.
5-тарау. Некенің жарамсыздығы
24-бап. Некені жарамсыз деп тану 1. Осы Заңның 9-11-баптарында белгіленген шарттар бұзылған кезде, сондай-ақ жалған жасалған жағдайда неке жарамсыз деп танылады.
2. Мәжбүрлеп қиылған неке жарамсыз деп танылуы мүмкін.
3. Егер некеге тұрушы адамдардың біреуі екіншісінен құрылған отбасы мүшелеріне, жеке басының және қоғамның қауіпсіздігіне нақты қатер төндіретін ауруы бар екенін жасырса, соңғысы сотқа некені жарамсыз деп тану туралы талаппен жүгінуге құқылы.
4. Некені жарамсыз деп тануды сот жүргізеді.
5. Сот некені жарамсыз деп тану туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш күн ішінде соттың осы шешімімен некеге тұру мемлекеттік тіркелген жердегі азаматтық хал актілерін жазу органына көшірме жіберуге міндетті.
6. Некенің жарамсыздығы оның қиылған күнінен бастап танылады.
25-бап. Некені жарамсыз деп тануды талап етуге құқығы бар адамдар 1. Некені жарамсыз деп тану туралы талап қоюға:
1) егер неке жасына толмаған адаммен неке қиылса (осы Заңның 10-бабы), кәмелетке толмаған жұбайы, оның ата-анасы (оларды ауыстыратын адамдар), қорғаншы және қамқоршы орган немесе прокурор құқылы. Кәмелетке толмаған жұбай он сегіз жасқа толғаннан кейін некені жарамсыз деп тануды талап етуге тек оның өзі ғана құқылы;
2) егер некеге тұруға ерлі-зайыптылардың бірінің ерікті келісімі болмаған жағдайда: мәжбүр ету, алдау, қателесу немесе өзінің жай-күйінің салдарынан некеге тұруды мемлекеттік тіркеу кезінде өзінің әрекеттерінің маңызын түсінбей және өзін-өзі билей алмауы себепті неке қиылған болса, некеге тұру арқылы құқығы бұзылған жұбай, сондай-ақ прокурор;
3) некені қиюға кедергі келтіретін мән-жайлардың бар екенін білмеген жұбай, әрекетке қабілетсіз деп танылған жұбайдың қорғаншысы, оның алдындағы бұзылмаған неке бойынша жұбайы, осы Заңның 11-бабының талаптарын бұза отырып қиылған неке арқылы құқықтары бұзылған басқа да адамдар, сондай-ақ қорғаншы және қамқоршы орган мен прокурор;
4) жалған некеге тұру жағдайында прокурор, сондай-ақ некенің жалғандығы туралы білмеген жұбайы;
5) осы Заңның 24-бабының 3-тармағында аталған мән-жайлар болған кезде құқығы бұзылған жұбай құқылы.
2. Неке жасына толмаған адаммен, сондай-ақ сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адаммен қиылған некені жарамсыз деп тану туралы істі қарау кезінде іске қатысуға қорғаншы және қамқоршы орган тартылады.