26-бап. Некенің жарамсыздығын болғызбайтын мән-жайлар 1. Егер некені жарамсыз деп тану туралы іс қаралатын сәтке заңға орай оның қиылуына кедергі жасаған мән-жайлар жойылса, некені жарамсыз деп тануға болмайды.
2. Егер кәмелетке толмаған жұбайдың мүдделері талап етсе, сондай-ақ оның некені жарамсыз деп тануға келісімі болмаған жағдайда сот неке жасына толмаған адаммен қиылған некені жарамсыз деп тану туралы талап-арыздан бас тарта алады.
3. Егер мұндай некені тіркеткен адамдар істі сот қарағанға дейін іс жүзінде отбасын құрса, сот некені жалған деп тани алмайды.
4. Ерлі-зайыптылардың арасында заңмен тыйым салынған туыстық дәрежесі болған не некені тіркеу кезінде ерлі-зайыптылардың біреуі басқа бұзылмаған некеде тұрған (осы Заңның 11-бабы) жағдайларды қоспағанда, некені ол бұзылғаннан кейін жарамсыз деп тануға болмайды.
27-бап. Некені жарамсыз деп танудың салдары 1. Сот жарамсыз деп таныған неке, осы баптың 4 және 5-тармақтарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, ерлі-зайыптылардың осы Заңда көзделген құқықтары мен міндеттерін туғызбайды.
2. Некесі жарамсыз деп танылған адамдар бірлесіп сатып алған мүліктің құқықтық режимі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің үлестік меншік туралы ережелерімен реттеледі. Ерлі-зайыптылар жасасқан неке шарты (осы Заңның 38-40-баптары) жарамсыз деп танылады.
3. Некені жарамсыз деп тану мұндай некеде туған немесе неке жарамсыз деп танылған күннен бастап екі жүз жетпіс күн ішінде туған балалардың құқығына нұқсан келтірмейді (осы Заңның 46-бабының 2-тармағы).
4. Некені жарамсыз деп тану туралы шешім шығарған кезде сот некені жарамсыз деп тану үшін негізге алынған мән-жайлардан некеге тұру кезінде бейхабар болған жұбайдың (адал ниетті жұбай) екінші жұбайдан осы Заңның 134, 135-баптарына сәйкес асырауға қаражат алу құқығын тануға құқылы, ал некені жарамсыз деп таныған кезге дейін бірлесіп сатып алынған мүлікті бөлуге қатысты осы Заңның 32, 36, 37-баптарында белгіленген ережелерді қолдануға, сондай-ақ неке шартын толық немесе ішінара жарамды деп тануға құқылы.
Адал ниетті жұбай азаматтық заңдарда көзделген ережелер бойынша өзіне келтірілген материалдық және моральдық зиянды өтеуді талап етуге құқылы.
5. Адал ниетті жұбай некені жарамсыз деп таныған кезде өзі неке қиюды мемлекеттік тіркеу кезінде таңдаған тегін сақтап қалуға құқылы.
6-тарау. Ерлі-зайыптылардың жеке құқықтары мен міндеттері