135-бап. Ерлі-зайыптылардан және бұрынғы ерлі-зайыптылардан сот тәртібімен өндіріп алынатын алименттің мөлшері Ерлі-зайыптылардың (бұрынғы ерлі-зайыптылардың) арасында алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда жұбайдан (бұрынғы жұбайдан) сот тәртібімен өндіріп алынатын алименттің мөлшерін ерлі-зайыптылардың (бұрынғы ерлі-зайыптылардың) материалдық және отбасы жағдайын, тараптардың бақа да назар аударарлық мүдделерін негізге ала отырып, алимент төлеу кезіндегі қолданылып жүрген есептік көрсеткішке еселенген қатынаста сот белгілейді.
136-бап. Жұбайды екінші жұбайды асырап-бағу жөніндегі міндеттен босату немесе бұл міндеттің мерзімін шектеу 1. Сот жұбайдың еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж екінші жұбайды асырап-бағу міндетінен босатуы немесе некеде тұрған кезеңде де, неке бұзылғаннан кейін де бұл міндетті белгілі бір мерзімге мынадай жағдайларда:
1) спирт ішімдіктеріне, есірткі заттарына, психотропты заттарға салынып кетуі салдарынан немесе қасақана қылмыс жасауы салдарынан көмекке мұқтаж жұбайы еңбекке жарамсыз болып қалған;
2) ерлі-зайыптылар некеде ұзақ тұрмаған;
3) алимент төлеуді талап ететін жұбайдың отбасында өзін лайықты ұстамаған жағдайларда шектеуі мүмкін.
2. Бұрынғы жұбайын асырап-бағу жөніндегі міндет мынадай жағдайларда:
1) көмек алуға құқығы бар жұбай жаңа некеге тұрғанда;
2) осы Заңның 134-бабына көзделген мән-жайлар жойылғанда сот шешімімен тоқтатылады.
19-тарау. Отбасының басқа мүшелерінің алименттік міндеттемелері
137-бап. Ағалары мен апаларының өздерінің кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз, кәмелетке толған інілері мен сіңлілерін (қарындастарын) асырау жөніндегі міндеттері Кәмелетке толмаған көмекке мұқтаж інілері мен сіңлілерінің (қарындастарының) өз ата-аналарынан қаражат алуға мүмкіндігі болмаған жағдайда өздерінің алимент төлеуге қажетті қаражаты бар еңбекке жарамды, кәмелетке толған ағалары мен апаларынан сот тәртібімен алимент алуға құқығы бар. Еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж кәмелетке толған ағалары мен апаларына да, егер олар өздерінің еңбекке жарамды, кәмелетке толған балаларынан, жұбайларынан (бұрынғы жұбайларынан) немесе ата-анасынан көмек ала алмаса, осындай құқық беріледі.