142-бап. Отбасының басқа мүшелерінен сот тәртібімен өндіріп алынатын алименттің мөлшері 1. Осы Заңның 139-141-баптарында аталған адамдарға алименттің мөлшері мен оны төлеу тәртібі тараптардың келісімімен белгіленуі мүмкін.
2. Тараптардың келісімі болмаған жағдайда сот тәртібімен өндіріп алынатын алименттің мөлшерін сот әрбір жеке жағдайда алимент төлеуші мен алушының материалдық және отбасы жағдайы мен тараптардың назар аударарлық басқа да мүдделерін ескере отырып, алимент төлеген кезде қолданылып жүрген есептік көрсеткішке еселенген қатынаста белгілейді.
3. Егер отбасының алимент талап етуші мүшесін бір мезгілде бірнеше адам асырап-бағуға міндетті болса, сот олардың материалдық және отбасы жағдайына қарай әрқайсысының алимент төлеу міндеттерін орындауға қатысу мөлшерін белгілейді. Алимент мөлшерін белгілеу кезінде сот, алимент төлеуге міндетті барлық адамдардың бәріне, олардың біреуіне немесе олардың бірнешеуіне талап қойылғанына қарамастан, сол адамдардың бәрін ескеруге құқылы.
20-тарау. Алимент төлеу туралы келісім
143-бап. Алимент төлеу туралы келісім жасау Алимент төлеу (алименттің мөлшері, оны төлеуді шарттарымен тәртібі) туралы келісім алиментті төлеуге міндетті адам мен оны алушы адам арасында, ал алиментті төлеуге міндетті адам және (немесе) алимент алушы әрекетке қабілетсіз болған жағдайда осы адамдардың заңды өкілдері арасында жасалады.
144-бап. Алимент төлеу туралы келісімінің нысаны 1. Алимент төлеу туралы келісім жазбаша түрде жасалады және оны нотариат куәландыруға тиіс.
Алимент төлеу туралы келісімнің заңда белгіленген нысанының сақталмауы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 157-бабында көзделген салдарларға әкеп соғады.
2. Алимент төлеу туралы нотариат куәландырған келісім атқару парағының күшіне ие болады.
145-бап. Алимент төлеу туралы келісімді жасасу, атқару, өзгерту, бұзу және жарамсыз деп тану тәртібі 1. Алимент төлеу тәртібі туралы келісімді жасасуға, атқаруға, бұзуға және жарамсыз деп тануға Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) азаматтық-құқықтық мәмілелерді жасасуды, атқаруды, бұзуды және жарамсыз деп тануды реттейтін нормалары қолданылады.
2. Алимент төлеу туралы келісім екі жақтың өзара келісімі бойынша кез келген уақытта өзгертілуі немесе бұзылуы мүмкін. Алимент төлеу туралы келісімді өзгерту немесе бұзу алимент төлеу туралы келісімнің өзі сияқты нысанда жасалуға тиіс.
3. Алимент төлеу туралы келісімді орындаудан біржақты бас тартуға немесе оның шарттарын біржақты өзгертуге жол берілмейді.
4. Тараптардың материалдық немесе отбасы жағдайлары елеулі өзгеріске ұшыраған жағдайда және алимент төлеу туралы келісімді өзгерту немесе бұзу жөніндегі келісімге қол жетпеген кезде мүдделі тарап осы келісімді өзгерту туралы немесе бұзу туралы сотқа талап беруге құқылы. Алимент төлеу туралы келісімді өзгерту немесе бұзу туралы мәселені шешкен кезде сот тараптардың назар аударарлық кез келген мүддесін ескеруге құқылы.