146-бап. Алимент алушының мүдделерін бұзатын алимент төлеу туралы келісімді жарамсыз деп тану Егер алимент төлеу туралы келісімде көзделген кәмелетке толмаған баланы немесе кәмелетке толған әрекетке қабілетсіз отбасы мүшесін асырап- бағу шарттары олардың мүдделерін айтарлықтай бұзатын болса, атап айтқанда, осы Заңның 147-бабы 2-тармағының талаптары сақталмаған жағдайда кәмелетке толмаған баланың немесе кәмелетке толған әрекетке қабілетсіз отбасы мүшесінің заңды өкілінің, сондай-ақ қорғаншы және қамқоршы органның немесе прокурордың талап етуі бойынша сот тәртібімен мұндай келісім жарамсыз деп танылуы мүмкін.
147-бап. Алимент төлеу туралы келісім бойынша төленетін алименттің мөлшері 1. Алимент төлеу туралы келісім бойынша төленетін алименттің мөлшерін тараптар сол келісімде белгілейді.
2. Кәмелетке толмаған балаларға алимент төлеу жөніндегі келісім бойынша белгіленетін алименттің мөлшері олардың сот тәртібімен алимент өндіріп алған жағдайда алатын алименттің мөлшерінен төмен болмауы керек (осы Заңның 125-бабы).
148-бап. Алимент төлеу туралы келісім бойынша алимент төлеудің әдістері мен тәртібі 1. Алимент төлеу туралы келісім бойынша алимент төлеудің әдістері мен тәртібі сол келісіммен белгіленеді.
2. Алименттің алимент төлеуге міндетті адам табысына және (немесе) өзге де кірісіне үлес есебімен; дүркін-дүркін төленіп тұратын тұрақты ақша сомасымен; бір жолғы төленетін тұрақты ақша сомасымен; мүлік беру жолымен, сондай-ақ келісімде қол жеткеніне қарай өзге де әдістермен төленуі мүмкін.
Алимент төлеу туралы келісімде алимент төлеудің түрлі әдістерін ұштастыру көзделуі мүмкін.
21-тарау. Алиментті сот тәртібімен төлеттіру және өндіріп
алу тәртібі
149-бап. Алиментті сот шешімімен өндіріп алу Осы Заңның 124-142-баптарында аталған отбасы мүшелері алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда алимент өндіріп алу туралы талаппен сотқа жүгінуге құқылы.
150-бап. Алимент алу үшін арыз беру мерзімдері 1. Алимент алуға құқығы бар адам, алимент алу құқығы туындаған кезден бастап өткен мерзімге қарамастан, егер бұрын алимент төлеу туралы келісім бойынша алимент төленбеген болса, сотқа алимент өндіріп алу туралы арыз беруге құқылы.
2. Алимент сотқа өтініш жасалған кезден бастап беріледі.
Егер сотқа арыз беруден бұрын асырап-бағуға қаражат алу шаралары қолданылғанын, бірақ алиментті төлеуге міндетті адамның оны төлеуден жалтаруы салдарынан алимент алынбағанын сот анықтаса, сотқа өтініш жасалған кезден бастап үш жыл мерзім шегінде өткен кезеңге алимент өндіріп алынуы мүмкін.