159-бап. Алиментті индекстеу Сот шешімі бойынша тұрақты ақша сомасымен өндіріп алынатын алименттің индекстелуін алиментті ұстайтын орын бойынша ұйымның әкімшілігі заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің өсуіне бара-бар жүргізеді.
160-бап. Алимент төлеуге міндетті адам шет мемлекетке тұрақты тұруға кеткен жағдайда алимент төлеу 1. Алимент төлеуге міндетті адам шет мемлекетке тұрақты тұруға кеткен жағдайда ол заң бойынша қаражат беруге міндетті отбасы мүшелерімен осы Заңның 143,144,147 және 148-баптарына сәйкес алимент төлеу туралы келісім жасасуға құқылы.
2. Келісімге қол жетпеген жағдайда мүдделі адам алименттің мөлшерін тұрақты ақша сомасында белгілеу туралы немесе алиментті бір жолғы төлеу туралы не алимент есебіне белгілі бір мүлікті беру туралы немесе алиментті өзге бір жолмен төлеу туралы талап етіп сотқа жүгінуге құқылы.
161-бап. Соттың бұрын белгіленген алимент мөлшерін өзгерту және алимент төлеуден босату 1. Егер алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда алимент мөлшері сот тәртібімен белгіленгеннен кейін тараптардың бірінің материалдық немесе отбасылық жағдайы өзгерсе, сот кез келген тараптың талап етуі бойынша белгіленген алимент мөлшерін өзгертуге немесе алимент төлеуге міндетті адамды оны төлеуден босатуға құқылы. Алимент мөлшері өзгертілген немесе оны төлеуден босатылған жағдайда сот тараптардың назар аударарлық мүддесін де ескеруге құқылы.
2. Егер кәмелетке толған әрекетке қабілетті адам алиментті төлеуге міндетті адамға қатысты қасақана қылмыс жасағаны немесе кәмелетке толған әрекетке қабілетті адам отбасында лайықсыз мінез-құлық көрсеткен жағдайы анықталса, сот оған алимент өндіріп беруден бас тартуға құқылы.
162-бап. Алименттік міндеттемелерді тоқтату 1. Алимент төлеу туралы келісіммен белгіленген алименттік міндеттемелер осы келісімнің күшінде болу мерзімі біткенде немесе осы келісімде көзделген негіздер бойынша, сондай-ақ тараптардың бірі қайтыс болғанда тоқтатылады.
2. Сот тәртібімен өндіріп алынатын алиментті төлеу:
1) бала кәмелетке толғаннан кейін немесе кәмелетке толмаған балалар кәмелетке толғанға дейін толық әрекетке қабілетін алған жағдайларда;
2) асырап-бағу үшін алимент өндіріп алынған бала асырап алынғанда;
3) сот алимент алушының еңбекке жарамдылығы қалпына келтірілген немесе көмекке мұқтаждығы тоқтатылған деп танығанда;
4) еңбекке жарамсыз, бұрынғы жұбайының көмегіне мұқтаж болып келген алимент алушы жаңа некеге тұрғанда;
5) алимент алушы адам немесе алимент төлеуге міндетті адам қайтыс болғанда тоқтатылады.
6-бөлім. Азаматтық хал актілері
22-тарау. Жалпы ережелер